23.11.2024

Докторант даярлаудағы дәрменсіздік

Ертең елордада дәстүрлі Тамыз кеңесі өтеді. Биылғы іс-шараның бір ерекшелігі, Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, педагогтар кеңесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатыспақ. «Keleshekke – kemel bilimmen» тақырыбында болатын конференцияның пленарлық отырысына 2 мыңнан астам делегат шақырылған. Тәрбиені ту етіп, бала бойына ілім нәрін құюды парыз санайтын педагог қауым – бас басылымның басты оқырмандары. Осыған орай ел газеті жауапты саланың салмақты жүгін жұмыла көтеруге атсалысып, білім беру жүйесінің әр сатысындағы түйткілді тақырыптарды ұдайы қаузап келеді. Балабақшадан бастап, жоғары білімге дейін қамтып, жақында қоғам белсенділері мен майталман мамандардың тұщымды ойларына өзек болған магистратура жайындағы мақала жарияланды. Білім беру қызметкерлерінің әр жаңа оқу жылындағы кәсіби «компасындай» болған Тамыз кеңесінің қарсаңында докторантура туралы сараптаманы назарларыңызға ұсынамыз.

Бюрократиялық бөгеттерден арылмаған

Докторантура – ғылымның бастауы. Алайда елімізде грантта оқып, PhD докторы дәрежесін иеленгендердің бәрі ғылымда қала бермейді. Сонда мемлекеттен бөлінген қаражат қайда кетті? Бұл докторанттарды даярлау ісінің нәтижесіздігі ме, әлде үздіктерді іріктей алмаудан туған мәселе ме?

Аталған ғылыми дәреженің тарихы тым тереңде. «Докторлық деңгейдің өзгерісі» (Changing Doctoral Degrees) кітабының авторы, аустралиялық Кэйт Аланның (Keith Allan Noble) дерегінше, алғашқы докторлық дәреже 1150 жылы Париж уни­верситетінде беріліпті. Тоғыз ғасырлық тарихы бар білім бе­рудің бұл дең­гейі Еуропа елдерінде әбден қа­лып­тас­қан. Ал елімізде оған түсу талап­тары­ның өзі жиі өзгеруде. Бұл жайт үміткерлердің күдігін сейілтпей тұр.

Ұлыбританияның Лестер универ­си­тетінде көші-қон тақы­рыбында диссер­тация қорғап, құқық PhD докторы дәре­же­сін алған Халида Әжіғұлова осы уақытқа дейін толық қа­лып­таспаған қазақ­стандық докто­рантураның қабылдау талаптары шынымен де таланттарды таңдай алмай отырғанын айтады. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен гөрі шетелдік ЖОО-ға түсу әлдеқайда жеңіл. Біз­дегі оқуға түсу талаптары бюро­кра­тизмнен әлі арылмаған. 2013 жылы құжат тапсырып көрге­німде құқықтың  түрлі сала­сынан 150 сұрақты 1 апта қалған­да берді. Онысы – толған теория. Таңдауымдағы көші-қон құ­қы­ғының өзі бір басыма жеткілікті. Бұл сұрақтар емтихан алушылардың өздері қаламайтын, яғни алдын ала белгілеп қойған тізімінде жоқ үміткерді құлатуға құрыл­ған­дай. Ал Британияға құжат тап­сырғанда болашақта нені зерт­тей­тініңіз, қай тақырыпқа терең­дегіңіз келетіні, мо­ти­вациялық эссеңіз сұралады. Айыр­машылық бар ма?», дейді Ха­лида.

Оның айтуынша, еліміздегі қабыл­дауда талап ететін құжаттар да көп ке­дергі кел­тіреді. Элекронды үкімет порталы биылғы мау­сымның соңында жариялағандай, докторантураға емтихан тапсырушылар тізімдегі 9 құжатты өткізуі тиіс. Айталық дип­ломның үш тілдегі қосымшасы бір­дей неге керек? Сондай-ақ кемінде бір жыл­дық еңбек өтілі талап етіледі. Ал шетелде магис­тратура дипломы керек емес. Бака­лаврдан кейін бірден докторантураға құжат тапсыруына болады. «Оған қоса бізде зейнетақы аударымдарын сұрайды. Рек­тордың атына өтініш жазасыз. Ал хирург, терапевт, рентгеннен өткенін дә­лелдейтін медициналық анықтама алдырту – меніңше, жеке басқа қол сұғу. Өйт­кені бұл әр адамның өзі ғана білетін мәлі­мет. Сонда егер адам ота жасатса немесе пневмониямен ауырса, ІІІ топтағы мүгедек болса, білім алмауы керек пе? Бұл – белгілі бір деңгейде кемсіту әрі кей таланттарға тұсау», дейді Х.Әжіғұлова.

 Ағылшын тілі кедергі ме?

Өткен жолы жазғанымыздай, жоға­рыдан кейінгі білім беруде өзгерістер мен толықтырулар бар. Соның ішінде докторантураға түскісі келетін талап­кердің қолында ағылшын тілінен білімін дәлелдейтін халықаралық сертификат (IELTS, TOEFL) болуы тиіс. Сертификат жоқ­ па, ғылымның да есігі жабық. Жыл басында енгізілген өзгерістер кезін­де Білім және ғылым министрі А.Ай­мағамбетов докторантураға тапсыру үшін IELTS-тың шекті балы 6.0 болу керегін жазған еді. Сол кезде: «Қолында 6 балдық IELTS сертификаты бар талапкер қай уни­верситетті таңдайды: шетелдік пе, әлде отандық па? Әлбетте шекара асады. Сонда еліміздегі докторантураның болашағы бар ма?», деген жанашырлық ойда мақала жариялағанбыз. Жақында ғана есеп беру жиынында министр жоға­рыдағы сұрағымызға: «Осы мәселелерді, алуан пікірлерді ескеріп, шекті балл көлемін 6-дан 4,5-ке түсірдік. Сондықтан халықаралық сынақтан осындай көрсет­кіші бар адамға докторантураның есігі ашық», деп жауап берген болатын.

Бірақ осының өзін қиынсынған кейбір үміт­керлер бәрібір шетелдік ЖОО-ның док­торантурасын таңдап жатыр. Соның бірі Динара Қожабаева сертификатқа қа­тысты талапты биыл айтып, биыл енгіз­генін құптамайды. Өйткені ағылшын ті­лін жақсы меңгер­гендердің өзіне IELTS-тан 6 балл алу үшін кемі 1 жыл дайында­луы қажет. «Мен Болгарияда оқуға құ­жат тапсырып жатырмын. Елімізде док­торантураға түсу де, оқу да, қорғау да – мұң. Көзім көрген жайтты айтайын,
10 док­­торанттың 2-еуі ғана диссертация­сын қорғайды. Оған ізденушілер ғана емес, ғы­лыми жетекшінің әлсіздігі де себеп болып жатады және жұмысты өткізетін комис­сия мүшелеріне құда күт­кендей банкет жасап беруің керек. Болгария біз­дегідей өз азаматтарына ғана грант бөледі, мен ақылы болса да сол жақты қолай көріп отырмын. Өйткені аталған елдің Білім министрлігі біздегідей сертификат талап етпейді, тек мемлекеттік университеттері сұра­тады. Ал жекеменшік ЖОО-ларына сертификаттың керегі де жоқ», дейді Динара. Оны бұл ғана қы­зық­тырмайды, Болгарияда ғылыми жұмысыңыз дайын болса, докторантураны 2-ақ жылда бітіріп шығуға болады. Ди­нараның ойынша, тілге деген талап бәрі­бір ғы­лымға кері әсерін тигізеді. Себебі тіл­ді меңгеру де – музыкалық аспапты үй­рену секілді екінің біріне қона бер­мей­тін қабілет. Яғни, тілге икемі жоқ, бірақ ашқан жаңалығын ғылыми тұрғы­дан қор­­ғағысы келетін шын шеберге кедер­гі, ал айласы асқандарға ашық алаң бола­ды. Біздегі докторанттардың көп­шілігі «Scopus» (Scopus – ғылыми жур­налдарда жарияланған еңбектердің ауқымды деректер қоры) журналдарына ғылыми мақала жа­за алмайды. Өйткені ағылшын тілін жетік білмейді, мақала сапасы жарамайды. Бірақ докторантураға түскенде ағылшын тілі­нен жоғары балл жинайды. Бұл ненің бел­гісі? Осыдан-ақ Д.Қожабаеваның: «Ал­матыда докто­рантураға тапсырып көр­генімде 2500 дол­ларға сертификат сатып алуды ұсын­ғандар болды», деге­ніне шүбәсіз сенесің. Сонда бұл жүйе жем­қорлыққа жол ашып беріп тұр ма?

Жалпы, докторантурадағы тіл төңіре­гінде даулы пікір өте көп, қолдайтындар да, қарсылар да жетерлік. Қазақ агро­техникалық университетінің аға оқы­тушысы, химия магистрі Назира Мұхан­бетова: «IELTS, TOFEL сынды сертификаттарды докторантурада қазақ немесе орыс тілдерінде емес, ағылшын тілін­де оқитын болса, талап етсін. Әрине док­торантқа атақты ғылыми журналдарға ағыл­шын тілінде мақала міндетті түрде жазу керек. Бірақ оны сол тілде қалай жаза­мыз, ақшаға аудартамыз ба, таныс­тардан көмек сұраймыз ба біздің қалауы­мыз. Өзім студенттерге ағылшын тілінде хи­мия пәнінен сабақ беремін. Мен тес­тілеу жүйесіне емес, оны барлық үміт­керлерден талап етуге қарсымын», дейді.

Ал профессор Болат Кеңесов: «Кей­бір гума­нитарлық ғылымдарды қоспағанда, магистратура мен докторантураны тек ағыл­шын тілінде оқытуға көшетін кез әлде­қашан келді. Бұл екі білім деңгейі ғылыммен тығыз байланысты, ал барлық негізгі ғылыми білім қазір ағылшын ті­лінде ғана қолжетімді. Көптеген елдер бұл жүйені әлдеқашан енгізді», дейді.

Тілге талап туралы даттаушылар мен жақ­таушылардан бөлек ұсыныс айтушылар да бар. Солардың бір тобы – бакалавриатта ағылшын бөлімінде оқығандар. Әйгерім Оспанова атты әлеуметтік желі қолданушысы: «Менің інім Кембридж университетін бітірді, ал одан сертификат сұрайды. Мазақ секілді», деп жазды. Жас ғалымдар альянсының жетекшісі Әсия Ермұханбетова ағылшынша білім беретін шетелдік ЖОО-лар мен отандық Қазақ-Британ, Назарбаев Университеттерін және «Болашақ» бағдарламасын тәмам­дағандардан IELTS, TOEFL-ды талап ет­пеу туралы өзгеріс енгізуді ұсынды. Шы­нында, бұл артық шығынданумен бір­дей, өйткені IELTS тапсыру 55 мың теңге тұрады.

 Докторант ассистент, иә хатшы емес

Докторантурада оқып жүргендердің көпшілігі ғылыми жетекшінің әлсіздігіне, жұмыс сапасына шағымданады. Бірақ ашып айтудан қашады, өйткені түбінде оның көмегіне мұқтаж болады. Десе де Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің докторанты Нұрлыбек Зинабдин ғылыми жетекшілер докторант­пен толыққанды жұмыс істеуге уақыт бөле бермейтінін айтады. «Олар уақыт бөлмегендіктен ғылыми-зерттеуді және оның нәтижелері бойынша шетелдік импакт-факторлы ғылыми журналдарға мақала дайындауды көбіне докторант өз бетінше жүргізеді», дейді ол. Әлбетте оның сапасы сын көтермейді, оны өз кезегінде белді басылымдар қабыл­дамайды.

Сенесіз бе? Шетелдерде докторантқа уақы­ты мен жігерін сарқитын ғылыми мақаланы жазу міндеттелмейді. «Мен еліміздегі кей докторанттардан 3 жылдың ішінде 7 мақала жазуды талап ететінін естідім. Бұл – мүмкін емес. Бір ғылыми мақаланы жазуға қаншама уақыт, қаржы (кейбір мұрағаттар мен қалаларға бару қажет), күш керек. Мақаламен алысып жүретін адамның өз диссертациясын жазуға еш уақыты болмайды. Осыдан соң сапа туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз», дей­ді Х.Әжіғұлова. Оның айтуынша, Еуропа елдерінде, мәселен, Англияда докторант ғылыми мақала жазуға тиісті емес, бар назарын ашатын жаңалығына және сол туралы жазатын диссертациясына бөледі. Бұдан бөлек, Халида отандық ғылыми жетекшілер кәсіби этиканың қарапайым элементтерін сақтамайтынын айтады. «Көптеген ғылыми жетекшілер докторантқа дәрісін өткізіп бере салатын ассистент немесе шаруаларын тындырып бере­тін хатшы ретінде қарайды. Осының өзі болашақ ғалымның ғылымға деген теріс көзқарасын қалыптастырады», дейді ол.

Докторантурадағы қордаланған мәсе­ле­лерді шешу ғылыми жетекшілердің жұмысы мен кәсібилігіне келіп тіре­летінін профессор Б.Кеңесов те ма­құлдайды. «Докторантты кафедра емес, ғылыми жетекші таңдауы керек. Жауапкершілік өздеріне артылғанда, олар ешқашан нашар ізбасарды іріктемейді», дейді ол. Оның ойынша, жетекшілерге қойылатын талап күшейтілуі керек.

Жұмыс жағдайға, нәтиже талапқа тәуелді

Докторанттың ізденуіне жеткілікті жағдай жасалмағаны көптен бері көте­ріліп келеді. Сыртта білім ғана емес, ғы­­лым­мен айналысудан ләззат алып кел­­гендер аузының суы құрып айтатын кітапханалардың интерьері мен док­­торанттардың әрқайсысына бөлінген арнайы жұмыс орнын былай қойғанда, бізде жалпыға ортақ қажеттіліктермен де қамтамасыз етілмеген ЖОО-лар бар. Бұл оқу ошақтары мемлекеттен грант алып, докторантураға талапкерлерді қа­былдайды. Ұлттық университетте оқитын докторант Н.Зинабдиннің өзі: «Бізде ғылыми-техникалық база әл­сіз, зертханалар аз. Сондықтан көбі­не жарияланған материалдардың қорытын­дыларына сіл­теме жасап, пайдаланатын кездер болады», дейді.

Шетелдерде докторлық диссертация­лар ашық кітапханаларда жарияланады. Түпнұсқасын алып та, онлайн түрде оқуға да болады. Кім қалай, қай бағытта жазды, не қозғалды, осыған дейін қандай жаңалық ашылып, қорғалды? Барлығына жауап табуға болады. Елімізде бұл жасырын, адамның аты-жөні мен жұмыс тақырыбы ғана белгілі. Олардың көпші­лікке көрсетілмеуі күдік туғызады. Неге бұл шетелде ашық, бізде жабық мәлімет? Осының өзі жолбикелердің атақ алуына жасалған жағдайдай көрінеді. Ал біз мұнда: «Жаңалық ашпайтын шоу бизнестің жұлдыздары мен оны патенттеу түгілі кабинеттен шықпайтын шенеуніктерде докторлық дәреже қай­дан жүр?», деп бас қатырып әлекпіз. Ашық­тық пен әділдік оқуға қабылдауда ғана емес, бітіргеннен кейін де талап етілуі тиіс. Бұл адамға жауапкершілік жүктейді.

Талапкерлер арасынан таланттыны таң­даудан бастап, докторды даярлау, дәрежені бергенге дейінгі барлық жұмыс жүйелі және жұртшылыққа жария түрде жүзеге асқанда ғана докторантура майталман мамандарды даяр­лайды һәм ғылым дамудың даңғыл жолына түседі.

 

 

Айдана Шотбайқызы

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА