Тәуелсіздік алғалы бері жастар үшін шетелде оқу мүмкіндігі арта түсті. «Болашақ» бағдарламасы бұл мүмкіндіктің аясын тіпті кеңейтті десе болғандай. Одан бөлек өз қаражат, өз қалауымен шекара асып жатқандар да бар. Соңғы 7-8 жылдың көлемінде шетелде білім алу мүлде таңсық болмай қалды. Қалыпты жағдай іспетті. Дәл қазір басқа мемлекеттерде білім қуып жүрген қазақ жастарының санын тап басып айту қиын. Әр деректерде әртүрлі айтылады. Бұл жолы біз қазақстандық талапкерлердің көбінесе қай елдерді таңдайтынын, олар үшін қай елде білім алу тиімді екенін көтергіміз келеді. Сосын басы қылтиып тағы бір тақырып шығады… Ол туралы сәл кейінірек.
«Әлем рейтингпен санасады»
Бұл тақырып төңірегінде Nova Education компаниясының директоры Ерден Шаймардан мырзамен кеңінен әңгімелескен едік. Шетелдік және отандық алдыңғықатарлы университеттерде білім алудың мүмкіндіктері жайлы кешенді ақпарат ұсынатын. ЖОО мен оқушылар арасында алтын көпірге айналған орталық басшысының айтуынша, АҚШ пен Ұлыбритания – жастар таңдауының көш басында тұр.
– Өз қаражатымен оқуға баратындар девальвацияға дейін көбінесе Ұлыбритания, Ресей және АҚШ елдерін таңдайтын. 2008 жылдары Малайзия мен Чехия елдерінде оқу сәнге айналды. Олай болған себебі – аталған елдер ҰБТ нәтижесіне қарамай-ақ оқуға қабылдайтын. Соңғы 4-5 жыл көлемінде Қытай елінде оқуға аттанатын жастардың саны артты. Мұның да себебі сол – жастар ҰБТ-ға қатыспай-ақ жоғары білім алу жолын бірден бастап кете алады. Осыған орай, Қытай Орта Азияға, Қазақстанға арнап, көптеп гранттар бөліп жатыр. Бірақ ол грантты алу үшін – барып бір жыл тіл оқиды. Біздің жастарды қатты қызықтыратын мемлекеттердің бірі – Польша. Олар Шенген аймағына кіреді, ал баға жағынан салыстырғанда Қазақстан университеттерімен бірдей. Еуропаның тағы бір артықшылығы – бакалавр дәрежесін үш жылда береді. Ал бізге төрт жыл керек. Осы тұрғыда уақыт үнемдеу үшін де жастар Еуропа елдерін таңдайды, – дейді Ерден Шаймардан.
Бізде мектептерде оқу 11 жылмен тамамдалады. 12 жылға дейін Назарбаев және басқа да халықаралық білім беру ордаларының шәкірттері ғана оқиды. Маманның айтуынша, біздің талапкерлер 11-сыныптан кейін Ұлыбритания университеттерін таңдаса, олар бәрібір бір жылдық дайындық курсынан өтуді талап етеді. Сондықтан жастар көбінесе 11 жылдан кейін бірден оқу процесін бастап кететін елдерді таңдайды.
– Сондай елдердің бірі – Оңтүстік Корея. Бұл ел Қазақстан азаматтарына 1 айға дейін визасыз режим берген. Әрі жаңа технологиялары жақсы дамығаны себепті, ата-аналар көп ретте балаларын сол елге қарай бағыттайды. Гонконг та Қазақстанның талантты жастары үшін тегін гранттар ұсынады. Соны білген біздің жастар жақсылап оқып, грант ұтып алып, сол жаққа аттанып жатады, – дейді сарапшы.
Дегенмен салыстырмалы түрде грант жеңіп алып, оқуға кететін жастар саны әлі де аз екен. Ал өзін-өзі қаржымен қамтамасыз етуге қауқарлы жастардың көпшілігі Шығыс Еуропаны таңдауға құмар. Сондықтан біздің ұл-қыздар үшін Оңтүстік Корея, Малайзия және Қытай елдеріндегі университеттердің беделі бұрынғыдай емес.
Республикалық «Қазбілім» орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлының пікірінше, шетелде білім алуға ұмтылудың қажеті шамалы. Білім саласының жанашыры өзінің бұл ойын былай түсіндірді.
– Қазақ жастары үшін Еуропа елдері, АҚШ пен Жапония тиімді деп санаймын. Бірақ біздің жұртта шетелде оқудың жаман үрдісі қалыптасқан. Бәріне әйтеуір, шетелде оқыды деген ат керек. Омск пен Томскте оқудың, Астана мен Алматыда оқудан еш айырмашылығы жоқ. Шымкентте немесе Павлодарда алған білім, Қытайдың ел білмейтін қаласындағы университеттен әлдеқайда мықты болуы мүмкін. Әлемдік рейтинг бойынша мыңдыққа кірмейтін университеттерде оқу – еш ақылға сыймайды. Әйтеуір, шетелде оқып жатыр деген – ата-анаға мақтаныш, қолымда шетелдік оқу орнының дипломы бар деген – студентке мақтаныш. Бар болғаны осы ғана. Гарвард, Кембридж, тым құрығанда әлем бойынша жүздікке кіретін университетте оқыса, қос қол көтеріп қолдауға болады. Шетелде оқығысы келетін кез келген жас алдымен, өзі барып оқығысы келетін университеттің әлемдік рейтингін қарау керек. Егер рейтингі 300-ге жетпейтін болса, оған ақша шығындап барып, білім алудың қажеті жоқ. Себебі, әлем басқамен санаспаса да, рейтингпен санасады, – деді ол.
«Шетелден қорыққан, білімсіз қалады…»
Nova Education басшысы шетелде оқудан қорықпауға шақырады. Ең бастысы, әр жас үлкен ойлану процесін өткеруі тиіс. Себебі, өз Отаныңнан жырақтау, өзге елдің ауасын жұтып, суын ішу, менталитетін ұғыну, тілін меңгеру – үлкен тәуекел.
– Кейбір оқушыларға ғылыммен айналысатын, мықты зертханалық базасы бар, рейтингі жоғары университеттер керек. Мектеп қабырғасында жақсы жетістіктерге жеткен, білім деңгейі жоғары оқушыларды шетелге аттандырмас бұрын жақсылап ойлану керек. Бұл ретте АҚШ, Гонконг, Ресей елдері жақсы нұсқа. Бірінші кезекте мәселе мамандыққа байланысты. Кейбір талапкерлер бітіргеннен кейін әртүрлі компанияларда жұмыс істеп кеткісі келеді. Олар ғылыммен айналысуға құлықты емес, сондықтан ондай оқушыларға практикалық білім керек. Олар жекеменшік университеттерге барып, оқи берсе болады. Көбінесе Батыс Еуропа, Шығыс Еуропа – Польша, Чехия елдерін таңдап жатады. Компьютер, IT, технология салалары – Оңтүстік Корея, Сингапур, Гонконг, АҚШ-та жақсы оқытылады. Халықаралық қатынастар, құқық, заң мамандықтарын өз басым Ресейде оқы деп кеңес берер едім. Себебі, Ресей мен біздің заңдар ұқсас. Ал заң туралы білімді АҚШ пен Ұлыбританиядан оқып келген бала біздің елге келген соң, сол оқығанын кәдеге жарата алмай жатады. Өйткені ол жақтың заңы біздің қоғамға келмейді. Осы секілді әр мамандықтың өз ерекшелігі бар, – деді Ерден Шаймардан.
«Болашақ» бағдарламасының түлегі Исатай Минуаров АҚШ-тың бакалавриаты да, магистратурасы да қымбат дейді.
– АҚШ оқу орындары өзінің қымбат құнымен ерекшеленеді. Англияда бір магистратура бағдарламасының құны – 18 мың фунт. Яғни, 23-24 мың доллар шамасында. АҚШ-та магистратура – 2, ал Ұлыбританияда – 1 жыл. Тиісінше, АҚШ-қа барып бакалавриат оқитындар 4 жылын сарп етсе, Ұлыбританияны таңдағандар 3 жыл ғана оқиды. Бірақ онда 3 жылға қосымша foundation (тіл курсы) бағдарламасын өтесіз. АҚШ-та оқуға қабылдану процесі өте қиын. Бакалавр бөлімінде оқитындар Toefl-мен қатар SAT деген тест тапсыруы керек. Магистратураға үміткерлерге – GRE, GMAT сынақтарынан өту талап етіледі. Медицина саласы бойынша қазақ жастары Германияға көп барады. АҚШ-та көбіне практикалық білім беріледі. Бакалаврдың екі жылында көптеген профилді сабақтардан тәлім алу мүмкіндігі қарастырылған. Қалған екі жыл өз мамандығы бойынша тереңдетіп білім алуға болады, – дейді ол.
Исатайдың өзі АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласындағы Оңтүстік Калифорния университетінде бір жыл академиялық ағылшынды меңгерген. Бірақ магистратураны Англияда оқыпты. «Ол жақта магистратура бір жыл болғандықтан, сіздің силлабустағы бағдарламаңыз өте тығыз. Бір жылдың ішінде 180 кредитті жабу керек болғандықтан, сабақтан, ізденуден басқа нәрсеге уақыт қалмайды» деді «Болашақ» түлегі.
Мамандар «жастардың шетелге барғаны жақсы ғой, бірақ сол жақта түбегейлі қалып кетсе ше?» деген сұраққа жауап таба алмай қиналуда. Мойындау керек, бұл мәселе шынында біздің жанды жерімізге айналып келеді.
– Тек қана қазақстандық студенттерге грант бөлетін мемлекеттерден қорқамын. Олар біртіндеп қазақтардың интелегент жастарын өздеріне тартып алып жатыр. Сөйтіп, оларды келешекте өздерінің өрісі ретінде пайдалана ма деген қорқыныш бар. Мемлекетті құтқаратын сапалы адами капитал екенін ұмытпау керек. Жастардың шет тілдерді меңгеріп, өзге елде оқып жатқаны қуаныш, әрине. Бірақ бізді қатты ойлантатыны елде қалу мәселесі. Қазір ақша тапсам, жақсы жағдайға жетсем шетелге кетіп қалатын едім дейтін жастар көбейіп келе жатыр. Ол – ауыр тенденция, – дейді Аятжан Ахметжан.
Ерден Шаймарданның айтуынша, азамат ретінде әлі қалыптаспаған, ойлау деңгейі төмен, мақсаты бұлдыр жастар үшін шетелде оқу пайда емес, зиян болып тиюі мүмкін. Ондай адамдар түпкі негізінен тез ажырап кетеді дейді маман.
– Өзім танитын жастардың ішінде Қазақстанға бейімделе алмай, қайтадан шетелге кетіп қалғандар да, бейімделіп кеткендер де бар. Назарбаев университетінде, батыстың мұнай компанияларында істеп кеткендер жергілікті тіршілікке тез ыңғайланады. Себебі, аталған мекемелерде шетелдік тәртіп, шетелдік үрдістер бар. Бұл жақта көп шаруа таныспен шешіледі, басқа да түрлі келеңсіздіктер бар. Ал шетелде ондайды көрмей, басқа салт-санаға бейімделген жас үшін ондай «қазақи» қитұрқылықтар жат болып қалады. Сол үшін біз оқушыларды «сіз қайтып келгенде мына жақта шетелдегідей болмайды» деп дайындаймыз. Алайда өздерін психологиялық тұрғыдан дайындап келсе, Қазақстанда жұмыс істеп кете алады, – деді сарапшы.
– Жастардың шетелде қалып қоюының бір тетігі – отбасы тәрбиесінде, екінші тетік – елді жайлаған жемқорлықта, үшінші тетік – өз оқу орындарымыздан гөрі шетелдіктердің дәріптелуінің басымырақ болуында. Шетелде оқыған, шетелде өмір сүрген азамат ретінде айтарым, өзге елге барып, керемет өмір сүріп жатырмыз деген қауымның айтып жүргені – «бөрі арығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтардың» кері. Шетелде олар май шайқап жүрген жоқ, бірақ май шайқап жүрміз деген сыңай танытады. Сондықтан біз мектептегі баладан бастап, ұтымды тәрбие бермесек, шетелде қалып қою деген қорқынышты үрдісті шектей алмаймыз, – деді Аятжан Ахметжанұлы.
Қазақ жастарының білім алуы үшін қай елдің тиімді екені де, тиісінше, сол жастардың отанын айырбастап жырақта қалып қоюы да – бір-біріне байланысып, ілмектесіп жатқан мәселелер. Алғысөзде жасырып қалған тақырыбымыз осы еді… Бізге екеуін де дұрыс шешу маңызды.
Абай АЙМАҒАМБЕТ