Елімізде 15 сәуірден бастап цифрлық өнім мен қызметтер нарығының қазақстандық сегментіне арналған программистер мен әзірлеушілерді дайындауға бағытталған QWANT білім беру жобасы жұмысын бастайды.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы былтырдан бастап АХҚО бюросы негізінде бағдарламашы инженерлер мен әзірлеушілерге арналған мамандандырылған бағдарламаны жүзеге асырып отыр. Мұндағы басты мақсат – халықаралық сертификаттау бағдарламалары мен білім беру технологиялары арқылы білікті маман дайындау.
«QWANT жоғары технология мектебі Еуропа мен АҚШ-тың ең үздік бағдарламалау мектептерінің алдыңғы қатарлы тәжірибелерін қамтитын Кремний алқабының цифрлық платформасы – QWASAR арқылы біліктілік арттыру мен сұранысқа ие кәсіп меңгеруге ниетті барлық азаматқа мүмкіндік ұсынады. QWANT-тың оқыту әдістемесі тәжірибелік білім алу, өзара бағалау, жобалық басқару, геймификация және рөлдік модельдеу принциптеріне негізделген. Оқу процесі жұмыс барысына барынша жақын орта қалыптастыра отырып құрылған. Ал бағдарламаға қатысушылар берілген тапсырманы жекелей де, топпен де орындай отырып күн сайын машықтарын шыңдай түседі. Сонымен қатар оқу барысында бағдарламалау тіліне тереңнен бойлай отырып, әрбір қатысушы автоматты жүйе арқылы өз әріптестеріне баға беріп, үйрете алады», – деп хабардайды АХҚО баспасөз қызметінен.
QWANT жобасында оқытушылар мен лекция жоқ. Жүйенің ерекшелігі – кең қамтылуы мен қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беруінде. Бұл оқу процесінің сапасын сақтай отырып барынша көп кандидатқа пайдалы білім беруге мүмкіндік береді. 6 ай бойы QWANT бағдарламасы бойынша сертификат алу үшін іріктеуден өткен кандидаттар мына салаларда өз машықтарын дамытады: қолданбалы бағдарламалаудың интерфейсі, жасанды интеллекті тәжірибелік бағдарламалау, веб-инфрақұрылым, машиналық оқу, мобильді қосымша. Үміткерлерге талаптар негізгі екі параметрмен қойылады: бағдарламалау негіздерін білу және аптасына 40 сағаттан артық уақыт бойы белсенді оқуға ынтасының болуы.
Ай ортасында басталатын бірінші оқу бағдарламасына өтінім қабылдау 4 сәуірге дейін ашық.