Елімізде Ұлттық тестілеудің алғашқы үлгілері 1992 жылдан ене бастады. Әуелде арнайы орталық ашылып, жаңа жүйені Қазақстанға қалай енгізіп-бейімдеуге болады деген сыңайдағы сұрақтар зерттеп-зерделенді. Осы бойынша жұмыс істеген мықты мамандар мен сарапшылардың қатарында Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеттің ректоры Тақир Балықбаев, кезінде ұлттық тестілеу орталығын басқарған, қазір Түркістан облысы білім басқармасының бастығы Исатай Сағындықов, Нағашыбек Кәмек, Темірхан Тасболатов, Серік Исалиев сияқты азаматтар еңбек етті. Ал 2004 жылдан бері толық енгізілген ҰБТ-ның артық және кемшін тұстары, сондай-ақ білім саласындағы жалпы кемшіліктер мен жүйе қателіктері туралы екінің бірі нақты айтып бере қоймас. Айтса да, осы саланың «жілігін шағып, майын ішкен» мамандар ғана толық түсіндіре алуы мүмкін. Осы орайда біз EDTECH-KZ халықаралық білім орталығының бас директоры Ғани Бейсембаевты әңгімеге тартқан ек.
– Ғани Бектайұлы, ҰБТ бастау алған шағынан бүгінге дейін өз мақсатына жетіп, міндетін атқара алды ма?
– ҰБТ туралы айтқанда, мұның о баста не себептен, не мақсатпен енгізілгенін түсініп алу керек. Содан бүгінгі ҰБТ жағдайы, оның өзгеру-өзгермеу қажеттілігі, ол өзінің міндетін атқарды ма, жоқ па деген сияқты сұрақтардың жауабын табуға болады.
Өткенге көз салайықшы, алғашқыда ҰБТ өзінің мақсатын орындады. Оның мақсаты – нарықтық жүйеге көшкен кезде адами факторды азайту болды. Яғни компьютер тест тапсырушы түлектен пара сұрамайды деген оймен енгізілді. Осылайша расында алғашында өзінің міндетін атқарғандай еді.
1999 жылы алғаш рет осы тестілеу жоғарғы оқу орындарына пилоттық негізде енгізілді. Яғни жоғары оқу орнына түсу үшін профессордың алдында емтихан тапсырмайсың, тест тапсырасың. Тесттің қорытындысы бойынша жоғары оқу орнына қабылданды. Бір формациядан (социалистік) екінші формацияға (капиталистік) көштік. Есіңізде болса, бұл кезде диплом саудасы қызып тұрды. Жоғарғы оқу орындарында да бүкіл дүние сатылып кетті. Содан халық жүрегі шайлығып қалды. Ол кезде “бір соғымың болмаса оқуға түсе алмайсың” деген ұғым қалыптасып, халық жоғарғы оқу орына грантқа тапсыруға бармай қалды. Мұның салдарынан 1999 жылы грант саны мен талапкердің түсу көрсеткіші екі есе кеміп кетті. Грант бар, түсетін адам жоқ. Сондықтан осы жылы тапсырып, құламаған баланың бәрі грантқа ие болды. Дәл сол уақытта менің туған қарындасым оқуға тапсырды. Ол 120 балдың 80 балын жинап, ең жоғары балл алған түлектер қатарында алғашқылардың бірі болып грантпен оқуға түсті. Осы жылдан кейін елдің сенімі арта түсті. Ректорды танымасаң да, профессордың көмегін алмасаң да, дайындалып оқуға түсуге болатынына көз жеткен соң халық ЖОО-ға оқуға тапсыруға ынта білдіре бастады.
– 2004 жылы жаппай ұлттық бірыңғай тестілеуді енгізудің кезеңі болды ғой?
– Иә, бұл кезде де халық біріншіден, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайын болмады. Оның не екенін білмегендіктен жаппай құлау, төмен балл алу көп болды.
Мен сол жылдары өте терең зерттеп, дайындық курсын аштым. Яғни ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындайтын курс. 20 жылға жуық айналысқанда менің көзімнің жеткені – адамнан қулық артылмайды екен. Оқыған, дайындалған бала оңай оқуға түсіп жатты. Ал оқымайтын баланың ата-анасы айла іздеп тапты. Көп жағдайда Үкіметті қаралаймыз. Бірақ біз өзіміз өзгергіміз келмейді. Осы орайда біздің қоғам жемқорлықсыз өмір сүруге дайын ба деген сұрақ туындайды. Мысалы, ата-ана «баламды тесттен өткізіп бер» деп 5 мың $ береді, бірақ бір жылға 1 мың $ беріп ҰБТ-ға дайындамайды. Ал ақша берген адамы уәдесін орындай алмаса, «Үкімет кінәлі, ҰБТ дұрыс емес» деп шулаймыз. Бірақ «мен пара беріп едім, сондықтан осылай болып жатыр» деп өзімізден айып іздемейміз. Алдадық, арбадық, ақырында ҰБТ-ның парша-паршасын шығардық. Арасында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері де кірісіп кеткен жағдайлар болды. Ондай фактілер тіркелген, ҰҚК мамандары да, ішкі істер қызметкерлері де сотталып жатты. Осындай жемқорлықтың арқасында бір мектептің оқушылары түгел 125 балл алған фактілер де бар ғой. Жаңақорғандағы мектепті есіңізге салайын.
Екінші фактор бар. Өзіміз айғай-шумен ҰБТ-ны «құлаттық» деп ойладық. Алайда әу баста жоспар солай болған. Мектеп бітіру мен ЖОО тапсыру емтихандарын бөлек өткізу жоспарланған дүние. Неге? Өйткені мектеп бітіру бөлек, жоғары оқу орнына түсу бөлек дүние деп қарастырылды. Емтиханды мектептің өзіне бергеннен не таптық? Мектептің мұғалімі өзі бағдарлама жазады, өзі оқытады, өзі тексереді. Егер сіз мұғалім болсаңыз, өзіңізді өзіңіз қаралайсыз ба? Жоқ! Мұғалім өзі үшін оқушыларға жақсы баға қойып береді. Бірақ мұның арты ұзаққа бармайды. ЖОО-ға тапсыратын кезде баланың деңгейі білініп қалады. Сонымен, емтиханды мектепке бергенде не таптық? Біз мектептегі жемқорлықты күшейтіп жібердік. Мысалы, бір жылдары алтын белгі алатын түлектердің саны 40-42 пайыз болатын болса, қазір 98 пайызға жетті. Яғни, мысалы, алтын белгі бойынша тапсырыс берген 5 мың бала болатын болса, ҰБТ-да соның 42 пайызы ғана ақтай алатын. Қалған 58 пайызы ақтай алмайтын. Бүгінгі күні сол алтын белгіні ақтау 98 пайызға жетті. Бұл мектеп директорларының бизнесіне айналғандай. Айтқым келгені, қазір нарықтық заманда емтиханды олай адамның қолына беруге болмайды, адамның тағдырын адамға табыстауға болмайды. Олай етсек, ол жерде бірден жемқорлық күшейеді. Мұны бәріміз білеміз, біле тұра күреспейміз, керісінше, үдетіп, оқуға түсудің оңай жолын іздеуге жүгіреміз.
– Қазір ҰБТ-ны алып тастайық, бұрынғы емтиханды қосайық деп мәселе көтеріп жүргендер бар.
– Мұны кім айтып жүр? Иә, профессорлар, ЖОО мамандары айтып жүр.
Өйткені олар ақшадан, бизнестен қағылды. Қазір ЖОО-да ҰБТ жоқ, бірақ бүкіл оқу орындарында жемқорлық өршіп тұр. Сессияны 70-80 пайыз ақшамен жабады. Ал мұны көре тұра, біз, сіз де, мен де үндемейміз. Бірақ мұның арты жақсы болмайды. Ертең біз түкке жарамайтын мамандарды алған кезде тістейтін бармағымызды таппай қаламыз. Біз сауатсыз дәрігерлерді, сауатсыз мұғалімдерді, басқа саланың сауатсыз мамандарын дайындап жатырмыз. Ал ертең «біздің Қазақстанда жақсы маман жоқ, біздің қазақтар жақсы маман бола алмайды, қазақтар жұмыс істей алмайды, бәрі сауатсыз, біз енді маманды шетелден іздейік» дейміз.
Үкіметтің де, халықтың да оянатын кезі келді. Біз анау айтты, мынау айтты екен деп еріп кетпей, тоқтауымыз керек. Серпіліп, өзімізден бастауымыз керек. Бірақ бастағымыз келмейді. Шындықты біз басқа біреуге қатысты болғанда жақсы көреміз, өзімізге қатысты шындықты ұнатпаймыз.
Біз 60, 70, 80, 90 жылдардың ұрпақтарын улап болған шығармыз, ең болмаса осы 2000 жылдан былай қарай туған балаларды жемқорлыққа араластырмауымыз керек .
Бәрін өз баламыздан бастауымыз керек. Бүгінгі ата-ана баласы емтиханнан өте алмаса, «өлімдей» көріп, «масқара болдым, ұят болды» деп өліп қала жаздайды. Алайда баланы тәрбиелей алмайды. Оқуға түскің келсе дайындал, түсе алмасаң, келесі жолы қайта тапсыр, тағы дайындал деп үйретпейді. Құлап, қайта тұрып үйрену керек. Құлаудан, қателік жасаудан қорықпау керек. Міне, ұлттық бірыңғай тестілеудің қазіргі жағдайы осы детальдарды түсінгенде түзеледі.
Біз ұлттық бірыңғай тестілеу бола ма, басқа бола ма, әйтеуір емтиханды адами факторға тәуелсіз өткізуіміз керек және оны бәріміз мойындап қабылдауымыз керек. Өтпей қалса, өтпей қалды деп көндігуіміз керек. Және оған ешқандай парақорлықты араластырмауымыз керек. Керісінше көрсек, соның жолын кесуіміз керек.
Ағайын-туыс, көрші-қолаң, жақындарымызға түсіндіруіміз керек. 5 мың $ төлеп тесттен өткізгенше, 1 мың $ төлеп репетитор жалдап оқыт баланы. Бір ғана мысал келтірейінші, 2 мың $, 5 мың $ беріп, баланы оқуға түсірді делік. Ол оқуды бітіргенше тағы осынша ақша құйып жүресің. Фундаменті, дайындығы, өз білімі жоқ бала, ЖОО бітіргенше тағы да ақшамен оқиды ғой. Оны шашылып жүріп аман-есен аяқтатқанда, тағы 5 мың $ беріп жұмысқа тықпалайсың. Сөйтіп, бала аяққа тұрып кеткенше 10-15 мың $ құртады. Айналайын-ау, оған 15 мың доллар құйғанша, 200-300 мың теңгеге жақсы мамандарды жалдап оқытса, баланың миынан өмір бақи кетпейтіндей іргелі білім алар еді.
– Бізде баланы ҰБТ-ға мектеп дайындау керек деген ұғым қалыптасқан сияқты. 11 сыныпта тек тест жаттатқызу қаншалықты дұрыс?
– Біз дайындық курстарын керек емес, онда мектепте не оқытады деп жамандаймыз. Мектеп тек қана орта білімнің стандартын беру керек. Сіздің балаңыздың оқуға түсетін-түспейтініне мектеп жауап бермейді. Мектептің міндеті – баланың орташа білімін қалыптастырып беру. Көрдіңіз бе, біздегі білім жүйесіне деген қате, жалған түсінік осы тұстан бастау алған.
Бала тест жаттап жатқан жоқ. Баланы тест жаттатқызып жатқан кәсіби білігі төмен ұстаздар. Яғни ұстаз не айтады, бала соны істейді ғой. Егер бала жаппай тест жаттап жатса, бұл – тест жаттатқызып жатқан ұстаздардың деңгейінің төмендігі. Кәсібилік жетпейді. Өйткені дұрыс мұғалім тест жаттатқызбайды. Мен білетін дұрыс мұғалімдер бүкіл базаны миына қондырып, білмейтін білімін орнына толықтырып беріп жатыр. Ал азаннан кешке дейін тест жаттаған балалардың үлкен нәтиже алып кеткенін көрген жоқпын. Яғни бұл жүйенің қателігі емес, бұл сол жүйеде жұмыс істеп жатқан мамандардың қателігі. Біз оны мойындауымыз керек. Бұл – білім жүйесіндегі ұстаздардың білім деңгейінің көрсеткіші. Басқа түк те емес. Солай оңай ғой, «мә, тест алып келдім, жаттап ал» деп баланың алдына тастай салып, өзінің басқа жұмыстарын істей береді. Басқаға бас ауырта қоймайды. Ал мықты мұғалім үйретеді, балаға қондырады.
Иә, ұлттық бірыңғай тестілеудің кемшіліктері бар. Адам тапқан дүниенің үнемі кемшілігі болады да тұрады. Дегенмен мен бүгінгі күні жемқорлықты азайтуға барынша мүмкіндік беретін осы технология деп түсінемін. Бірақ оны ұйымдастыру да, оған біздің ата-аналардың көзқарасы да өзгеру керек, соған көндігуі керек.
– Сонда ҰБТ-ның бүгінгі форматы тағы өзгеру керек пе?
– Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы әрине, өзгеріп: екі тестілеу болу керек. Мектептегі тестілеудің деңгейі мемлекеттік дәрежеде тексерілуі керек. Сосын барып, содан шыққан нәтиже бойынша жоғары оқу орнында балы саналу керек. Бірақ жоғары оқу орнында баланың таңдаған мамандығына сай қажетті емтихан ғана алынуы керек. Бүгінгідей топырлаған бес емтихан керегі жоқ, бар жоғы екі емтихан алынса да жеткілікті. Бізде ұлттық бірыңғай тестілеуде де, мектептегі тестілеуде де бірегей пәндерден емтихан алады. Керегі не? Мектепте алдық па, жетеді ғой. ЖОО емтиханы өзінің мамандығына қатысты пән болуы керек. Екіншіден, әңгімелесу. Үшіншіден, қазіргі мектептерде кәсіби бағдарлау жүйесі енгізілу керек. Кәсіби бағдарлау жүйесі енгізілмей, бұл мәселе тағы да өзінің нәтижесін бермейді. Себебі ата-ана мен бала өзінің қарым-қабілетінің бейімдігіне байланыссыз фантастикалық мамандықты таңдайды. «Сен есепшіге түссең қалталы, ақшалы боласың» деп ойлайды. Ал баланың есепші болуға ешқандай қарым-қабілеті жоқ. Одан кейін ол бала ауру болады, ол бала жоғары оқу орнында дұрыс оқымайды, оқығысы келмейді. Сосын оған: «сен адам емессің, сенің қолыңнан дәнеңе де келмейді» деп ұрсамыз. Кез келген бала талантты. Кез келген бала дарынды. Ол баланың дарынын ашып, өзіне сай салаға бағыттап жіберсең, сол жердің жұлдызы болып шықпақ.
Мен біздің бүгінгі білім жүйесі мен ата-аналардың психологиясына қарап отырып, осыдан біздің балалар тірі қалып жүргеніне таңғалам. Ата-ана бала арқылы өзінің арманын қанағаттандырғысы келеді. Менің алдымнан талай адам өтті. Мысалы, бір ата-ана келіп: «Балама ІТ мамандығын ұсыныпсыз. Дұрыс емес, мен келіспеймін» дейді. Баладан сұрасаң, өзінің қызығушылығын айтады. Әке-шешесі де баланың компьютерге жақын екенін, оны бағдарламалау арқылы әзірден ақша тауып жүргенін мойындайды. Бірақ сонда да бұл саланы таңдауға қарсылық танытады. Ал себебін сұрасаң: «мен кезінде тележурналист болғым келіп еді. Енді ұлымның тележурналист болғанын қалаймын» дейді анасы. Айналайын-ау, өз арманыңызды балаңызға тықпаламаңыз. Арманыңыз орындалмаған сіздің бір тағдырыңыз бүлінсе, ертең оны балаға тықпалап, оның өз арманы бар екінші тағдырды бүлдіресіз. Баланың өзі жақсы көрген дүниені берсеңіз, ертең содан табыс көзін тауып шығады. Әр адамның өзінің жолы бар. Біздің жақсы көретін адамдарды ең негізгі жақсы көрудің стилі – қолдау. Соған мүмкіндік туғызу, соның дамуына жағдай жасау.
– Жалпы ұлттық бірыңғай тестілеудің айналасындағы шу қай кезде тоқтайды?
– Халықтың санасы өөзгерген, жетілген кезде ғана тоқтайды. Халықтың санасы өспей, бұл шу қандай дүние енгізсең де тоқтамайды. Халықтың интеллектісі өсу керек. Бұл ащы болса да шындық. Сана деңгейін қалай анықтасақ болады? Мысалы, бізде Димашты хит қылмайды, бізде «Чип-чипты», «Аспанға қараймынды» хит қылады. Оған әншілердің қатысы жоқ. Біз, өзіміз, жалпы қоғам кімді тыңдаса, соны жұлдыз қыламыз. Дәстүрлі әнді тыңдайықшы бәріміз. Оны тыңдамайды. Ал, онда мазмұн бар, құндылық бар. Ол жерде ойлану керек. Біздің халық ойланғысы келмейді. Жеңіл-желпі, секеңдеп билей берсе болды. Міне, деңгейіміз – осы. Деңгейге келетін болсақ, түсіндіретін факторлар өте көп.
– ҰБТ-дан кейін мектептердің рейтингісін шығару қаншалықты дұрыс?
– Бұдан қанша бас тартсаң да, ҰБТ жойылған кезде ғана болмаса, былай өзгермейтін дүние. Өйткені бүгінгі күні басқа құрал жоқ. Облыстың әкімі облыстық білім басқармасынан, олар ауданнан, аудандар мектептерден нәтиже сұрап, көрсеткішті анықтайды. Қанша бас тартып, рейтинг жасамау керек дегеннің өзінде оған әкімдер, облыстық білім басқармалары қарайлап отырады. Ол мектептің кім екенін, не екенін көрсететін жалғыз көрсеткіш.
– Білім жүйесіндегі өзгерістерді неден бастауымыз керек?
– Білім жүйесіндегі өзгерістерді сол жүйеге жауапты адамдардан бастауымыз керек.
– Ал біз оған жауапты тек министр деп қарайтын сияқтымыз. Өйткені тек министрді ауыстыра береміз?
– Дұрыс айтасыз. Минстрді қанша ауыстырсақ та, қалыптасқан жүйені өзгерте алмаймыз. Сол үдерісті қамтамасыз ететін ұстаздар өзгермей, мектеп басшылығы өзгермей, ол министрді 10 рет ауыстырсаң да жүйе өзгермейді. Ең бірінші мектептердің директорларын ауыстыру керек. Ең оңай, тиімді жолы осы. Егер мұғалім десек, оның бәрін ауыстырып үлгере алмаймыз, олар көп, бұл – ауқымды жұмыс. Есеп бойынша, білім жүйесінің айналасындағы адамдардың саны 5,5 млн халық болса, оның 1 миллионы – ұстаздар. 7,5 мың мектеп болса, оның 7,5 мың директоры бар. Енді қараңыз, 1 млн ұстаздан гөрі, 7,5 мың директорды ауыстыру оңайырақ. Сондықтан өзгеріс қажет болса, бірінші кезекте басшыларды өзгерту керек. Екінші кезекте мектептің басшыларының орынбасарларын, үшінші кезекте мұғалімдердің өзгеруіне жағдай туғызу керек. Яғни мектептің директорлары оларды жіберіп, оқытып, мықты қылып алуына мүмкіндік туғызу керек. Міне, сонда ғана жүйе тез өзгереді. Министр көп болса, 3 жыл ғана жұмыс істейді. 3 жылдың ішінде ол 5,5 млн адамды өзгертіп бітіре алмайды. Яғни мектеп директорларын тағайындау білім минситрлігінің құзіретіне жаңа форматта көшу керек. Қазір мектеп директорларын әкім тағайындайды. Әкім кімді тағайындайды? Өзіне ыңғайлы, туыс-туған, таныс-тамыр, ақша берген адамдарды тағайындайды. Барлығына топырақ шашпай-ақ қояйын, бірақ ондай көп. Әкімге жақ болсаң тағайындайды, жақ болмасаң керісінше. Сосын кез-келген әкім мектеп директорының деңгейін бағалауға қауқары да, білімі де жетпейді. Оны мойындау керек. Мектептегі директор қандай болу керек, білім министрінен, облыстық білім басқармасынан кем болмауы керек. Осы дүние дұрыс жүйеге келтіреді. Оны қалай жасауға болады? Әлемдік жүйе бойынша, вертикальды-горизонтальды жасауға болады.
Оның барлығы автоматтандырылған жүйеге қосылатын болса, яғни әкім тағайындамайды. Ол үлкен емтиханнан өтеді. Содан кейін білім министрлігі сол жасалынған объективті бағаның негізінде әңгімелесу өткізіп, тағайындап отыратын болса, онда мектептің директорларына барынша сауатты адамдар келеді. Одан кейін министр жауап берсін. Ал қазір тағайындау әкімде, біз мектептің сапасын министрден сұраймыз.
– Министрді ауыстыра беру білім жүйесіне қаншалықты әсер етеді?
– Білім министрін мың рет ауыстырса да, жүйеге ол әсер етпес еді. Егер бізде жалпы білім саласындағы жүйе дұрыс болса. Ал білім саласындағы жүйе дұрыс болмағанан кейін, ауыстырсаң да, ауыстырмасаң да еш нәрсе өзгермейді. Қандай жүйе болуы керек? Білім министрлігіне ешнәрсе тәуелді болмауы керек. Ол келсін, кете берсін. Бір рет қабылданатын мемлекеттік саясат болуы керек. Министр – сол мемлекеттік саясаттың орындаушысы ғана. Ол реформатор болмау керек. Жанында не Үкімет басшысы, не Президент тағайындайтын министрге тәуелсіз білім академиясы болу керек. Ол бүкіл білімдегі өзгерістерді, әлемдегі не боп жатқанын қайнататын қазан деп есептелінеді. Бірақ оның қайнатқанының дұрыс-бұрыстығын қадағалап отыратын тәуелсіз сарапшылар қауымдастығы болу керек. Бұлар министрге де, білім академиясына да бағынбайды. Бірақ мықты мамандар. Бұл мамандар академияның ойына, жасаған дүниесіне әділ бағасын беріп отыруы керек. Екеуінің сараптамасынан кейін, ортақ мәмілеге келген соң, білім министрілігінің ішіндегі сараптамалық орталыққа ұсынады. Үш жақтан жан-жақты зерттеліп-зерделеніп дайын болған дүниені министрге ұсынады. Министр оны заңдастырады. Көрдіңіз бе, министр тек қана заңдастырушы болу керек.
Ал бізде қандай? Бізде білім минситрлігі әрі ғылыми ұйым, әрі методист, әрі өзіне-өзі сарапшы, бәрін өзіне алып алған. Сондықтан министрлік өзіне тең емес жүкті алып алғандықтан қанша министр келсе де, оны игере алмайды. Жұмысты үлгеру үшін де ұйықтамау керек, робот болу керек қой. Ал оған уақыт жетпейді. Егер дәл осы жүйе орындалатын болса, қандай министр келсе де, тырп еткізбей қадағалап отыра алады. Біздің білім жүйесі министрге тәуелді болмауы керек. Білім жүйесі жалпы адамға тәуелді болмауы керек.
Мектепке де сондай шектен тыс жауапкершілік артылған. Баланы оқыту ғана емес, бала ауырса да, жоғалса да, заң бұзса да мектеп жауап береді. Неге? Ал Денсаулық министрлігі, ІІМ не істеп отыр? Олар мектепті тексеріп, айыппұл салуды ғана біледі. Мәдениет министрлігі баланың үйірмелеріне, қаржы министрлігі бухгалтерияны мойнына алып, әркім өз жұмысына жауап беру керек. Біз қашанғы мектеп директоры мен бухгалтерді соттай береміз? Жоғарыда айтқан министрліктердің барлығы бала үшін мектепке зыр жүгіріп қызмет етуі керек. Себебі сол мектептерде сіз бен біздің ғана емес, олардың да балалары оқиды. Ертең билікке келетін, орын алмастыратын осы балалар ғой. Сол үшін баланың білімі мен болашағы үшін бәріміз мектепке қызмет етуіміз керек.
Білімнің көрсеткіші сіз бен менде, бәрімізде тұр. Ал біз тек мектепке, ЖОО-на теліп қоямыз. Бұл – өте қате. Біз осылай кешенді түрде көзқарас жасағанда ғана адам боламыз. Проблема тереңде жатыр, оны ешкім көргісі келмейді. Көрсе де көз жұмғысы келеді, өйткені ол ауыр мәселе. Ұлт ояну керек, ұлт көзін ашуымыз керек, тоқтауымыз керек. Біз өзгермесек, адамның бәрі, тіпті министр де өзгермейді.
– Ал бұл жолда сіздің орталық қандай жұмыстар атқарып жатыр?
– Біздің орталық қоғамды өзгерте алмайды. Біз тек қана ой саламыз.
Мемлекеттік деңгейде әңгіме айтатын болсақ, пайдалы, ой саларлық көп дүние атқарып жүрміз. Мысалы, облыстық білім басқармаларының бастықтарымен педагогикалық ЖОО-ның ректорларының басын қосып, альянс құрдық. Екіншіден, бүкіл республика бойынша сарапшылар қауымдастығын құрып жатырмыз. Сондай-ақ, кәсіптік бағдарлаудың жүйесін жасадым, әр есікті қағып, қайта-қайта барып жүріп соны енгізіп жатырмын. Міне, менің мемлекеттік дәрежедегі ояту тірліктерім осындай болып жатыр.
Ал енді жекеге келетін болсақ, қазір қоғамды өзгерте алмасақ та, ең болмаса ертеңгі күні өзгертетін болашақ министр, болашақ әкім болады ғой деп әр баламен жұмыс істеп, рухын оятып, қажетті идеяны санасына сіңіріп жатырмыз. Мүмкін, белгілі бір жылдардан кейін сол балаларым билікке келе жатар. Қазір де біреуі министрлікке, біреуі прокуратураға аяқ басып жатыр. Әлі олар қатты көріне қойған жоқ, бірақ келе жатыр. Мүмкін солар серпіліс жасар. Әрқайсысына өткен шақтан болашаққа аманат деп, өмір, болашақ туралы әңгімелерді саналарына құйып жатырмын. Менің үлесім сол. Менің алдымнан өткен сол жүздеген-мыңдаған шәкірттің, ең болмаса, біреуі ертең керемет бір көшбасшы болса, тарихи өзгеріс жасайтын болса, онда менің арманым орындалып, еңбегімнің ақталғаны.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: