Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше елордадағы №23 орта мектепке барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мектепті аралау барысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Президентке астананы дамыту жөніндегі кеңесте берілген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл 5 мың орындық 6 жаңа мектеп, ал 2020 жылы 10 мың орындық 12 мектеп пайдалануға беріледі.
Мемлекет басшысына Елорда халқының 25 пайызы тұратын қала аумағындағы 16 тұрғын үй алабын дамыту жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асырылу жайында да мәлімет берілді. Сондай-ақ Алтай Көлгінов қазіргі уақытта қалада үш ауысымды 8 мектеп барын, осы мәселені шешу үшін жыл сайын 12 мектеп салу қажеттігін айтты.Сонымен қатар әкім Президенттің тапсырмасы бойынша бұқаралық спортты дамыту мақсатында 4 жаңа спорт нысанының құрылысы басталғанын хабарлады.
Мемлекет басшысы №23 мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу кабинеттерін аралады, оқушылармен және мұғалімдермен әңгімелесті. Мұғалімдер Президентке мектептің қажеттіліктері туралы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев мектептің түйткілді мәселелерімен таныс екенін, аталған ауданда қысқа мерзім ішінде жаңа мектеп салу жөнінде тапсырма бергенін атап өтті.
– Бұл – іске асатын жоспар. Сіздерге алдағы уақытта жаңа мектепте жұмыс істеуге мүмкіндік болады, – деді Мемлекет басшысы.