22.11.2024

Асхат Алимов. Мектеп директоры қызметінің бір қыры

Директор мұғалімдерде кәсіби біліктіліктілікті тұрақты түрде дамыту дағдысын қалыптастыруы керек.
Мысалы, мұндай дағды әлі де қалыптаспаған мектепте директор мұғалімдерге осы мақсатта әдістемелік көмек көрсетуді өз қолына алып, өзі бастауы қажет.
Менің тәжірибемде мынандай бір жәйт орын алды. Менің Алматы қаласында бір мектеппен тығыз қарым-қатынас құрғаныма бес жылдай болды: анда-санда болса да сабақтарға қатысып, мұғалімдермен кездесіп, олардың сұрақтарына да жауап беретінмін, кейде мектеп басшылары курсында оқитын тыңдаушыларды да сол мектепке апарып, мектеп ахуалымен таныстыратынмын.
Осыдан екі жылдай бұрын, ұмытпасам, қазан айында сол мектептің директоры Б.Ш. менімен сөйлесіп, былай деп сұрады:
– Мұғалімдердің сабағына қатысып, оларға конструктивті кері байланыс беру арқылы кәсіби біліктіліктерін арттыруға көмек көрсетсем деген ойым бар. Алайда «Сабақтарды дұрыс талдай алар ма екенмін? Мұғалімдерге көмектесемін деп жүріп, керісінше, оларды қажытып алмаймын ба?» деген күмәндарым бар. Сол себепті де, ағай, біздің мектепке келіп, сабақтарға қатысып, сабақтарды талдап, мұғалімдерге кері байланыс берсеңіз қайтеді? Мен қасыңызда жүріп, соларды сізден үйреніп алсам!
«Ынтасы бар адамдарды үйреткен оңай» деген қағидаға сәйкес «Үйренемін!» дегендерден қашпайтын тренерлердің әдеті бойынша мен де келісе кеттім. Бір аптаның ішінде оншақты сабаққа қатысып, директордың көзінше сабақтарды талдап, мұғалімдерге кері байланыс ұсындым, олардың өз тәжірибесінде қандай мәселелерге жіті назар аударып, қай бағытта жұмыс жасауға болатындығын бірлесе пысықтадық. Мен директорға сабақты бақылау мен бағалау бойынша аз-маз ақыл-кеңес айтып, біраз материалдарыммен бөлістім.
Бір аптадай уақыт өткен соң сол мектептің мұғалімдерінің ерекше белсенділігін байқадым: олардың маған телефон соғып, кеңес сұрау жиілігі күрт өсіп кетті, электрондық пошта арқылы маған ҚМЖ-ын көптеп жіберіп, кері байланыс сұрай бастады, кейбіреулері тіпті мені жұмысқа іздеп келіп, консультация ала бастады. Әрине, бұл белсенділік мені қатты қуантты. «Барлық мектептердің мұғалімдері осындай болса ғой! – деймін армандап: «Білмегенін сұрап, «Білемін!» деп ұмтылып тұратын!»
Мұғалімдердің мұндай жағымды қылықтарын, ұмтылыстарының сырын да түсініп тұрмын: директор сабақтарға тұрақты және жүйелі түрде қатыса бастап еді, мұғалімдердің ізденімпаздығы да кенет шарықтап кетті. Директор мен мұғалімдердің белсенділігі бір-біріне тура пропорционалды ма деп қалдым.
Қаңтар айының орта шенінде мектепте аудандық семинар ұйымдастырылды да, оған мен де шақырылдым. Бірнеше сабаққа қатыстық. Байқаймын, мұғалімдердің сабақ жүргізу әдістемесі біршама жақсарған, ҚМЖ-ды құрастырулары да бір жүйеге келтірілген тәрізді, сабақтарда да өздерін сенімді ұстайды. Риза болдым.
Семинарды қорытындылауда сөйлеген сөзінде мектеп директоры Б.Ш. былай деп қалды:
– Екі жарым айдың ішінде мен барлығы 88 сабаққа қатыстым.
Осыдан мектеп мұғалімдерінің сабақ өткізу тәжірибесінің жақсарғаны директордың сабақтарға қатысып, кері байланыс беруімен тікелей байланысты екендігін байқауға болады.
Мектеп басшысының ең басты міндеттері мен атқаратын жұмысы осы болуы қажет шығар. Директор – мұғалімдерге әдістемелік көмек беруші, оларды үйретуші, қолдаушы, ынталандырушы, биік те асқақ мақсаттарға жетелеуші.
Ал өзінің шаруашылық істер жөніндегі орынбасарынан шаруашылық жұмысты тартып алып, өз еркімен «үлкен завхоз» болып жүрген директордан не сұрауға болады?
Өкінішке орай, бір жыл бұрын Б.Ш. басқа жұмысқа ауысып кетті де, ол мектептің мұғалімдері менімен тығыз қарым-қатынасын шорт кесті. Бүгінде олар маған телефон шалмайды, менен кеңес сұрамайды, жоспарларымен бөліспейді.
-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА