Жаңа оқу жылының басталуына орай ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің Baq.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
– Қазақстан мектептерінде жаңа оқу жылының басталғанына да бір аптадан астам уақыт өтті. Биыл қандай жаңалықтар болмақ?
– Иә, оқу жылы ұйымдасқан түрде басталды. Биыл мектептерімізде 2,6 млн-ға жуық оқушы сабақ оқуға кірісті. Жастар, ата-аналар, ұстаздар, жалпы қоғам үшін бұл елеулі оқиға.
Мектепте ең күрделі өзгерістер өткен оқу жылы басталды. Биыл ешқандай тың, ірі өзгерістер болмайды. Басты мақсатымыз – өткен жылғы шешімдерімізді бірізділікпен орындап, іске асыру.
Дәлірек айтсақ, балабақшаларда нөлінші сыныпты 2019 жылы енгізуге байланысты биыл «Әліппені», сондай-ақ басқа да керекті оқу құралдарын дайындауымыз керек.
Орта мектептердегі жұмыстар жайлы айтсақ, биылғы басты мақсат – жаңартылған білім бағдарламаларын кезең-кезеңімен, кезекті сыныптарға енгізу. Былтыр жаңартылған білім мазмұнына 1-сыныптарды өткізсек, биыл жаңа бағдарламалар 2,5 және 7-сыныптарда игеріле бастайды.
Осы жаңа мазмұнды бағдарламалар, былтыр айтқанымыздай, ағылшын тілінде жүргізіле бастайды. Бұл, бүгінгі тілмен айтқанда, «пилот» негізінде, яғни тәжірибе жинақтау үшін жүргізілетін жоба.
Былтыр және биыл тілдік курстардан өткен мектеп мұғалімдерінің 1,5 мыңнан астамы ағылшын тілінде сабақ беруге дайын екендіктерін айтып отыр.
Бұл жоспарымыз жайында оқушылардың ата-аналарымен де ақылдастық. Олар бастамамызды қолдап отыр. Бұл – біз үшін өте маңызды жоба. Оны жүргізу арқылы оқушылардың, ұстаздардың, ата-аналардың жаңалыққа қаншалықты дайын екендігін, білім сапасын қаншалықты жақсарта алатынымызды айқын білетін боламыз.
Міне, осы мәселелер әр мектептің, министрліктің ерекше назарында болуы керек.
– Ата-аналар да қолдап жатыр деп отырсыз. Дегенмен «ауыл балаларына ағылшын тілінің қажеті қанша?» деген пікірлер де айтылып жатыр?
– Ия, ондай пікірлер бар екенін білеміз. Бірақ, менің ойымша, мұндай сұрақтарды ауыл балаларының ата-аналары қоймайды. Ауылдағы ата-аналармен де кездесіп жүрміз ғой, олардың «балама ағылшын тілі керегі жоқ» дегенін естіген емеспін.
«Ауыл балаларына ағылшын тілі керегі жоқ» дейтіндер қалада тұратын ағайындар, әсіресе, саясатқұмар азаматтар.
Ауыл адамдарымен араласып, олардың тамаша бір ерекшелігін байқадық. Қуантатыны сол, ауылдағы ата-аналар «өз арманым орындалмаса да, баламның арманы орындалсын» деп тілейді. Осы армандарына жету үшін талай баласын қалаға жөнелткен жоқ па? Ұлт мақтанышы атанған академиктердің шыққан жері ауыл емес пе? Егемендіктің алғашқы, ең күрделі жылдары шет елдерде оқып келген қазақ балаларының кемінде үштен бірі – ауыл түлектері. Егер ауыл баласына білім-ғылым қажет болмаса, сол қиын-қыстау заманда ата-аналары тиын-тебендерін салып, балаларын шетелге оқуға жіберер ме еді?
Ал енді осы мәселені болашақ тұрғысынан қарайық. Қазіргі уақытта халықтың 30 пайызға жуығы ауылда тұрады. Дамыған елдерде ауыл халқының саны 3 пайызға жетпейді. Бара-бара, ауыл шаруашылығындағы жұмысты толық механикаландыру, соңғы үлгідегі техниканы қолдану, сондай-ақ, еңбек өнімділігін өсіретін жаңа технологиялардың келуі себепті ауылдарымыздағы халық саны да еселеп азаяды. Бұрын 100 адам істеген жұмысты қазір 10 адам бітіреді. Бүгінгі он адамдық жұмыс көлемін келешекте бір адам жасайды.
Нәтижесінде ауыл адамдарының дені қалаға көшеді. Сонда ана тілімен қоса заман тілін, яғни ағылшын тілін білмей, ауыл балалары қалада жұмыс таба алмай жүрсе, бұл ешкімге де жақсылық әкелмейтін жағдай. Егер жағдайды осындайға дейін жеткізсек, бұл саяси қателік болары сөзсіз. Ол еліміздің ілгері дамуына кедергі келтіретін саясат болар еді. Бұл тек біздің елімізде емес – бүкіл әлемді жайлаған үдеріс.
Бүгіннің өзінде қазақ ауылында ағылшын тілін білуге сұраныс бар және ол жыл өткен сайын өсіп келе жатыр. Егін саласына бізге керекті комбайндар мен көптеген басқа техниканы шетелден алып жатырмыз, шетелден асыл тұқымды малдарды әкеп жатырмыз, өсімдіктерді қорғайтын, малды аурулардан сақтандыратын дәрі-дәрмектің біразы шетелден келеді. Осылардың бәрін жақсылап игеріп, тиімді пайдалану үшін ауылдағы мамандарға ағылшын тілін білу керек емес пе? Осыларды қорыта айтсақ, ауылдағы балаға ағылшын керек емес деген теріс, жансақ пікір. Қазақ баласы қайда өмір сүріп жатса да, ауылда ма, қалада ма бәрі бір деңгейде сапалы, заман талабына сай білім алуы керек. Бұл ақиқат, бұл мемлекет саясаты.
– Осыдан ауылдағы мұғалімдер балаларға ағылшын тілінде сабақ бере ала ма, немесе қаладан ауылға баратын жас мұғалімдерге жағдай жасала ма деген сұрақтар туып жатыр. Ауыл жастарын белгілі бір елді мекендерге жинап, тірек мектептерінде оқыту ма, әлде басқа жағдайлар жасала ма – түрлі мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Шешім қабылдауға дейін терең ойланып, дұрыс шешімін табу үшін уақытымыз жеткілікті. Бұл іске үлкен жауапкершілікпен қараймыз.
– Енді бір адамдар мемлекет қаржысының шет тіліне жұмсалып жатқанына наразылық білдіріп жүр. Бұған не дер едіңіз?
– Ағылшын тілі – математика, физика немесе қазақ, орыс тілдері сияқты пәндердің бірі. Осыларды оқытуға қаржы бөлініп жатыр. Заман талабына сай болсақ деп енгізілген ағылшын тіліне де керек қаржы бөлінеді, осы тұрғыдан ағылшын тілінің де химия, биология, математика немесе басқа пәндерден де айырмашылығы жоқ. Осының бәрі жастардың білімі мен біліктілігін шыңдауға арналған, ол қаржы қоғамға келешекте еселеп қайтады. Бұны ешкім жоққа шығармас.
– Ағылшын тілін оқуды тым ерте бастап жатқан жоқпыз ба?
– Әрине, шет тілін 5-ші сыныптан бастап оқытуға болар еді. Бірақ баланың үйрену қабілетін анықтауға арналған халықаралық зерттеулер, әсіресе, соңғы зерттеулер егер шет тілін терең меңгереміз десеңіз, ол тілді үйренуді ертерек бастау керек екендігін айтады.
– «Әліппе» бастауыш сынып бағдарламасынан неге алынып тасталды?
– 2015 жылғы білім беру стандартын қарасаңыз, «Әліппенің» орнына «Сауат ашу» пәні тұрғанын көресіз. Бұл құжаттың қолданысқа енгізілгеніне бір жыл болғанда, яғни 2016 жылы мен министрлікке қызметке тағайындалғанда, осы «Сауат ашу» пәнінің оқулықтарына қаржы бөлініп, кітап жазылып, экспертизалық сынақтан өтіп, мектептерге жөнелтілуге дайын тұрған.
Сол кезде мектептегі оқуды «Сауат ашу» пәнінен бастау дұрыс па деген сұрақ туындады. Бұл мәселені ұстаздар қауымы көтеріп, оны Үкімет бірнеше рет талқылап, бұл жағдайдың дұрыс еместігі, оқытуды «Әліппеден» бастау қажеттігі және «Әліппе» бірінші сыныптан емес, нөлінші сыныптан оқылу керектігі туралы шешім қабылданды.
Міне, осыдан кейін «Әліппемен» оқытуға дайындық басталды. Оның стандарты жасалды, оқулығы дайындалды. Оқулық, негізінде, мектепке енгізілуге дайын. Бірақ, заң бойынша, баспалардан мектеп оқулықтарын төрт жылда бір рет басып шығарады. Соңғы рет 2015 жылы «Сауат ашу» басылды. 2019 жылы, яғни төрт жыл өткеннен кейін, «Әліппе» баспадан шығарылып, нөлінші сыныпқа барған барлық балаға мемлекет қаржысы есебінен таратылады.
– Биыл мемлекеттік білім гранттарын бөлу мәселесі тағы көпшілік назарында болды. Нәтижесінде биыл мемлекеттік гранттарға қосымша 1500 мыңға жуық грант бөлінгенін білеміз. Оған не себеп болды?
– Менің ойымша, биыл Республикалық комиссия осы мәселені жан-жақты қарап, қосымша гранттар бөлу туралы дұрыс шешім шығарған. Биыл комиссияның жұмысына ата-аналар қатысып, тестілеу орталығына барып, гранттарды бөлетін компьютер бағдарламасының калай жұмыс істейтінін көрді. Олар осы процестің ашықтығы мен адалдығына көз жеткізді. Келесі күні олар өз пікірлерін ашық баспасөз конференцияда айтты. Оларға рахмет айтамын.
– Әрине, биыл осы мәселеге байланысты бірнеше шешім қабылдау керек. Ең алдымен, әр мамандыққа квота беру процестерін өзгерту керек болып тұр. Мысал үшін бізде жалпы медицинаға 2 мың грант берілсе, экономикаға тек 45 грант бөлінеді. Сондықтан, экономиканы таңдаған балалар 125 балл алса да, оқуға түспей қалады. Ал, педагогика мамандықтары бойынша грантпен оқуға 65 балмен де өтіп жатыр. Бұл жағдайды өзгерту керек. Әрине, «Алтын белгі» иегерлеріне берілген жеңілдіктер де үлкен мәселе. Оны да биыл шешетін боламыз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
– Сізге де рахмет! Білім саласы – әрбір ата-ана мен балаға тікелей қатысы бар сала. Сондықтан сұрақтар, әртүрлі ұсыныстар, пікірлер айтылуы орынды. Білім және ғылым министрлігі ұжымы сол пікірлерді тыңдап, сұрақтарға жауап беруге әрқашан дайын. Болашақта осы мақсатта ауқымды онлайн-конференциялар өткізуді жоспарлап отырмыз.
Ауылда аты ғана ағылшын өтеді деген. Шын мəнінде өтетіні шамалы