Алматыдағы Қазақ Ұлттық Техникалық зерттеу университеті мен Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің бұрынғы оқытушылары шу шығарды, – деп хабарлайды tengrinews сайты “Астана” телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарнаның мәліметінге, оқытушылар жұмыстан заңсыз шеттетіліп, жатақханадан қуылып жатырмыз деп шағымданған. Ал жоғарғы оқу орнының басшылығы 200 орындық жатақхананы студенттерге береміз деп отыр.
Гүлнар Керімбекова бұл оқу орнында 18 жыл жұмыс істеген екен. “Жұмыссыз отырмын. Баламның 20 мың пособиесіне ғана күн көріп. Менде де қарыздарым шығып жатыр. 3 ай бойы жұмыс істемегенім үшін. Жатақханадан шықпаймын”, – дейді ҚазҰТЗУ бұрынғы оқытушысы Керімбекова.
Телеарнадағылардың мәліметінше, оқытушылар жиналып сотқа да арыз берген. Айтуларынша, жұмыстан шығарса да, ұзақ жыл тұрған жатақханадан айыруға құқы жоқ.
Политехникалық зерттеу университетінің мына жатақханасына олар 90-шы жылдардың аяғында қоныстанған. 54 жанұя, 200-ден аса жан содан бері осы жерде. Политехникалық оқу орны оқытушыларының шағымына Аграрлық университеттің де мұғалімдері қосылған. Себебі оларда да дәл осы жағдай.
“Приватизацияға сотқа бердік. Процесс жүріп жатыр. Политех қайта-қайта бәріне уводемление жіберіп жатыр. Сотқа шақыртып жатыр. Шығарамыз, бүйтеміз деп. Біз шықпаймыз. Охрана қайта қайта келіп тексереді. Аяқпен есіктерді тебеді”, – дейді Сәтбаев атындағы университеттің бұрынғы оқытушысы Гүлнұр Қалидолдина.
Ал университеттің Басқару департаментінің директоры Айнұр Исаеваның айтуынша, олар қазір акционерлік қоғам болып саналады.
“Біз қазір акционерлік қоғам болып саналамыз. Сондықтан, ол жатақхана университеттің жекеменшігі болып табылады. Сондықтан, біз оны жекешелендіруге бере алмаймыз. Заңсыз түрде жұмыстан шығарылды деген мүлдем дұрыс емес. Осы уақытқа дейін 2018 жылдың басынан бастап 40 бізге комиссия келді. Сол жөнінде тексеруге”, – дейді Исаева.
ҚазҰАУ Құқықтық ұйымдастыру бойынша басқарма басшысы Азамат Алтаев та өз кезегінде бұл шуға қатысты пікір білдірді.
“Кім өз міндетін орындамайды, ақшасын төлемейді біз әрине шара қолдануымыз керек. Ол біздің міндетіміз. Егер, біз уақытысы бітуіне байланысты еңбек қатынастарын тоқтататын болсақ, оған ешқандай негіз керек жоқ. Ешкімге біз түсініктеме беруге де міндетті емеспіз”, – дейді Алтаев.
Политехникалық университет өкілінің айтуынша, 28 жанұяның 13 миллион теңгеден асатын қарызы бар. Сол 28 ұстаздың 13-не сот 2015 жылы тұратын орынды босату туралы үкім де шығарыпты.