Тартысқа толы 9 күн. Қолжетпеске айналған 140 балл. Жылаған оқушы, жұбатқан ата-ана. Иә, мектеп бітіруші кез келген түлектің арманы – жоғары балл алу. Тестілеудің дәл осы балдық жүйесі 2017 жылдан бастап өзгерген еді. Содан бері 3 жыл өтсе де, ең жоғары балды қанжығасына байлаған бір ғана түлек Шиара Құдайбергенова болып тұр. Шиара Құдайбергенова бүгінде Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университеттің 1-курсын тамамдады.
Мектеп қабырғасында 11 жыл жүріп жинаған білімнің сынға түсері де осы сәт. Тақымын қысқан ұстаз бен ата-ана түлектен артық қобалжымаса, кем түспейді. Бабы мен бағы қатар жанса құба-құп. Ал егер де сәтсіздіктің қара шырмауына түсіп жатса, мойымаған абзал. Оқимын, ізденемін деген адамға әрқашан мүмкіндік табылады.
Биыл елімізде ҰБТ-ны барлығы 117 242 түлек тапсыруда. Тест базасы былтырғымен салыстырғанда 30 пайызға жаңарған. Тестілеудің алғашқы екі күні өтсе де, ең жоғары балды ешкім иеленбеді. Он алтыншы рет өткізіліп отырған сынақ 30 маусымға дейін жалғасады. Үмітсіз шайтан. 140 балдан үмітіміз үзілген жоқ. Іске сәт, жас түлек!