22.11.2024

Мамандық таңдауда мамандар қандай кеңес айтады?

Қазір талапкерлердің қалаға ағылып жатқан кезі. Бәрінің қолында үлкен өмірге жолдама беретін аттестат, яғни мектеп бітіргенін растайтын құжат бар. Бәрінің арманы – жоғары оқу орнына түсіп, маман атану. Ал мамандық таңдарда талапкерлер нені ескергені жөн? Қоғамға қажетті маман иесі атану үшін ата-анаң мен жақындарыңның ақыл-кеңесіне немесе жүрегіңнің қалауына құлақ асудың маңызы қандай? Қазақ қоғамы қазіргі таңда қандай мамандарға мұқтаж? Бүгінгі тақырып осы турасында болмақ.

«Мамандық» сөзі латын тілінен аударғанда «жұрт алдында сөйлеу, жария ету» деген мағына береді. Ерте заманда мамандықтың көп түрі болған жоқ. Әр адам өзінің өмір сүруіне қажет істермен ғана айналысты. «Заманына қарай маманы». Жаһандану дәуірінде күн сайын жаңа сала мен жаңа саланың мамандары пайда болып жатыр. Сәйкесінше, қызмет түрлері мен мамандықтар да түрліше сипат алуда.

Кез келген жұмыс мамандық деп аталмайды. Еңбектің мамандық деп аталуының өзіндік  шарттары бар. Маман болу үшін арнайы оқып, білім алу керек, маманның білім алғанын растайтын құжаты болады (диплом, куәлік, аттестат немесе сертификат) және еңбегіне сәйкес ақы төленуі керек.

Өз ісінің маманы атану екінің бірінен бұйыра бермейтін бақ. «Өмірде жар таңдаудан және мамандық таңдаудан қателеспеу керек» деген сөз осыдан шықса керек. Кез келген нәрсеге махаббат керек. Мамандық та сол сияқты.

Еліміздің түкпір-түкпірінен арман арқалап келген жас түлектер үшін мамандық таңдайтын маңызды сәт. Жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Шығармашылық мамандықтардың емтихандары басталып та кетті. Алматы – жастардың қаласы. Көшеде болсын, қоғамдық көлікте болсын студенттер мен студент атануға талпыныс жасап жүргендер жетерлік. Біреулер тестілеуде төмен ұпай жинағандықтан еріксіз грант бұйыратын мамандыққа құжат тапсырса, осы күнге дейін басқа кәсіпті армандаған кейбір түлектер ата-анасының қалауымен басқа салаға баруға мәжбүр. Күн сайын осындай оқиғаға куә болумен келеміз.

Мамандықты «мамасының қалауымен» таңдайтындар қазақ қоғамындағы қадірлі мамандықтарды меңгеруге мәжбүр. Алайда, қадірлі мамандықта білім алғандар сұраныссыз маманға айналуы да әбден мүмкін. Мұны да көзіміз көріп жүр. Сондықтан, жас дос, мамандық таңдауда қателеспеу үшін жан-жақты зерттеу жасап алғаның абзал.

Сөзіміз дәлелді болсын деген оймен біз өзі армандаған мамандықты меңгеріп, қиындығына қарамастан қызмет етіп жүрген жас маман мен грант жеңіп алу үшін аты да, заты да таныс емес оқуға түсіп, алайда өзі армандаған салада жұмыс істеп жүрген студенттен мамандық таңдауда нені ескеру керектігін сұрап білдік.

Гүлдәурен Алтынбекова, дәрігер:

Мамандығын сүймегендер оқуды тастап кетіп жатты

Бала күнімізде бәріміз ойын ойнайтын едік. Баланың арман-мақсаты осы ойыннан бастау алып, дамып отыратын сияқты. 13 жасымнан бастап дәрігер болам, адамдарды емдеймін деп шештім. Мектепті ОҚО, қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданында оқып бітіріп, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне оқуға түстім. Алғашында әкем медицина саласының қиын екенін, оқудың ұзақтығын, жердің шалғайлығын айтып қарсылық танытты. Бәрібір арманымнан бас тартпадым.

Әкем мен анам мектепте ұстаздық қызмет етеді. Нағашы жағымнан бір әпкем болмаса, отбасымызда медицина саласын меңгергендер жоқ.

Расымен, медицина саласының қиындығы да, жауапкершілігі де көп. Университет қабырғасында 7 жыл оқыдым. Басқа мамандықтарға қарағанда дәрігерлер көп оқиды және оқу бағдарламасы оңай емес. Менің ойымша, мамандықты махаббатпен таңдаған адам ғана қателеспейді, шаршамайды. Кейбір қатарластарым дәрігерлікті ата-анасының қалауымен таңдаған. Олардың біразы көп ұзамай оқуын тастап, басқа салаға кетіп қалды.

Қазір Ақтөбе қаласындағы №1 қалалық емханада отбасылық дәрігер болып жұмыс істеймін. Күн сайын ұйқыдан қызметіме деген махаббатпен оянамын. Кейбір таныстарым жұмысының қиын екенін, күн сайын жұмысқа барғысы келмейтінін, еріксіз жүргенін айтып шағымданып жатады. Мұндай өкінішке бой алдырмау үшін о бастан өзіңе ұнайтын саланы, өзі жақсы көретін және қолыңнан келетін қызмет түрін таңдау керек деп ойлаймын. Себебі қызметті ата-анаң мен жақындарың, таныстарың істемейді, өзің істейсің.

Қаракөз Амантай, болашақ маман (студент):

Инженер болғым келмейді

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің «Су ресурстары және оны пайдалану» мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Болашақта бұл мамандық бойынша су инженері бойынша жұмыс істеуге болады. Бірақ, менің журналист болғым келеді.

Бала күнімде әскери қызметте істеуді армандайтынмын. Кейін бойжеткен соң әпкеме еліктеп, экономика саласын меңгеремін деп шештім. Ұлттық бірыңғай тестілеуде «Алтын белгімді» ақтауға 2 балл жетпей қалғаны қатты қынжылтты. Тест нәтижесін естігеннен кейін, 1 күн есімді жинай алмадым. Арманым – ҚазҰУ болатын. Оқуға тапсырарда әл-фараби атындағы ҚазҰУ-дан, Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дан мамандықтар таңдадым. Алайда ҚазҰУ емес, ҚазҰТЗУ студенті атандым. Сол кезден бастап өмірдің сынақтарға толы екенін түсіндім.

«Су ресурстары және оны пайдалану»… Үй ұйықтасам түсіме кірмейтін мамандық. Шыны керек, мамандығыма деген қызығушылығым мүлдем болмады. Студенттік өмірімнің алғашқы жылдарында белсенділігімнің арқасында түрлі ұйымдарға мүше болып, шараларға қатыстым. «Шын мәніде кім болғым келеді? Инженер ме? Саясаткер ме? Журналист пе?» деген ойлар жиі мазалады. Ойлана келе, инженер дегенді мүлдем сызып тастадым. Журналист болам деп шештім. Қазір сайтта тілші болып қосымша жұмыс істеп жүрмін. Өзіме журналист болған ұнайды.

Қандай да бір мамандық иесі болуыңыз үшін дәл сол сала бойынша оқудың да керегі жоқ. Маңыздысы қабілетіңіз болуы. Бүгінде техникалық университетте білім алып жүргеніме өкінбеймін. Себебі мен жаным рахаттанатын іспен айналысып жүрмін. Жетістік жолында кездескен сынақтараға қуанамын. Өйткені өмірде кездескен әрбір сынақ мені қайрап, шыңдап келеді.

Мақсат, әрекет, жетістік арқылы адам өз дегеніне жетеді. Сондықтан мақсат қоя білу де, оған жету үшін әрекет ету де, әрекет етіп жетістікке жету де үлкен мәртебе. Талабы зор, мақсаты биік тұлға үшін шешілмейтін шырғалаң мен алынбайтын қамал жеті қат жер астында.

P.S: Оқуға түсерде талапкердің қолында ғаламат күш бар. Ол қара күш емес, болашағына жол ашатын күш. Мықты маман болу үшін осы күшті дұрыс бағытта пайдала білу керек. Жас түлек, ал сен өзіңнің қандай маман болатының туралы ойланып көрдің бе?

zhasorken.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА