22.11.2024

Түйіндеме жазуға тиімді кеңес

ТҮЙІНДЕМЕ ЖАЗУҒА ҚАТЫСТЫ 10 КЕҢЕС

Нұрлан ЖАНАЙ. Блогер

Қыздар, қалай әдемі жүрсеңіздер, солай әдемі резюме толтыруды да үйреніңіздер. Университет бітірген адамның резюме толтыра алмауы не деген масқара?! Сөйлегенде адамға сөз бермейсіздер, дәл солай әдемі жазуды да үйреніңіздер.

  1. Резюмені ешқашан Word форматта жібермеңіз. Себебі Уорд форматта кез келген ақпаратыңыз өңделеді және пошта арқылы ашқанда әріптер жан-жаққа шашылып, ұсқынсыз көрінеді. Microsoft Office соңғы жылғы версияларында Word форматты сақтағанда PDF етіп сақтауға болады.
  2. Резюмеңізге міндетті түрде позитив фотоңызды қойыңыз немесе фотоңызды көретін әлеуметтік желілеріңіздің адресін жазыңыз. Мысалы, менің компанияма клиенттермен сөйлесетін бойы ұзынырақ қыз керек деген соң, түрі де, дене бітімі де маңызды. Сондықтан адамның түрін көруіміз керек.
  3. Ешқашан Mail.ru пошта жазбаңыз. Сондай-ақ, поштаңызда жылыңыз, лақап атыңыз немесе қай өңірден екеніңіз жазылмасын. Мысалы: nurgul94@mail.ru, gumi-001@mail.ru, asel_from_aktau@mail.ru сияқты пошта иелерін өз басым жұмысқа алмаймын. (Айтпақшы, мына пошталарды ойдан шығара салдым, дәл осындай пошта иелері болып жатса, жай сәйкестік болғанын айта кетейін) Оқыған-тоқыған, көзі ашық адамның поштасыgmail.comсияқты әлемдік сервис болуы шарт. Mail.ru – МАЛ.ру атымен танымал.
  4. Тілдер туралы біліміңізді көрсеткенде “со словарем” немесе калькаланған “сөздік бойынша” аудармасын жазбай-ақ қойыңыздар. Бұл сөз – дым білмеймін дегенді білдіреді ғой. Сөздік қолданбай-ақ Google Translator беретін болса, әлемнің кез келген тілінде сөйлеуге болады.
  5. Тағы бір бөлімге Internet Explorer атты браузерді жазып, масқара болудың қажеті жоқ. Бұл браузердің логосында Е әрібі тұрушы еді. Оны бүкіл xалық ЕСЕК деп айтады, себебі әлемдегі ең құрыған жайбасар браузер. Оны шығаратын Майкрософт компаниясының өзі Explorer-ді жетілдіріп, саппорт жасауды тоқтатты.
  6. “Маған резюменің үлгісін жібере аласыз ба?”, резюме жіберіңіз деген поштаға “Сізбен қалай xабарласуға болады?” немесе барлық шарттарын жазып қойған жарнама туралы “Ол қандай жұмыс екенін толығырақ білуге бола ма?” деп онсыз да жұмысы көп адамның уақытын алып, жүйке талшықтарын өлтірудің “ауыр күнә” екенін айта кетейін )))
  7. Істемейтін телефон нөмірді, компаниядағы поштаңызды немесе университетіңіздің, клубыңыздың, группаңыздың поштасын беруші болмаңыз. Сондай-ақ, резюмені құжат ретінде емес, жеке чатқа, поштаға мәтін түрінде жіберуді қанша ойласам да түсіне алмадым. Аяқ астынан жұмыс шыққан соң, асығып-үсігіп жаза салған сияқты көрінді.
  8. Қазіргі заман әлеуметтік желілердің тренд болып тұрған уақыты. Сондықтан сізді шақырып, әуре қылмай қандай маман екеніңізді білу үшін әлеуметтік желідегі аккаунттарыңызды да қосымша ақпарат ретінде қалдыра салу зиян болмайды. Болашақта осы парақшамды менің жұмыс беруші компаниям қарайды-ау деген стратегиялық жоспармен қазірден бастап, әлеуметтік желідегі әр салған фотоңыз бен жазбаңызға аса мән беріңіз. Инстаграм мен Фейсбуктағы анкетаңызды көрген адам резюме көргендей күй кешетін болсын. Сонда сізге жұмыс берушілер көптеп xабарласады.
  9. Жалпы қазірден бастап, резюмесіз жұмысқа кіретіндей деңгейде мықты, кәсіби маман болуға тырысыңыз. Сіздің әлеуметтік желідегі жазған жазбаңызды көріп, бірден жұмысқа шақыратын немесе оффлайнда өзіңізді қалай ұстап, қалай сөйлегеніңізге қарай сізге аяқ астынан жұмыс ұсынатын деңгейде алғыр hәм пысық болыңыз. Өз басым бір рет қана “для галочки” құжаттар тізімінде болу үшін ғана резюме жазып көрдім. Бірақ оның өзі аппақ парақта емес, көздің жауын алмаса да, кішкене әдемірек болды.
  10. Резюмеңізді барынша сәндеңіз. Аппақ парақтағы резюмені кез келген ксерокс жасайтын жердегі жігіт жасап береді. Ал мына суреттегідей түрлі түсті резюмені жасасаңыз, жұмыс беруші креативіңізге тәнті болып, міндетті түрде xабарласады.Google.com атты Құдай бере салған сайт бар, соған кіресіз де, “cv templates word” немесе Russian-ша “резюме шаблоны word” десеңіз, тегіні бар, ақылысы бар миллион түрлі шаблон шығарып береді, соның біреуін алып, бүкіл мәліметіңді салып шықсаңыз, өз резюмеңізге өзіңіз ғашық болып қаласыз.

“Жұмыс жоқ, жұмыс жоқ” деп зар жылап, Үкіметтегі ағаларымыздың басын ауырта бермей, кішкене өздеріңіз де тырысып көріңіздер. Менің іздеп жатқан маманыма келсек, жазу-сызуды білетін, пысық, алғыр, позитив айтқанды бұлжытпай орындайтын қыз болса болды. Оқып жүрген студент болса да жарайды. Түстен кейін істесе де, түске дейін істесе де мейлі, ең бастысы келген клиентті риза қылып жіберсе болды. Ал бизнес-жоспар, маркетинг анализ сияқты дүниелердің бәрін үйретемін. Сосын 100 000 теңге жалақысынан бөлек әр келісімшарттан 10% беріп отырамын. Мен ешкімнен 3-5 жылдық стаж сұрап жатқан жоқпын, жай ғана жауапккершілігі мол көмекші іздеп жатырмын. Резюмелеріңізді сәндеп, сауатты толтырып, тағы да жіберіп көріңіздер, айналайындар! )

 

РЕЗЮМЕ ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛМАЙДЫ?

Рахат Жақсыбай. Журналист

Бізде ‘резюмені онша бағаламайды, жұмысқа орналасуды көбіне басқа факторлар шешеді’ деген түсінік бар. Алайда, танысыңыз жұмысқа шақырса да, өзіңіз ауысуға ынта білдірсеңіз де, бірінші қолға ұстататынымыз – резюме. Сондықтан, халықаралық компаниялар мен əлемдік нарыққа жұмыс жасайтын фирмалар көбейген сайын, дұрыс жазылған резюме жұмысқа орналасудың мүмкіндігін арттырады дегенмен келісуге болады. Жақында Selling Yourself On Paper атты семинарға қатысқан едім. Еуропалық стандарт бойынша, резюме туралы білген-түйгенімді бөлісейін. Керегін аларсыз.

  1. Резюменің шекесіне РЕЗЮМЕ, CV, ТҮЙІНДЕМЕ деп жазылмайды. Жұмысқа қабылдаушы, оның резюме екенін мұндай атаусыз-ақ түсінеді.
  2. Резюме 2 беттен артық жазылмайды.
  3. Резюмеде жұмыс талабына тікелей қатысы жоқ мəлімет жазылмайды. Бұл сіздің өмірбаян емес. Тиісінше, өміріңіздегі барлық детальдың болуы міндет емес.
  4. Резюме шрифтерінің өлшемі, түсі, түрі əртүрлі болмайды. Ол бір стильде жазылып, бір форматта болуы тиіс.
  5. Резюмеде грамматикалық жəне орфографиялық қателерге жол жоқ. Елестетіңіз, газет тілшісі қызметіне резюмесін ұсынып жас маман келіп тұр. Нағыз грамматикамен айналысатын қызмет. Резюмеде қате бар. Жұмыс беруші не ойлайды?
  6. ЕуроОдақ аумағында резюмеде отбасылық жағдайы, жасы деген графалар жазылмайды. Бізде бұл қалыпты көрінгенімен, батыс мұны дискриминация жасауға апаруы мүмкін мəлімет деп көреді.
  7. Барлық вакансияға келе беретін БІР резюме болмайды. Вакантты орынның талаптарына байланысты, резюмені де өңдеп, толықтырып отыруға тура келеді.
  8. Білім, жұмыс тəжірибесі тарихи хронология бойынша жазылмайды. Яғни, бірінші мектеп, сосын бакалавр, сосын бар болса, магистратура емес, керісінше, ең соңғы тəжірибе не білімнен басталып, кері қарай жазылады.
  9. Қабілеттер, тіл білімі жалпы сөздермен жазылмайды. Бізде мəселен, көп резюмеде ‘ағылшын тілі, сөздікпен’ деп тұрады. Ол не мағына? Көшеде сөздік ұстап жүріп тіл табысуды білдіре ме? Əлде, сөздіктен қарамасам, түк түсінбеймін дегенді ме? Еуропалық стандартта тіл білімін көрсететін нақты стандарт сияқты сөздер қалыптасқан. Limited Working Proficiency, General Professional Proficiency, т.т.
  10. Білім алған оқу орындары мен жұмыс жасаған позицияларды санамалап шығу жеткіліксіз. Нақты осы жұмысқа қатысты болған маңызды тəжірибелерді кеңірек ашып көрсетуге болады.
  11. Негатив жазылмайды. Мəселен, ‘мен мынадай салада оқыдым, алайда ол салаға барғым келмейді, сондықтан сіздің салада бақ сынағым келеді’ деген сияқты.
  12. Маңызды мəліметтер екінші бетке қалдырылмайды. Алдында жүздеген резюме жатқан жұмысқа қабылдаушы бір резюмеге қанша уақыт жұмсауы мүмкін? 30 секунд? 1 минут? Екінші беттегі аса маңызды тəжірибеден не пайда, егер бірінші беттен əрі оқылмай қалса.
  13. Өзіңізді асыра сипаттауға да, жетеріне жеткізбей сипаттауға да болмайды. Бірінші жағдайда, қатты мақтанады екен деуі мүмкін, екінші жағдайда, сіздің бар қабілеттеріңіз ашылмай қалуы ықтимал.
  14. Резюмедегі email кəсіби болуы тиіс. Атыжөні@джимэйл.ком тəрізді. crazyman@mail.ru, бірақ, marat_taraz8787@bk.ru makonai1026@mail.ru тəрізді емес.

Түйінеме сіздің жұмыс беруші алдындағы алғашқы бейнеңіз, егер жақсы жағынан көрінсеңіз, кез келген жұмыс беруші сапалы маманнан айырлғысы келмейді. Сондықтан, кез келген адам ең алдымен сауатты түйіндеме жаза алуы керек.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА