23.11.2024

Гранттар және шәкіртақыға үстеме – Министрлік жастарды қолдау тетіктерін атады

ҚР Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева нақтыланған республикалық бюджет бойынша жастарды қолдау үшін қаражат қандай бағытта жұмсалатынын атады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

«Нақтыланған бюджет жобасына Жастар жылына байланысты толықтырулар енгізілді. Аталмыш бағытта, яғни жастарды қолдау үшін республикалық бюджеттен қосымша 24,6 млрд теңге бөлу қарастырылған», –  Татьяна Савельева Парламент Мәжілісінің ҚР-ның 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын нақтылауға арналған отырысы барысында

Оның айтуына қарағанда, жалпы 10,7 млрд теңгені құрайтын «Жас кәсіпкер» бағдарламасын жүзеге асыру көзделген. Яғни, бұл бағытта «Бастау бизнес» жобасы бойынша жастарды оқыту орындарының саны 15 мыңға көбеймек. Ол курстарда жастарға бизнес-жоспар құру секілді маңызды тақырыптар үйретіледі.

«Алдағы уақытта 18-29 жас аралығындағы 200 адамға 3 миллион теңгелік грант бөлу жоспарланып отыр. Бұл үшін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 600 млн теңге шығындау керек болады. Гранттар инновациялық, ІТ және қажеттілігі жоғары бизнес-жобаларға бөлінеді. Бұл бағыттағы жұмыс кәсіпкерлік тұрғыда жоғары әлеуеті бар жастарды қолдауға сеп болады», – дейді Қаржы министрінің орынбасары.

Сонымен бірге, «Еңбек» жаппай кәсіпкерлік пен тиімді жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бизнес-идеялар бойынша 9 мың мемлекеттік грант бөлінеді.

«Гранттар «Бизнес-бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері курсынан өткен жастарға беріледі. Сонымен қатар, «Жас маман» жобасы шеңберінде биыл 8 млрд теңгеге 180 колледж, жаңғыртылады. Ол қаражаттың 7,3 млрд теңгесі материалдық-техникалық базаны қажеттілікпен қамтамасыз етуге жұмсалады. Бүгінгі күні ҚР Білім және ғылым министрлігі колледжерді тиісті құрылғылармен қамтамасыз ету сұрақтарын пысықтауда», – дейді ол.

Сонымен қатар, шетелдік мамандарды тартуға 720 млн теңге жұмсалады. Вице-министрдің айтуынша, бұл жұмыс колледж қызметкерлерін жабдықпен жұмыс істеуге және сатып алынған жабдықтарға қатысты білім беру бағдарламаларын қайта бағыттауға мүмкіндік береді.

«Сонымен бірге, биыл мектепте, балабақшаларда, арнайы мектептерде, жастарды қолдау орталықтарында, қарттар үйінде қоғамдық пайдалы жұмыстармен айналысатын 10 мың студенттің шәкіртақысын 30 пайызға немесе 6 285 теңгеге өсіру үшін 250 млн теңге бағытталады», – дейді вице-министр.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА