07.11.2024

Әнуарбек Талғат. НЕ ІСТЕУ КЕРЕК, МИНИСТР МЫРЗА?!

Ең пайдалы адамдар ұстаздар екенін ұғынатын уақыт жетті.
Ысмайыл Ғаспыралы

Құрметті министр мырза!
Қабылдасаңыз қабылдауыңызға жазылып барар едім.

Үш тілділікке байланысты өз пікірімді білдіріп Аятжан Ахметжанға хат жазған кезде ауылда едім, қазір Астанадамын.
Білім саласындағы реформаға байланысты әлі де көп реніштер айтылар. Оған әртүрлі дәлелдер келтіріп жоғардағылар ақталып әлек болатыны анық.
Аятжан Ахметжанның айтқанына тоқталсақ, түбінде бір «құлайтын көш» болып тұр. Соны құлатып тынғанша көшті тоқтата тұрып ауған жүкті түзетіп алу дұрыс болатын шығар.
Түркі халықтарының ойшылы, педагог, ғалым Ысмайыл Ғаспыралы: «Әр адам қаржысы мен жағдайы келсе, үш тілді үйренгені жөн – ана тілін, өзі тұратын мемлекеттің тілін және барлық халық үйренуге талпынатын тілді.
19-ғасырдың соңы 20-ғасырдың басында айтылған осы бір пікірдің бүгін де өзекті екеніне дауымыз жоқ.
Енді, педагогика ғылымдары академиясының президенті Асқарбек Құсайыновпен Дина Имамбайдың жүргізген сұхбатында ғалымның өз зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жасаған қорытындыларына кезек берейік:
– Мен компаративист-ғалым ретінде әлемнің озық 20 елінде бастауыш сыныптарда, яғни 1 – 6-сыныптарда қанша тіл оқытылатынын зерттедім. Сонда байқағаным, осы елдердің ішінде 2 тіл 1-сыныпта 4 елде, 2-сыныпта 5 елде, 4-ші және 6-сыныптарда 13 елде оқытылады екен. Бірде-бір елде 3 тіл бірдей оқытылмайды.
Елімізде біраз жылдардан бері бірқатар мектептерде 3 тіл оқытылып келеді. Соның нәтижесін білу үшін, біз, Алматы қаласы мен Алматы облысының 8 қазақ мектебінде әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Зерттеуге бастауыш сыныптарда сабақ беретін 103 мұғалім тартылды. Осы ұстаздардың 83,97%-ы оқушыларға 3 тіл оқытқанда олардың 3 тілді де меңгеру деңгейі төмендейтінін ашық жазды. Балалар тілдерді шатастырып, сөйлегенде, өздері де оған мән бермей, үш тілді қосып сөйлеу фактілері кездесетінін айтыпты.
Мұғалімдер 1-сыныпқа келген көптеген қазақ балалары қазақ тілін нашар білетінін, бәрі дерлік орыс тілінде жақсы сөйлейтінін айта келе, 1-сыныпта тек қазақ тілін ғана оқыту керек деп жазыпты. Орыс тілін 2-ші не 3-сыныптан бастап оқытып, ал ағылшын тілін 6-сыныптан бастап қазақ тілі негізінде интенсивті түрде, яғни аптасына 3-4 сағат көлемінде үйрету керек деген. Ағылшын тілі осылай оқытылатын болса, 2-3 жылда барлық балалар оны жақсы үйреніп шығатындарына сенім білдіріпті.
Бұл пікірді лингвист-ғалымдар да қолдап отыр. Мен де осы пікірді ұстанамын, – дейді.
Ал білім министрлігінде отырғандар қарапайым ұстаздар біздің айтқандарымыз бен жазғандарымызға құлақ салмаса да ғалымның пікірін неге ескермейді?
Зиялы қауым өкілдері де үн хатты. Жоғарыға хат жазды. Жауапсыз қалды.
Бас ұстаздың дәлелі: «Бұл бағдарлама Назарбаев зияткерлік мектептерінде қолданылып жүр. Қазір ол оқу орындарында бір орынға 20 үміткерден келіп жатқанын көріп отырмыз, сондықтан бағдарламаны жаппай енгізуге шешім қабылдадық.»
Дұрыс-ақ! Қоғамда сұраныстың тууы заңды. Бірақ, осы сұранысты қалай іске асыруды, НЕ ІСТЕУ КЕРЕКТІГІН неге ойланбады?
Олай болса, ел ұйқысын төрт бөлген осы реформа жайлы НЕ ІСТЕУ КЕРЕКТІГІН айтып көрейік.
Шындығын айтсақ, бұл реформаны кешіктірмей тоқтатқан жөн.
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Ең бірінші кезекте, бұл реформаға мұғалімдер дайын емес. Сондықтан дайындықты мұғалімдерден бастаған дұрыс.
Мұғалімдер дайындайтын жоғарғы оқу орындарындарының өзінде бүгінгі таңда ағылшын тілінде сабақ беруге жоғарғы оқу орындарының ұстаздарының өзі дайын емес екендігі айтылды. Ал біз жоғарғы оқу орындарының бірінші курс студенттерін ағылшынша оқытуды және жалпы орта мектептің бірінші сынып оқушыларнына ағылшын тілін үйретуді ағымдағы оқу жылынан бастап кеттік. Ойлап қарасаң, ақылға сыймайтын, қисынға келмейтін дүние.
Бір мақаламда: «Ұстаз болу – дарын», – деп жаздым. Кез-келген адамның қолынан келе бермейтін мамандық. Бірақ, біз бұл мамандықтың құнын түсірдік, мәртебесін жоғалттық.
Ғалым А.Құсайынов не дейді: «Ұстаздық еңбек асқан талғампаздықты, мол адами қасиетті, рухани тазалықты қажет ететін, жауапкершілігі мол, аса күрделі мамандық. Дамыған елдерде ұстаздың бойында бала қызыға қарайтын, мен де осындай болсам екен деп еліктейтін қасиеттердің болғаны дұрыс. Себебі баланың ұстазына деген сүйіспеншілік сезімінің болуы оның жақсы білім алуына оң ықпал етеді. Кез-келген адам жақсы ұстаз бола алмайды.»
Ағымдағы оқу жылының түлектерінен ұстаздық мамандыққа бейімі бар оқушыларды іріктеуді кешіктірмей бастауды қолға алу. Биылғы оқу жылы 10 мыңдай мемлекеттік грант жаңадан қосылады деп білім министрлігі хабарлады. Өткен оқу жылдарындағы білім саласына бөлінген грант санын қарасақ 5-6 мың шамасында болыпты. Биылғы жылы білім саласына бөлінетін грант санын 10 мыңға дейін жеткізу керек. «Алтын белгі» мен «үздік аттестат» иегерлері, мектепті жақсы оқып бітіргендер (аттестаттың орташа балы 4,5 жоғары болатын ) мұғалімдік мамандықты таңдаса оларды ҰБТ-дан босату, тек мамандыққа байланысты тренинг өткізу, әңгімелесу арқылы қабылдау керек. Мұғалім мамандығына баратындарға арнайы шәкірт ақы тағайындау. Осылай істесек біз болашақта жақсы ұстаздар дайындай аламыз. Тек мұғалім дайындауға бағытталған жоғарғы оқу орындарын құру. Бұған төрт- бес жыл керек деп ойласақ, 2022-2023 оқу жылында тоқтатылған реформаны қайтадан бастауға болады. Оған дейін барлық мектептердің әсіресе ауылдық жерлердегі мектептердің материал-техникалық базасын нығайтуға жан-жақты жағдай жасау. Білім академиясы жаңа реформаға бағытталған білім беру стандартын, бағдарламаларын, оқулықтарын, оқу-әдістемелерін ғылыми тұрғыда жүйелі дайындауды қолға алу. Бес жылда бұл істі жан-жақты тиянақтауға болады.
Бүгінгі таңда апатты жағдайдағы мектептер және екі-үш кезеңмен оқып жатқан мектептер барын біле тұра мұндай рефора жасау даңғазалықтан басқа ештеңе емес. Бұл олқылықтың барлығын мемлекет аз уақытта қалыпқа келтіру керек. Оған мүмкіндік бар.
Елбасымыздың тапсырмасы бойынша 2020 жылға қарай Қазақстан халқының 95 пайызы мемлекеттік тілде сөйлейтін болады.
Міне, бұл мақсат орындалса мемлекеттік тіл өз мәртебесіне ие болады. Сол кезде білім мекемелері мемлекеттік қорытынды аттестатциялау емтихандарын мемлекеттік тілде өткізетін деңгейге жетеді деп ойлаймын. Содан кейін қалаған тілдерін оқыта берсін. Бірақ бірінші сыныпта үш тілді бірдей оқыту дұрыс емес. Бірінші сыныпта тек ана тілінде сауатын ашып алу керектігіне керемет ақыл-ойдың, ғылыми дәлелдеменің қажеті жоқ.
Білім сапасын жақсартудың басты факторы сапалы мұғалім дайындау болса, келесі фактор білім саласындағы бақылауды күшейту. Қазіргі жұмыс жасап жатқан мұғалімдер арасында мұғалімдік жұмыстың жауапкершілігін түсінбейтін қаншама мұғалімдер жүр. Бұл әсіресе өз мамандығы бойынша білімі мен білігі төмен мұғалімдер арасында көп кездеседі. Олар күнделікті сабаққа оқушыға білім беру үшін емес, «бір күнгі қойдың кезегін өткізу» үшін келеді. Жоғарыда ғалым айтқан «рухани тазалық» та қазіргі мұғалімдердің бойынан табыла бермейді. Оған 5-11сынып оқушылары арасына өткізген «Оқушы үні» зертеу жұмысымның нәтижесі дәлел. Бүгінгі таңда жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің 20-30 пайызы ғана қазіргі заман талабына сай екенін көрсеткен. Ал қалған пайызы білік, білімі, адамгершілік, рухани тазалығы бойынша сай келмейтіндер. Сондықтанда білім саласында шығып жатқан әртүрлі келеңсіздіктерде осының нәтижесі. Мұғалім беделінің аяққа тапталуына да басты себеп осы деп айтсам қателеспеспін.
Мына бір сәйкестік мені қатты таң қалдырады. Жақында ғана әріптесіміз Кулянда Батырбекова өз мақаласында мынандай дерек келтірді.
…Мен барлық ұстаздарға тас лақтырудан аулақпын. Əрбір білім ошағында тек қана жаңашылдыққа жаны құмар, жасына қарамай ізденгіш ұстаздар 20-23%ғана, ал қалған апайлар өздерінің еңбек өтіліне,самайының ақ шалғанын,орта жасын,толықша арторитет денесін ,не болмаса қақайып қалған прическасымен білім бергісі келеді. Ең өкініштісі , осы ұстаздар əйтеуір қалай алғаны белгісіз барлығы “высший” категориясы бар, неше түрлі керегі бар керегі жоқ сертификаттары бар ұстаздардың көбі өзіміздің қара көзді апайларымыз….
Жаңа реформаға дайындалу барысында тәуелсіз бақылау комитеті осы мұғалімдермен жұмыс жасау керек. Бұл өте үлкен дайындық болар еді.
Тексеріс мына бағытта болғаны жөн:
– мұғалімнің өз пәні бойынша білік, білім деңгейін тексеру,
– сабағына қатысып әдістемесін көру,
– оқушыларынан бақылау жұмысын,
– Мұғалімнің этикасын тексеру үшін «Оқушы үнін өткізу.»
Бірақ та бұл әділ өтеді дегенге күмәнмен қараймын. Десе де білім саласына жаны ашитын адамдар бар ғой. Сондықтан мұны жасауға болады. Қағазбен жұмыс жасауды тоқтату керек. Қағаз бастылықтан болып қазір мұғалімдер білім беруге емес, қағаз дайындауға көп көңіл бөліп кетті. Жоғарғы категория алу үшін өтірік мақтау қағаздар, сертификатарды интернет арқылы жинап алатын болды. Мұны жою керек. Біреулер мұны бизнеске айналдырып алғанында жасырмай айтқан дұрыс. Жоғарғы категорияға лайықпа облыстық комиссия келсін, көрсін, тексерсін, бірінші категорияға лайықпа аудандық білім бөлімінен келсін, көрсін, тексерсін, лайық болса берсін. Шын мәнінде жұмыс жасайтын мұғалімдердің еңбегі аудан, облыста көрінеді. Ал бізде басқа бір жолдарға жол беріліп кететіні жасырын емес.
Мұның бәрі мұғалім беделін түсірмесе көтермейді.
Сонымен берге мұғалімдерді қайта даярлау институттары да мұғалімдерді мамандықтары бойынша емтихандар қабылдау, әдістемесіне практикалық түрде бақылау жасау арқылы іріктеуге болады.
Ал сапалы мұғалім дайындау, қазір жұмыс істеп жатқандардың арасынан сапалысын іріктеп алу – мұғалім беделін көтерудің басты жолы. Бүгінгі заман талабына сай мұғалімдердің пайызын «жаңа мұғалім» дайындау мен бұрынғы мұғалімдер арасынан сапалысын дұрыс іріктеп алу арқылы 80-нен жоғары пайызға көтеріп алсақ, білім саласында қоғам алдындағы жауапкешілікті сезінетіндер басымдыққа ие болар еді.
Менің «мұғалім, мұғалім» деп қақсауымның басты себебі, кез-келген саладағы кез-келген реформаны сапалы кадр шешетініне ешкімнің дауы жоқ шығар.
Реформаны сапалы іске асырудың келесі жолы – мұғалімдерді әлеуметтік жағынан қолдау болып табылады. Мұғалімдердің жалақысын жоғарғы деңгейге көтеру керек. Жалақысы жоғары болса бұл мамандыққа ер азаматтарымызда көптеп келер еді. Ер азаматтармен ұстаздар қатарын толтырудың да өзіндік сыры бар. Әлеуметтік жағынан жақсы қорғалса, ұстаздар да алаңсыз жұмыс жасар еді. Ауылдық жерлерге баратын жас мамандарды баспанамен қамту, басқада мемлекеттік жәрдем ақылар көрсету бүгінгі ауыл мектебінің жағдайын түзетуге үлкен мүмкіндік болатыны сөзсіз.
Жалпы 4-5 жыл ішінде «жаңа мұғалім» қалыптастырып үлгерсек, әріптестеріміздің айтып, жазып жүрген білім саласындағы барлық түйткілдерді шешуге болады деп ойлаймын.

««Не істеу керек?» деп сұрасаңыз, айтар жауап біреу: оқу, білу және ақыл-ойды кемелдендіру», – деген Ысмайыл Ғаспыралының сөзімен бүгінгі ойды түйіндегім келеді.
Соңғы түйін «жаңа мұғалім» сізге арналады. Сіз кемелденсеңіз, сізбен бірге білім саласы да кемелденер, білім саласы кемелденсе, еліміз де кемелденіп көркейер.

Әнуарбек Талғат
Телефон: 87478882173

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА