ҰБТ-ның жаңа форматы биыл біраз өзгеріске толы. Жыл сайынғы өзгерістер баланың миын ашытып жібермей ме?
- ҰБТ жыл сайын өзгеріп жатқан жоқ. Ұлттық бірыңғай тест 2004 жылы басталған басталғалы 13 жыл, сол өткізілгелі 13 жылда ешқандай өзгеріссіз келді, бір емтихан формасының 13 жыл тұрақты болуы, қолданыста болуы оның дамытылмауы үлкен кемшілік. Сондықтан ҰБТ-ны дамыту, оны өзгертіп жетілдіру білім саласын алға сүйреу үшін парыз. Сонымен бірге, әлемдік ғылым бәсекесінің, құндылықтардың, білімнің, техниканың дамуына қарай бейімдеу кезек күттірмейтін шару. Ал, түлек үшін 11 жыл ішінде меңгерген білімі мықты болса ол қандай емтиханға да төтеп бере алады, себебі, ҰБТ жаңа форматта болғанымен базалық білім бір стандарт, бір бағдарлама. Баланың миын ашытатын ҰБТ емес, жоқ жерден шоу жасап, сүрен салатын, сенcация іздеген ақпарат құралдары. Себебі, онсыз да көңілі қобалжулы түлекке әр ақпаратты бір таратып, олар қайсысына сенерін білмей дал болады.
Қазақ тілі биылдан бастап тек мектептерде емтихан күйінде тапсырылатын болды. Мәселен, орыс, ұйғыр мектептерінің басшылары оқушыларына жоғары баға қойып беріп, “бармақ басты, көз қысты” әрекеттерге жол беріп қоймай ма?
- Біріншіден, ол әр ұстаздың ары мен ұятына байланысты. Екіншіден, жылда қазақ тілі сіз атаған орыс, ұйғыр мектептері ҰБТ-да тапсырады деген атақ қана, әйтпесе оның балы жоғары оқу орынана түсу үшін еш есептелмейтіндіктен, ешкім де дайындалмайды, формалды түрде бар еді, ал, ондай емтиханның барынан не пайда? Үшіншіден, егер мектептегі мұғалім өз ісіне жауапты болып емтихан талабын орындаса бұрынғыға қарағанда қазақ тілін білу талабы ауырлап, сапасы керісінше жақсарар еді.
Таңдау пәндері көбейді, тиісінше баланың теске дайындалатын уақыты да көбейеді. Бұл қандай пайда болуы мүмкін?
- Талап ауырлау керек, мен өзге мемлекетте мектеп бітірген адам ретінде, өзге мемлекеттердің білім саласын зерттеген маман ретінде біздің ҰБТ-ның қиындық дәрежесі салыстырмалы түрде өте жеңіл дер едім. Біз бәсекеге қабілетті ұлт құрамыз дейді екенбіз, біз емтихан салмағын әлі де арттырумыз, шынайы білім сапасын көтеруіміз керек. Оның үстіне, «есектің жүгі жеңілдеген сайын жатаған келеді» дейді қазақ. Баланың басты мақсаты оқу, ондай болса оған талап қоюдың не әбістігі бар.
Тест сұрақтарына қатысты шикілік көп және ол қоғамда жария болып та жүр. Бұған не айтасыз?
- Тест сұрақтарының сапасы туралы әлі айту еретек болар, себебі, қазір қоғамда талқыланып жүрген сұрақтар сынақ нұсқалардың сұрақтары. Сонымен бірге, жеке меншік тест құрастырушы мекемелердің жұмысы. Ал, ҰБТ-да келетін сұрақтарды сүзгіден өткізіп, дұрыс сұрақтар болады деп ойлаймын.
Мамандар ҰБТ-да логикалық сауалдарға қарағанда статистикалық сауалдар басым дейді. Осымен келісуге бола ма?
– Керісінше, биылғы жаңа форматтағы тесттер логикалық сұрақтардың қатары көбейді, себебі, бұрынғыдай математика міндетті емес, керісінше математикалық сауаттылық атты логикалық сұрақтардан тұратын пән қосылды.
Жалпы, білім министрлігіне кім келсе де олардың тым реформашыл болуының, бірақ жариялылықтан қашуының себебі неде? Неге олар қоғаммен ақылдаспайды?
- Егер сұрағыңыз үш тілді бағдарлама мен жаңартылған бағдарлама туралы болса, онда келісемін, себебі, бұл реформалар төменнен зерттеліп жасалған реформа емес, керісінше жоғарыдан орындалуы бұйырылған реформа, сондықтан жоғарыдан келген тапсырманы қоғаммен санасып өзгертуге білім министрлігінің қауқары да жоқ шығар деп ойлаймын, әйтпесе осы реформаларының орындалмайтынын жауапты қызметкерлерінің өзі де мойындап жүр. Ал, ҰБТ-ның жаңа форматына келер болсақ, бұл біраз жылдан бері, жасалып, өзгертіледі деп дайындалынып келген жұмыс. Бұл жұмыстың бағыты дұрыс.
Қаланың оқушылары интернетке кіріп, түрлі сайттардан жауап іздеп дайындала алады. Ал ауылда интернетке әлі де болса қолжетімділік төмен. Бұл тест тапсыру кезінде ауыл баласының білім сапасына әсер ете ме?
- Бұл мәселеге келісемін, биылғы Ұлттық тестілеу орталығының ең үлкен кемшілігі – ҰБТ жаңа форматқа енгізілгелі, жаңа форматтағы тест кітапшаларын өте кеш шығарды, тіпті әлі тапшы. Сол себепті, биыл ауыл балаларының нәтижесі төмен шығуы мүмкін. Бірақ, табысқа жететін адам ешқандай сылтау айтпаса керек. Қазір ізденген адамға білім арттыратын мүмкіндіктер жетеді, ал, мүмкіндікті пайдаланып ізденбеу тек табысқа жетпейтіндердің тірлігі.
Биыл бейіндік пәндер бойынша бір сұрақтың бірнеше жауабы бар деп көрсетілген. Бұл балалар арасында шатасуға әкеп соқтырмай ма?
- Бұл біздің елде алғаш ашқан жаңалық емес, бұл әлемде бар үрдіс. Нарықтық заман, заман бәсекесі, ғылым бәсекесі дамып келеді, әлемнің озық үлгерін білім саласына енгізу білім сапасын арттыру үшін керек. Ал, базалық білімі мықты оқушы емтихан фомрасы қалай өзгерсе де алып шығады. Әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады демей ме атам қазақ?
Интернетте ҰБТ жауаптарының сатылатынын ашық айтқан түрлі парақшалар пайда бола бастады. Олар “біз арқылы 140 балл жинайсыз” дегенді ашық айтуда. Олар жауаптарды, дерек көздерін қайдан алып отырған болуы мүмкін?
- Бұл мәселеге байланысты түлектерге алданбауларын сұраймын, ол жылда бар үрдіс, жауаптары бәрі дұрыс келеді деп, алаяқ саудагерлердің қоғамның ақпараттық сауатсыздығын пайдаланып жеңіл пайданы көздеген алыпсатарлардың тірлігі. Ондай тірлікке алданбау керек. Ең жақсысы, әркім өзіне, өз біліміне ғана сенген дұрыс.
Әңгімелескен Абай Қазыбекұлы Аймағанбетов
Республикалық «KAZBILIM» орталығы директоры Аятжан Ахметжан.
«Жұлдыздар отбасы» журналы 2017 жылы маусым. 11 саны