25.11.2024

Амандық Баталовтың өзі бір мектептің дауын шеше алмай отыр

Елордада өткен брифингте «Мектептер жекеменшікке берілмейтінін кім айтты?» деп журналист сұрағына облыс әкімінің төтелей берген жауабы жетісулықтарды қанағаттандырмай отыр. Содан болар, осыдан аз уақыт бұрын бұрқ еткен дау – Талдықорғанда орналасқан Нұрғиса Тілендиев атындағы мектептің мәселесі енді аймақтағы Қоғамдық кеңестің бітпес «малтасына» айналды.

Ең қызығы, қалалық «Нұр Отан» өткізген жиынға саз мектебін ешкіммен ақылдаспай сенімді басқаруға тапсырған оқу орнының директоры Ғазиза Омарова мен 15 жыл бойы «сенімді» басқаруға аламын деген Music «Development» ЖШС-нің басшысы Динара Тілендиева да келмеді.

Осы ретте біз бұл мәселе туралы Нұрғиса Тілендиевтің қызы  Динара Тілендиевамен тілдесіп көрген едік. Екі-ақ ауыз жауап алдық.

 

– Сәлеметсіз бе! Мен Қазақстанда емеспін. Сөйлесе алмаймын, – дейді Дінзухра Нұрғисақызы.

Бұдан әрі ата-аналардың: «Мектепті дамыта алатын қаражаты жоқ. Оның басқаруындағы оркестрдің өзі мемлекет қаржыландыруымен өмір сүріп отыр» деген уәжін жеткізгенімізбен, «Development» ЖШС-нің басшысы «сөйлесе алмады».

Ең сорақысы, жиынға қатысқан ұстаздар мен ата-аналар аталған жайдан өздерінің еш хабардар болмағанын айтып ашынып отыр. Жауапкершілігін «денсаулығына байланысты демалып жатыр» деген анықтама сөзбен шектеген мектеп директорынан әзірге бір ауыз пікір алуға да мүмкіндік жоқ.

Осылайша, біреуін «шетелге аттандырып», біреуін «ауыртып» алған ұстаздар әкімдік жағалаумен әуре-сарсаңға түсіп біткен. Әлі де оң өзгерістен үмітті жұрт істі облыс әкімі өз назарына алса дейді.

Айта кетейік, жуырда Алматы облысында Нұрғиса Тілендиев атындағы саз мектебінің ұстаздары мекеменің жекеге өтуіне  наразылық білдірген болатын. Олар өнер ордасы жекенің қолына өткеннен кейін, мұғалімдердің қысқаруымен қатар, оқытудың төлем ақысы бірден көтеріліп, талантты балалардың үйірмелерге қатысуға мүмкіндіктері болмай қалатынын алға тартады. Жарты ғасырдан астам тарихы бар мектепте қазір 400-ден астам шәкірт тәрбиеленуде. Жекеге беру демекші, оқу ордасының бірінші қабатын бухгалтерия алып қойған. Мұнда қазір Талдықорғандағы орта мектептердің есепшілері отырады.

Қозыбай ҚҰРМАН,
Суреттер ашық дереккөздерден алынды
Алматы облысы
“Қамшы” порталы

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА