22.11.2024

Аятжан Ахметжанұлы. Жетістікке жету формуласы-1

І

Адам пендесінің бәрекелдіні сүймейтұғыны болмайды, – дейді ұлы Абай.

Иә, бәріміз өмірде, жұмыста, оқуда табысқа жетіп, бәрекелді ғұмыр кешкіміз келеді. Бірақ, қандай да бір ісіміз сәтсіз болса, мен негізі табысқа жетер ем, мен негізі дұрыс жасап келе жатыр ем, – деп ақтала бастаймыз. Бір сөзбен айтқанда өзімізге керемет адвокатпыз. Ал жұртқа сыншы прокурормыз.

Біздің ең үлкен мініміз де сол, сылтауды сырттан іздейміз. Сұлтанмахұмұт:

Жақсы болсам өзімнен,

Жаман болсам өзімнен,

Тағдыр қылды дегенді,

Шығарамын сөзіменен, – демей ме?!

Әлемде табысқа жетпейтін адамдардың ортақ ерекшелігі де сол, табысқа жетпейтін адам қашанда өзін ақтап алатын сылтау табады.

Сіз қаншалық көп сылтау айтасыз? Қаншалықты ақталасыз? Ал сізді кері тартатын мін не? Ойлана отырыңыз.

ІІ

Иә, табысқа жетем десең сылтау айтпа, қашанда әр жетістіктің де, сәтсіздіктің де себебін өзіңнен ізде. Ұлы Абай:

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап, – деген. Ал біз өзімізге емес, демеушіге, қолдаушыға сеніп жалтақтаймыз.

Істегісі келетін адам — мүмкіндік, ал істегісі келмейтін — сылтау іздейді, – дейді Бауыржан Момышұлы. Біз мүмкін деген сөзден гөрі мүмкін емес деген сөзді көбірек қолдансақ, онда жетістік бізден алыстайды. Себебі, «Біреу жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман дейді, біреу маңайымдағы елім жаман дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады», – дейді, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Ал біз бүгінгі еркіндікте, мүмкіндікке толы қоғамда мүмкін емес деген сөзді жиі қолданамыз.

Өзіңді өзгертуге мотивация керек пе, онда жетістікке жеткен тұлғалардың өмір жолын бір ақтарып шығыңыз. Табысқа жеткен адамдардың талайы нөлден бастаған. Бір сөзбен айтқанда, мүмкіндікке толы өмірде, мүмкін емес деген сөзді айтпаңыз.

Біздің бәрін басынан бастауға, өзімізден бастауға батылымыз жете ме?

ІІІ

Жетістікке жетудің жалпы жалғыз формуласы ол:

Бастау – даму – сүріну – тұру – қайта даму – жетістік!

Ал осы барыстың ең қиыны бастау. Көп адам, бірдеме істеу керек, – еді деген ойда жүреді, бірақ істемейді. Істемеу себебін өткен постымда, айтқан едім, енді бастамау себебін іздеп көрейік.

Қазақ «Еріншектің ертеңі таусылмайды» дейді бұндайда. Еріншектік те бір өзіңді ақтайтын сылтау. Көп адамның ең үлкен кемшілігі менің ойымша келесі дүйсенбі!

Әлемді өзгерткің келе ме? Онда:

– өзіңнен баста,

– бүгіннен баста,

– дәл қазірден баста, – дейді Конфуций. Ал біз барлық істі (кітап оқуды, диетаны, жүгіруді, тіпті бизнесті де) келесі дүйсенбі немесе келесі айдың басынан бастаймын деп ойлаймыз, жоспарлаймыз. Бір есімізді жисақ келесі аптаның ортасынан ауып кетеді. Сәрсенбінің сәтін күтіп жүріп сәтсіздікке ұшырғандарымыз қаншама?!

Үш күн жатсаң тозаққа да көнесің демей ме, қорықпай үш күн істеген әрекет әдетке, әдет мінезге, мінез нәтижеге жеткізерін ойлай бермейміз. Бұл ғылыми тұжырыммен дәлелденген 72 сағат теоремасы.

«Адам мінезін түзеп болмайды» деген кісінің тілін кесер едім» – дейді тағы ұлы Абай. Онда өзгеру мүмкін, тек өзгеруге шын ниетпен кіріссек. Қалай өзгермек керек? Тағы да сол Абайға жүгінелік:

Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?, – дейді.

Ал біз өзімізден есеп алып көрдік пе? Өзгенің өзімізге қайтару тиісті жақсылығы мен қарызынан басқаны есептемейтін пенделігіміз бар. Ал өзімізден өзіміз есеп ала аламыз ба? Ол сұрақ!

Әуелі пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен, – дейді Ұлы Абай.

Онда қызыққан дүниеңізді, бастауға тиісті ісіңізді келесі дүйсенбі немесе келесі жыл емес, бүгін бастаңыз, кішкентайдан болса да бастай беріңіз…

Сіз бастамай жүрген қандай тірлік бар? Сіз өзгеруге дайынсыз ба?

IV

Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,

Боқтан сасық боласың өлсең тағы.

Менімен сен тең бе деп мақтанасың,

Білімсіздік белгісі – ол баяғы, – дейді ұлы Абай.

Иә, білімді болсаң, есті болсаң өзіңнен ғана талап ет, ертең түгіл тіршілігінде жиркенішті күйге түспе дейді. Біз ше? Бүгін кімбіз, ертең кім боламыз? Болжай аламыз ба?

Өзім қанша мықтыны мойындасам,

Енді өзімді оларға мойындатам, – дейтін ақын Мұхтардың өрлігі шыға ма?

Суда жүзген кеменің ізі қалмайды,

Қалса да лездік толқындар легі жалмайды.

Басылса егер тарих бетіне ізгі ізің,

Дауыл, толқын мәңгі өшіре алмайды,

Ізсіз қалу – адамзат үшін жан қайғы, – дейді біздің тағы біздің қазақ.

Істеген ісімізден өзгеге өнеге бар ма, ертеңге тиер пайдасы бар ма, қаттырақ айтсақ артымызда із қалдырып жатырмыз ба? Өзіңнен есеп алу осындай тым ауыр һәм мұңлы.

Себебін тағы да, Абайдан іздеп көрелік:

Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?

Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді?

Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді?

Қартайғанда асырасын десең, о да – бір бос сөз. Әуелі – өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші – балаң мейірімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші – малың болса, кім асырамайды? Малың жоқ болса, қай асырау толымды болады? Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары – ол да екіталай, – демей ме оныншы қара сөзінде.

Иә, істеген ісің мен елге жасаған жақсылығың болмаса басқа қалдырдым дегенің бос сөз, ұрпақ жалғастыру төрт аяқтылардың да қолынан келетін іс емес пе еді.

Қазақ мұндайда, жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді, – дейді. Менің атым ертең кімнің есінде қалар деп ойланар болсақ, Абай айтқан естілер санатында болар ма едік. Ессізсің десе әрине, есіміз шыға жынданамыз.

Есеп аларда 26 жыл-ақ ғұмыр кешкен Сұлтанмахмұт та, 30-ға жетпей опат болған Шоқан Уәлиханов та тарихта атын бедерлеп кетті. Көп ғұмыр сүру де, аз ғұмыр сүру де маңызды емес, маңыздысы мәнді ғұмыр сүру екенін еске алсақ ше?

Дүние қарап тұрсам шолақ екен,

Адамдар бiр-бiрiне қонақ екен.

Барында оралыңның ойна да күл,

Қызығы бұл өмірдің сол-ақ екен, – дейді тағы халық әнінде. Ал адам баласын құртатын ой емес, ойсыздық – дейді Оралхан Бөкей. Ойсыздық кімге опа берген-ді.

Ойлана жүрген өзімізге тиімді. Мен өзімнен үнемі есеп аламын, бірі анда-санда кешке бір ұйқысыз жатқан шақтарда мен не істеп жүрмін деп ойланасың, кейде өзіңнен қорқасың, кейде өзіңе риза боласың. Қорқар шағыңнан риза болар шағың көп болғаны, әрине табысқа жеткізсе керек-ті.

Екіншісі жылына бір рет келетін өмір есігін ашқан күнің. Жұрт тойлайтын шығар, мен тойлай алмадым сол күнді, бір жасқа қартайғаныңды тойлау күлкілі сезіледі тіпті. Ал сол күні осы жасқа немен жеттім, не бітірдім деп ойланасың. Бітірген, тым құрыса бітіріп жатқан ісің болса, қуаныштысың әрине. Себебі, екі дүниенің бақытын бер деп сұрамайтын ба, – еді атам қазақ. Бұ дүниенің бақыты қалдырған ізің болса керек.

Ал сіз ше, жасыңыз нешеде, бүгінге дейін не бітірдіңіз, көз алдыңыздан ғұмырыңызды бір сыдыртып өткізіңізші…

V

Жетістікке жету – адам баласына шабыт береді, жетісікке жеткен адамда мотивация да, ерік-жігер де жетерлік болады. Бірақ, жетістік қайдан келеді?

Бірде бір ғұламаға шәкірті дәл осы сұрақты қойса керек.

– Ұстаз, табыс қайда жасырынған, – дейді? Сонда ұстазы:

– Табыс сенің сүрінген жеріңе жасырынған, – деген екен. Ал бұны атам қазақ «Ат сүрінбей жер танымас, ер сүрінбей ел танымас» дейді. Жалпы қателесу – ағаштағы қураған бұтақты кесу сияқты, егер сабақ ала білсек табысқа жетудің басты кепілі. Жеңіліс – жеңістің анасы дейді, мұндайды біздің жұрт.

Кім талпынбайды, кім сүрінбейді, мәселе сүрінуде де, басқада да емес, мәселе әр нәрседен сабақ алу, әр істі өз жетістігіңе пайдалана білу. Мұны қазақ «көре көре көсем болар, сөйлей сөйлер шешен болар» дейді.

Ащының дәмін татқан білер,

Алыстың мәнін жортқан білер, – дегендей, ашпаса көрмей, айтпаса білмей жүре берсеңіз табыстың сізде несі бар?! Шынымен табысқа жету басты мақсатыңыз болса, сүрінуден де, қателесуден де қорықпаңыз, әр қателіктен сабақ ала біліңіз. Әлемде ғалымдардың сан мәрте қателессе де қайтпаған ерліктерін білерсіз, мысалы Мария Кюридің сынақты әлденеше жүз рет қайталағаны, тіпті жарылыстан құлағы естімей қалса да шегінбегенін білерсіз. Кәдімгі біз қолданатын шам (лампочка) ойлап тапқан адам 10 000 рет қателесіп тек соңында ғана шамды (лампочканы) сәтті жасаған, оның табысқа жетуінің басты шарты – әр қателігін келесісінде дұрыстап отыруы.

Мүмкіндікке толы ғұмырда кез келген мүмкіндікті өз пайдаңызға жарата біліңіз. Алма бақта жүргенде кімнің басына алма құламады дейсіз, бақташының басына күнде әлденеше рет құлайды, бірақ, алма құлағанның бәрі бүкіл әлемдік тартылыс заңын ашқын Ньютон болған жоқ. Архимедтен бұрын ешкім ваннаға суға түспеді дейсіз бе, сол сынаманы берген хан да күнде түседі, бірақ, судың көтерілуін пайдасына асырған Архимед қана өз мақсатына жетті. Дәл осындай әркім байқай бермейтін мүмкіндікті байқаған адам ғана табыстың шыңына шығады.

Сіз өмірде қаншалық сергексіз? Қателесуден қорқасыз ба, әлде қателік жасағанды жақсы көресіз бе?

Жапонияда сынақ мерзімге жұмысқа алған қызметкер қателік өткізбесе жұмысқа алынбайды екен, себебі, қателікті тек жұмыс істемеген адам ғана жасамайды. Тек тапсырмамен жұрмыс істейтін адам табысқа жетпейді. «Қошқар мен текедегі» текеше айтсақ, «кім тәуекел етпейді, сол табысқа жетпейді».

Сіз тәуекелшілсіз бе? Тәуекел жасап, сәттілікке жеткен кезіңіз көп пе, әлде сәтсіздікке ұшырған сәтіңіз көп пе? Сәтсіздігіңізді, яғни, жеңілісіңізді жеңіске айналдырып көрдіңіз бе?

Жалғасы бар…

Аятжан Ахметжанұлы

Республикалық «QAZBILIM» орталығы директоры. Химия ғылымдарының PhD докторанты. Ақын. журналист

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА