22.11.2024

Аятжан Ахметжан. Пәндік олимпиада және олимпиадалық дайындық

Олимпиада десе, бірден есімізге әнұрандар асқақтаған спорттық олимиадалар еске түседі. Біздің айтпағымыз, бұдан өзге атағы мен даңқы, айбыны мен ауқымы одан аласалау болса да, маңызы одан кем қалмас ғылым бәсекесінің алғашқы әрі маңызды басқышы – пән олимпиадасы.

Пән олимпиадасы – ғылымның алғашқы басқышы, бала санасына ғылымның алғашқы ізденістерін қалыптастырып, болашақ ғалымдарды баулитын, ғылымға еркін бойлайтын жастар қосынын қалыптастыратын ең үлкен және ең тамаша бағдарламалық бәсеке.

Әлемнің дамыған мемлекеттерінің баршасында өте жоғары деңгейде жолға қойылған, кейде әлемдік білім сапасын, орта білімнің деңгейін, жоғары білімнің өресін бағалайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Білім бәсекесіне түскен, ғылым – техниканың көз ілеспей дамыған мына заманында ғылымның терең сырына бала жастан бейімдеу елдің ертеңгі деңгейіне жоспарлы дайындық болары хақ.

«Біз білекпен сынасқан заманда ешкімге дес бермедік, ал, біліммен жарысар заманда өзгеден кем қалмалық», – деген Абылай ханның арманы да, Осыны әр жолдауына еске сап жүрген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың да елдің өндіргіш күші болып есептелетін ғылымды дамытуға бөлген назары да, дамыған 30 елдің қатарына кірудің алғы шарты да осы ғылымда болса керек. «Біз әлемнің алдыңғы елдерімен бәсекелес болу үшін ең алдымен технократтық мемлекетке айналуымыз керек», – дейді заманның заңғар математигі Асқар Жұмаділдаев. Ғылымның тереңіне үңілу мына заманның алғы шарты десек, пән олимпиадасы алғы шарттың алғы шарты болып тұрғаны ақиқат.

Пән олимпиадасына дайындық, адамның мидың ең жоғары қабылдау кезеңінде басталатындықтан, ол оқушылардың логикалық ойлау формасын дамытып қана қоймай, ғылымға деген көзқарасын қалыптастырып, болашақ бағдарын айқындайтын тамаша ғылыми ізденіс. Егер сапалы және жүйелі дайындық жүргізілсе, баланың ми клеткалары сапалы қозғалысқа келіп, оқушының алғырлығы арта түсетіні ғылымда дәлелденіп келеді. Сапалы әрі жүйелі дайындық – тек баланың ғылымға ғана көзқарасын қалыптастырып қоймай, болашаққа деген нық сенімін орнатып, өзіне деген сенімін нығайтып, биік мақсаттар қоя алатын тұлға тәрбиелеудегі тамаша дағды.

Болашақ қазақ ғалымдары бүгінгі олимпиада жеңімпаздарынан шығады деген үміттеміз. Әрі олимпиада жеңімпаздарынан шыққан ғалым ол болашақта қазақ ғылымына локомотив боларына сеніміміз кәміл. Сол үшін азды-көпті шұғылданған жұмыстарымызды пайдаланып, тәжірибемізді жинақтап, пән олимпиадаларының оқушыға әсерін тереңірек қарастыруды жөн санадық.

Бастысы, жүйелі дайындық және тынымсыз еңбек – пәндік олимпиаданың шыңын бағындыруға қажетті ең негізгі критерий. Сол дайындықтың жүйесін басқыштарға бөле қарап, ұйымдастыру жолына үңіліп көрелік. Басқа дамыған және даму үстіндегі, ғылыммен, техникамен әлемді таңқалдырып жүрген елдердегі пән олимпиадаларын өзіміздің елмен салыстыра үңіліп, артық-кемін таразыға тартып көрелік.

Пән олимпиадасы және ғылым

Елімізде көп жылдар бойы ғылым негіздерін құрайтын барлық пәндер бойынша мектепішілік, аудандық, облыстық және республикалық олимпиадалар өткізіліп келеді. Қазақстанның барлық аудандары мен облыстарында өткізілетін пәндік олимпиадаларының тапсырмалары бірдей болуы үшін әр пән бойынша берілетін олимпиада тапсырмаларын сол пәннің тәжірибелі мамандары Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының басқаруымен жыл сайын жаңарып, заман талабына сай құрастырылып отырады.

Жаратылыстану пәндері бойынша олимпиадаларының барлық (аудандық, облыстық және республикалық) сатылары, әдетте, теориялық және тәжірибелік екі кезеңнен тұрады. Мысалы, химия пәнінде, теориялық кезең тапсырмалары көбінесе сандық есептерден тұрады. Сонымен қатар, олардың қатарына химиялық өзгерістер тізбегін шешу, тотығу-тотықсыздану реакцияларын теңестіру, органикалық заттардың изомерлерін жазу сияқты тапсырмалар қосылады. Қазақстанның жас химиктері 1998 жылдан бері бүкіләлемдік химия пәнінің олимпиадаларына үзбей қатысып келеді. Оларға қойылатын талаптың жылдан жылға өсуіне сай республикамызда өтетін химия пәнінен олимпиадалар кезінде әр сынып оқушыларына ұсынылатын есептердің деңгейлері мен сандары жылдан жылға өсуде. Бұрын жоғары сынып оқушыларына ұсынылған тапсырмалар соңғы жылдары төменгі сынып оқушыларына ұсынылып жүр. Пән олимпиадасына дайындық кезінде мұны да ескеріп отырған жөн.

Ал, химия пәні – екінің біріне бағына бермейтін, қызығы мен құпиясы мол, көбірек еңбектену мен ізденуді талап ететін жаратылыстану ғылымдарының бірі. Бірақ жалпыға ортақ бір заңдылық – кез келген ғылымды жүйелі түрде, өз заңдылығы бойынша үйренгенде ғана нәтижеге қол жеткізуге болатынын ұмытпаған жөн.

Химияда теориялық білім – оқушылардың химияны үйренуіндегі алғашқы әрі маңызды бөлімі болса, эксперимент жасау – оқушының теориялық білімін қолдану арқылы өз біліміне деген сенімділігі арттырады. Ал, алған білімді іс жүзінде қолдана отырып, әр түрлі деңгейдегі сандық есептер шығару – оқушының логикалық ойлау қабілетін дамытып, өз білімін  қолдануға деген ізденісін тудырады. Мектептегі химия пәнін үйретуде аталған үш бөлім бір-бірінсіз, оқушының кемелді білім алуына шектеу қоятындығын естен шығармау керек. Оқушының алған білімін жүйелі түрде қолдана білуі – оның табысқа жетуінің кілті.

«Біз – химия ғасырының тұрғындарымыз, химия ғылымы болашақта мемлекет қуатының басты шешуші факторы», – дейді ХХ ғасырдағы қазақтың дарынды химигі Бірімжан Батырбек Ахметұлы. Иә, бұл – ақиқат. Бұл күні шындығы айқындала түскен аксиома. Біз баршамыз ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың, ақпараттық техниканың ғасыры деген ұранның ішінде өмір сүріп келеміз.

Ғылым – бұл күннің экономикасының негізгі өндіргіш күші. Әлемнің дамыған елдерінің барлығы ғылым техникасына басты назар аударуда. Әлемнің ең дамыған мемлекеттері АҚШ, Германия, Жапония – бәрі бұл күні ғылымдағы жетістіктерімен, өндіріске түскен ғылыми жаңалықтарының арқасында әлемді аузына қаратып отыр.

Ал, пәндік олимпиадалар ең алғаш рет әр елде әр түрлі атпен өте бастағалы ғасырдан астам уақытқа таяды. Мысалы: Германия, Франция секілді Еуропадағы біраз мемлекетте ғылым бәсекесі деп аталса, Ал, Қытай, Жапония, Кория секілді елдерде «Зейін бәсекесі» деген атпен өткізілген. Пән олимпиадаларына баса мән беру екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғылым мен техникаға мән берген барлық елдерде басталды. ХХ ғасырдың ортасында АҚШ  «Жас ғалымдар олимпиадасы» деген атпен алғаш рет Республика деңгейінде пән олимпиадасын ұйымдастырды.

Кеңестік кезеңде 1974 жылы алғаш рет бүкіл Кеңестік олимпиадалар ұйымдастырыла бастаған. Алайда, бұл – саяси және кейбір территориялық алшақтық жағдайына байланысты елімізге бірен-саран болмаса, аса көп олимпиада жеңімпаздарын шығаруға әсер етпеді. Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ғана ұлттық ғылым көкжиегінің кеңеюіне байланысты, облыстық, республикалық деңгейдегі пән олимпиадаларын ұйымдастыру қолға алына бастады. Елімізде алғаш рет 1992 жылы Қызылорда қаласында бес пәннен Республикалық пән олимпиадасы өткізіліп, Республикалық жеңімпаздар тәуелсіз Қазақстанның дипломдарымен марапатталды.

Тәуелсіз Қазақ елі Халықаралық пән олимпиадасына өтініштерін тәуелсіздік жарияланғаннан кейін дереу үміткер ретінде тіркелгенмен, олимпиада комиссиясының шешімі бойынша екі жыл сынақ мерзімінде Республика бойынша бір бала қатысып, кейіннен ғана Қазақстан құрамасы ретінде қосылды. Мысалы, Қазақстан Республикасы химия пәнінен Халықаралық пән олимпиадасына (IСHO) 1996 жылы Ресейдің Мәскеу қаласында өткен, 1997 жылы Австралияда өткен олимпиадаларға сынақ ретінде жалғыз оқушымен барып қатысса, алғаш рет ресми түрде Қазақстан Республикасы химия құрамасы болып, 1998 жылы Канадада өткен олимпиадаға қатысты. Содан бері үздіксіз қатысып келеді. Ең биік жетістікке 2013 жылы қол жеткізді. Яғни, екі алтын, екі қола медаль қанжығалады. Алтын медальдің бірін – Тараз қаласы дарынды ұл балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің оқушысы Әшім Қайрат еншілесе, енді бірін – Астана қаласы дарынды ұл балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің оқушысы Аманжол Әзім иеленген болатын.

Бүгінгі күнде әлемнің жүзден астам елінде пән олимпиадалары өткізіледі. Елімізде оқушылар арасындағы басты ғылым бәсекесі ретінде он пәннен Республикалық пән олимпиадасы өткізіледі. Ал, Халықаралық пән олимпиадасына жеті пәннен Қазақстан құрамасы қатысып келеді. Солардың бірі өткен жылы Астана қаласы Назарбаев университетінде 48 – халықаралық физика пәні олимпиадасы өткізіліп, еліміздің құрамасы қатысқан сексеннен астам мемлекеттің үздік он құраманың бірі болып, сегізінші орыннан көрінді. Бұл – еліміздегі ғылымның қарқындап дамып келе жатқандығының бейнесі.

 

Ғылымдағы бәсекеге қабілеттілік

Ғылым – жүйелі біліммен тәжірибе. Арнайы мағынасы – ғылыми жолмен жинақталған білім жүйесі, сонымен қатар зерттеумен келген ретті білім жинағы. Ғылым адамзат қоғамының ерте дәуірінен, адам баласының танымдық және өндірістік қажеттілігінің арасы ажырамай тұрған кезеңнен бастау алады. Ежелгі Шығыста болашақ ғылымға негіз болған білімнің алғашқы нышандары қалыптасты. Оның алғышарты ретінде мифологияны атауға болады. Онда алғаш қоршаған орта туралы бүтін, тұтас, жан-жақты танымдық жүйе қалыптастыруға ұмтылыс болды. Бірақ танымның бұл формасы өзінің діни-антропоморфы сипатына байланысты нағыз ғылымнан алшақ жатқан еді.

Бәсеке басы елдің білімі мен ғылымының дамуынан көрінеді. Ғылым мен білімнің өркендеуі елдің қарыштап дамуына кең жол ашады. Мұның басты бағыттарын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға байланысты ұсынған 100 нақты қадамы жоспарында белгілеп берген еді.

Себебі бүгінгі күнде ғылымдағы бәсекелестік мемлекеттік қуаттың көрсеткішіне айналып кетті. Жаһандану заманында әрбір ел ғылым мен техниканың дамуы арқылы мақтана алады. Соның нәтижесінде абыройы тіктейді. Қазақстан 70 жыл бойы шикізат елі болып келді. Сол олқылық күні бүгінге дейін жалғасуда. «Біздің елімізде элементердің периодтық кестесіндегі барлық элементтер бар», – деп көкірек соғамыз. Одан өзге жұртты мойындатқан қандай өнім шығарып отырмыз? Біздің елде ғылым қаншалық дамыды? Пән олимпиадасын дамыту осы сұраққа толық жауап береді, осындағы өзекті мәселелерді шешуге түрткі болары анық.

 

Пән олимпиадасының пайдасы

Пән олимпиадасының елдің ертеңіне әкелер мол үлесі туралы бұл күнде көп айтыла бермейді. Әлем үздіге көз тіккен спорттық олимпиадалар секілді пән олимпиадаларына әлемнің дамыған елдері үлкен мән бере қарайды. Оның үздігі мен жүлдегерлеріне жасалатын сый-сияпаттар қоры да, жеңімпаздарына жүлде грант ұсынатын әлемдік университеттерде өте көп. Әрі пән олимпиада жеңімпаздарына оқу мен ізденуде жасалған жеңілдіктер заңмен бекітіліп, біздегі спорттық олимпиадаларға қатысушылар секілді оларға да мемлекет тарапынан қолдау жасалып, зертханалық және базалық кабинеттер жасақталған. Бұның бәрі пән олимпиадаларының елге тигізер мол пайдасын ескергеннен болар.

Пән олимпиадаларының елдің ертеңіне тигізер мол пайдасын сараптасақ:

Ең әуелі, пән олимпиадасы елдегі дарынды балаларды анықтаудың, оларды ғылым жолына бағыттауда баламасыз жоба. Себебі, дарынды балаларды анықтау және оларды ғылымға тарту елдің ертеңіне іргетас қалау деген сөз. Дарынды тұлғаларды олимпиадаларға дайындауда олимпиадалық есептер, логикалық тапсырмалар, күрделенген олимпиадалық сұрақтар бала дарынының өсуіне, логикасының артуына үлкен септігін тигізіп, баланы мұқияттылық пен еңбекқорлыққа тәрбиелейді. Бұл өз кезегінде, елдің интелектуальдік деңгейіне себілген тыңайтқыштың рөлін атқармақ.

Екіншіден, пән олимпиадаларына дайындау балалардың ғылым жолына түсуіне көмек жасап, елдің болашақ ғылыми базасын қалыптастыруға тың үлес қосады. Себебі, спорттық олимпиадалар секілді ғылым жолына ізденіс бала жастан қалыптасқанда ғана үлкен нәтижеге жеткізері анық. Олимпиадалық тапсырмалар оқушыларға дұрыс ғылыми көзқарас қалыптастыруға бағыт сілтеп, ғылымға деген құштарлығын арттырады.

Үшіншіден, логикасы дамыған, ғылыми көзқарасы сауатты жастардың ғылыми жаңалықтар ашу мүмкіндігі өте жоғары. Бұл өз кезегінде ел ғылымына үлкен локомотив қалыптастыруға арналған күш болмақ. Ал, ғылым ХХІ ғасырдағы әлемді өз уысына ұстаған бірден-бір күш болғандықтан, бұл салаға баса мән беру елдің ертеңгі дамуы мен баяндылығына қосқан үлес болмақ.

Төртіншіден, халықаралық деңгейдегі кез келген бәсеке елдің әлем алдындағы бет беделі. Ал, халықаралық сарапшылар елдің ғылымға деген көзқарасы мен әр елдің ғылымдағы рөлін, мектептердегі білім сапасын, ұлттық интелектуальдіқ деңгейін осы пән олимпиадалары арқылы сараптайтындықтан, елдің әлем алдындағы беделіне әсер етеді.

Бесіншіден, пән олимпиадалары ұстаздардың деңгейін арттырып, ұстаздар қосынын сапаландырады. Себебі, пән олимпиадаларына шәкірт тәрбиелеу ұстаздардың күнделікті бір ізді сабақ беруден құтылдырып, жаңа ізденіске жетелейді. Оқушының пән олимпиадасындағы деңгейі жоғарылаған сайын сәйкесті түрде ұстаздың да деңгейі жоғарылай түседі. Ал, ұзақ уақыт олимпиадаға шәкірт тәрбиелеген ұстаздың кәсіптік білімі өзгеден оқ бойы озық тұрары анық. Бұл елдің білім сапасын арттыруға үлкен үлес болмақ, себебі елдің білім сапасын белгілейтін ең негізгі түйін ол – ұстаз сапасы.

Пән олимпиадаларын дамытудың елдің дамуы мен нағыз мәңгілік елге айналуына қосатын үлесі аса зор, оны ғылыми сараптамадан өткізіп дамыту – кезек күттірмейтін маңызды шаруалардың бірі. Ал, химия, физика, математика, биология және география секілді математика-жаратылыстану бағытындағы пәндерге басымдылық беру – елдің географиялық ерекшелігі. Себебі, елдің териториялық ауқымдылық ерекшелігі мен байлық қоры осы ғылымдарға мән беруді қажет етеді. Ал, жоғарыда айтқандай, ғылымды дамытудың алғышарты – пән олимпиадаларын дамыту болмақ. Олай болса, біз өзіміз тарапымыздан, әлемнің басқа елдеріндегі пән олимпиадаларының өту және оларға қойылатын талаптарды зерттей келе, еліміздегі пән олимпиадаларын дамытуға бағыт сілтей кетсек.

 

Қазақстандағы пән олимпиадасын дамытуда біз ойластырған түйін және біздегі қазіргі таңдағы кемшіліктер:

Әуелі, бүгінде пән олимпиадаларына мектептер баса мән бермеуі, пән олимпиадаларына елдегі дарынды балаларғаарналған мектептер мен санаулы сапалы мектептер болмаса, басқа мектептер мүлде назар аудармайды. Себебі, біріншіден, көптеген мектептегі дарынды оқушылар мен жұмыс жүйеге түспеген әрі жоғарыдан қадағалау сараптау болмағандықтан, пән олимпиадалары тұсында тек оқушы санын толтырып, оның сапасына мән бермейді де, нәтиже шықпайды. Ал, пән олимпиадаларына оқушыны дайындамай жіберу олардың талабын мұқалтып, тіпті жақсы оқитын баланың меселдесін қайтарады.

Ғылымды өзі ала алмайтын қамал немесе олимпиаданы әділетсіздік ордасы етіп елестеді. Сондықтан, елдегі дарынды балаларға дұрыс бағыт-бағдар берудің жүйесін қалыптастырып, барлық мектептерде пән олимпиадаларына мән беруді күшейту керек.

Екіншіден, пәндік  олимпиадаға дайындықта есептерді шығартумен қатар, теориялық мазмұндарға мән берген дұрыс. Мектептегі зертхана кабинеттерінің сапасын арттырып, болашақ мамандардың ғылым негізін мектептен бастауына ғылыми негіз қалыптастыру керек. Бұл пән олимпиадаларының сапасын арттырып, өз кезегінде бәсекелестікті күшейтеді, ал, бәсекелестік ғылымдағы шын дарындардың шығуына жол ашып, еліміздің халықаралық олимпиадаларда оза шабуына үлкен базалық күш болары ақиқат.

Үшіншіден, патриот, зияткер ұрпақ қалыптастырудағы пәндік олимпиадалардың маңызын айқындап, пәндік олимпиадаларға ұлттық рең беру керек. Мектептегі оқушыларды ғылымға бағыттаудың ұлттық педогогикалық негізін жасау керек. Әр ұлттың өзіндік ұлттық менталитетін ескере отырып, оқушы бойындағы дарындылықты дамыту керек, себебі, оқушының ұлттық генетикасы ескерілмеген жағдайда оның дарыны мен қабілеті толық ашыла қоюы екіталай.

Төртіншіден, қазақ тіліндегі олимпиадалық материалдарды көбейтіп, қазақ тілінің ғылым тіліне айналуына күш салуымыз керек. Мектеп мұғалімдеріне олимпиадалық дайындыққа арналған әдістемелік құралдар жасап, шеберлік курстар мен семинар-тренингтерді көптеп ұйымдастыру керек. Себебі, ғылым қазақ тілінде сөйлемей, ешқашан қазақ тілі мемлекеттік деңгейге, ғаламдық деңгейге көтеріле алмайды. Сондықтан қазақ тіліндегі олимпиадалық материалдарды топтастырып, сапасын арттырып, ғылымның қазақ тілінде сөйлеуіне мән беру керек. Бұл қазақ мектептерінің сапасын арттырып, қазақ тілінде сөйлей алатын, қазақы болмыстағы ғалымдардың шығуына түрткі болары анық.

Бесіншіден, қазіргі төрт деңгейде (мектепішілік, аудандық, облыстық және республикалық) өтетін олимпиадаларға жаңа бір деңгей қосу керек. Яғни, үшінші облыстық деңгейден соң өңірлік (шығыс, батыс, орталық, оңтүстік, солтүстік қатарлы бес өңір) деңгей қосып, олимпиадаға қатысатын оқушыларға мүмкіндік арттыру керек. Себебі, бізде бір облыстан баратын Республикалық олимпиадаға екі-ақ оқушы барады, ал ол оқушылар, негізінен, дарынды балаларға арналған мектептердің еншісіне кететіндіктен, мектептерде олимпиадаға деген салғырттық басым, сол үшін әр облыстан әр пәннен 5-6 оқушыдан немесе одан көптеу етіп іріктеп, өңірлік олимпиадалар өткізіп, одан шыққандарға республикалық  олимпиадаларға жолдама беру керек.

Алтыншы, спорттық олимпиадалар секілді олимпиада жеңімпаздары мен жетекшілеріне марапаттаулар мен қолдаулар жасалу керек. «Шабыттандыру болмаған жерде талаптану болмайды» деген философиялық заңдылықты ескерсек, олимпиадада жеңімпаз болған оқушыға және оқушының жетекшісіне тек алғыс хаттар емес, қаржылай немесе басқа қолдау жасап, оларды ақпараттық құралдар арқылы насихаттау керек. Бұл еліміздегі қаншама оқушыны олимпиадаға қарай талаптандырып, ұстаздардың еңбекке, шәкірт тәрбиелеуге деген ниетін күшейтері анық.

Соңғы тетік – ақпараттық қолдау. Мына ғасырдың ақпараттық соғыс дәуірі екенін ескерсек, ақпараттық тұрғыда қолдау – еліміздегі пәндік олимпиадаларда кемшін болып жүрген бір түйін. Себебі, еліміздегі әр деңгейдегі олимпиадалар туралы ел түгілі оқушылардың өзі біле бермейді, тіпті әлемдік пән олимпиадасында жүлдегер болған оқушылар туралы біздің ақпараттық құралдар үнсіз қалады, біздегі жас ұрпақ ғылым саласында жүргендерге немесе ғалымдарға еліктемейді. Ал, музыкалық немесе спорттық кішігірім додалар насихаты жер жарады, сондықтан, соларға еліктейтін ұрпақтың саны басым, сонымен бірге ақпараттық қолдаудың артуы олимпиаданың ашық өтуіне жағдай жасап, әділ өтуіне негіз болары анық еді.

Осы тетіктерді қолға алып, пән олимпиадаларын өткізудің алғы ақпараттарын толық әзірлесек, ғылым саласында өзгеден опық жемесіміз ақиқат, себебі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бір сөзінде: «ХХІ ғасыр мәдениеттің, ғылым мен ақыл-ой бәсекесінің ғасыры болмақ»,- деген еді. Иә, шын сөз…

Пән олимпиадаларын өткізуде басты шарт әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету керек. Сол үшін облыстық, өңірлік, республикалық деңгейдегі кез келген олимпиада мектептерде емес, университеттердің, немесе оқушылар сарайы базасында өтуі керек. Немесе өңірлік «Дарын» ғылми-практикалық орталықтарына жеке ғимарат беріліп, сонда ұйымдастырлуы керек. Себебі, мектеп базасында өткен жағдайда, біріншіден, сол мектепке бұра тарту құбылысы бар болса, екіншіден мектептердің материалдық базасы толық жетпейтіндіктен, олимпиада сапасына тікелей әсер етеді.

Университеттерде ұйымдастыру арқылы олимпиадаға мән беруді арттырып, педагогикалық бағытта оқитын студенттердің дарынды балалармен жұмыс істеуінің әдістемелік негізін қалауына жағдай жасайды.

Ғылым техникасы дамыған елдердегі пән олимпиадаларына жасалған жағдай және олардың беделі спорттық олимпиадалардан кем емес. Оның үстіне пән олимпиадаларының саны біздікінен әлдеқайда көп. Саннан сапа туатынын ескерсек, біздің пән олимпиадаларының санын арттыруымыз және оларға деген көңіл бөлуді нығайтуымыз керек, сонымен бірге, республикалык, халықаралық деңгейде оза шапқан жүйріктер мен олардың жетекшілеріне дамыған елдердегідей ары қарай ізденуіне үздіксіз жағдай жасап, еліміздегі ғылым мен білімнің дамуына үлес қосып, дарынды, зияткер әрі тәрбиелі ұрпақтың қалыптасуына күш қосуымыз керек.

Дарынды оқушылардың өмірін ғылыми ізденіске салып, олимпиаданы күнделікті өмірінің мәні ретінде қалыптастыратын оқушыларды көптеп дайындап, еліміздің ертеңіне интелектуальді ғылыммен жабдықталған жастарды қалыптастыруға тың үлес қосуымыз керек. Ол үшін дарынды оқушылардың логикасын арттырып, ғылыми ойлау өресін жетілдіруге баса назар аударған жөн.

 

Пән олимпиадасының жеңімпаздарын тәрбиелеу -үлкен бапкерлікті қажет етеді

Пән олимпиадаларының оқушысын тәрбиелеу үлкен жауапкершілікті талап ететін әрекет. Себебі, өсіп келе жатқан бала психологиясын бәсекеге, ғылымға дайындап, қабілетін ашу, оқушыны дұрыс таңдап, дұрыс бағыт-бағдар беру үлкен қабілетті және мол тәжірибені қажет етеді. Кешегі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Жастардың тәрбиесі – ертеңнің көрінісі» деп айтса, Ыбырай Алтынсарин «мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөздерін негізге ала отырып, қарапайым мұғалімнен үздік шәкірт тәрбиелейтін ұстазға айналу әрбіріміздің арманымыз.

Бізде сол арманға бас ұрдық, талпындық. Ұстаз болған аз жылда жастық шақтың максималистік көзқарасымен біраз күшімізді шәкірт тәрбиелеуге белсене салған едік. Алғашқы жетістігі жаман емес, бірақ, бесеке деген дүниедегі ең үлкен құмар деген философтардың сөзін ескерсек, сол құмардың ішінде әлі жүрміз.

Мұғалім үнемі ізденісте болуы керек, өйткені қоғам олардан қажырлы еңбекті талап етеді. Сондықтан ізденімпаз әріптестерімнің бір қажетіне жарар деп, азды-көпті тәжірибемізді пайдаланып, олимпиадалық дайындық туралы үлкен толғаныс жасауды жөн санадық. Әлемнің және еліміздің озық мектептерінің және тренерлерінің тәжірибелерімен танысып, өзімізге керегін сараладық, жіктедік, талдадық. Сол жүйелерден өзіміздің ұлттық танымымызға жақын, бала санасына пайдалы тұстарын іріктеп, үлкен пайым жасауға беттедік.

Керекті тастың ауырлығы жоқ, ұстаз болсаңыз, керегіңізге жаратарсыз. Әйтпесе, ата-ана ретінде бала тәрбиесінде ойға аларсыз, сіз де бізбен бірге беттеңіз. Ал, кеттік…

 

Олимпиадаға оқушы таңдаудағы басты критерийлер:

Атам қазақ бәйгеден келер тұлпарды биенің ішінде жүргенде танитын сыншылдығы басым болған ұлт. «Жаманнан жақсы шықпайды мақтағанмен, жабыдан тұлпар шықпайды баптағанмен», – дегендей ең алдымен, ғылымға икемі бар, ұяда көрсете алсаң, ұшқанда іле алатын,  ойлы баланы талдап алып, бағыты мен мақсатын айқындап, жоспарын жобасына түсіріп беру жеңістің алғашқы алғышарты болса керек.

Оқушы психологиясы – ең күрделі психология. Әлемнің екінші ұстазы Әл Фараби: «Адаммен жұмыс істеу – ең үлкен өнер»,- дейді. Сол үлкен өнердің кілтін ұстаған біздер үшін, мұғалімдер үшін әр баланың тағдыры – үлкен жауапкершілік. Оны сезіну – әр мұғалімге міндет. Сол себепті биік жетістікке жетер оқушыны танып, бағалап, баулу ұстаздықтың ең биік мәртебесі.

Сонымен, оқушыны ең алғаш таңдап алған кезде неге баса мән беру керек? Оның ретін былайша қорыттық:

Алғашқысы – өзгеше ойлай алатын, басқадан дара ететін ОҚУШЫ ОЙЫ. Бүгінде оны ғылыми терминде оқушы логикасы деп атап жүр. Біздің ойымызша, логикалық ойлай білу – көп санды балада туа болатын қасиет, алайда тәрбиенің әр алуандығы, бүгінгі замандағы тілдік шұбарлық, қоршаған ортадағы факторлар оқушының ойлау өресінің жетілуіне кері ықпалын тигізуде.

Логикаға бүгінде бар жұрт қызығады, логикасы жоғары оқушыға бәрі таласады, ондай бала мектептегі ұстаздың бағы. Осы мақсатта логика туралы анықтама берейік: Логиканың алғашқы көрінісі – сөз түсіне білу. Оқушыға негізгі білімді үйретіп, әр сөзге мән беретін деңгейде жұмыс жасау үшін оқушы ең алдымен, сөз байланысын толық түсіне алатын болу керек.   Бұл – бүгіннің ең ауыр мәселесі. Бүгінгі оқушылар отбасында, қоғамда және мектепте әр тілде сөйлеп, санасы шұбарланғандықатан бүгінгі ұрпақ, не қазақшаны, не орысшаны дұрыс түсінбейтін болып кетті. Оның үстіне тек компьютерлік ойындармен көп шұғылданып, тіл жұтаңдығына тап болуда. Сондықтан, дарынды оқушыны таңдауда, оқушы логикасын бағамдауда әр сөздің астарын түсінетін, ойлай алатын қабілеттің болуын ескеру – ең маңызды нәрсе.

Логиканың келесі белгісі – терең түсінік, керек кезде еске түсіре білу. Оқушы әр ізденгенін, ойға түйгенін, түсіндірген, шолу жасаған әр тақырыпты, әр түйінді толық түйсініп, кез-келген сәтте сұрақ қоя алатын қабілеттің өзі – оқушы логикасының жемісі. Сонымен бірге, тап болған мәселеге жан- жақты көз жүгіртіп, үйренген дүниені ұтымды сәтте еске ала білу – ол әр оқушыда бола бермейтін қасиет.

Логикасы жоғары оқушының бір қасиеті – оқушының өз ойын толық бейнелей алуы. Санадағы білім мен тілдік қабілетті ұштастыра біліп, оқушының өз ойын толық жеткізе білу- – оқушы логикасының көрінісі. Оқушы логикасының осы үш белгіні алғышарты негізінен орындалса, оны дамытып, тіпті керемет биікке жеткізуге болады. Оны дамытудың жолына алда тоқталамыз.

Оқушының еңбек қорлығы. «Еңбек – бәрін жеңбек», – демекші оқушыны ұқыптылық пен еңбекке баулу – олимпиаданың негізгі бір мақсаты. Себебі, ғылым екінің бірінің шамасы жетіп бағындыра бермейтін, кез келгеннің қанжығасында кете беретін оңай олжа емес, ұзақ ізденіс пен ұқыпты еңбектің жемісі.

Кез келген олимпиадаға дайындық мектептің оқу бағдарламасынан тысқары қосымша білім алу болғандықтан, ол өте жоғары мотивациямен өз бетінше жұмыс істеуді қажет етеді. Көптеген талапты балалар өз бетінше оқып, үлкен табыстарға жетеді. Ал мұғалімнің оқушыны еңбекке баулуда, ұқыптылыққа үйретуде көп жұмыстар істеуі керек.

Олимпиадаға оқушы таңдауда оқушының еңбекке бейімділігі мен ұқыптылығына баса назар аударған дұрыс, кейбір оқушылар аса дарынды болғанымен, «жұлдыздық» психикасы басым болса, ондай оқушыларды ізденіс жолына түсіру біршама қиындықты тудырады. Бұл типтес оқушылармен жұмыс жасаудың да амалдарын алда қарастырамыз.

Оқушы нәтижесі. Олимпиадаға оқушы таңдауда ұстаздардың баршасының назарға алатыны оқушы нәтижесі. Бірақ, олимпиаданың өз заңдылығы һәм басты ерекшелігі оқушының сабақ үлгеріміне аса байланысты емес. Себеп олимпиаданың шыңының басты иесі – ол бүгінгінің тілімен айтқанда, вундеркинд балалар. Олардың басты артықшылығы – логикалық ойлау өрісінің өте жоғарылығы немесе дамытуға бейімділігі. Ал, қалыпты қабілетті баланың сабақ үлгерімі өте жақсы болуы мүмкін, бірақ, оның өзгеше ойлау қабілеті мен түсінігі терең болуы екіталай. Яғни, стандартты толық меңгеруге қабілеті жеткенмен, олимпиада шыңына жету мүмкіндігі төмен болады.

Ал мұндай балаларды олимпиадаға дайындау барысында екі түрлі жағдай орын алады:

Бірінші, бала олимпиада есептеріне шамасы жетпеген кезде тез беті қайтады, ал, сыныптастары үздік деп санап жүрген бала олимпиадаға шамасы келмей жатса,  қатарластары олимпиадаға жолаудың өзін қорқыныш санап, барша балаға кесірі тиеді.

Олимпиадаға дайындық барысында «мен бәрін шеше аламын, мен үздік оқушымын» деген сана еңбектенуге тосқауыл болып, ал, олимпиада барысында төмен көрсеткіш берсе, мүлдем оқу белсенділігі төмендеуі мүмкін немесе «мен барлық сабақты беске оқуым керек» деп жүріп, олимпиададан толық нәтиже шығара алмауы мүмкін.

Себебі, пән олимпиадасына бағытталған оқушы негізгі бағытында табанды болып, кейбір қосымша жақтардан, кейін үлгеріп алатын дүниелерден бас тартуы керек. Сол үшін, оқушы таңдауда оқушының пәндік олимпиадаға бейімін бақылап, сабақ үлгерімінде сол пәндік олимпиада бағытындағы нәижесіне ғана мән берген дұрыс. Мысалы, химия пәнінен олимпиадаға оқушы таңдауда оқушының математика-жаратылыстану пәндерінің нәтижесіне қарау жеткілікті. Бұл бағыттағы пәндерді беске оқу шарт емес, жақсы деген бағаның өзі жеткілікті. Мысалы, олимпиадаға бала таңдап алған көбінде болашақта кездесетін химия пәнінің есептеріне ұқсайтын математика пәнінің тақырыптарына байланысты, логиканы негіз еткен есептерден пайдаланып, бақылау шығарып сынау керек. Бұл біріншіден олимпиадаға келетін балаға алдын ала жауапкершілік жүктесе, екіншіден сыныптағы баланың бағасына тәуелсіз бағаланады. Себебі, сыныптағы баланың бағасы тәуелді баға, ол әр сабақтың, сыныптағы белсенділігі әсер етіп кететіндіктен тәуелсіз бағалаған жөн.

Оқушы мінезі. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден», – дейді Әлихан Бөкейхан. Иә, тек ұлтқа қызмет ғана емес, мінез табысқа жетуде басты рөл атқарады. Ал, болашақ олимпиада шыңын бағындыратын оқушыда көркем мінездің үлгісі болу керек. Себебі, аз қиыншылыққа жасып қалатын, немесе аз жеңіске дандайсып кететін мінез, орнықсыздық немесе жігерсіздік  –  бойдағы дарынның жауы.

Пән олимпиадасына дайындалып, олимпиада шыңын бағындыратын болашақ олимпиадашыларды таңдауда оқушының қандай мінезіне қараған жөн?

Біріншіден, жігерлі, жалынды болу керек. Олимпиада шыңына жету жолында оқушының қиыншылықтарға жолығуы әбден мүмкін, мұндай сәтте мойымас жігер, қайтпас жалынды болуы – басты шарт. Бір қиыншылықтан соң ұзақ уақыттық жұмыстың нәтижесін нөлге айналдыратын жасық мінезділік – табыстың жауы. Мұндай сәтте қайта рухты тіктеуге тың серпіліс жасатуға қосымша жұмыс істеуге тура келеді.

Оқушы мақсаты: «Мақсатсыз адам – шабылған шөп сияқты жасық келеді. Сондықтан иненің көзіндей мақсат болса да, іске асыруға талпыну керек», – деген екен педагог Мағжан Биғозыұлы. Биік жетістікке жету үшін биік мақсат керек. Әр мақсатты бағындырған сәтте жаңа мақсатты тіктей білу – үлкен шеберлік.

Оқушының мақсаты қандай болуыкерек?

Біздегі үлкен кемшіліктердің бірі олимпиадаға болашақ ғылым жолына іздену үшін емес, жоғары оқу орындарына емтихансыз түсу үшін, яғни, ҰБТ – дан құтылу үшін дайындалады. Бірақ, бұндай нағыз білім алуға бағытталмаған мақсат сенімсіздік тудыруы немесе жеңіл жолды іздеу психикасының орнауына басты себеп болары анық. Сол үшін оқушы мақсаты, ең алдымен, пән олимпиадасының шыңын бағындырып, жетістікке жетер оқушының басты бағыты білім көкжиегін бағындырып сол ғылымның шыңына шығу болса керек. Оқушы мақсаты өзінің бейімі мен болашақ кәсібі мен нәсібіне қарай құрылуы қажет.

Мақсаттың биік болуы,  нық сенімнің орнауы – ертеңгі жетістіктің басты шарттарының бірі. Оқушы мақсатын қоя білуде мұғалімнің және ата-ананың әсері зор. «Ұлы мақсат қоя алмаған адамның ұлы адамға айналуы мүмкін емес», – деген екен қазақтың ғұламасы Әбу-Насыр әл Фараби. Олимпиадалық дайындықты бастаған адам қашанда өзінің биік мақсатын қойып отыруы шарт. Әрі мақсаттарын белгілі кезеңдерге бөліп орналастырып отырған жөн.

Оқушының денсаулығы. «Бәсеке тез, күшті әрі ақылды адамдардың сайысы»,- деген екен ағылшының бір сөзмері. Сол айтпақшы, пән олимпиадасы адамның ішкі қабілетін шыңдап, ойының тереңдігін анықтайтын бәсеке болғандықтан, оған үлкен күш және еңбек керек. Ал, ол еңбекке бел шешіп кірісіп, ыстығына күйіп, суығына тоңбақ керек. Ол мықты денсаулықты керек етері анық. Олимпиада барысында ұзақ жол жүретін, кейде түнімен ізденуге тура келеді. Сол үшін денсаулықты ойластырған абзал. Ал, химия секілді зертханалық жұмыстар мен әр түрлі дәрі-дәрмектермен жұмыс істейтін жаратылыстану бағытындағы пәндерде, оқушы денсаулығына баса назар аударған дұрыс.

Оқушының дәрі-дәрмектерге сезімталдығы, аллергиялардың туындамас үшін зертханалық жұмыстардағы қауіпсіздіктерге баса назар аудару керек. Бірақ, ескерте кететін бір жайт, денсаулығы сын көтермейтін оқушылардың денсаулығын айтып бетін қайтаруға, әйтпесе көңіл – күйін түсіруге жол бермеу керек.

Оқушының ата-анасы. Жер шарында қаншама адам болса, соншама мінез, соншама арман болары сөзсіз. Ал, әр ата-ананың балаға деген көзқарасы, баланың болашағына деген ойлары оқушының келешегі үшін үлкен әсер берері анық. Сол үшін ата-аналармен тығыз жұмыс істеп, болашақ мақсатына шабыт бере білу кем болса болмайтын алғы шарттардың бірі. Кейде оқушылар пән олимпиадаға қатысып жүрген сәтте ата-аналар баланы басқа салаға бейімдеп жүреді, бұл алдын-ала ақылдасып шешіп алмаған жұмыс болып, міндетті түрде оқушыға кері әсерін тигізері анық.

Оқушының ғылыми ойлау деңгейі. Оқушының ойлау өресі, баланың өресіне түсіп сабақ өту ең үлкен педогоикалық шеберлік, – деп ақын Мағжан Жұмабев «Педогогика» атты еңбегінде тоқталып өткен. Олимпиадалық дайындықта бұл өте маңызды деңгей. Оқушыны қарапайымнан күрделіге өту әдісімен біртіндеп баулу керек. Оның үстіне, ең алдымен, олимпиадалық есептерден бұрын сол есептер қатысты ғылыми ұғымдар мен теориялар, негізгі түсініктерге тоқталып, оқушының ғылыми ойлау өресін біртіндеп жетілдіріп отыру керек.

Кез келген жаңа мазмұндардағы есептерді шығарту барысында оқушылардың түсінетін және түсіне алмайтын түйіндеріне талдау жасап отырған абзал. Оқушылардың әр есепті шығарғанда сол есептің мазмұнына қатысты химиялық білімін толықтырып, есептерді сол химиялық ұғымдарды бекемдеу мақсатында шығарту керек. Себебі, егер оқушы жалаң есептершығаруға бейімделіп кетсе, математикалық сан-цифр қуалап кетсе, оның болашақ жетістікке жетуі қиынға соғады немесе баланың логикасын дамытқанымен, оның ғылыми ойлау өресін, химиялық негіздік білімі өспейді. Бұл болашақ мамандардың негізін әлсіретеді. Бұл жерде негізгі түйін ұстаз шеберлігінің қолында.

Олимпиадалық дайындықты бастау кезеңі – олимпиада және жоспар:

Олимпиадаға оқушыны таңдап, команданы жасақтап алғаннан кейін табысқа жететін мықты жоспар жасау. Жүйесіз, жоспарсыз жұмыстан ешқашанда нәтиже шықпайды. Сол себепті олимпиадалық дайындықта оқушы уақытымен пәннің тереңдеу негізіне жоспар бекітілуі керек. Ол жоспар әр апта немесе айында бір қорытындыланып, пысықталып, толықтырылып отыруы шарт.

Осындайда ұлы Абайдың: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен-өзің есеп ал», – дегені еске түседі.

Бастысы, жүйелі дайындық және тынымсыз еңбек– пәндік олимпиаданың шыңын бағындыруға қажетті ең негізгі критерий. Сол үшін әр сыныпты жүйеге түсіре еңбектену бәрімізге таптырмас болашақ сыйлары анық.

Кез келген олимпиадаға дайындық мектептің оқу бағдарламасынан тысқары қосымша білім алу болғандықтан, ол өте жоғары мотивациямен өз бетінше жұмыс істеуді қажет етеді. Көптеген талапты балалар өз бетінше оқып-ақ үлкен табыстарға жетеді. Ол үшін оларды қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ету қажет. Сондықтан бағдарламаға қоса ұсынылатын әдебиеттердің үлкен тізімін жасап алған жөн. Оларды жаңа шыққан оқулықтар мен оқу құралдарының тізімімен толықтырып отырған жөн.

Олимпиадалық дайындықты бастау кезеңі, сынып аралық байланыс

Пән олимпиадасына дайындауда сыныпаралық байланысты екі түрлі жақтан ескерген дұрыс. Біріншіден, сыныптан сыныпқа тереңдете білім беріп, талапты күшейтіп отыру қажет болса, екіншіден, жоғары сынып оқушысының өзінен төмен сынып оқушысына жетекшілік жасауы.

Бірінші жағдайда, біз жоғарыда ұсынған бағдарлама барысындағы сыныптар арасындағы ортақ байланыстан да көрініп тұрғандай, сынып арасында ұқсас тақырыпты бірге қарастыруға болады, сонымен бірге жаратылыстық ғылымдардағы оңайдан күрделіге бағытталу қағидасын ескеріп, төменгі сынып мазмұнын толық меңгерту үшін де сыныпты біріктіре дайындау керек. Бұл – уақытты ұтымды пайдаланудың тамаша жолы.

Екінші жағдайда, үлкен сыныптың оқушылары немесе белгілі жетістікке жете бастаған оқушылардың жаңа бастаған немесе өзінен білімі төмен оқушыларды жетектеуі екі тараптағы оқушыға да үлкен пайда әкеледі. Әрі мұғалімге де үлкен көмек. Себебі, жетектеуші оқушы өзі басқаларға үйрету барысында өзі білімін пысықтайды, әрі өзінің кемшін тұстарын байқайды, сол арқылы өзінің ізденісін тереңдетуге, жетік меңгермеген тақырыбын қайталай түсінуге үлкен мүмкіндік алады. Ал, жаңа бастаған оқушының өзіне тең тұсы сабақ беру барысында, қорықпай сұрақ қояды әрі бірге талпыныс жасайды. Сонымен бірге, бұл жаңа бастаған оқушы мен алдағы оқушы арасында достық қалыптастырып, бірлікте іздену дағдысын қалыптастырады және ізденушілерге үлкен мотивация береді.

Үшінші жағынан үлкен ерекшелігі, мұғалімге уақыт үнемдеп, уақытты ұтымды пайдаланып, оқушылардың деңгейін тез көтеруіне мүмкіндік болса, сонымен бірге, болашақ олимпиада жеңімпаздарын дайындап шығаратын тренерлердің қалыптасуына жол ашады.

Олимпиада негіздік білімнің тереңдетілген, логика мен ғылымилыққа негізделген дарынды балаларға арналған ғылым бағыты болғандықтан, олимпиадалық дайындық барысында оқушыларға негіздік білімді дұрыс беруге баса мән берген жөн.

Негіздік білімнің дұрыс берілуі оқушылардың қызығушылығын арттырумен бірге олимпиада барысында жүйелілік пен бірізділікті сақтауға үлкен септігі тиеді. Сонымен бірге, оқушыға негіздік білім дұрыс берілмесе, олимпиадалық есептерді шығару барысында үнемі қиыншылықтарға тап болады да, оқушының беті қайту немесе пәнге деген қызығушылығы нашарлау сияқты құбылыстар жиі орын алады.

Негіздік білімді беру барысында мектептің оқу бағдарламасы мен олимпиадалық жоспардағы бағдарламаны негіз етіп, қарапайымнан күрделіге өту қағидасы бойынша берген жөн. Негіздік білімді беру барысында кейбір олимпиадада ескермейтін ұсақ түйіндерге де мән берген жөн, бұл оқушыны ұқыптылық пен сабырлылыққа тәрбиелеп, олимпиадалық жұмыстарды орындау барысында және болашақ ғылым жолына түскенде үлкен септігі тиеді.

Ұстаздың өзіндік жұмысы. Ұлт ұстазы Байтұрсынұлы Ахметтің сөзімен айтсақ, бір білікті ұстаз – бір қауым жұрттың сөзін айтар ақылшы.  Ал, дарынды баламен жұмыс істеуде ұстаз өзін күн сайын жетілдіріп, күн сайын дамытып отыруы шарт. Бұдан басқа, олимпиадалық дайындықта ұстаз шәкірт білімін жетілдіру барысында өзінің өзіндік білімін үздіксіз көтеріп отырады.

Олимпиадалық дайындықта ұстаз ескеретін түйін, бейне ат бапкеріндей өз шәкіртінің әр қадам алысын зерттеп, кемшілігін, қалған түйіндерін толықтырып отыруы шарт. Оқушыға үздіксіз жүктеме дайындаумен бірге, оқушының әр тақырыпты меңгеруіне сараптама жасап, оқушының қиын тақырыптарға келгенде, тоқырап қалмауының, оңай тақырыптарға келгенде, жеңіл қарап ұсақ түйіндерді ескермей қалуының алдын алу керек. Екіншіден, ұстаздың өзіндік бір жұмысы аудандық деңгейден халықаралық деңгей аралығындағы кез-келген олимпиадаларды зерттеп, олардан оза шыққан шәкірттердің жолын зерттеп, өз шәкірттеріне үздіксіз жол нұсқап отыруы шарт. Бұрынғы жылдары үлкен жетістікке жеткен оқушыларды стимул етіп көрсетіп, оқушыға үздіксіз мотивация беріп отыруы шарт.

Оқушыға берілетін мотивация – ол шексіз күш, ол оқушыны жігерлендіріп қана қоймай, сенімін арттырады. Ал, дұрыс мотивация бере алу ол ұстаздың сол саланы қаншалықты зерттеуіне байланысты болмақ. Мысалы, мен, өз шәкірттеріме өзімнің алдымнан өткен әр шәкіртімнің ерекшелігін айтып, жеңіске жету жолындағы ерекше қырларын баяндап отырамын. Бұдан тыс, химия пәнінен бүкіләлемдік олимпиада жеңімпаздар жолын мысалға алып, солардың дайындалу жолдарынан мысал келтіремін. Ал, мен ол мәліметтерді ғаламтор арқылы аламын және жеңімпаздардың өзімен әлеуметтік желілер арқылы сөйлесіп отырамын. Бұрын олимпиададан биік жетістікке жеткен адамдармен әңгімелесу үлкен жігер сыйлайды әрі мол тәжірибе боларлық дүниелер алуға болады.

Ұстаз оқушыға әр сатыда үлкен мотивация беріп отыруды, оқушы деңгейі жоғарылаған сайын, үздіксіз стратегиялы дайындық қойып, шабыттандырып отыру өте үлкен көмек, әрі табысқа жетудің кілті болмақ! Себебі, тек үздіксіз жігерленіп отырған бала ғана үздіксіз жүктемемен жұмыс істей алады. Әйтпесе, рухани жақтан немесе физиологиялық жақтан шаршап кетуі әбден мүмкін.

Бұл барыстың бәрін мұғалім кейде оқушымен сырласып, кейде сырттай бақылап зерттеу жасап отыруы керек. Бала психологиясы өте өзгермелі әрі тез бейімделгіш болғандықтан, кітаптарды үздіксіз топтастырып, оқушыға үздіксіз жүктеме беріп отыру керек. Себебі, аз уақыт жүктемесіз қалған оқушы жұмыссыздыққа бейімделе қалады да, өздігінен іздену дағдысын жоғалтады. Бұндай толқудағы оқушыдан биік деңгейді күту қиынға соғары анық.

Оқушының білімін үздіксіз тексеріп отырған жөн. Оқушы білімін тексеруде олимпиадалық дайындыққа арналған кітаптардан пайдаланып, үлгі нұсқалар жасап оқушының білім деңгейіне үздіксіз мониторинг жасап отыру керек. Ал, сынақ нұсқа кейде олимпиада деңгейіне (аудандық, қалалық, республикалық), кейде белгілі бір тақырыптарға арналып жасалған дұрыс.

Әр сынақ жұмыстан соң, ұстаз оқушылардың жұмысын мұқият тексеріп рейтингісін шығарып отыруы керек. Егер сынақ нұсқаны кемінде әр он күн сайын бір рет өткізіп, оқушының бағытын анықтап отырғанда, оқушыны қысқа уақытта өте жоғары деңгейде дайындауға болады.

Себеп, біріншіден, оқушы сынақ нұсқаларды жазу арқылы өзінің білім көрсеткішін көріп отырады, бұл оқушы психологиясындағы «жұлдыздық» аурудың алдын алады. Көп оқушылар олимпиадаға біраз уақыт дайындалғаннан соң сыныптағы қарапайым оқушылармен өзін салыстырады да, өзін керемет санап босаңсу пайда болады.

Ал, сынақ олимпиадаларды өткізіп, оны өткен жылғы ресми олимпиадада оқушылар жинаған балмен салыстырып отыру оқушы психологиялық жақтан тұрақтандырып отыруға болады. Екіншіден, сынақ олимпиадаларды тексеру барысында әр оқушының нашар меңгерген тақырыптарын жетелеуге, қайталауға тиісті тақырыптарына көз жеткізіп, дайындық барысын жүйеге түсіріп отыруға болады.

Бұл оқушыға дайындық уақытын үнемдеумен бірге оқушының өз қателігінен сабақ алуына пайдасы тиеді. Көптеген ұстаздар бұл барысты ескермейді де, дайындық жүйесіз жүреді, әрі оқушы ресми олимпиадаға барғанда ұсақ түйіндердің өзінен қателесу, сасқалақтау сияқты істерге көп ұшырайды. Үшіншіден, сынақ олимпиадаларды ұйымдастыру оқушының олимпиадада өз көңіл-күйін ұстауды, олимпиадада нелерге баса назар аударуды үйретеді. Бір сөзбен айтқанда, оқушының жеке тәжірибесін молайтады. Бұл оқушының олимпиададан шыққан соң өзінің бағасы өзі тұжырымдап, өкініш арқаламауына, жасымауына психологиялық жақтан әсер етеді.

Сынақ олимпиадаларынан кейінгі міндетті бір іс ол – рейтинг жүргізіп отыру. Себебі, бұл рейтинг бір сынақтан екінші сынаққа қарай жоғары алуға талпыну көзқарасын жетілдірсе, екіншіден оқушының өз қатарынан бәсекелестік тудырады. Себебі, бала психологиясы бәсекелестікке бейім болады. Өз қатарласынан бір балл да артта қалғысы келмеген оқушы әркез талпынып, өзінің сыныптасын зерттеп, содан оза ізденуге талпынып отырады. Бір ескеретін мәселе, бұл барыста оқушылар арасындағы бәсекелестікті ынтымақтастық, бірлестіктік негізінде дамытып, олардың жеке араздық тудыруының алдын алу керек. Оқушыларды бірлесе ілгерілеу психикасына тәрбиелеуге, өзара көмектесіп, ұжымдық ынтымақтыққа осы арқылы тәрбие беріп, пән олимпиадалық дайындық барысында тәрбие процесін қоса алып жүруге болады.

Оқушы рейтингісі жасалған соң, тексерілген жұмыстарды оқушыларға таратып, топтық түрде координация жүргізу керек. Бұл оқушылардың өзінің қате кеткен жерлірін түсініп, жұмыс істеуіне тиімді. Әрі координация барысында әр оқушыға жеке тоқталып, жұмыстың орындалу сапасына, ескеруге тиісті түйіндерге тоқталғанда, әр жолғы жазған олимпиадада ілгері жылжу көрінеді. Бұл оқушылардың танымдылық белсенділігін арттырып, логикалық ойлау формасын жетілдіруіне септігін тигізеді.

Координация сапалы жасалу керек, оның сапалы болуы, бірішіден, толық талқылаудан өтуі, екіншіден, жіңішке түйіндерге мән беріп, әркімнің қателескен тұсында қателіктерін ескертіп, оның түзету жолдарын қарастырып, мүлде қате кеткен есептерге толық талдау жасалу керек.

Олимпиадалық дайындықта көңіл бөлетін түйіндер:

Олимпиадалық дайындық барысында өте маңызды түйіндерге көңіл бөлу керек.  Біріншіден, оқушы мен оқушы, оқушы мен ұстаз арасындағы қарым-қатынас мәселесі. Мұнда оқушылардың өзара бірге жұмыс істеу дағдысын қалыптастырып отыру керек. Әр оқушының жеке қабілеті, ерекшелігін ескере отырып, ұстаз мейілінше талапшыл, мейірбан болған жөн. Себебі, талаптың босаңсуы дайындық сапасын нашарлатады. Ал, мейірбандық көзқарас олимпиадалық дайындықтағы ауыр жұмыс барысындағы шаршауды жеңілдетеді. Әрбір ұстаз психолог болуға міндетті, сол үшін баланың көңіл -күйінің құбылысына көңіл бөліп, психологиялық қолдау жасап отырудың маңызы зор.

Екіншіден, әлсіз жақтарға көңіл бөлу. Бұл оқушының олимпиадалық тақырыптарда кенже қалған тұстарын толықтырып отыру, сонымен бірге, оқушының ішкі жан дүниесінің де әлсіз тұстарымен күресуді меңзейді. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, оқушыға мотивация беріп жігерлендіріп отырудың рөлі жоғары, әрі кенже қалған тақырыптарды уақытылы қарастырып отыру оқушының мойнындағы жүкті жеңілдетіп, рухани түрде жеңілдейді. Себебі, түсінбеген тақырыбы бар балада қобалжу, қорқу психологиясы болады, бұл оның алаңсыз жұмыс жасауына кедергі келтіреді, әрі зейінінің шоғырлануына нашар әсерін тигізеді.

Үшіншіден, ыңғайлы ортаның жасалуы. Бұл олимпиадамен шұғылданған әр оқушының үйде және мектептегі ортасының қолайлы болуын ескеруге қаратылады. Бастысы, отбасылық және мектептегі әр мұғалімнің қолдауы, мектеп әкімшілігінің демеп отыруы оқушыға үлкен күш – жігер сыйлайды. Ал, ата-ананың олимпиадаға теріс көзқараста болмай, күнделікті қолдап отыруы, оқушыға сенімділікпен қарауы өте маңызды түйіндердің бірі.

Төртіншіден, бірлікте жұмыс істеу. Ұстаздың оқушымен бірлікте жұмыс істеуі және оқушылардың өзара бірін – бірі дайындауы секілді барыстарды қамтиды. Оқушымен ұстаздың бірлескен жұмыс барысында ұстаз оқушыны тереңдей зерттей отыруына, түсінбейтін тұстарын білуін қолдайды әрі ұстаздың өз біліктілігін де жоғарылатуына тиімді.

Бесіншіден, қажетті тақырыптарды жүйелеу. Әр сыныпқа арналған бағдарламалар арқылы күнделікті үйренген тақырыптарды жүйелеп, әр тақырыптан соң есептерді көптеп қарастырып отыру керек. Бұл оқушының артық шаршамауына, уақытты ысырап етпеуіне тиімді.

Жалпылай айтқанда, олимпиада – үздіксіз ізденісті талап ететін, үзіліссіз жұмыс арқылы дамитын логикалық ойлау мен ғылыми көзқарастың үйлесуі нәтижесінде адамның білім потенциялын арттыратын әлемдік білім сапасын көтеруге арналған жобалардың бірі. Сол үшін ол мұқияттылық пен шөгелдікті, қажырлылық пен тұрақтылықты талап етеді.

Олимпиадалық дайындығы бекем оқушы олимпиадаға сенімді кіреді. Бірақ, кез келген сынақ алдында оқушының қорқыныш, алаңдау сияқты психологиясы болады. Әрі баланың жас ерекшелігін ескере отырып, мына нәрселерге көңіл бөлеміз:

Бірінші, олимпиада алдындағы көңіл – күй тұрақтылығы. Олимпиада алдында оқушының демалысының сапалы болуын ойластырып, олимпиадаға сеніммен, тұрақты көңіл – күймен кірген жөн.

Екінші, олимпиадаға оқушының қажетті құрал -жабдықтарды (қалам, калькулятор, периодтық кесте) толық алуын ескеру керек. Оқушының құрал – жабдығы кем болуы оқушының олимпиада барысындағы көңіл -күйіне әсер етуі немесе уақытын ысырап етуі мүмкін. Берілген уақытты ұтымды пайдаланып, жұмысты сәтті орындауына көңіл бөлгенге тәрбиелеу қажет.

Үшінші, комментарий жазудың маңызы. Олимпиадалық жұмысты орындаудағы ең маңызды түйіндердің бірі ол – комментарийдің сапалы жазылуы. Комментарийдің сапалы болуы ол – комментарийдің түсініктілігі, бірліктердің формулалардың толық болуы, жазудың реттілігі секілді түйіндерді қамтиды. Ескерер бір мәселе, егер есепті толық шеше алмаған жағдайда есептің жартылай немесе одан да аз бөлігі, шешілмеген есепке қысқаша анализ жасап кеткен дұрыс. Есептің белгілі бөлігінің сараптама жасалуы жұмысты тексеру барысында бағаланып отырады. Ал, есептің қате болу мөлшері ол жауаптың 1 % – дан үлкен алшақтауы.

Төртінші, бірінші кезеңнен кейінгі анализ. Бірінші кезеңнен кейінгі анализді толық сараптап, екінші кезеңге дайындалу керек. Бұл аралық өте қысқа уақытты талап ететіндіктен, бірінші кезеңнің қателіктеріне тоқталып өкініш арқалауға болмайды. Себебі, ол екінші турға көңіл күйі нашарлатып, демалыстың сапасыздығын келтіріп шығуы мүмкін.

Жинақтай айтқанда, жұмыс барысында көңіл – күйді тұрақты ұстап, оқушының өз мүмкіндігін толық пайдалануына жұмыс жасау керек. Білген түйіндерді шатастырмауына және сапасыз жұмыс орындамауға қарай бағыттаған дұрыс. Бірақ, қандай жағдай орын алса да, бұл кезде ашулануға немесе эмоционалдыққа ұрынбауға талпынған жөн.

 

Пән олимпиададан кейінгі жұмыс:

Олимпиада – үздіксіз ізденіс пен қажырлылықтың жемісі, оның бала логикасы мен ғылыми ойлау өресіне тигізер мол пайдасын, еліміздің ғылым саласына тигізер мол пайдасын ескере отырып, пән олимпиадаларын дамытып жетілдіріп отыру – кезек күттірмейтін шаруа. Әр оқу жылындағы пән олимпиадалары аяқталғаннан соң, үздіксіз дайындық барысын жүргізген абзал. Мұнда бір деңгейден екінші деңгейге жолдама алған оқушымен қоса, жолдама алмай қалған оқушыны қоса тәрбиелеуді үздіксіз іске асырып отырған жөн. Мұнда оза шапқан олимпиада жүлдегерлерін марапаттап, төмен көрсеткіш көрсеткен оқушыларға жеңіліс – жеңістің анасы екендігін ескертіп, жігерлендіріп үздіксіз жалғастыра берген дұрыс. Себебі, олимпиадада қысқа уақыт үзіліс жасаудың өзі көп нәрсені ұмыттырады.

Жыл бойы мақсатты және жүйелі түрде дайындықты жетілдіріп, жетістікке жеткен оқушыларды келесі жылы одан да биік көрсеткішке жетуге жігерлендіріп, олимпиада есептерін үздіксіз шығарып отыру, өте жоғары көрсеткіш көрсеткен оқушыларға төменгі сыныптардан жаңа оқушыларды таңдап алып шәкірт етіп беру – дайындықтың уақытын қысқарту мен нәтижелілігін арттыратын амалдардың бірі.

Міне, біз де олимпиада барысында бәсекеге қабілетті дарынды ұрпақ тәрбиелеуге міндеттіміз. Себебі, пән олимпиадаларының мақсаттары – зияткерлік дарынды балаларды анықтау, дамыту және қолдау, оларды жетістікке жетелеу. Ал, міндеттері:

  • дарынды балаларды анықтауға және дамытуға мүмкіндік беретін қолайлы жағдайларды жасау;
  • дарынды және қабілетті оқушыларда белсенді танымдық қызметке қызығушылықты дамыту;
  • білім кеңістігінде дарынды оқушылардың әлеуметтік жобаларына ынтагерлік білдіру және оларды жүзеге асыру.
  • дарынды балаларды қолдап, шабыттандырып ғылым жолына түсуге ниетті жастарды даярлау.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында мемлекеттік саясат негізінде ең алғаш рет «Әр баланың қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы – жеке адамның дарындылығын таныту» сияқты өзекті мәселелер енгізілді.

Дарынды балаларға білім беруді әр ғылымның бүгінгі дәрежесіне сәйкес жүргізу, бір жағынан, қоғамға талантты мамандар даярлауда тиімді болса, екінші жағынан қоғамға ерекше дарынды балалардың тек өзінің интеллектуалдық дамуын қамтамасыз етеді. Дарындылық мәселесін зерттеушілердің еңбектері көп болғанымен, дарындылықтың мән – мағынасы жөнінде олар ортақ бір пікірге келе қоймады. Сондықтан да, біз баланың дарындылығы деп, оны өз құрдастарымен салыстырғанда бірдей жағдайда білім игеру деңгейінің шоғырлығымен аса ерекше байқалатын шығармашылық қабілетінің байқалуы деп түсінеміз.

Дарындылыққа педагогикалық энциклопедияда мынадай анықтама берілген: дарындылық – белгілі бір әрекет саласында ерекше жетістікке жеткізетін адам қабілеті дамуының жоғары деңгейі.

Олимпиадалық тапсырмаларды орындау жай есептерді шешу ғана емес, ол мәселеге ғылыми тұрғыда талдау жасап, ғылыми ізденіс қалыптастыруына жол ашатын дарынды балаларды тәрбиелеуде баламасыз жоба екендігін сөз еттік.

Ұстаздың ұлы арманы ұлы тұлға болар шәкірт тәрбиелеу болса керек, менің де ұстаздық мамандықты таңдап, осы салада жұмыс істеудегі ең үлкен арманым – елдің ертеңі болар ұрпақ тәрбиелеу. Ал, осы жолда пән олимпиадасы шыңдалар майдан.

Егер дәл осы тақырыптағы семинар тренингті көргіңіз келсе: Пәндік олимпиадаға дайындау методикасы

Аятжан АХМЕТЖАН. Республикалық «KAZBILIM» орталығы директоры

-ЖАРНАМА-spot_img

6 COMMENTS

  1. пәндік олимпиада және дайындық тақырыбының эл нұсқасын жібере аласыздар ма

  2. Сәлеметсіз бе! Жұмысыңыз керемет жазылған. Баяндамаңызды электронды нұсқасын қалай алуға болады?

  3. Сәлеметсіз бе! Керемет жазылған екен! Электронды нұсқасымен бөлісе аласыз ба?

  4. Мықты жазылған.Ұстаздарға керемет көмек.Ісіңізге табыстар тілеймін

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА