22.11.2024

Айбек Мырзатаев: Адамның табысқа жетуі тегіне тікелей байланысты емес

Атыраулық оқушысы математикадан қалайша «абсолютті» чемпион» атанды

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген «Атырау Білім-инновация» лицейінің 9 сынып оқушысы Айбек Мырзатаев айтады.

F: Айбек, математикаға қай кезден бастап әуес болдың? Бұл пән саған несімен ұнайды?

 Математикаға, есеп шығаруға деген алғашқы қызығушылығымды туған әпкем ашты. Ол кезде мен 5-6 жасар баламын. Ал ол болса 9 сынып оқушысы. Өзі қызығып, шығарып жүрген есебін болашақта маған да қажет болады деген оймен үйретіп жүрді. Сөйтіп мен бала кезден бастап математикаға қызыға бастадым. Лицейге келген соң оқушыларды пәндік олимпиадаларға бөлу болады. Сол кезде мен математиканы таңдадым. Әрине, есеп шығаруды көп оқушы қиын көреді. Алайда, көп дайындалса олимпиадаларда жетістікке жету оңай.

F: 2019 жылдың басында өткен халықаралық жарыста үздік атандың. Сайысқа кімдер қатысты, қанша елден және олардың ішінен озып шығу қиын болған жоқ па? Өзіңе қаншалықты сенімді болдың?

– Халықаралық Жәутіков олимпиадасы мен қатысқан сайыстардың ішінде ең үлкені, мен үшін ең маңыздысы болды. Бұл жарысқа математика, физика және информатика пәндері бойынша Ресей, АҚШ, Түркия, Грузия, Белоруссия, Болгария, Дания, Румыния, Сербия, Өзбекстан, Түркіменстан және басқа да әлемінің 18 елінен 520-дан астан оқушы қатысты. Осылардың ішінен 300 оқушыматематика бойынша білімдерін сынады. Шыны керек, мен үшін бірінші үлкен дәрежедегі олимпиада болғандықтан жеңіске жетемін деген ой болған жоқ. Өйткені халықаралық олимпиадаға кіл мықтылар келді. Бірінші турдан кейін нәтижем жоғары болды. Сол кезде менде орын алатын үлкен мүмкіндіктің барын түсіндім. Сосын қалайда орын алуым керек деп, өз-өзімді жігерлендірдім. Сөйтіп, екінші тур қорытындысы бойынша алтын медальға ие болдым. Есептерді шығару бойынша ұпай саным жоғары болғандықтан абсолютті чемпион атандым. Ал сайыста Болгария, Ресей оқушылары өте мықты болды.

F: Алғашқы сайысқа қанша жасыңда, қай сыныпта қатыстың? Қазірге дейін қанша жарыстың жеңімпазы атандың?

– Математиктер үшін қатысатын олимпиадалар көп. Мен лицей атынан еліміздегі және халықаралық дәрежедегі түрлі сайыстарға қатысып келемін. Әрине, әр сайыстың дәрежесі әртүрлі. Әрқайсысынан тәжірибе жинақтап, жаңа достар табамын. Мысалы, 2017 жылы 7 сыныпта оқи жүріп 9 сыныптар арасындағы облыстық олимпиадаға қатысып, онда қола медаль, 2017 жылы тағы да 7 сыныпта оқи жүріп 8 сыныптың халықаралық «Эйлор» атындағы олимпиадасына қатыстым, 2017 жылы Халықаралық «Білім-Инновация» қоры ұйымдастырған КБО (Қазақстан білім олимпиадасы) сайысына қатысып алтын медальды жеңдім. 2018 жылы 8 сынып атынан 9 сыныптың облыстық пән олимпиадасында алтын медальді еншіледім. Сонымен қатар, 2018 жылы республикалық пән олимпиадасында күміс медаль, 2018 жылы халықаралық «Эйлер» олимпиадасында тағы күміс медаль жеңім алдым. Ал 2018 XV Халықаралық Орынбек Жәутіков олимпиадасында «абсолютті чемпион» атанып, алтын медальға ие болдым. Жақында, 2019 жылы облыстық пән олимпиадасында алтын медальді мойныма тақсам, 2019 жылы Азия-Тынық мұхит математикалық олимпиадасында күміс медаль бұйырды. Тағы бір сайыс, бұл 2019 жылы «Жібек жолы» халықаралық олимпиадасында деп аталады, онда күміс медальді қанағат тұттым. Биыл 2019 жылы республикалық пән олимпиадасында абсолютті чемпион болып, алтын медальға ие болғанымды жоғарыда айттым.

F: Сен бірнеше рет қатысқан «Эйлер» олимпиадасының өзге жарыстардан ерекшелігі неде?

 «Эйлер» олимпиадасы расымен де өзге жарыстардан ерекше. Неге десеңіз бұл халықаралық сайыстың сұрақтары Ресейде дайындалады, сол жақта әрбір сұрағы зерттеліп, іріктелініп алынады. Есептері қызық. Өзгеше. Оның жауабын табу үшін логикаға да көп жүгінесің.

F: Тегіңде, отбасыңда математиктер бар ма? Есепке деген жүйріктік кімнен дарыды?

Математикаға алғаш рет қызығушылығым бастауыш сыныптарда басталғандығын айттым. Әкем құрылысшы-инженер, анам – есепші боп жұмыс істейді. Нағашы атам математикаға, есеп-қисапқа өте жақсы болған екен. Ол кісі геолог болған. Отбасымызда төрт баламыз. Екі әпем және бір інім бар. Әпкелерімнің сабақ үлгерімдері жақсы болған. Екеуі де шетелде оқыды. Үлкені Канадада, екіншісі Ресейде. Бір нәрсені анық айтқым келеді. Адамның табысқа жетіу оның тегіне тікелей байланысты емес. Мә, мына бала вундеркинд болды немесе мына баланың тегінде білімді адам жоқ, ол дарынсыз деген түсінік өте қате. 1% талант, дарын болса, қалған 99% таза еңбекпен, жаттығумен, дайындалумен келеді. Егер оқушы ерінбей ізденіп, дайындалса ол сөзсіз жетістікке жетеді.

F: Атыраудағы «Білім – инновация» лицейіндегі оқу жүйесінің ерекшелігі неде? Кімдер сабақ береді? Ұстаздарың кім?

Атырау облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернатына оқуға түспес бұрын Атырау қаласындағы №3 орта мектебінде оқыдым. 6 сыныпты аяқтаған соң лицейге оқуға түсу үшін емтиханға қатыстым. Ұпай саным жоғары болғандықтан лицей тарапынан сол жылы Астана қаласындағы «Нұр-Орда» мектебіне де емтихан тапсырдым. Сынақтан өттім. Алайда Атырауымды қимай, осында қалдым. Лицей туралы көп нәрсені айтуға болады. Оның өзге мектептерден айырмашылығы өте көп. Олимпиадаларға дайындау жағы өте жақсы жолға қойылған. Олимпиадаға дайындалып отырған оқушыларды ең алғаш рет көргенде менің де қызығушылығым оянды. Олармен бірге отырып, өзімнен үлкендер сияқты жеңімпаз атанғым келді. Лицейде жүріп сабақтан тыс сайыстарға дайындала бергің келеді. Осындай атмосфера қалыптасқан. 7 сыныпта алғаш рет лицейге келгенде Ербол Палжанов деген ағайымыз математикаға деген ынтамызды кәдімгідей көтерді. Ол кісі есептерді жақсы түсіндірді. Оған қоса тек жәй түсіндіріп қоймай, жақсы мотивация бере білді. Одан кейін Тынышбек ағай, Әділет ағайлардың да олимпиадаға дайындалуға көп көмектері тиді. Бізде мұғалімдермен қарым-қатынас та жақсы жолға қойылған. Бірге кафеде отырып өз ойыңды ашық білдіре аласын. Қалып қойған тақырыптарынды мұғаліммен байланыс жасап, телефонмен де байланысып иегеріп кетеміз. Түсінбеген есепті басқа уақытта да түсіндіріп береді. Оған қоса дайындық барысында үлкен сыныптар да көмектеседі. Қазір өзім басқа оқушыларға дайындық жүргіземін.

F: Соңғы Республикалық жарыста аталған оқу орны лицей тарихында үздік атаныпты. Оның ішінде өзің «абсолютті жеңімпаз» атандың. Сайыс қанша сатыдан тұрды, қандай есептерді шештің?

-Иә, биылғы республикалық олимпиада біздің лицей үшін табысты болды. Лицейіміз өз тарихында бірінші рет 5 бірдей алтынға ие болды. Сол арқылы 2019 жылдың қорытындысы бойынша республикадағы ең үздік жүз мектеп ішінен бесінші орынға ие болдық. Былтыр он алтыншы орында едік. Лицей директоры былтыр түрлі деңгейдегі олимпиадаларда топ жаруды тапсырған болатын. Осы жолы олимпиадалық команданың дайындығы жақсы болды. Демалыс күндері де іште қалып дайындалдық. Соның нәтижесі де ойлаймын осындай үлкен жетістікке жеткеніміз. Мен үшін республикалық олимпиада есептері жеңіл болды. Өйткені дайындығым көп болды. Оның үстіне оған дейінгі сайыстарда жоғары сыныптардың есептерін шығарып жүрдім. Соның көмегі көп тиді. Математика пәні бойынша шамамен 100 оқушы қатысты. Көрсеткішім жоғары болып, осы жолы да «абсолютті чемпион» деген атаққа ие болдым. Білім сайыстарында осынша медаль аламыз деп жылма-жыл жоспар құрамыз. Сол жоспарға қол жеткізу үшін жұмыс істейміз.

F: Алда әлемдік сайыс күтіп тұр екен. Ол қай елде өтеді, онда талап қандай болмақ, жалпы бұл сайысқа дайынсың ба?

– Наурыз айында Алматы қаласында халықаралық Балкан олимпиадасына қатысу үшін іріктеуге қатысып келдім. Сербия елінде өтетін әлемдік білім додасына еліміз атынан 6 оқушы ғана қатыса алады. Сол құрамаға іліну ілінбеу келер уақытта белгілі болады. Мен тоғызыншы сыныпта оқиын. Ал ұлттық құрама қатарына кіру үшін менен де жоғары сыныптың мықты оқушылары жетерлік. Олардың әлемдік сайыстарға қатысудағы тәжірибелері көп. Енді кімдердің қабылданатының көре жатармыз. Іріктеу маған ең бастысы көп тәжірибе болды. Онда мықты оқушылармен таныстым. Олардың әңгімелерін тыңдап, есеп шығарудағы әдістерін меңгердім. Біз елдегі олимпиадаларда бір-бірімізге қарсылас болсақ, өмірде доспыз. Мамыр айында Ұлыбритания елінде IMOға (халықаралық математика олимпиадасы) қатысу үшін іріктеу сайысы өтеді. Бұл әлемде беделі мықты ең маңызды олимпиада болып табылады. Қазір сол іріктеуге дайындалып жүрмін. Интернеттің олимпиадаларға дайындалу жолында берер көмегі көп. Түрлі халықаралық форумдар бар. Сол форумдарда әртүрлі адамдармен танысамын. Олар тіпті мықты адамдар. Есептер береді. Ол есептердің шешу жолдарын көрсетеді. Интернет форумдар бағыт-бағдар беру жағынан мен үшін ауадай қажет.

F: Алдағы жоспарың қандай? Болашақ мамандығыңның математикамен байланысты болғанын қалайсын ба? Кім болғың келеді? Мақсат қандай?

– Қазір мен 9 сыныпта оқып жатырмын. Лицейді бітіруге әлі екі жыл бар. Нақты қандай оқуға түсетінімді, қандай мамандық таңдайтынымды әзірге шешкен жоқпын. Бірақ осы математика арқылы жетістікке жетіп жүргеннен кейін болашақ мамандығым да соған сәйкес болатын шығар. Елімізге пайдамды тигізгім келеді. Отанымыздың жаңа технология бағытында дамығанын қалаймын.

Азат Сардарбек

forbes журналы

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА