22.11.2024

Ақниет Озат. Ана тіліміз туралы бірер сөз

Ғалымдар байқағандай әр тілдің өз ментальдық деңгейлері бар. Бірінші сол тілде сөйлеу ғана болса, ары қарай тереңдей келе сол тілдің мәдениетін, өнерін сіңірумен ерекшеленеді. Сондықтанда жаңа тіл үйрену ләззатты іс, сол тілдің музыкасын,жырын, киносын көре, жаныңа жаңа азық тапқандай керемет күй кешесің. (Түріктің ретро әндерін ,ЛЮБЭ-нің шығармашылығын, Элвис Преслидің музыкасы мен Вестерннің – ковбойлық киноларын түпнұсқада көруде бір ғанибет қой). Бірақ біз көп айта бермейтін тағы бір терең деңгей бар. Ол сол тілді игеру арқылы бойыңа сіңетін ұлттық мінез. Ойымша қазақ тілі: адамдықпен ар-ұяттың, ожданның тілі. Мұны Алаш зиялысы Жүсіпбек Аймауытов «Әр адам мәдениетті бола алады, бірақ әр мәдениетті адам қазақ бола алмайды» (қате болса, жөндерсіздер, осы тақылеттес)- деп түсіндіреді.
Иә біздің ана тіліміз асыл қазына, көлденең келген көк аттыға есігін ашпайды, жолатпайды да. Керек болса өз қазағына да ашпайды. Томаға-тұйық, оны түсіну үшін тек шын мейірлену қажет, болмағанда Гер-ағаңдай (Герольд Бельгердей).
Қазір көптеген жастар қазақ тілінде сөйлемеуінің басты себебі ретінде көбінесе :
1.Қазақ тілі ешқандай ақпараттық технология тілі емес (ғылым тілі).
2. Қазақ тілі менің күнделікті мәдени-досугтык қажеттіліктерімді қамтамасыз ете алмайды, мардымды ештеңе жоқ -дейді. Тіптен даңғаза, ТТТ-мен, ҚН-ның тойшыл поп музыкасы ары қарай бара тұрсын дейтіні бар.
Бірінші сыны орынды. Кез-келген жағдай, мысалы: компьтеріңізде бір ақау болды делік, ағылшынша былай қойып орысша Google-ге «Что делать если…» -деп жазсаңыз, жауабын табасыз. Ал, қанекей бәріміз Google-ге «Компьютердің тышқаны істемей қалса…» деп жазып көрейікші??? Мойындау керек, орыс тілі әлемде интернет кеңістігінде ағылшын тілінен кейінгі ең көп қолданылатын тіл. Оның ішінде сіз бен бізде бармыз.
Ойласам бұл біздің тіліміздің қазіргі ең үлкен кемшілігі. Бұған тіліміз де,оны саф, тұнық күйінде жеткізген бабаларымызда емес, қазіргі ғасырдың қойған ережесіне шыдас бере алмай жүрген, 21-ғасыр қазақтары, яғни біз кінәліміз.
Ал екіншісі орынсыз уәж. Құрманғазының екпінін, Тәттімбеттің сыршылдығын, Қыз-Жібектің, Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың эйфориясын сезіну үшін, кешіріңіз, сізге кәдімгідей деңгей керек. Оны түсіну ерекше бір хәл. Сіз қазақша сөйлеуіңіз мүмкін, бірақ ол тек коммуникация құралы емес. Немесе ол Қайрат Нұртаспен Төреғалидің әніндегі тіл ғана емес. Оның артында бай-дегдар: таным,өнер,музыка, мәдениет жатыр. Сіздің таңдауыңызды құрметтейміз, бірақ «түк жоқ деп» орынсыз күйе жақпаңыз. Ол ашылмас қақпа, тәрізді. Дұрысы сүймегенге тас қамал.Сіздің оған жете алмай, мақрұм қалғандығыңызға біздің еш қатысымыз жоқ.

Рас әр ұлтты бірден-бір ұйытушы құрал- тіл. Осыны ойлағанда АҚШ-да болған бір оқиға есіме түседі. Бәріңіз білетіндей әлемдегі ең ірі агломерацияның бірі Нью-Йорк қаласында сан түрлі ұлт өкілдері мекен етеді. Байқағаным жұмыста, тысқарыда жиналса ағылшын тілімен қатар әртүрлі тілдерде сөйлейді. Мексикалықтар мен Пуэрто Рика,Гондурастықтар испанша, Кот-Дивуар, Ганалықтар французша, т.с.с. Ал бұрынғы КСРО халықтары басы қосылса, әрине, орысша сөйлеседі. Бірқызығы сіз Америкада орысша сөйлесеңіз тура Қазақстанда қазақша сөйлегендей күй кешесіз. Бұл имандай шыным.
Америка қазіргі ең ірі субъмәдениет тудырып отырған ел болғандықтан , бұл жерге не түрлі ақыл-ой иелері, арманы асқақ тұлғалар ағылуда. Сол себепті менде осы жердегі озық қазақ жастарымен танысуға өте ынталы болдым. Ендеше сіздерге тақырыпқа қатысты өзім түйген бір оқиғамен бөлісе отырайын.
Нью-Йорктың Brooklyn аумағы көптеген бөліктерден тұрады. Тіпті: Еврей,Қытай, Италиян, Корей аудандары да бар. Соның бірі: Брайтон Бич немесе бейресми атауы орыстар ауданы. Бұл районға көбінесе АҚШ-қа жаңа келген, тіл білмейтін мигранттар көптеп келеді. Нью-Йорк әкімдігі бекіткен шектік деңгей бойынша қаладағы ең төменгі жалақы сағатына 13 доллар. Ал егер сіз ағылшын тілін білмесеңіз, немесе құжатыңыз дұрыс болмаса онда аэропорттан түсе Брайтон бағытына қарай билет алыңыз. Бірақ ескертеміз ол жерде 13 долларлық жалақы тым көп, жартысын алуыңыз мүмкін, тіпті мүлде ала алмай тегін субботник жасасауыңыз да мүмкін . Әрине бәрі емес, алайда алып шаһар тұрғындары не болса да осы ауданға қарай сенімсіздікпен тіксіне қарайтыны бар. Басы істесе, келе талғаужық етер бірнәрсе таба алған соң, еңсесін көтере сала, көрмегенім сен екен деп Манхэттенге қарай тайып отырады. Ең қызығы Нью-Йоркта Алматылық жігіттермен таныстым. Әуелі қазақша сөйлестім болмады, ақыры орысша сөйлестік. Амал жоқ қалада өскен, орта болмаған, елде ана тілін үйренбеген. Ақжарқын, керемет жігіттер. Өзара орысша сөйлеседі. Бірақ Брайтонның жігіттерімен кездесе қалса, барынша ағылшынша сөйлеуге тырысады, себебі арланады. Ең ауыры өз елімізде жүріп ана тілімізді үйренбеппіз деді. Өкініш байқалады. Мұхит асып барып, өз бауырыңды көріп тұрып ана тіліңде сөйлеп, шүйіркелесе алмау қиынның-қиыны шығар, бәлкім. Менде амалсыз ақыры: «Да, конечно» – дедім.
Өткен күзде Измир қаласындағы «Еге университетінде» болдық. Осы жылы елімізден 100-ден астам қазақ жастары тіл оқу курсына (foundation) түсіпті. Түркияда заң қатал, қайдан келсең де әуелі жетерліктей түрікше үйрен, одан кейін барып қана оқуды бастай аласың. Университет есігінің алдында қазақ жастары көзіме бірден шалынды, қасынан өте бере көбісінің орысша сөйлесіп тұрғанын байқадым. Кейін осы арадағы түрік тілі ұстазы Ибраһим бейден қазақ балалары түрікше қалай үйренуде деп сұрағанымда, көңілі толмайтынын, олардың тілдік ортаға кірмей, өзара өзге тілде сөйлесетінін айтты. Қазақ тілі түрік тіліне туыс, лексикалық түбірлес сөздері көп. Шынтуайтында қазақ тілді адамға түрік тілін үйрену, өзге тілдегілерден гөрі оңайға түспек. (Мұны өз тәжірбиемнен түсіндім). Себебі Астанадағы Юнус Емре орталығында түрік тілін оқу кезінде: араб, орыс тілділерден гөрі қазақ тілділер тезірек үйренетін. Түріктер үшін бұл ұят шығар, бірақ тек біз үшін емес.
Алматылық дегенен шығады, осы менің түсінбейтінім: бізде барлық мектептерде 11-жыл, университетте 2-жыл қазақ тілі оқытылады. Онда неге көбісінің шамасы: «Салем мен Калайсын»-нан аспайды… Осыдан бізде тілді оқытуда кемшіліктердің бар екендігі сезіледі. Жұмыс барысында: шетелдік балалармен көп жұмыс жасайтындықтан материалдарды өз қолыңмен жасауға мәжбүрсің.
Сөз соңында айтарым бізде тіл жанашырлары екіге бөлінеді. Бірі-шала, бірі-толық. Шаласы бірбеткей, себебі сөйлейін десе қазақ тілінен басқа тіл білмейді. Бізге толығы керек. Кей достарым қазақша сөйлеп көрім ем, күлкі болдым, осы орысшам дұрыс екен дейді. Күлсе күлген болар, оны кемсітпейік. Байқасақ, біз оларды тілдік ортаға кіргізбей тұрмыз. Қазақша сөйлейтіндер оның жанарында жексұрын боп қалмасын. Керісінше қуанайық, келеке етпейік, көмектесейік, барынша жанашыр болайық. Солайша ғана біз тіліміздің тектілігін көрсете аламыз.

P.S: Менің бұл ойымда орыс тілін қаралауға деген еш ниет жоқ. Себебі ол әлемдегі ең ірі алты тілдің бірі. Ғылым тілі, ұлы Толстой мен Достоевскийдің тілі. Су алған құдығыңа түкірме. Орыс тілінен көпті үйрендік. Қазірде Google-дан терминнің дұрыс жазылуын қарап отырмын…

Ақниет Озат

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА