23.11.2024

Жансая Нұртазинова. Әр әдіс-тәсілдің басын бір шалып, сабақты таза сахнаға айналдырып, шоу жасаудың қажеті жоқ

Жансая Нұртазинова

Кейіпкер туралы мәлімет:

Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қоскөл ауылында дүниеге келген. 1991 жылы Жезқазған педагогикалық училищесінің «бастауыш сынып мұғалімі» біліктілігін, 1996 жылы Жезқазған педагогикалық институтының (қазіргі Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті)  Филология факультетінің «Орыс мектептеріндегі Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандықтары бойынша «үздік» дипломмен бітірген. Жалпы педагогикалық еңбек өтілі бойынша 5жыл бастауыш сынып мұғалімі,  11 жыл «қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі», 9 жыл директордың орынбасары, 2 жыл директорлық лауазымды атқарып, мектеп өмірінің барлық кезеңдерінен өткен.

Ал қазіргі таңда Жезқазған Бизнес және көлік колледжінде директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары.

Жансая Серікқызы! Өзіңіз жұмыс атқаратын колледжде Серпін бағдарламасы бойынша сұраныстағы қандай  мамандықтармен  білім алады?

-Жезқазған Бизнес және көлік колледжінің іргетасы 2009 жылы қаланған. Колледжде аймақтағы жастарға нарық сұраныстарына қажет — теміржол, автокөлік және байланыс коммуникациялары мен бизнес саласы, тігін өнеркәсібі, автоматты басқару т.б.– барлығы 14 мамандық бойынша бүгінгі таңда  — 1346 студентке кәсіптік техникалық орта білім берілуде.

Ал, Серпін бағдарламасы бойынша  еліміздің транзиттік  әлеуеті «Жезқазған-Бейнеу» жобасы аясында  мемлекеттік тапсырыс бойынша биыл екінші жыл 1203000 «Теміржол көлігімен тасымалдауды ұйымдастыру және басқару (әр сала бойынша)» және  «1108000 Теміржол жылжымалы құрамдарын  пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету» мамандықтары бойынша  Оңтүстік Қазақстан, Тараз, Қызылорда облыстарынан 80 студент білім алуда.

2011 жылдан бастап еліміздің колледждері дуальді білім беру жүйесіне өте бастады. Осы жүйенің колледжде атқарылуы қалай болып жатыр? Қиындық туындап жатқан жоқ па?

-Қиындықтар неден туындады?

Біз әбден жоғарыдан сызып, мөлшерлеп бергені бойынша жүріп-тұрып үйреніп қалған халықпыз ғой… Бұл жаңалық бола бастағанда «бұл- инновация» біз бұл жүйені қос қолдап қолдаймыз,- деп бастап кетті де, әрі қарай еш ереже, талаптар мен қағидалары жоқ болған соң, ентігіп келіп, кілт тоқтап, жан-жақтарына алақ-жұлақ етті де қалды…

Қазақстан Республикасының  «Білім туралы» Заңының 1, 5, 6, 17, 45-1 баптарында дуальді оқыту туралы ұғымдар қамтылған. «Дуальді оқытуды ұйымдастыру қағидалары» өткен жылы ғана ҚР Білім және ғылым Министрінің 2016 жылғы 21 қаңтарындағы №50 бұйрығымен бекітілді.  Үкіметтің аузынан шықса болды қағып алып, жаулықты қолға алып шауып кететіндерге қарап, кейде ойлаймын… шынымен де қатты дамып кеткен екенбіз деп (күліп).  Даму үшін жалаулатып шапқылауды тоқтату керек екеніне көз жетті ғой.

Ал, жоба туралы айтарым, бұл дегеніміз ірі кәсіпорындардың білім мекемелерімен, студенттермен бірлесе отырып үшжақты тиімді келісімге отыруы. Оның шеңберінде студент бір жағынан теориялық білім алып, кәсіпорында жұмыс істейді, яғни оқуды тәжірибемен қоса байланыстырып отырады, белгілі бір көлемде еңбек ақысы да болады. Бұл қоғамдағы орын алып отырған жастардың жұмыссыздық мәселесін тиімді шешуге және қолжетімді білім алуына септігін тигізеді. Ал нақты осы жоба бойынша:

— колледж  2014 жылы қай мамандық бойынша қай кәсіпорынмен келісім шарт жасау керек? Әрі ол тараптан не күтеміз? Бізге қандай талаптар қоюы мүмкін? Оған біздің қаншалықты дайындықтарымыз бар?,- деген сияқты сұрақтарды саралап, аймақта сұранысқа ие мамандықты нақтылап, әлеуметтік серіктес ретінде екі жақтың талаптары мен  студенттердің теориялық және тәжірибе алаңы болып қана қоймай, жұмыспен де қамтамасыз ететін шарттармен қаладағы ең ірі кәсіпорын «Ютария LTD» ЖШС-мен бірлескен 1211000 «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша дуальды оқыту жүйесін іске асыруға Меморандумға қол қойылды. Бұл жобаның мақсаты – біздің осы мамандық бойынша оқып, білім алып жүрген студенттеріміз толық жұмыспен қамтамасыз етіледі деген сөз.

4.Студенттерді практикадан өткізу үшін қандай мекемелермен келісім-шарт жасадыңыздар? Орындалу барысы қалай?

— Тәжірибе оқу үрдісінің құрамдас бөлігі, онда студенттер оқыту кезінде алған білімдерін тереңдетіп, оқып жатқан мамандығы бойынша білім, білік, дағдылары қалыптасады. Тек тәжірибеден өту арқылы ғана кәсіби шеберлігі барлық деңгейде артып, сол арқылы өмірлік тәжірибеге ие болуға мүмкіндік беретіні бәрімізге мәлім. Студенттердің кәсіптік тәжірибесін ұйымдастыру және өткізу «Білім туралы» Заңға  сәйкес жүргізіледі. Ал сол Заңға 2011 жылы 24 қазанда енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда  «кәсіптік білім беру саласындағы әлеуметтік әріптестік» жаңа бабымен толықтырылды.

Колледжде осы бапқа сәйкес 14 мамандық бойынша бірнеше мемлекеттік мекемелер, ұлттық компаниялар, шағын және орта бизнес кәсіпорындары, ірі кәсіпорындармен әлеуметтік әріптестік ретінде келісім-шарттар жасалып, оқытудың өндіріспен байланысын нығайту мақсатында студенттер тәжірибеден өтеді. Сол сияқты кәсіптік білім беру сапасын бақылауды ұйымдастыруға және түлектердің кәсіптік даярлығын бағалауға әр кәсіпорын, мекеме өкілдері аралық, қорытынды аттестацияларға қатыстырылып отырады.

Шыны керек, келісімшарт түзу оңай, тек сол кәсіпорында білім алушыға қажетті білік, дағды алуға жағдай бола ма, жоқ па сол жағы қиындық тудырады. Қалада бірлі-жарым мекеме болғандықтан таңдау мүмкіндігі жоқ, бағдарламадан қалып кетпеу үшін шарт жасауға тура келеді. Ал, ондағы база, аппараттар, құрал-жабдықтар қазіргі талаптарға сай келе бермейді, сондықтан кейбір білім алушылар аймақтағы басқа қала, аудандарда жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілген кәсіпорындармен келісіп, шақыру алып келіп жатады. Практика үшін біріншіден студенттің басы ауыруы керек, жұмысқа бет бұрған сәтте бәрінен хабардар, еш қиындықсыз өз жұмыс орнын сақтап қалу үшін білім мен білікті қоса игеріп кетуі керек. Ал, бізде грант үшін, таныспен, адасып келіп қалған, оның ішінде таңдаусыз келгендер, практика түгілі күнделікті сабаққа да ынтасы төмен: оларға сабаққа келді, келесі курсқа көшті деген белгі түссе болды. Бұл ата-ана тарапынан кеткен келеңсіздік дер едім. Балам әйтеуір бір мамандық алса болды деп, баламен санаспай, жетектеп әкеліп, кіргізіп жібереді, одан әрі қарай ол баланың ішкі жан дүниесіне үңілмейді.

Жақында  «Білім туралы» заңның 5-бабының 24-тармақшасына, 26-бабының 13-тармағына, 38-бабының 3,5-тармағына сәйкес ҚР білім және ғылым Министрінің 2016 жылы 28-қаңтарда «Білім беру қызметтерін көрсетудің үлгілік шартының және кәсіптік практикадан өткізуге арналған үлгілік шарт нысандарын бекіту туралы» №93 бұйрығында білім мекемесі, білім алушы, мекеме  арасында үш жақты келісім шарт нысаны берілген,  мұнда әр білім алушымен жеке келісім шарт жасалады. Онда әр тараптың шарт мәні ашық, нақты келтірілген. Осының негізінде әр тарап өз құқықтары мен міндеттерін орындаса, бұл саладағы кездесетін қиындықтар өз шешімін табады.

Әдіскер ретінде колледж мұғалімдерінің жаңа әдістер қолдануына, жаңашылдыққа ұмтылу деңгейіне қандай баға бересіз?

— Қазіргі жылдам өзгерістерге тез бейімделу үшін жаңашылдықтан еш қашып құтылу мүмкін емес. Онда ешуақытта дамымаймыз.

Жалпы мұғалімнің міндеті: білім беру, үйрету, сабақ беру, дәріс беру арқылы бар күш-жігерін сабаққа салады. Біз маман дайындап жатқандықтан ең басты міндетіміз – сабақтың негізгі мақсатын қоя білу. Мақсат арқылы білім алушыға қажет құзырлықты қалыптастыра аламыз. Сабақ мақсатына жету үшін түрлі әдісті қолдану қажеттілігі туындайды, бұл әр оқытушының шеберлігіне байланысты. Оқытушыларға талап күннен күнге күшейіп барады, дегенмен де, бастысы өз пәнінен теориялық білімі терең болу керек. Ал, жаңа әдістер көп, енді оны «қолдану керек, міндетті» деген талаппен әр әдіс-тәсілдің басын бір шалып, сабақты таза сахнаға айналдырып, шоу жасаудың қажеті жоқ. «Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай»,- деп Сократ айтқандай, әр мұғалімнің әдіс-тәсілі өз жанына жақын болса ғана сабақта мақсатына жетіп, нәтиже береді. Жаңа технологиялардың түрлерін білген дұрыс, ал тәжірибеге тек тиімділігіне қарай пайдаланған нәтиже береді. Қазір барлығы электрондық түрде жеңіл әрі оңай, сондықтан АКТ міндетті түрде меңгеру керек. Түрлі  бағдарламалармен жұмыс істей білу — бұл да бүгінгі күннің талабы.

Өткен жылы Еуропаға барып қайттыңыз, ә? Осы сапар жайлы толығырақ мәлімет бере кетсеңіз?

-…Қыдырып та, іссапар десем де болады, себебі, сол жылы жазғы еңбек демалысын әріптестер бірге демалуға бел будық. Содан  «Эду Травел» білім беру және саяхат-бизнес орталығының бағдарламасымен 6 мемлекеттің (Белоруссия, Франция, Польша, Германия, Голландия, Чехия) 1-2 қалаларында қыдырып, әрі дәріс те алып қайттық…

Іссапар шығыны ше, әрі бұл бағдарламамен басқа кімдер бара алады?

Іссапар шығыны өзімізден, сол кездегі евро курсымен 200 мыңдай (оған: 6 мемлекетті аралатушы автобус бағасы, қонақ үйлер, таңғы ас кіреді) Мұндай бағдарламамен кез келген студенттер де, педагогтар да, медиктер де, ұжым немесе топ болып бара алады. Сол сияқты бағдарламалардың тақырыптары мен қажетіне қарай бағыттарын да таңдай алады. Баруға ниет білдіргендер хабарласуға болады…

Еуропадағы білім беру жүйесінің артықшылығы неде, кемшілігі неде деп ойлайсыз? Үйренеріміз көп пе?

Әрине дамыған елдің білім саласында белгілі бір жүйе бар. Минскіге барғанда Кәсіптік білім беру Республикалық институтына бардық, онда бізді  директор, педагогика ғылымының докторы  А.Х.Шкляр қарсы алып, колледждердің ресурстық орталығына саяхат жасатты.

Аркадий Хононович кеңес үкіметі тұсында училищеде шебер, бас шебер, директордың оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары, директорлық қызметтерді атқарған екен. Қазір осы кәсіптік білім беру Республикалық институтын басқарып отырғанына бірнеше жыл болыпты. Көрдіңіз бе, төменнен барлық кезеңдердегі олқылықтар мен қиыншылықтарды көріп, білген маман өз жиған  тәжірибесін оны қайта даярлап, әрі дамытуға жұмыс істеп отыр, яғни кеңес үкіметі тұсындағы ұтымды тұстарды сақтап қалғандығын байқауға болады.

Біздің фермерлердің бәленбай миллионға бірнеше жыл кредитке алып жүрген әлгі трактор бар емес пе, сол трактор заводына бардық. Сол заводтың базасында өзіне қажетті мамандарды даярлап жатқан колледжге бас сұқтық. Өз басым майын тамызып айтып жүрген әңгімеміздің нақты іс жүзіндегі көріністеріне куә болдым. Өндіріс орыны өз сұранысына қажетті мамандарды және әр жаңа құралдар мен аппараттарда жұмыс істеуге қабілетті мамандарды осы колледжде қайта оқытып және талапкерлерді оқытып, жұмысқа алып отырады екен.

Біз мемлекеттік стандарт негізінде оқытсақ, Францияда бір ерекшелігі — әр оқу орынының стандарттары өздеріне тән. Ал, Польшада жалпы білім жүйесі ұқсастау, тек модульді және дуалды оқыту жүйесі нақты бір үрдіске айналған. Сол жылғы демалыс әлемдік үздік тәжірибелерді зерделеуде өте мазмұнды әрі пайдалы болды.

Үлкен олжамыз – колледжбен халықаралық әріптестік орнату мақсатында меморандум жасап, тәжірибе алмасу мақсаттарына қол жеткіздік.

Осы меморандум негізінде өзара тәжірибе алмасу және біліктілікті арттыру мақсатында Белоруссия Республикасынан кәсіби коуч, халықаралық оқытушылар олимпиадасының жюри мүшесі, педагогика ғ.к. Азёма Татьяна Вьячеславна  арнайы келіп, колледжден 19 оқытушыға «Технологии Эриксоновского коучинга в образовании:  Теория и практика» тақырыбында оқыту-семинарын өткізді. 19 оқытушы  халықаралық деңгейде сертификат алып, қазіргі таңда өз іс-тәжірибелерінде коуч технологиясының элементтерін қолдануда;

Колледждің қалыптасқан «Педагогтардың үздіксіз білім алу жүйесі» бойынша Әдістемелік менеджментінде  2016  жыл қаңтар айында — тұңғыш рет колледж аясында  «Білім беру сапасын жаңарту: жаңа идеялар, жаңа тәсілдер мен келешегі» тақырыбында І Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференцияға әлеуметтік серіктестіктердің қолдауымен Белоруссия, Украина, Ресей, Болгария мемлекеттерінен оқытушы-педагогтар, магистрлер барлығы 73 өтініш түсті. 73 жұмыстың 66 баяндама эксперттік комиссиядан өтіп, жинаққа кірді.

Биылдан бастап, колледждерде, яғни кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі баршаға тегін болады деп жатыр. Осы туралы айтарыңыз бар ма?

— Біз мектепте оқып жүргенде нашар оқитын, бұзық, мектепті көп «шуылдатып жүрген»,  қазіргі тілмен айтқанда, қиын балалаларды ашық түрде 8-сыныптан кейін мектептен қуып, СПТУ-ға жіберетін. Осындай контингенттерден өнеркәсіп, шахта  басшылары, фирма директорлары, корпорациялардың негізін салған мамандар шықты емес пе?  Ал сол СПТУ-да да  оқу тегін, жатақхана, стипендиямен толық қамтамасыз етілген. Материалдық базалары мықты, жалпы миссиясы айқын еді. Кезінде сақтап қала алмағандарымызды біртіндеп болса да, қайтарып алғанымызға әрине қуанамыз.

«Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы осы оқу жылынан басталады. Мемлекет әрбір адамға алғашқы мамандықты беруге міндеттеніп отыр. Бұл кейбір сәтсіздіктер мен әр түрлі келеңсіздіктерден жүріп қалған жастар және талапкерлер үшін  жұмысшы мамандықтарын алуға жақсы мүмкіндіктер ғой. Қазір еліміздегі ең сұранысқа ие, беделді әрі өмірлік нәсіптің табысты көзі — жұмысшы кәсіпте болып отыр.

Бұл бағдарламаның девизін былай атар едім: «Егер білікті әрі табысты басшы болғың келсе, бірінші ең төменінен баста»

Мұғалімнің қағазбастылығы, қоғамдық жұмысқа тартылатыны көп айтылады. Педагогикалық басылым болғандықтан бүгін де бұл сұрақтан айналып өте алмайтын сияқтымыз. Осы туралы ойыңыз қандай?

Егер басшы өзін басқарып отырғандарға бас шұлғи бермесе, басшылар жеке басының шаруаларын қарамағындағыларға жүктемесе, кейбір мекемелердің шаруашылықтарын мойнына алып, қарамағындағы мұғалімдерді жегіп жібермесе; Директор  мұғалімді басқармай, процесті басқаратынын ұмытпау керек. Ал процестің күре (62) тамыры — мұғалімдер, қан жүрмесе нәтижелі жұмыс та болмайды.  Ал әр мұғалім Айман (Айман Сағидулла) сияқты өз құқығын қорғай алса, бұл келеңсіздіктер жойылады. Тіпті өздері қарсы тұра алмағанымен қоймай, Айманға үн қосуға да жарамаған мұғалімдер болды емес пе?  Жағымпаздықпен азаматтық үнін жоғалтып, жұмыссыз қалудан қорқудың қажеті жоқ, білікті мұғалімге кез келген мекемеден жұмыс табылады.

Мұғалім мәртебесін қалай көтеруге болады?

Мұғалім мәртебесіне байланысты мәселенің шығу себептеріне бірнеше факторлар бар. Қазір адамды тұрмыс билейді. Жаңашылдыққа ұмтылған әр мұғалім өз кәсіби деңгейін қаншалықты көтерсе (оған жұмсалатын қаржы, артық уақыты, т.б.), соншалықты еңбек табысын неге көтермеске?!

Ол да тірі жан — робот емес, артық жұмыс істеп, жақсы тамақтанып, суықта жылы киініп, уақытында ем-домын алып отырса ғана оның жұмысы өркендейді. Ал мұғалімнің базалық жалақысы  17967 теңге, ал үкіметтің жылда қосып жатқан тиын-тебені осы базалық жалақымен ғана шектеледі.

Мектепте «ер мұғалімдер аз», «мұғалімдік мамандыққа ешкім бармайды»,- деп зар жылаймыз. Тұрмыс билеген заманда еңбекақысы неғұрлым жоғары болса, кез келген азамат бұл мамандықтан қашпайды. Осы мамандықты бітіріп, бірақ  шахтаға ауысып кеткен әріптестерім бар.Тірісінде көрде жұмыс істеу жақсы ма, «бүгін тірі шығамын ба, жоқ па»,- деп әр ауысымға барарда  отбасымен қоштасып кетеді. Бұл жұмысқа жүрек қалауы емес, еңбекақысы үшін барды, бар қиындыққа қарамастан басын өлімге тігіп жұмыс істеп жүр. Сол шахталарда қаншама апаттар болып, қаншама ер азаматтар көз жұмды немесе мүгедектер қатарын толтыруда. Егер мұғалімнің еңбекақысы осы шахтерлардың табысымен қатар болса, сол азаматтар жердің бетінде таза киімімен бала-шағаларының ортасында тәрбие мен білім беруден қашпас еді. Ал бала тәрбиесінде ер азаматтар неғұрлым көп болса, тәртіп те, білім де қатар дамып, әрі жүйелі болар еді.

Газет оқырмандарына тілегіңіз…

Қоғамда түрлі реформалардан резонанс тудырып жатқан білім саласына қатысты өзіндік үлес қосып жүргендеріңіз қуантады. Осы сіздердің сұқбаттарыңыздан әріптестерімнің ашық ой-пікірлерін күтемін.

Проблеманың үлкен кішісі болмайды, кез келген проблеманы көтеруден шаршамаңыздар, «кішкене тастан қауақтай бас жарылады…»,- демекші, сонда қаншама білім ұясына жылу бересіздер!

 Сұхбатыңыз үшін рақмет!

 Әңгімелескен Ержан Тәліп

ziyatker-on.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА