22.11.2024

Байтажикова Құралай. БАЛАНЫ ТӘРБИЕЛЕУДІ АТА-АНАНЫ ТӘРБИЕЛЕУДЕН БАСТАУ КЕРЕК!

– Сәлеметсіз бе? Сұхбатымызды сіз басшылық етіп отырған «Зерде» мектебінің басты ерекшеліктері мен қарапайым мектептерден өзгешелігі туралы әңгімеден бастасақ

– «Зерде» мектебінің ерекшеліктері туралы айтпас бұрын мектептің тарихына тоқталып кетейін, біздің мектебіміз 2005 жылы елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Дарынды балаларды анықтау және оларды дамыту» жарлығын орындау мақсатында ашылған. Мектептің ерекшелігі, біріншіден, балаларды конкурс негізінде іріктеп алуында, екіншіден, оқу, жұмыс жоспарының өзгешелігінде. Мектеп қаладағы ең дарынды деген оқушыларды іріктеп алып отырғандықтан үстіміздегі жауапкершілік те мол. Ата-аналардың үмітін ақтау, оқушыларды биік жетістіктерге жеткізу. Бұл біздің арқамыздағы ауыр аманат. Жетістіктерді айтпас бұрын осындай үлкен аманатты арқалап жүрген ұстаздарға алғыс айтқым келеді. Кез-келген білім үрдісі ұстаздың кәсіби шеберлігі нәтижесінде жүзеге асады. «Зерде» мектебінің және осы мектептегі дарынды балалардың бағы деп есептеймін, мектепке жаратылыстану бағытындағы нағыз мықты ұстаздар жинақталған. Міне, осы мұғалімдердің өз ісіне немқұрайлы қарамай, өте үлкен жауапкершілікпен еңбек етуі нәтижесінде ауыз толтырып айтарлық үлкен жетістіктеге жетіп отырмыз.

– Сол жетістіктеріңіздің бір-екеуін атап айтып берсеңіз?

– Жетістіктердің бәрін жіпке тізіп айтатын болсақ, өте ұзақ уақыт кетеді. Мен жетістіктерді айтқаннан гөрі алдағы уақытта тағы да жетістіктерге жету жолдарын ойлағанды жөн санаймын, жетістікпен мақтанғанды ұната қоймаймын. Ал, басқа мектептерге, басқа оқушыларға үлгі болсын деп айтуға болатын шығар. Мектебіміздің оқушылары арасында халықаралық олимпиадалардан алтын медал алып, Қазақстанымыздың көк байрағын көкке көтерген саңлақтарымыз бар. Мысалы, халықаралық олимпиадаға алты оқушы барады, соның біреуі болып біздің оқушы барған және алтын медал әкеліп, елдің де мерейін асырды, бізге де үлкен қуаныш пен сенім әкелді. Әдеттегі орта мектептермен салыстырғанда біздің деңгейіміз жоғары және жоғары болуға да тиіс.

– Орта мектеп дегеннен шығады, осы қарапайым мектептер оқу сапасының төмендігін, біздегі ең үздік деген оқушыларды Назарбаев зияткерлік мектебі, Қазақ-Түрік лицейлері және «Зерде» іріктеп алады да,  дарынды оқушылардан айырылып қаламыз” деген уәжбен ақтап жатады. бұл туралы сіз қандай пікірдесіз?

 Орта мектептерге көп жағдайда қиын. Оларда оқушылардың саны өте көп, соған сәйкес мұғалімдердің де саны көп болады, сол себепті мектеп ішінде бақылау жүргізу қиынға түседі. Оның бәрін түсінем, бірақ орта мектептің басшыларының «дарынды оқушыларды іріктеп әкетеді» деген уәжімен келіспеймін. Себебі, мың жарым, екі мың бала отырған мектепте кемі 500 бала  дарынды,  мен жылына 50-ақ бала қабылдаймын, Назарбаев зияткерлік мектебі қабылдайтын шығар ары кетсе 100 бала, Қазақ-Түрік лицейі де бізбен шамалас қабылдайды.  Сонда бізде жиыны үш жүз ғана дарынды бала бар ма? Мүмкін емес. Нашар оқушы жоқ, егер оқытушысы нашар болмаса. бағанағы уәждің бәрі  жұмыс істегісі келмеген адамның өзін ақтап алуы үшін тыраштанғаны.

– Қазіргі кезде еліміздегі оқу-оқыту ісінің ақсап тұрғаны – сіз бен бізге белгілі жайт. Мәселе көп. Біреу – оқулық олқы дейді, біреу – жалпы оқыту жүйесі дұрыс жолға қойылмаған дейді. Ал сіздің назарыңызға ілініп жүрген көкейтесті мәселелер қандай?

– Ең бірінші, олқылық – жоғары оқу орындарына, әсіресе, педагогикалық мамандықтарға білімді балалардың бармауы. Біз қандай реформа жасасақ та сәтсіз болады. Егер, ең білімді деген түлектерді педагогикалық мамандықтарға бағыттамасақ, бәрі бекер. Шетелде педагогикалық мамандықтарға баса мән береді. Мысалы, Финляндия педагогикалық мамандықтың бір грантына отыз бала конкурсқа түседі. Демек, ең мықты түлектер ең жоғары нәтижемен педагогикалық мамандықтарға барады. Оқуды бітірген соң, тағы да, конкурстық іріктеумен жұмысқа орналасады. Осыдан барып сапалы оқытушылар қосыны қалыптасады, ал, сапалы мұғалімнен сапалы оқушы шығады, сөйтіп, елдің білім сапасын түсірмей отыр. Ал, бізде педагогикалық мамандықтарға кім барады? Әрине, жасыратыны жоқ, басқа мамандықтарға балы жетпей, қапыда қалғандар барады. Не де болса грантқа түсіп кетейін деп, соңғы мүмкіндік ретінде таңдай салады. Сосын кілең нашар дегендер оқуға түседі. Ол өзі мектепті 5-ке оқымаған адам баланы 5-ке оқыта ала ма? Бұл мүмкін емес. Ал, ең жақсы оқығандар бұл мамандықтарды таңдамайды. Себебі ертең 40-50 мың теңге жалақы алатын жұмысқа баруды ешкім қаламайды. Ешкімнің мұғалім болғысы келмейді мына заманда.

– Сіздердің түлектердің арасында осы мамандықтарға қызығушылық танытатындар болды ма?

– Жасыратыны жоқ, біздегі оқушылар қаладағы ең дарынды деген оқушылар ғой, он жылдан бері бірде-бір түлегіміз педагогикалық мамандықтарға барған жоқ. Оның себебін біліп отырсың.

– Демек, мұғалімдердің статусын көтеру керек дейсіз ғой?

– Әрине! Жоғарыда айтқандарымның бәрі сол ұстаздардың статусының төмен болуының нәтижесі. Өйткені сананы тұрмыс билейді. Мұғалімнің жалақысы жоғары болуы керек, жалақы жоғары болса, ол басқа қиындықтарды ойламай, алдындағы балаға алаңсыз білім береді. Егер тұратын үйі болмаса, «бүгін кешкі тамақты не істеймін» деген уайым болса, ол қалай алаңсыз сабақ береді. Тағы бір жағынан мұғалімдердің құқығы да дұрыс қорғалмаған. Бізге кез-келген ата-ана келіп айқайлап кете алады. Тек мұғалім ғана бәріне кінәлі сияқты бейшара болып тұрады.

– Қазіргі жаһандану кезеңінде ұрпаққа білім берумен қатар тәрбие беру де ауадай қажет болып тұр. Сіздер білім беруде көрші мектептерден көш ілгері келе жатырсыздар. Бірақ, тек білім сапасын көздеп, балалардың тәрбиесімен айналысуды ұмыт қалдырып алмайсыздар ма?

– Жоқ, білім мен тәрбие қашан да қатар жүруі шарт. Өйткені дарынды бала еліміздің болашағы, һәм бет бейнесі. Мен өзім осы жағынан көп алаңдаймын. Мысалы, бір бала математикадан керемет мықты болып, кейін ол адамзатқа қарсы қару ойлап тапса, адамзаттың тыныштығына қарсы қадам жасаса, қасіреттің үлкені – сол. Сондықтан, қашан да мейірімділік пен қайырымдылық – екі сөзімнің бірі. Жақсы білім беріп жатқанымызға көзім жетеді, бірақ тәрбие мәселесіне қатты ойланамын. Бұл жерде баланы тәрбиелеуді, ата-ананы тәрбиелеуден бастау керек. Өйткені, ата-ана керемет инженер, керемет техник, керемет дәрігер болуы мүмкін. Бірақ, ол педагог болмауы мүмкін, психолог болмауы мүмкін ғой. Сондықтан біз екі тоқсан бойы ата-аналар жиналысын мейірімділік тақырыбына арнадық. Фильмдер көрсеттік. Мысалы, қазақтың ұрпақтары түн ұйқысын төрт бөліп, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» баққан әке-шешесін қарттар үйіне тапсырады. Ұрпақ ондай қатігездікке не үшін барады? Осындай мысалдарды көрсетіп, соның алдын алу жағын талқыладық. Қаншама ата-аналарға ой салдық. «Мынадай дүниелерді балаларға да көрсетіңіздерші, осы бастан ой сала берсін» дегендері болды. Бізде халықаралық олимпилардан алтын медал алған оқушылар бар. Сондай топтан озған саңлақтардың арасында атағына мастанып, сол атақты көтере алмай қалатын жұлдыз оқушылар да болуы мүмкін ғой. Сондықтан әр балаға адамгершілікті, мейірімділікті, кішіпейілділікті сіңіруге тырысамын. Үлкен масштабта керемет іс тындырдық демесек те, әрбір баламен жеке жұмыс істеуге мүмкіндігіміз бар.

– Сіздің басты мақсатыңыз да, өмірлік ұстанымыңыз да ұрпаққа білім беру, ғылым жолына бастау болғандықтан да жүрген-тұрған жеріңіздегі балалардың мінез-құлқына, әдеп-ибасына назар аудармай жүрмейтініңіз анық. Енді сіздің көзіңізбен қарасақ, ұрпақтың тәлім-тәрбиесі, беталысы қалай? Көңіліңізден шыға ма?

– Бала – қоғамның бет-бейнесі, ата-ананың – айнасы. Мен балаларды сынағым келмейді. Себебі, қазақта «не ексең, соны орасың» деген мақал бар. Демек, әр ата-ана балаға не үйретіп жатыр, қандай тәрбие беріп жатыр – бала соның көрсеткіші. Болды, басқа түк те емес. Біз бәрін өзіміз бүлдіріп жатырмыз. Балаға арлы бол, ибалы бол дейміз де, өзіміз әдепсіздік жасаймыз. Балаға ауызбен айтып, қақсап берген тәрбиеден пайда жоқ. Тек іспен ғана үлгі болу керек. Тағы да, атам қазақтың «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөзі еске түседі. Балам қазақша сөйлесін деп, қазақ мектебіне береді. Жарайды, бұл да жақсылықтың нышаны, ал, бірақ өздері үйде қазақша сөйлеспейді. Осыдан соң бала қайдан оңсын? Біздің қаншама уақыт шаршап-шалдығып берген біліміміз нөлге тең болады да, бала екі тілдің арасында есі шығып, нағыз дүбара болады. Тағы да айтарым, қашан да қайталап айтып жүрем: әр ата-ана өзін түземейінше бала түзелмейді, бала түзелмесе, қоғам түзелмейді, қоғам түзелмей, мемлекет түзелмейді. Сондықтан, әр әке мен шеше баласының тек қана материалдық қажеттілігін ғана ойламай, елдіктің кілті өз қолдарында тұрғанын, бір баланың тәрбиесі айналып келгенде, бір ұлттың тәрбиесі екенін сезінсе екен деймін

– Елбасы бір сөзінде: «Мұғалім қағаз жаза бермей, балаға білім беруі керек» деген еді. Айтыла беріп жауыр болған осы қағазбастылықтан құтыла алдыңыздар ма?

– Мен өзім қағазбастылықты жек көрем. Мысалы, қазір мұғалімдерге керемет бір папка дайындап келіңдер дейінші, онда олар балаларға сабақ бермей отырғызып қояды да, компьютерге отыра салып қағаз жазады. Сол қағаздан не пайда? Жазғанда да ойынан жазбайды ғой. Интернетте бәрі дайын, соны алады да көшіре береді. Ал, біз осы жағынан мақтана аламыз, бізде қағазбастылық деген атымен жоқ. Мен кесіп айтам, қағазды қатырып жазатын мұғалім, ол – керемет мұғалім емес.

Байтажикова Құралай Амангелдіқызы.

Астана қаласы дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінің директоры.

Әңгімелескен Жақсылық ОРЫНБАСАР

kazbilim.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

1 COMMENT

  1. Өте дурыс пікір! Әр отбасында әртурлі тәрбие. Ата-аналарға отбасының , салт-дәстурдің, қазақ халқының, қоғамның қүндылықтарын жеткізуден бастау керек. Ол қазіргі заманда жоғалып келе жатыр, ата-аналар кунделік бір тілім нан табумен жанталаста.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА