22.11.2024

Ахмет Байтұрсын. Қазақша оқу жайынан

Қазақ ішінде әр жерде бала оқытатын адамдардан бала оқытуға программа (жосық) көрсетілсе екен деген өтініштер келеді. Бұл күнде қазақ арасындағы оқу жосықсыз һәм жосық жасауға болмайды да. Өйткені қазақтың бастауыш мектебінде оқитын кітаптар белгіленбек түгіл, әлі шыққан да жоқ. Жаңа ғана әліппе шыға бастады. Оның да қайсысы оқылары белгіленген жоқ. Әліппеден әрі оқытатын кітаптар әлі шыққан жоқ. Дін жайынан оқытатын, есеп оқытатын, жағрафия һәм тарихтан қысқалап хабар беретін кітаптар әлі шыққан жоқ. Сондықтан программа деген сөз әзір ертерек. Әуелі біз бала оқытатын кітаптарымызды түзеп, сайлап алып, сонан соң неден бастап, неге шейін оқытатынымызға жосық белгілеуге дұрыс.

Бұл сөзді қоя тұрып, мұнан бұрынырақ ескеретін бір жұмыс бар. Ол мынау: бір нәрсені істегенде, сол істі істей білетін адам істесе, шапшаң да, жақсы да істейді. Бұл жалғыз қол ісі емес, ми ісінде де солай. Мал бағатындар мал бағуын жақсы білерге керек, ел бағатындар ел бағуын жақсы білерге керек. Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге керек. Бала оқытуын жақсы білейін деген адам, әуелі, балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. Оны білуге баланың туғаннан бастап, өсіп жеткенінше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын білерге керек. Баланың ісіне, түсіне қарап, ішкі халінен хабар аларлық болу керек. Ол үшін бала турасындағы ғылымды білерге керек. Бұл күнгі ғылымды жұрттарда бала оқыту жұмысы бала оқыту ғылымын оқып шыққан адамдардың қолында. Сол ақылға да дұрыс. Судья судьялық ғылымды оқығаннан болғанда, доктор докторлық ғылым оқығаннан болғанда, мұғалім мұғалімдік ғылымын оқып шыққан адамдардан болу тиісті.
Біз болысымыз басқа жұрттың болысындай елді баға алмайтын мінін айтып жатырмыз, билерімізде судьядай әділдік жоқ мінін айтып жатырмыз, дәрігерлеріміз, бақсыларымыз доктордай ауруды емдей алмайтын мінін айтып жатырмыз – халқымыздың басқа жұрттай білімді емес, надандық мінін де айтып жатырмыз. Бұлардың мінін айтқанда, бала оқытуымызда қандай мін барын да айтып, әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқуменен түзеледі. Бұл күндегі үлкендердің көбі біздің жаңалық ісімізді жатырқап, жаңалық пікірімізді түсінбей, айтқанымызды тыңдамай, істегенімізге қосылмай отыр. Олар өтіп, кейінгі жастардың да заманы жетер. Жаңалыққа жастар мойнын бұрып, қайрылар, халық түзелуінің үміті жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі – бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс.
Қазақтың оқу жұмысы бұл күнде школада: қазақ балаларының бір парасы орысша оқып жүр, бір парасы ескі молдалардан оқып жүр, бір парасы соңғы замандарда ғана жаңа жолмен оқи бастады. Орысша оқығандар оқыту һәм тәрбиелеу ғылымын оқыған адамдардың қолында. Орысша оқығандар оқыту һәм тәрбиелеу ғылымын оқыған адамдардың қолында. Орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, керек болғанда, қазақша оқығанның үстіне керек. Қазақша оқи, жаза білген соң, шама келсе орысша да білу қажет. Ескі жолдың оқуын сөз қылып қозғамайын.
Бүгін бар, ертең жоқ болатын нәрсе. Дүния тегершігі кейін айналмайды. Ескі мен жаңаның (оқытуға) шыдамдылығы бірдей емес. Ескі әлі – ақ тозып, жыртылып, пара – пара болып, тұтынудан шығады.
Жаңа жолдың оқуы жаңа оқып шыққан жас мұғалімдердің қолында. Бұлардың күштері тың, білімдері соны, пікірлері жаңа. Ниеті жұртына қызмет ету. Бұлар білгенін, тапқан – таянғанын жұртынан аяп қалатын емес. Қазақтың бастауыш мектебін қолдарына алуға лайық адамдар әр жайдан хабардар: дүнияда не істеліп, не қалыпта тұрғанынан бұлардың мағлұматы мол.
Қысқасы, қазақ арасында білім нұрын жаюға нағыз қолайлы адамдар.
Бұлардың бір кемшілігісол: бала оқыту ғылымын оқығандары ішінде кем болады. Сондықтан көбіне бала оқытуында кемшіліктері – қазақ мұғалімдері түгіл, ноғай мұғалімдерінің көбі дыбыс айыру жағына шорқақ көрінеді. Дыбысты жақсы білмей усул сотие (жаңаша оқыту тәсілі) жолымен жақсылап бала оқытуға болмайды. Мен көрген медресе «Ғалия», медресе «Хұсайниядан» шыққандардың азы болмаса, көбі қазақ тілінде қанша һәм қандай дыбыстар бар екенін жақсы білмейді, көбі қазақ тіліндегі дыбысты араб харпіне қарап есептейді. Араб харпі дұрыс келмейтін дыбыс қазақ тілінде бар болса да, жоққа санайды. Қазақ тіліндегі дыбысты жақсылап білмей, қазақ балаларын усул сотие жолымен жақсылап оқытуға болмайды.
Екінші кемшілігі – қазақ мұғалімдері де, қазақ ішінде бала оқытатын ноғай мұғалімдері де оқуды дыбыспен жаттықтырудан бастамйтын көрінеді. Ол дыбыспен жаттықтырудың оқуды, жазуды жеңілдетуге пайдасы көп екенін я білмегендік, я білсе де істеп көрмегендік. Дыбыспен балаларды жаттықтыру оқу мен жазу үйретудің негізі, істің басы түзу басталса, барысы да түзу болмақшы.
Осы айтылған кемшіліктерін түзеу мұғалімдерге қиын емес. Қазақ тіліндегі дыбысты қазақ сөздерінің ішіндегі дыбыстарды айырып байқаумен білуге болады. Дыбыспен дыбыспен жаттықтыруды олай оқыта білетін адамдардың оқытқанда істеген ісінен көріп үйренуге болады я білетін адамдардан 10 – 15 күн сабақ алып үйренуге болады.
Бұлардың бәрі де балаларды қинамай, оңай оқытуға керек нәрселер. Қиналмай оқыса, оқуға балалар қызықпақшы, балалары тез хат білсе, ата – аналары балаларын оқытуға ықыластанбақшы. Ата – анасы баласын оқытуға ықыластанса, оның оқуына керек расходты шығынсынбас еді. Сөйтіп, мұғалім жақсы оқыта білгені қазақ ішіндегі оқушыларды көбейтіп, оқу ісінің шапшаңырақ ілгері басуына күш береді.

1913ж.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА