23.11.2024

“Ағылшын тілінде оқытуды мектеп пен мұғалімдер дайын болған кезде ғана жүргізе бастаймыз”

БҚО-ға келген жұмыс сапарында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова осылай деді.

-«Білім саласында көптеген өзгерістер болып жатыр, сол өзгерістерді жүйелі нәтижеге жеткізу керек» деп Елбасы айтқандай, білім саласында атқарылатын жұмыс көп,-деп бастады сөзін Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова. –Алдымыздағы үш жылдың ішінде елімізде 190 мектеп салынады. Ең бірінші апатты жағдайда тұрған және үш ауысымды мектептердің ғимараттары жаңартылады. Әр баланың сапалы білім алуы мен өмірінің қауіпсіздігін басты назарда ұстауымыз керек. Қазір Батыс Қазақстан облысында үш мектептің құрылысы жүріп жатыр. Екінші мәселе, жалпы білім сапасы мен мұғалімдердің кәсіптік шеберлігіне байланысты. Үш жылдың ішінде 144 мың мектеп мұғалімі жаңартылған білім бағдарламасына сай біліктілік арттыру курстарынан өтеді. Биылдан бастап 85 мың сынып жетекшісі мен мектеп психологын оқытатын боламыз. Халықты толғандырып жүрген үштілділікке қатысты айтар болсам, химия, физика, биология, информатика пәндерін жоғарғы екі сыныпта ағылшын тілінде оқытуды кезең-кезеңімен, яғни мектеп пен мұғалімдер дайын болған кезде ғана жүргізе бастаймыз. Оны әр мектеп ата-аналармен ақылдаса отырып, жүзеге асыратын болады. Жоғарыдағы пәндердің мұғалімдерін ағылшын тіліне оқытуға жұмсалатын қаржыны педагогикалық жоғары оқу орындарында мамандар дайындауға жұмсайтын боламыз. Қазір әр екі-үш жылда жаңа мамандық пайда болуда. Сондықтан жастар оқуға, ізденуге, білімін жетілдіруге әрдайым ықыласты болуы керек. Міне, қазіргі қойылып отырған мәселе осы ғана, -деген Күләш Шәмшидинова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, ел экономикасына аса қажет 100 мамандық нақтыланғанын, ал жергілікті әкімдіктермен, жұмыс берушілермен және қоғамдық ұйымдармен бірге өңірлердегі үздік колледждерді анықтау және дамыту қолға алынғанын жеткізді.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА