Елімізде соңғы бірнеше жылдан бері инклюзивті білім беруді жүзеге асырып келе жатқан мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдары кешенді іс-шараларды белсене атқарып келеді. Соның бір айғағы ретінде жуырда Нұр-Сұлтан қаласында «Шекараларды кеңейте отырып – әлемді ашамыз» атты балалар фестивалі өтті. Аталған халықаралық жиынға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан елдерінен келген ерекше мұқтаждықтары бар елуге тарта бала қатысты.
Балалардың тұлғалық және әлеуметтік бейімделуін жүзеге асыруды мақсат еткен фестивальды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Білім беруді жаңғырту орталығы мен №10 мектеп-гимназиясы ұйымдастырып отыр.
Фестивальдың алғашқы күні балалар мәдениет пен тарихтың ошағы саналатын қаланың мәдени орындарын араласа, екінші күн спорттық сауықтыру шараларымен жалғасты. Ұлттық музейде арнайы экскурсиядан кейін «Ұлттық ою-өрнек өнері» және «Киіз басу» атты шеберлік сағаттары өтті. Кіші ғылыми қызметкерлер Зухра Баянова, Кенжегүл Сейітжанова сынды білікті мамандар балаларға халқымыздың қолөнер қазынасы – киіз туралы баяндап, киіз басудың жаңа технологиясымен таныстырып, жүнді киіз басу техникасында панноны өздігімен дайындауды үйретті.
Музей мен білім беру мекемелерінің ықпалдастығына бағытталған білімнің гуманитарлы жаңаруы бағытында ауқымды жобаларды бірнеше жылдан бері ұсынып келе жатқан Ұлттық музейдің педагогика және балалар шығармашылығы бөлімінің жетекшісі Гаухар Садыбай «Көшпелілердің ғаламат өнер табысы – қазақтың киіз үйі арқылы оқушыларға көп нәрсені жеткізуге әрекеттендік. Қасиетті шаңырақтың ерекшеліктері арқылы тарихқа, мәдениетке деген құрмет сезімін қалыптастыруға тырыстық», дейді.
Ал Әзербайжаннан келген педагог Афет Ашумова – зағип және нашар көретін оқушыларды оқыту саласында 42 жылдық тәжірибесі бар беделді ұстаз. Бүгінгі фестивальға өзі ұстаздық ететін мектептің бірнеше оқушысын ала келіпті. Көпті көрген маман оқушының білім алуын жалғастыруға және қоғамның толыққанды өміріне араласу үшін қажетті жалпы білім берудің іргетасының мықты болғанын дұрыс деп біледі. Өйткені бұл жолдан өзі де өткендіктен болар, мүмкіндігі шектеулі оқушының даму ерекшеліктерін зерттеу, білім беру процесіне қосудың тиімді түрін таңдауды бір кісідей түсінеді.
– Мен көрмейтін және нашар көретін балаларды оқытатын мектепте жұмыс істеймін. Өзім де осы мектептің түлегімін. Көзімнің көрмеуі өмірде, қызметте көптеген белесті бағындыруыма кедергі болған жоқ. Сондықтан балаларды да оптимистік рухта тәрбиелеуге, қиындықтардан қаймықпауға шақырамын. Кез келген кедергілерді жеңіп шығуды, арман-мақсатқа жетуді үйреткіміз келеді, – дейді Афет ханым.
Мұндай халықаралық жиындар әлемдік қоғамдастықта сапалы білімге тең қолжетімділікті жүзеге асырудың тиімді механизмдерінің бірі ретінде танылған инклюзивті білім беру жүйесін жандандыруда аса маңызды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жаңа формация мұғалімі Сәуле Сағымбаеваның айтуынша, инклюзивті білім беруге қолдау көрсетіп отырған басқа ресурстық орталықтармен байланыс орнату мен серіктестік білім беруді дамытудың тиімді жолдарын іске асыруға мүмкіндік береді.
– Инклюзивті білім беру орталықтарының мүмкіндігін кеңейтуде дәл бүгінгідей жиындар өте қажет. Мұндағы түпкілікті мақсат – көзі нашар көретін және зағип балаларды әлеуметтендіру және өзін өзі іске асыруы, тез өзгеретін әлемде өмір сүруге үйрету. 2015 жылы астанадағы №10 мектеп-гимназиясында көзі нашар көретін және зағип балаларға арналып сыныптар ашылды. Қазір 170-тен астам оқушы білім алып жатыр, – деді жиынның ұйымдастырушысы, педагог Сәуле Сағымбаева.
Кейінгі жылдары әзірленген құқықтық нормативтер, қоғамда жүргізілген белсенді ағарту жұмыстары инклюзивті білім берудің қазақстандық тәжірибесінің дамуына жан-жақты ықпал еткені рас. Дегенмен мамандар аталған білім беру тәжірибесін кеңінен тарату қарқынды ғылыми әдістемелік, кадрлық және материалдық-техникалық қолдауды қажет ететіндігі әлі де ескеретін жайт екенін айтады.
Ая Өміртай
“Егемен Қазақстан” газеті