Естен кетпестей 2015 жыл мен үшін ауыр жылдың бірі болған еді. Біраз адамның есінде болар 2015-тің күзінде facebook мен туралы постқа толды. Айналдырған бір айдың ішінде үш жердегі жұмысыммен “өз еркіммен” қоштастым. Негізі қоштастырды деген дұрыс болар.
Иә, 2011 жылы қаңтарда, студент кезімде мектеп қабырғасында ұстаздық жолымды бастаған мен үшін, 2015-тің күзі ұстаздық жолда қалу-қалмау деген таңдау, күдер үзу, ауыр күндер болды. Әлдебір атын атағым да келмейтін бәлеқор ата-анадан басталған дау бүкіл республиканы шарлады. Сол кездегі білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтан бастап сонау туған ауылымдағы мұғалімге дейін білген еді. Сол бір ата-ана мен қазіргі вице министр арқасында мектептегі күндерді аяқтап, ұстаздық жолдан түңіліп кеткен кездерім еді. Әр нәрсенің қайыры бар деген, қазір мені мектептен қуғандар мен мен үшін араша болған жандардың басын қосып дастархан жайып, осы бағыттағы жұмысымды бастауға себепкер жандарға рахмет айтқым келеді.
Бірақ, ата-аналарым мен шәкірттерім тыныш жатқызбады. Күнде олимпиадаға, ҰБТ-ға дайындық сұраған ата-ана мазалай берді, бірінен бас тартсаң бірінен бас тарта алмайсың, сонымен бірінің үйіне барып сабақ бердім, бірін үйге шақырып сабақ бердім, бірақ күннен күнге көбейіп кеткесін бір офис алып отыру керек болды. Сонымен 2016 жылы 8 ақпан екі жылдан астам білім мен тәрбие бағытында ақпарат таратып отырған ҚАЗБІЛІМ порталының (порталдың атын 2014 жылы Ұларбек Нұрғалымұлы ағам қойған еді) атын пайдаланып “Республикалық ҚАЗБІЛІМ орталығы” деген атауда орталық жұмысын бастап кеттім. Алғашқы күндерде өзіме жақын таныс оннан аса мұғаліммен 150 метр квадрат жерде жұмыс бастадық.
Көп өтпей Қазақстанға алғаш оралып Кентау қаласында Халықаралық қазақ-түрік университетінде өзіме сабақ берген ұстазым Balzhan Nysanbek Бақытқызын декреттік демалыста жатқан жерінен “оятып” алдым. Солай да солай қай жерде үздік мұғалім, мықты маман бар деп шарқ ұрып команда жасақтадым.
Солай 2016 жыл жаңа белеспен бастадық, сол жылы күзде сәл құрам толықтап, ірге кеңітіп, жаңа бағыттармен толықтырып, 2016 жылы желтоқсанда алғашқы оқу-әдістемелік құралдарын шығаруды да бастадық. 2017 жылы тамызда ата-аналар мен шәкірттердің көбеюіне, өтінішіне байланысты қаланың екінші бөлігінен бөлімше аштық. 2018 жылы Алматылық ата-аналардың өтініші бойынша Алматы қаласына ірге кеңіттік. Сонымен бүгінде 500-ден аса оқушы білім алатын 80-нен астам адам жұмыс жасайтын үш орталық қалыптасты.
Білім бизнеске айналмау керек деген мақсатта, үш жылда 50-ден астам оқу құралын баспадан шығардық, интернет кеңістігінде сапалы білім қорын жасақтау бағытында тегін 100-ге жуық видео сабақтар қорын қалыптастырдық. Екі жылдан бері жылына 50 оқушыны грантпен тегін оқытуды қолға алдық. Бүгінде бұл бағытты да кеңейту жоспарда бар.
Иә, сонымен осындай тарихтармен бүгінгі Республикалық “QAZBILIM” орталығы қалыптасты. Орталықтың бүгінгі деңгейге шығуына көмектескен барша достарыма, жанашыр жақындарыма үлкен алғысымды білдіремін.
Егер мақсаттар жолында бас аман, ден сау болса “QAZBILIM” – қазақ білімінің кеңістігіне үлкен үлестер қосып, қазақ тілі мен білімінің өркендеуіне, ұрпақ тәрбиесі мен білім сапасының артуына үлкен үлес қосамыз деп сенеміз. Болашаққа үлкен жоспарлар бар, селбестік, әріптестік, істестік келісімдерге ашықпыз!
Ұлымыз ұлағатты, қызымыз инабатты болсын!
Қазақтың әр баласы дарынды,
Дұрыс бағыт беру бізге парыз!