22.11.2024

Мектеп пен балабақшадағы тегін тамақ қалай бақыланады?

Қазіргі күндері мемлекет мектеп пен балабақшадағы тегін тамақтануға бюджеттен қыруар қаржы бөліп отыр. Алайда балаларға сапалы әрі құнарлы тамақ беру мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Өйткені еліміздің көптеген өңірлерінде дәл осы мекемелердегі тамақ мәселесі аракідік көтеріліп отырады. Біреулер балалардан ақша үнемдеп, пайда көретін пысықай кәсіпкерлерді кінәлайды. Бұл рас па? Жоқ, әлде мемлекеттің бір баланың тамағына бөлінетін қаржысы аз болып тұр ма? Әлде білім мекемесінің басшылығы тарапынан дұрыс бақылау жоқ па? Олай болса, мемлекеттік органдар жауапсыз бизнесмендерді неге жазаламайды? Айта кетерлігі, бұл ғана емес, Астанадағы білім беру мекемелеріне жүргізілген кезекті мониторинг барысында тағы да көптеген кемішіліктер анықталған. Ал сарапшы мамандар тегін тамақтандыру жүйесін ретке келтірудің жолдарын ұсынды. ҚазАқпарат тілшісі осы саланың негізгі мәселелерін сараптап көрген болатын.

«Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында бір аптаның ішінде Астанадағы мектеп пен балабақшалардың тек 10 проценті ғана тексерілген екен. Соның өзінде балалардың тегін тамақтануына қатысты көптеген заң бұзушылықтар анықталыпты. Айталық, санитарлық нормаларды сақтамау, дайын тамақтың ас мəзіріне сәйкес келмеуі, сапа сертификаттарының болмауы, адам денсаулығына қауіпті тағам қоспаларын пайдалану, газдалған сусындар мен тәтті өнімдерді сату жағдайлары орын алған. Мәселен, №5 мектеп-гимназиясының қоймасында азық-түліктердің жанында автошиналар сақталып келген. Ал кейбір өнімдердің сертификаттары жоқ болып шықты. №57 мектепте ыдыс-аяқ жууға арналған құралдар азық-түлікпен бірге ұсталған. №69 мектепте асхана қызметкерлері санитарлық кітапшаларын көрсете алмапты. Оған қоса, дайын тамақтар ас мәзірінде көрсетілген салмаққа сәйкес келмеген. Осы іспетті заң бұзушылықтар көп. «Бір қызығы, білім беру мекемелерінің басшылығы тарапынан кәсіпкерлермен келісімшартты бұзуға қатысты ешқандай шаралар қабылданбады. Ал кәсіпкерлер қоғамдық денсаулық сақтау департаменті салған айыппұлды төлейді де, өз жұмыстарын қайтадан жалғастыра береді», – дейді жоба жетекшісі Жазира Жылқышиева.

Негізі, бұл саланың кемшін тұстары да көп. Соның салдарынан кәсіпкерлерге де, мектеп басшылығына да «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ». Мәселен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ережесіне сәйкес, бюджеттің есебінен тегін тамақтандырумен айналысатын кәсіпкерлер конкурс арқылы анықталады. Ал сол конкурстарды мектеп басшылығының өзі өткізеді. Иә, конкурстық комиссияның құрамына ата-аналар да, білім басқармасының өкілдері де кіреді. Дегенмен, кәсіпкерді таңдау рәсімдері мейлінше ашық емес. Жеңімпазды алдын ала анықтау мүмкіндігі бар. Оған қоса, мектептер мен балабақшалар жауапсыз кәсіпкерлердің тізімін жасамайды. Ең бастысы бәсекелестік жоқ. Ал бәсеке жоқ жерде жұмыстың сапасы да болмайтыны бесенеден белгілі. Осыған байланысты сарапшылар білім беру ұйымдарын азық-түлікпен қамтамасыз ету конкурстарын «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңмен реттеуді ұсынып отыр. Қазіргі кезде ондай рәсімдер заңға бағынбайды. Ал бақылау шараларына қатысты заңнаманың кейбір нормалары, керісінше, тексерушілердің қызметіне қолбайлау болып отыр. Бүгінде кәсіпкерлерді негізсіз тексеруге рұқсат жоқ. Ол үшін нақты арыз-шағым түсуі керек. Бірақ асхананы тексерген күннің өзінде кәсіпкерді алдын ала ескерту керек. Ендеше айтып алып, тексеретін ондай тексерістің нәтижесіз қандай болатыны айдан анық.

Дегенмен, сарапшылар заңды өзгертпей-ақ, тегін тамақтанудың сапасын көтеруге болатынын алға тартады. Бұл үшін қазіргі ақпараттық технологияларды жан-жақты дамыту қажет. Мәселен, мектепте карталық жүйені енгізуге болады. Соның арқасында асханадан нақты қанша баланың тамақ ішіп кеткенін көруге мүмкіндік бар. Соған қарай бюджет қаржысын да беру керек. Әйтпесе, бүгінде мектеп пен кәсіпкер арасындағы келісімшарт бойынша ақша әрбір балаға бөлінсе де, ол бала асханаға бармаса, қаражат бюджетке қайтарылмайды. Ал карталық жүйе енгізілсе, кәсіпкерлер сапалы әрі дәмді тамақ жасауға тырысады. Себебі ас ішкен балалардың санын арттыру қажет болады.

Бұдан бөлек, сарапшы мамандар балалардың талғамына қарай еркін ас мәзірін жасауды ұсынып отыр. Әрбір мектеп оны өз сайтына шығарып отыруы тиіс. Сонда ата-аналар баланың ас мәзірін алдын ала жоспарлай алады. «Сондай-ақ, әрбір білім беру мекемелерінде тамақтанумен қамтамасыз ету және асханалардың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін бақылайтын «диетбике» деген қызметті енгізген дұрыс деп санаймыз. Білім беру мекемелерінің барлық асханалары мен ас үйлерін видеобақылау жүйелерімен жабдықтау қажет», – деп атап көрсетті Ж.Жылқышиева Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Шыны керек, бейнебақылаудың өзі де бұл жерде жақсы нәтиже беруі тиіс. Оны әрбір мектептің сайтына шығарып қойса, ата-аналар да тамақ жасаудың, оны ұсынудың барысын жіті бақылап отыратын еді.

Дегенмен, аспазшылардың да айтар уәжі бар. Олардың сөзіне қарағанда, бюджеттен бөлінетін ақшаға сапалы әрі құнарлы тамақ жасау оңай емес. Астананың өзін алатын болсақ, қалада 85 мектеп және 92 балабақша бар. Оқушылардың жалпы саны – 154 367 бала. Олардың ішінде  1-4 сынып оқушылары 76 757 баланы құрайды. Дәл осы топқа тегін тамақ беріледі. Биыл бюджеттен 3,8 млрд бөлінді. Сонда бір балаға 338 теңгеден тиеді.  Астанадағы асханалардың біріне кіріп сұрағанымызда аспазшылар ондай ақшаға түскі ас жасау қиын екенін айтады. «Енді, 338 теңге аздау. Ондай ақшаға таңғы асты жасауға болады. Бірақ түскі асты даярлау қиын», – дейді олар.

Сонымен, «Астана – адалдық алаңы» жобасының кезекті мониторингі тағы біраз кемшіліктерді анықтады. Сарапшылар өз ұсыныстарын қала басшылығына да, министрлікке де жіберді. Енді, құзіретті органдардың жауабын күтейік…

Автор: Арман Асқаров

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА