22.11.2024

Ахметжан Аятжан. ҒЫЛЫМДЫ ЖОҒАЛТПАЙМЫЗ ДЕСЕК, ПӘНДІК ОЛИМПИАДАЛАР ДЕҢГЕЙІН ЖОҒАРЫЛАТУ КЕРЕК.

Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығында Республикалық «KAZBILIM» орталығының бірлесуімен химия пәні мұғалімдеріне арналған «Дарынды балаларды анықтау, оларды химия пәні олимпиадасына дайындау жолдары және аудандық, обылыстық олимпиада есептерін шығару әдістері» атты үш күндік кешенді семинар тренинг өткізілген болатын.Іс-шара барысында Республикалық «KAZBILIM» орталығының директоры Аятжан Ахметжанмен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Шынайы өрілген әңгімені қаз-қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 — Аятжан аға, жалпы пәндік олимпиадалардың жас ұрпақ үшін маңыздылығы қандай?

— Біз балаларымызды ғылым саласынан, технология саласынан көргіміз келсе, пәндік олимпиадалардың салмағын арттыруымыз керек. Себебі, пәндік олимпиада, ол – ғылымның мектептегі ең алғашқы басқышы. Ғылымға деген ізденіс қалыптастыруға, ғылымның сырына үңілуге пәндік олимпиадалардың өте үлкен орны бар. Қазір әлем елдерімен қатар Қазақстандаүлкен-үлкен халықаралық компанияларда жұмыс істеп жүрген қазақ балалары бар. Олар кезінде Қазақстандағы пәндік олимпиадаларда, халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз болған.Әлемдік университеттің грантын жеңіп алып оқыған еліміздің олимпиада жеңімпаздары бар.Бұлар елімізде көп дәріптелмеген.

Біз спорттық олимпиадаларға көп мән беремізда, ал ғылым саласындағы пәндік олимпиадаларды, оқушылар арасындағы олимпиадаларды елеусіз қалдырамыз. Бұл біздің ғылымға деген көзқарасымыздың әліде елеусіз екендігінің бейнесі. Болашақ Сәтбаевтар, Марғұландар туылсын десек,басқасын айтпағанда бүгінгі Асқар Жұмаділдаевтың ізін жалғастырушылар туылсын десек, онда біз пәндік олимпиадаларды қазіргі спорттық олимпиадалар деңгейіне қалайда көтеруіміз керек. Дәл соның жеңімпаздарынспорттық олимпиаданың жеңімпаздары сияқты мандайы жарқыратып, жария ету керек. Әлбетте, содан кейін ғана оны бүкіл ел таниды. Мысалы, Данияр Елеусінов десеңіз елдің бәрі таниды, ал әлемдік олимпиадада екі мәрте жеңімпаз атанған Әшім Қайрат десе, жұрт түгілі ақпарат саласында жүрген жандар да танымайды. Қазақстан чемпионатынан 3 мәрте,ал әлемдік олимпиададан 2 мәрте алтын алған ол баланы бүгінде кім таниды, кім дәріптеп жатыр?! Біз ғылымды жоғалтып жатырмыз. Ғылымды жоғалтпаймыз десек, пәндік олимпиадалардың деңгейін әліде жоғарылатуымыз керек. Көңіл бөліп, оған ақпараттық қолдау жасауымыз қажет.

— Пәндік олимпиадаларда тағы қандай жетістіктеріңіз бар?

-Пәндік олимпиадада шынын айтқанда, дәл осы көңіл бөлінбейтіндіктен біз окопта жатқан қызметкер сияқтымыз. Бәрін өзіміз дайындап жүрміз. Мысалы,қазірге дейін 7-8 оқушымыз халықаралық деңгейде 2-3 мәрте күміс, 2-3 мәрте қола медаль алды. Ең алғашқы олимпиадада үздік жүлдегер атанған оқушым Англияда оқиды. Одан кейінгі Мәскеу олимпиадасынан алтын медаль жеңіп алған оқушым қазір Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің 2-курс студенті. Ол да сол олимпиаданың нәтижесімен оқуға түскен. Одан кейін Назарбаев университетінде шәкірттерім бар, сондай-ақ Қазақ-Британ техникалық университетіндеде шәкірттерім оқып жүр. Олар да осы пәндік олимпиадалардың жеңімпазы. Республикалық деңгейде бізде 10-нан астам жеңімпаз, ал Астана қаласының деңгейінде 100-ге жуық жеңімпаз бар.

— Аға, енді сіз басқарып отырған «ҚАЗБІЛІМ» орталығы туралы айта кетсеңіз?

— «ҚАЗБІЛІМ» орталығының мақсаты –білім, ғылымға оқушыларды бағыттау. Қазір шынын айту керек,елімізде спорт үйірмелері жеткілікті. Әрбір шоуменнің жеке мектебі бар, әрбір әншінің жеке мектебі бар, әрбір журналистің жеке мектебі бар.Олардың қолында үлкен ақпараттық құрал бар. Дәл сондай бағыттарға тәрбиелеуші мекемелер де жетеді. Ал ғылым саласына, білім саласына іскерлік пен кәсіби тұрғыда айналысып жүрген орталықтар санаулы. Соның бірі ретінде жұмыс жасап келеміз. Қазірге дейін яғни, 3 жылдан астам уақытта 30-ға жуық пәндік олимпиадаларға арналған әртүрлі деңгейдегі қосымша оқу құралын шығардық.

— Сіздер Қарағанды қаласына химия пәні мұғалімдеріне арнап семинар-тренинг жүргіздіңіздер. Ал бүгінгі таңда Қазақстандағы химия саласы қандай деңгейде?

— Шынын айту керек, кез келген қазақты көшеде ұстап алып Қазақстан туралы айт десеңіз, екі нәрсемен мақтанады. Бірі жерімен,екіншісі жер астындағы байлығымен.Ал сол жер астындағы байлықты ашатын ғылым бізде әлі ұйқыда жатыр. Қазақстаннан жүздеген Сәтбаевтар, Марғұландар Бөкетовтар туылмаса, біздің астымыздағы байлық бәрібір жұрттың қанжығасында кетеді.Ал сонынегіздейтін ғылым – физика, химия, биология. Бұл ғылымдар тарих деңгейінде, әдебиет деңгейінде оқыталатын ғылым емес. Ең алдымен химияны айтқан кезде,зертханалар және мамандардың жетіспеушілігіне қарным ашады. Елбасы Нұрсұлан Назарбаев биылғы Жолдауының өзінде «Біз математика-жаратылыстану ғылымдарының мектепке берілу сапасын арттыруымыз керек» деп айтты.Ал біз арттырамыз десек, ең алдымен мектептің материалдық базасын жасауымыз керек. Адами капитал туралы айтылды.Адами капитал материалдық капиталға байланысты.Мектептің материалдық капиталын дамытқанда ғана, біз дәл осы ғылымдарды тірілте аламыз. Себебі, қазақ «мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» дейді.

Химияны мың рет естіп айқайлағаннан, бір рет қолмен істетіп көрсеткен абзал. Сондықтан міндетті түрде зертхананы тірілтпесек, қазіргі деңгейде химияны оқытып жүрген жоқпыз деп санаған дұрыс шығар. Біз сөйтіп отырып еліміздің байлығын кім көрінген иеленіп жатыр деп әңгіме айтамыз.Мұнайымыз кетіп жатыр, біздің уранымызды тасып жатыр дейміз.Ол жай жылау. Біздің қазіргі қоғам көбінде себеппен емес, нәтижемен күресіп кетті. Кім қазір мектептегі химияның жағдайын, химиялық зертханалардың жағдайын ойлайды? Шынын айту керек,көп жерлердедемеушілік етіп,концерт өткізетін жандар жеткілікті. Шетелдерге спортшыларды апарып, жарыс өткізетіндер де жетіп артылады. Бірақ мектепке зертхана жасап беретін, оқулық жазуға көз майын сарқыған мамандарға, қазақ тілді оқу құралдарын қалыптастыруға жұмыс жасаған мамандарға демеушілік етіп, солардың жасап қойған оқулықтарын баспадан шығарып жұрттың қолдануына мүмкіндік жасайтын адамдар бізде тапшы. Сондықтан біздегі мемлекетшілдік, біздегі ұлтжандылық, біздегі патриоттық еріннің деңгейінен аспай жүр.Біз іске көшкенде ғана, нәтиже бере аламыз. Біз қазір басқаны айтпайық, ақпараттық кеңестік дамыған кездеYouTube әлеуметтік желісінде мыңдаған орыс тілінде сабақтар бар.Бір сыныпты үйде отырып-ақ бітіруге болатын сабақтар жеткілікті.Ал қазақ кеңістігі әлі бос.Біз осы бос орынды толтырғымыз келіп, 3 жылдан бері әртүрлі пәннен жүзге жуық сабақты түсіріп орналастырдық.

— Енді алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

— Қазірге дейін химия пәнінен,ҰБТ, пәндік олимпиадаларға дайындық негізіндежалпы 30-дан астам оқулық шығардық.Біз өз қаражатымызбен шығарсақ, бәрібір ол қаражатты қайтару үшін белгілі бір деңгейде сатылымға шығару керек. Ал ол деңгейдегі сатылымды бір мұғалімнің қалтасы көтереді, бір мұғалімнің қалтасы көтермейді. Сондықтан біз жалпы республиканы материалмен қамтуға шамамыз келмей жатыр.Мектептерді толығымен қамту үшін белгілі бір деңгейде мүмкіндік керек. Екіншіден, ол қанша айтқанмен зияткерлік еңбек. Ол еңбекті біздің жұрт әлі бағалау деңгейіне жетпей жатыр. Мен сол оқу құралын жазған авторлардың әрбіріне мүмкіндік берсем, олар біздің қазақ экспресін біраз тамаша оқу құралдарымен көмкеретін еді деп ойлаймын. Мен өзі сөзден қашатын адаммын.Сондықтан алдағы жоспар туралы үлкен деңгейде әңгіме айтқым келмейді. Бірақ Шаханов «Мен кеше қаншаны мойындасам, менде ертен соншаны мойындатам» деп айтады ғой.Сол сияқты мен бүгін қанша жұрттың ақпараттық кеңістігін, білім кеңістігін мойындасам,ертең сол кеңістікті өзім мойындатқым келеді. Сол үшін талмаймын, ізденемін және мұнымен тоқтап қалмаймын.

— Ұстаздарға, газет оқырмандарына айтар тілегіңіз, берер кеңесіңіз?

— Мұғалімдерге бір ғана тілек айтам, мәртебелеріңіз биік болсын.Біз бүгін жабыла мұғалімдерге мәртебе сұраймыз.Егермәртебелі болғымыз келсе, өзіміз өзгеруіміз керек. Ал біз өзіміз өзгермесек, бізге біреу мәртебені әкеп бермейді. Қазақ «Жыламаған балаға емшек жоқ» дейді.Ал жылау үшін өзіннің толық хақын болу керек. Сондықтан ұстаздар хақысымен құқысын білуі қажет.Білімі алдындағы және балаға деген жауапкершілігі, ол – ұстаздың хақы, ал құқы – өзінің адамдық қасиеті, қызметтік мәртебесі. Хақысын орындау керек, құқысын талап ету керек. Дәл осы тұрғыда ұстаздар толық өзгергенде ғана, ұстаздардың мәртебесі қайтып келеді. Ал өзгермесе, біз мәңгі жылап кетеміз.

Сонымен қатар бізде «логика» деген жалған термин бар.Жұрт логика десе, мықты, логикасы шебер деп айтып жатады ғой. Бірақ «логика дегеніміз не?» деген кезде жұрт жауап бере алмайды. Біздегі логиканың тіке қазақшасы – қиял. Қазақта қиялы ұшқыр деген тіркес бар.Ол логикасы мықты деген сөздің бірден-бір синонимы болып табылады.Ал ұшқыр қиялды дамытатын нәрсе,ол – әдебиет. Ертегімен қиялдап батыр болып өспеген бала,әдебиеттегі кейіпкер болып өмір сүріп қиялдамаған бала, Төлеген болып ғашық болып көрмеген, қиялдамаған адамның логикасы ешқашан да жоғары деңгейде болмайды. Ал «Химия қиын, ашиды миың» деп жұрт айтатын ең қиын пәндердің қатарына қосқан химия, ол – өте терең логиканы қажет ететін ғылым.Ал осы ғылымға осыншалық деңгейде тереңдеуіме, менің логикамды осыншалық деңгейге дамытқан сол бағанағы Оралхандар, сол баяғы қазақтың ауыз әдебиетінің құнары деп ойлаймын. Сондықтан барша қауымға кітап оқуға кеңес беремін.

Сұхбаттасқан Айнұр ЕГІНБАЙ,

«Ізденіс»

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА