ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова елордадағы «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының бассейнінде мектеп оқушысының өліміне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеше біздің қызметкерлеріміз оқиға орнында болды. Бақылауда ұстап отырмыз. Адамдардың жауапкершілігі мен қауіпсіздікті күшейту қажеттігін айттық. Сол жерде болған куәгерлердің айтуынша, бұл жайт өте жылдам, қысқа ғана уақыттың ішінде орын алған», – деді білім министрі Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар ол балаларды суға жүзуге үйретуді ұйымдастыруға қатысты Білім және Ішкі істер министрліктерінің бұйрығы бар екендігін еске салды.
«Мұндай жұмыс жүргізіліп жатыр. Жазғы лагерьде жұмыс істейтін адамдарға қатысты айтар болсам, әрбір мұғалім балалар өмірінің қауіпсіздігі үшін жауапты. Сондықтан олар оқудан өтеді», – деді ол.
Осы ретте министр аталған оқиғаға байланысты мектептер жанындағы лагерьлердің жабылатыны туралы ақпараттың қаңқу сөз екендігін айтты.
«Мектеп лагерьлері бұрынғы режімде жұмыс істей беретін болады. Қатаңдатуға қатысты айтар болсам, адамдарды жинап, тағы бір мәрте оны қалай жүргізу керектігін, бұйрық болуы тиістігін түсіндірдік», – деді К.Шәмшидинова.
Осы оқиғаға қатысты ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев та пікір білдіріп, қылмыстық іс қозғалғанын айтқан еді.
Еске салайық, 3 маусым күні «Хан Шатыр» СОСО бассейнінде қыз бала суға батып кетті. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.