Бұрынырақта мұғалімдер негізінен әдіс-тәсілдердің артынан кетіп еді. Олар «Қызықты тәсіл қолдансақ, – сабақ та қызықты, тартымды болады» деп есептеді, қызықты тәсіл – сабақтың негізгі шарты деп санады. Сол себепті де көп мұғалімдердің есіл-дерті қызықты тәсіл болды, қызықты тәсіл іздеу, сабағымызды қызықты тәсілге негіздеу, қоржындарына қызықты тәсілдерді көптеп жинау – басты мақсаттары болды. Егерде табысты сабақтың формуласы «3Қ» дейтін болса (Қызық. Қиын, бірақ қолжетімді. Құнды), олар сабақтарын тек қызық қылып өткізеді. Сабақтың танымдық жағын толығымен ескермей, қарым-қатынастық мазмұнын формалды ұйымдастырып, бар назарын тек эмоционалды-аффектілік жағына ғана аударып, оқушылардың көңіл-күйі көтеріңкі болуын қадағалайды.
Мұндай ұстаным бұрыннан қалыптасқан. Дәстүрлі оқуда керісінше еді: негізгі салмақ танымдық мазмұнға аударылып, коммуникациялық және эмоционалды-аффектілік мәселелерге тіпті де назар аударылмаған десе де болар. Дәстүрлі оқудан ақырындап бас тартып, өзге де оқыту технологияларымен таныса бастағанымызда мектеп мұғалімдері сабақтың қызық өтетіндігіне негізінен ден қойған тәрізді.
Мен 1998 жылдан бастап елімізде кеңінен тараған халықаралық «Сын тұрғысынан ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы ауқымында жұмыс жасадым. Сол кезде біз қызықты әдіс-тәсілдерді жинаумен шұғылданушы едік.
Алдымен елдің бәріне ұнап, тамсандырған «Венн диаграммасы» тәсілі (стратегиясы) еді: қай сабаққа кірмесең де Венн диаграммасын кездестіресің, әдістемелік журналдарды ашсаң – Венн диаграммасын қолдану туралы мақалаларды оқисың. Осыдан кейін мұғалімдердің сүйіктілері, фавориттері қатарына INSERT, Жигсо, Семантикалық карта, Кластер, Т-кестесі, Қос жазба күнделігі секілді тәсілдер (стратегиялар) енді. Жаңаша жұмыс жасаймын деген ұстаздар осы секілді тәсілдермен сабақтарын өткізді.
Алайда мұнда инновациялық оқытудың философиясы ескерілмей жатты, өйткені мұғалімдер қызықты тәсілдерді қолдану автоматты түрде сабақты табысты жасайды деп түсінді. Сондықтан да мұғалімдер қоржындарына қызықты тәсілдер жинақтаумен әуестенді.
Әлі есімде, 2000 жылы Шымкент қаласында «Т…н» атты жекеменшік мектепте «Сын тұрғысынан ойлау» жобасы бойынша орыс тілінде ақылы семинар өткіздім. Оқу курсы 4 үшкүндік семинарлардан тұратын, мен солардың 3-ші семинарын ұйымдастырдым, алдыңғы екі семинарды басқа тренерлер жүргізген екен. Бірінші күні мұғалімдерді алдыңғы семинарда үйренгендерін өз сабақтарында қалай қолданғаны жайлы рефлексиясын тудыру мақсатында оларға көптеп сұрақтар қойып («Сабақтарыңызда қандай өзгерістер болды? Оны оқушылар мен әріптестеріңіз қалай қабылдады? Оқушыларға ұнады ма? Қандай жағымды нәтижелерге қол жеткіздіңіз? Ең басты қиындық қандай болды? Оның себебі қандай деп ойлайсыз? Енді тәжірибелеріңізге қандай өзгерістер енгіземін деп ойлайсыз?», т.б.), тәжірибесіне талдау жасауға ынталандырдым.
Бірақ мұғалімдер «Кәсіби даму ═ тәжірибе + рефлексия» деген формуланы білмеді ме, әлде ол бойынша жұмыс жасауға ынталы болмады ма, әйтеуір олар ой толғаныс жасай қоймады. Олар біраздан кейін «Кімге керек бұл мәселелерді талқылаудың? Көп сөйлеудің қажеті бар ма? Оданша бізге стратегиялар көрсетпейсіз бе? Бізге стратегиялар керек! Біз өз ақшамызға оқып жатырмыз!» деп ашық талап қоя бастады. Рефлексия жасауға тағы да ұмтылыс жасадым: «Сабақта ең бастысы тәсілдер емес! Қандай философиялық және дидактикалық идеялар ұстанатындығымыз маңызды! Идея стратегиядан анағұрлым маңызды! Рефлексия маңызды!» Алайда аудиториядағы барлық 30 мұғалімнің қарсылығына тап болдым да («Бізге керегі: «СТРАТЕГИЯ!!! СТРАТЕГИЯ!!! СТРАТЕГИЯ!!!»), бозбүйректік танытып, артқа шегіндім: «Онда жарайды! Сіздерге керегі стратегия болса, мінекей, алыңыздар!» деп оларға 2 күн ішінде 24 стратегияны «қанжығаларына» байлап бердім.
Нәтижесінде жиналған қауым семинардан риза болып тарасты: «Сіз – жақсы тренер екенсіз, өйткені көп қызықты стратегияларды білесіз! Бізге керегі де осы стратегиялар еді ғой! Ал қалғанның бәрін өзіміз де жасап алармыз!» деп. Бірақ мен олардың инновациялық технологиялардың мәні мен мағынасын дұрыс түсінді деп ойламаймын. Олардың ұстанымы сол баяғы: «Сабақтың табыстылығы қолданған әдіс-тәсілдерге байланысты!»
Осындай түсініктің салдарынан бүгін де сабақтарымыз қызықты тәсілдерден (әсіресе топтарға бөлу мен ой сергіту тәсілдері, «Бононың 6 қалпағы», «Фишбоун», «Сәйкестендіру кестесі», т.б.), сан алуан қызықты отшашу мен фейерверк, түрлі-түсті стикерлер мен постерлер, доп пен шариктер, күлекештерді қолданудан тұратын «шоу» сабақтарға айналып кетті емес пе? Кез келген ашық сабаққа кірсең – «шоу» сабағына тірелесің. «Шоу» сабақтарда мұғалімнің ұстанымы мынаған тірелетін секілді: «Сабаққа қатысушылар мені құралақан деп ойламасын! Менің де қоржынымда талай-талау қызықты әдіс-тәсілдер бар! Мен де сабақты қызықты қылып өткізе аламын!»
Фейсбукте «Данко Барон» деген лақап атпен шығатын Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Данияр деген тарих пәнінің тамаша мұғалімі былай деп жазғаны есімде қалыпты: «Сабақтарда Бононың 6 қалпағын көрсем – құсқым келеді!». Мұндайды мұғалімдер айтса, оқушылар не деп айтар екен? «Шоу»-сабақтардан олар да шаршаған шығар?! Алайда көп мұғалімдер ондаймен қызықпайды, өйткені сабақтары қызықты тәсілдерге тәуелді болып кеткендіктен, олар «оқушы үні», «сабақтағы жағымды орта», «тиімді қарым-қатынас», «шынайы рефлексия», «сабақ мақсаты», «күтілетін нәтижелер» деген ұғымдар туралы тіпті де ойланбайды.
«Бала тамақтан өспейді, қуаныштан өседі!» деген қағидаға сәйкес оқушылар «шоу» сабақтарда қолданылған оңай тапсырмаларды орындау арқылы өспейді, сабаққа қатысқандар үшін әрекет жасаудан өспейді. Олар алдына қиын (бірақ қолжетімді) мақсат қойып, тапсырмаларды сәтті орындап, табысқа жетуден өседі, нәтижелі шығармашылықтан өседі, өз күші мен мүмкіндіктеріне деген сенімдерінің артқандығынан өседі. Жұмыла, бірлесе жасаған нәтижелі жұмыстан, позитивті қарым-қатынастан өседі. Барлық сабақтарды осы ұстанымдарға сәйкес ұйымдастыру қажет шығар!
Ал бұл үшін ең алдымен, менің ойымша, бүгінде біз «шоу»-сабақтардан бас тартуымыз керек. Ондай сабақтар – нағыз көзбояушылықтың, жасандылықтың көрінісі деп есептеймін мен. Мұнда бәрі де «сияқты»: сындарлы (конструктивтік) инновациялық әдістеме қолданыста сияқты, оқушылардың белсенділігі де бар сияқты, рефлексия да бар сияқты. Алайда бәрі шынайы емес, тек «галочка» үшін жасалған, «Сабақтарында инновация жоқ екен!» деп айтпасын!» деген мақсатта қолданылған.
Бүгінде сабақ әдіс-тәсілдерге негізделмеуі керек. Бүгінде әрбір сабақ «Мақсат – нәтиже» ауқымында құрастырылуы керек. Яғни, сабақта ең бастысы – оқу мақсаты. Мұғалімнің міндеті – сабақ барысында барлық (100%) оқушылардың оқу мақсатына жетуіне көмектесу. Осыған сәйкес әр сабақ оқу мақсаттары мен күтілетін нәтижелерді құрастырудан басталып (өйткені күтілетін нәтиже дегеніміз мақсатқа жеткен-жетпегендіктің дәлелі), оқу мақсатына жеткен-жетпегенді талдаумен, қандай нәтижеге жеткендіктерін талқылаумен аяқталуы керек.
Асхат Алимов. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ жанындағы Педагогикалық шеберлік орталығында аға менеджері. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент.