23.11.2024

100 жаңа оқулық жобасы қазақ тіліндегі кітап индустриясына серпін әкеліп жатыр – Мұхтар Сеңгірбай

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асырылғалы бері 2 жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында әлемдік деңгейде танымал 48  кітап қазақ оқырмандарына жол тартты.

Биылдан бастап аталған жобаның үшінші кезеңі жүріп жатыр.  Осы орайда аталған жобаның басы-қасында жүрген белгілі журналист, Философия докторы (PhD), Ұлттық аударма бюросының бас редакторы Мұхтар Сеңгірбаймен Қазақпарат тілшісі сұхбаттасқан екен. Біз де сол сұхбаттың толық нұсқасын оқырмандарымызбен бөліскенді жөн санадық.

– Үшінші кезеңдегі аударма процесі қалай жүріп жатыр? Қандай оқулықтар аударылады? Аударма жұмыстары қай кезеңге келді?

– Өздеріңіз білесіздер біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында басталған «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасының үшінші кезеңіне өттік. Кітаптардың көбінің аудармасы бітіп қалды, біршамасында аудармадан кейінгі редакциялау, түзету, беттеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл кітаптар жыл соңында, алдағы жылдың басында жарық көруі керек. Жарыққа шыққанда тұсаукесерін өткіземіз.

Қазақстандық кітапханалар қандай саладағы әлемдік білім қазынасымен толығатын болады?

– Жаңа 30 кітап Англиядағы азаматтық құқық, келісімшарт құқығы, зияткерлік меншік құқығы, жаһандану және халықаралық саясат, саяси философия, педагогика, этика, эстетика, әлем музыкасының тарихы, театр тарихы, кино өнері, киносценарий жазу, тарихи антропология, тарихи этнология, жеке қаражат, статистика негіздері, зерттеу әдістері, макро және микроэкономика сияқты алуан түрлі тақырыптарды қамтиды. Бұл кітаптар ағылшын, француз, орыс тілдерінен аударылып жатыр. Көпшілігі өз саласының аса беделді ғалымдарының әлемге әйгілі еңбектері. Мәселен, Жил Делөздің «Синема» кітабы екі том болып шықпақшы.

Кітаптардың аударма, редакциялау жұмыстарына беделді мамандар, ғалымдар, аудармашылар қатысып жатыр. Олардың арасында Жамбыл Артықбаев, Ақтолқын Құлсариева, Гүлжаухар Көкебаева, Гүлжихан Нұрышева, Әлия Бөпежанова, Дидар Амантай, Танагөз Ілиясова, Қайрат Молдашев, Серік Бейсембаев сияқты өз саласының ғалымдары мен әдебиет майталмандары бар.

– Бір кітапты аудару үшін қанша адам жұмылып жұмыс істейді? Бір кітапқа қанша уақыт кетеді?

– Әр кітаптың көлемі мен мазмұнына, мәтінге байланысты аудармаға қатысатын адам саны әркелкі. Оның үстіне кітапты әзірлеу процесінің кезеңдерінде оған түрлі мамандар қатысады. Алдымен аудармашылардың қолынан өткен мәтін ғылыми және әдеби редакторларға келіп түседі. Бір кітапта 1-ден 7-8 аудармашы болуы мүмкін. Аудармашыларға тілді білу, саланың терминологиясын түсіну бойынша қатаң талаптар қойылады. Әдеби және ғылыми редактурадан өткен соң оны «Ұлттық аударма бюросының» редакторлары мен корректорлары тағы тексереді, түпнұсқамен сәйкестігіне көз жеткізеді. Бюрода әр кітапқа тағайындалған жауапты шығарушы оқулық баспаға кеткенге дейінгі барлық процесті қадағалайды. Аударма – өте күрделі, ұзақ процесс. Оған жарты жылдан 1-1,5 жылға дейін уақыт кетеді.

– Бұл жұмыстар Қазақстандағы аударма ісінің дамуына, жетілуіне септігін тигізіп жатыр ма?

– Қазақстандағы ең ауқымды ғылыми әдебиетпен бір мезетте жұмыс істеп жатқандықтан, қазір «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми терминологияны қалыптастырып, аударма ісін жолға қоюдың қайнаған қазанына айналды. Терминдерді апробациядан өткізіп, ғылыми айналымға енгізу бойынша Тіл саясаты комитетімен, Мемтерминкоммен тығыз ынтымақтаса жұмыс істеп жатырмыз. «Тіл қазына» орталығы мамандары біздің аудармашы, редакторлармен байланыс орнатып, мәселелерді талқылап отырады.

Бағдарлама аясында аударылып жатқан оқулықтардың көбі тиісті ғылым саласындағы терминологияны қалыптастыруға жол ашып жатыр. Сала мамандары, беделді ғалымдар мен білікті филологтар жаңа терминдерді қалыптастыруға көп күш салып жатыр. Бұл жоба біраз кібіртіктеп қалған ұлттық терминжасам процесіне қозғау сала алса, бұл да – ұлттың рухани жаңғыруының бір белгісі болса керек.

Біз байқаған тағы бір жаңалығы – бұл жоба жалпы қазақ тіліндегі кітап индустриясына, ғылыми-көпшілік аударма ісіне серпін әкеліп жатқан сияқты. Қазірдің өзінде түрлі ғылыми, ғылыми-көпшілік, әдеби және мотивациялық кітаптар шығаруға бет түзеген ұйымдар бой көтеріп жатыр. Бұл да болашақта тілдік ортаның сапалы, мазмұнды болуына, сол арқылы жалпы қазақ тілінің мәртебесін көтеруге сеп болады деп үміттенеміз.

Үшінші кезеңде қазақ әдебиетінің алты тілдегі антологиясы шықты, қажетті 30 оқулық аударылып болды. Одан бөлек қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Одан бөлек бізде сөздіктер жасалып жатыр. Сөздіктер жобасы «Рухани жаңғыру: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының аясынан тыс жатқан бөлек жоба, бұл жұмысқа да «Ұлттық аударма бюросы» жалпы басшылық жасап отыр. Филолог мамандардың қатысуымен Оксфорд университеті баспасымен бірге «Әлеуметтік ғылымдар сөздігі», «Оксфорд Экономика сөздігі», Оксфорд қазақ-ағылшын сөздігі әзірленіп жатыр. Бұған қоса белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының басшылығымен «Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі» дайындалды. Бұл кітаптар осы жылдың соңына дейін шығады деп жоспарланған.

Осы оқулықтарды қайдан алуға болады? Сатылымға шығарыла ма? Жүктеп алуға бола ма?

– Оқулықтар он мың данамен басылып, университеттер мен колледждерге таратылады. Қазақстанның ашық университеті – openu.kz порталында кітаптардың электрондық нұсқаларын оқуға болады. Кейбір кітаптардың аудионұсқалары да жасалады. Кітаптарды жүктеп алу әзірге мүмкін емес. Кітап дүкендеріне тек оқырман арасынан көп сұраныс тудырған кітаптар аз тиражбен шығарылады. Бұл коммерциялық жоба болмағандықтан, кітаптар өзіндік құнымен (кітап дүкенінің үстемесін қоспағанда) сатылады.

Әңгімеңізге рахмет

 

Гүлмира Ғосманәли
Қазақпарат агентігі

 

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА