07.11.2024

Білім мен білік үйлесімі

Алматыға мемлекеттік қызметкерлер әлеуетін – олардың білімі мен білігін, пайымдау және көшбасшылық қабілет­терін арттыру мәселелерін тал­қылауға оннан астам мемлекет өкілдері жиналды. Қарашаның 27-сі мен 29-ы аралығында мемлекеттік басқару оқу орындары мен институттарын 2030 дейінгі тұрақты даму бойынша БҰҰ Күн тәртібі бағытында нығайту жөнінде семинар өтуде.

Қатысушыларға Астана мемлекеттік қыз­мет хабы басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша департаментінің мемлекеттік бас­қа­ру мәселелері бойынша аға қызметкері Гарегин Манукян, Алматыдағы Сыртқы істер министрлігі өкілдігі басшысы Ерлан Ысқақов, сондай-ақ Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы вице-ректоры Айгүл Көшербаева жылы лебіздерін білдірді.

Байменов мырза тұрақты даму мақсат­тарына (ТДМ) қол жеткізу үшін сапалы мем­лекеттік басқарудың маңызына тоқталды. «Мемлекеттік басқару сапасы, өз кезегінде, көбіне білім беру мекемелері мен мемлекеттік басқару инститтары айналысатын кадрлар дайын­дау сапасымен анықталады. Бұл ас­пектілер қазіргідей VUCA әлемде әрбір елдің даму басымдылықтарына жету жолында өзекті бола түсуде», деді спикер.

БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш мемлекеттік қыз­метті дамыту мақсатында көптеген елдің үкі­меттеріне озық, заманауи тәсілдермен та­нысуға, тиімді оқыту бағдарламасын даярлау­да қолдау көрсететіндерін жеткізді. «БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстанда мемле­кеттік қызмет реформасына, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер әлеуетін арттыруға қолдау көр­сетуде. Мемлекеттік құрылымдарға Астана мем­лекеттік қызмет хабымен бірге жаңа, белсенді, инновациялық механизмдер қолдануда қолғабыс жасаймыз. Сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік қызмет агенттігіне мемлекеттік қызметкерлердің бірыңғай құзы­реттер шеңберін және еңбекақы жүйесін әзірлеуде қолдау көрсетеміз. Астана хабы өз миссиясын жүзеге асыруда мемлекеттік қыз­меткерлер әлеуетін арттыру мәселесіне үне­мі, жүйелі түрде көңіл бөлетіндігі қуан­тады»,  деді Қазақстандағы БҰҰ ДБ Тұрақты өкілі.

Бұл жиынның ортақ мақсаты – тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруды қолдауда мемлекеттік қызметкерлер әлеуетін арттыру, мемлекеттік басқару институттары дамуы жайлы ақпарат алмасу.

Семинарға қатысушылар мемлекеттік басқару оқу орындарының өзекті мәселелерін, олардың трансформациялануы жолы мен инновациялық көшбасшылығы жайынды ой бөлісті. Ал мемлекеттік басқару саласындағы озық тәжірибемен Нидерланды, АҚШ, БАӘ және басқа елдерден келген сарапшылар пікір алмасты.

Шара барысында алты елден – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өз­бекс­тан және Ауғанстаннан – тұрақты даму мақсаттары бойынша үйлестірушілер, уәкі­летті орган өкілдері мен мемлекеттік бас­қару бойынша сарапшылар мемлекеттік институттарды дамыту мен құрылымдық өзгерістер жасау жолдары, мемлекеттік қыз­мет­керлердің кәсіби біліктілігін арттыру мәсе­лелерін қарас­тырды. Бұл алаң жан-жақты пікір алмасуға, инновациялық идеяларды жеткізуге және жаңа әріптестікке жол ашады.

Семинар барысында қонақтар Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмысымен және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының презентациясымен танысады.

Семинарды Астана мемлекеттік қызмет хабы БҰҰ Экономика және әлеуметтік мә­селелер бойынша департаменті, БҰҰ Даму бағ­дарламасы ұйымдастырып, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академия­сы және «Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы қолдауымен өтуде.

Семинар үзілісі кезінде Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов өтіп жатқан шара жөнінде журналистерге былай түйіндеді:

«БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен адамзат­тың Тұрақты даму мақсаттары аясында мемлекеттік басқарудың сапасы өте маңызды рөл атқарады. Себебі 17 мақсаттың бәрін үй­лестіруші ұлттық үкіметтер болса, сол ұлт­тық үкіметтердің жұмыс сапасы бұл мемлекеттік қызметшілердің біліктілігімен де анықталады. Осы тұрғыдан алғанда жалпы осы адамзаттың 2030 жылға дейін белгіленген межелеріне жету үшін, біз мем­лекеттік қызметшілердің де біліктілігін көтеріп, оларға осы аталған мақсаттардың бір-бірімен байланысын түсіндіруіміз қажет. Адамзаттың ортақ мақсаттарына жету үшін барлық үкіметтер бірлесіп жұмыс жасау қажет екенін түсінуіміз керек. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін жетілдіріп, оларды дайындайтын мемлекеттік басқару академиялары, инс­титуттардағы ұстаздар, ұжымдар осы Тұрақты даму мақсаттарын тереңірек түсініп, мем­лекеттік қызметшілерге қандай жаңа бі­лім беру керектігін талқылау қажет».

 

Сапарбай Парманқұлов
-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА