22.11.2024

ҰБТ-2020: Талапты бұзған талапкердің тағдыры

Күні кеше бір танысымыз хабарласып көмек сұрады. Білім-ғылым тақырыбын жазып жүрген журналист ретінде ҰБТ-ның сұрақтарына сыртта отырып жауап беретін мамандарды біледі, тауып бере алады деп ойлапты. Талапкердің мұндай жолды неліктен таңдағанын, ашық, әділ түрде тест тапсыруына не кедергі келтіріп тұрғанын сұрағанымызда, сенімсіздігін сылтау етті. Осындай орынсыз тәуекелге барған талай талапкер гранттан қағылды. Тестілеу тәртібі жыл сайын қатаңдатылса да, жетілдірілсе де талапкер неге талапты бұзады?

Кім мүдделі?

«Талапкердің талапты бұзуына кім кінәлі?» деген сұрақ­қа жауап бермес бұрын осыған кімнің мүдделі екенін анықтап алайық. Себебі бұл – мәселенің мәнісін ашу да аса маңызды. Жоғарыдағы оқиғада алдымен ата-ана баласының талапты, яғни ҰБТ тапсыру тәртібін бұзуына мүдделі болып тұр. Мұндай жайт кем дегенде әр үшінші талапкердің ата-анасында кездесетін шығар. Сонда ата-ана баласын «тәртіпсіздікке» тәрбиелеп отыр ма? Баланы жөнге салу ең бірінші ата-ананың міндеті емес пе еді?! Бірақ бізді аяқтан шалатыны – «жұрттың бәрі солай істейді ғой» деген жалаң сөз. Әйтпесе бізге хабарласқан танысымыз секілді: «Өзің білесің ғой. Алып шығу керек», деп жаттанды жауап бермес еді.

Екіншіден, ҰБТ талабын бұзуға «тәртіпсіз» талапкердің өзі мүдделі болып отыр. Егер бұлай болмаса, танысы­мызды талапкер тоқтатар еді. Осылай деуімізге ата-ананың: «Бұл – екеуіміздің ортақ шешіміміз», деген сөзі себеп болды. Әрбір талапкер өз өмірі мен ертең­гі болашағы үшін өзі шешім қабылдауы  және әрбір заңсыз әрі тәр­тіп­сіз әрекеті­не ата-анасы емес, өз басы­мен жауап беретінін санасынан шығар­мауы тиіс. Болмаса Қарағанды қала­сындағы №86 мектепті бітірген Әділет Арықбаевтай анасын алаңдатып, сар­саң­ға салады. Оның анасы тестілеуге кірер кезде постыдағы мамандардың ескер­туі­мен өз еркінше шпаргалкалар мен ұялы телефонды қалтасынан шығарып, содан соң толтырылған актіге қол қойған 17 жастағы баласына араша сұрап Білім және ғылым министріне хат жазды.

«Бала 17 жаста. Ол кәмелеттік жасқа жетпеген. Комиссия мұндай маңызды, баланың тағдырын шешетін құжатқа ата-анасының және психологтің қаты­суынсыз қол қойдыруға құқығы жоқ. Бұл – баланың құқығын бұзу», дейді ата-ана. Сонда бала талап пен тәртіпті бұзып тұрған жоқ па? Ата-анасы «Ол тыйым салынған заттарды тестілеуде пайдаланған жоқ» деген уәж айтады. Десе де талапкер ҰБТ талабын бұзуға талпынбаса, мүдделі болмаса, біле тұра қалтасына тыйым салынған заттарды салып бармаса, осының бірі де болмас еді ғой…

Үшіншіден, ҰБТ талабының бұзы­луына тестілеу тәртібінің немесе соны бе­кіткен тараптың өзі мүдделі ме деген ойға келесіз. Мүдделі болмаған күн­нің өзінде талапкерді талап бұзуға итер­ме­лейтіндей көрінеді. Неге дерсіз… Мысалы, ҰБТ-ның алғашқы үш күнінде-ақ 676 оқушы тестілеуден шеттетілді. Шеттетілгендердің саны тестілеу аяқтал­ғанша өсе түсетіні анық. Осы жерде бір нәрсені жете түсініп алу керек. Тестілеу­ден шеттетілген талап­керлер тек негізгі, осы маусымда өт­кізіліп жатқан ҰБТ-ны тапсыру мүм­кіндігінен айырылады. Маусымдағы ҰБТ-ның негізгі болатыны сол – оның нәтижесімен талапкер мемлекеттік білім беру грантына үміткер бола алады. Ал қалған уақытта өткізілетін тестілеулерде (маусымдағы негізгі ҰБТ-дан бөлек бір жыл ішінде 3 рет тестілеу өткізіледі) шекті балл жинаған талапкер еліміздегі жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне түсуі мүмкін. Мұндай мүмкіндік әлбетте талапкерлер арасындағы суицидті жою мақсатында қолға алынды. Алайда осы жағдай, анығын айтқанда қаншама уақыт бойы ескертіліп, құлаққа құйылса да заңсыз әрекеттерге барғандарды бір жылға ЖОО-ға түсуден шектемеу тәртібі де талапкерді талап бұзуға итермелеп тұрғандай. Өйткені баланың ойын­да «Барлық мүмкіндікті, жан-жақты «жәрдемді», түрлі көмектесетін құрал­дарды пайдаланып тест тапсырып шыға­йын. Қалайда жоғары балл жинап грант ұтайын. Болмаса бәрібір бір университетке түсемін ғой» деген сенімділік пен өзінің ұғымындағы ең тиімді нұсқа тұрады. Ал бір жыл бойы тест тапсыру мүмкіндігінен айырылатынын білсе, талап пен тәртіпті бұзудан тартынуы кәдік. Бірақ бәрі де мүддеге келіп тіреледі.

Талапкердің тестілеу талабын бұзуы­на кімдердің мүдделі екенін анық­тап алдық. Оның зардабына кімдердің кінәлі екенін мүдделі тараптар мойындай жатар. Алайда 15 жылдай уақыттан бері ұйымдастырылып келе жатса да неге «ҰБТ-ның жыры» бітпейді, тәртіп бұзу тіркелмей өтпейді? Толық, жүйелі, осыған дейінгі қателіктер ескерілген ҰБТ-ның баламасы әзірленбейінше, тестілеудің өткізіле беретіні белгілі. Солай болғаны дұрыс та. Әзірге ҰБТ-ның шын мәнінде әділ өтіп, талапкерлердің талапты бұзбай тапсыруы үшін не істемек керек?

 

Талаптан талап туады

Жалпы, елімізде мұғалімдердің алыс­та отырып оқушысының тестілеудегі сұрақтарына жауап беретін «әдеті» бар. Осындай фактілер кезінде кездесті де. Ал сол педагогтер қандай да бір жауапкершілікке тартылды ма? Олар заңды, тәртіпті, талапты бұзып қана қоймай, сондай ыңғайсыз әрекетке оқушысын да үйретіп, мәжбүрлеп тұр ғой. Сондықтан шәкіртін талапты бұзуға бағыттаған, өзі де заңсыз әрекетке барған білім беру қызметкерлері жауапқа тартылуы тиіс. Бұл ұсынысты сол саланың білікті мамандары айтып отыр. Белгілі мұғалім Аятжан Ахметжанұлы: «Арлы ұстаз балаға шпаргалка мен телефон пайдалануды үйретпейді. Тіпті ұстаз деген аты бар адам үйретпейді. Өкінішке қарай, ҰБТ-да пайдаланатын телефонын кредитке алып беруге ата-ананы үгіттейтін, сондай-ақ шамасы келмеген сұрақтарға түрлі чаттардан нан сұраған тіленшідей жауап сұрап шыққан оқушысының нәти­жесіне мақтанатын мұғалімнің мектепте жүруінің өзі – қылмыс», дейді. Ал қылмыс әрдайым жазалануы керек. Осы ойды қолдаған елордадағы Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінің директоры Сафура Төлектегі де: «Телефонды оңды-солды қолданған оқушының жауабын жою аздық етеді, оған сыртта жауап бергендерді, соның ішінде сорақылыққа барған мұғалімдерді де жауапқа тартып, олардың аты-жөнін жариялап, педагогикадан қуылуы тиіс. Комиссия мүшелерін де жазалау керек», дейді.

Иә, комиссия дегеннен шығады. Бұған дейін ҰБТ-да комиссия мүшесі болған мұғалім Сая Тулеуова Жергілікті мем­лекеттік комиссия мүшелерінің кедергі келтіретінін, тіпті талапкерлерге шпаргалка тасығанын айтады. Ал биылғы тес­тілеуді бақылаған белсенді мұғалім Айман Сағидулла тестілеуде пайдалануға тыйым салынған заттарды, құралдарды тасу әрекетінің болмағанын жеткізді. «Бас­қа жерлерде орын алған шығар. Мен комиссия болған 4 күнде мұндай мәселе болмады. Барлық оқушыны монитордан бақылап отырдық», дейді. Дегенмен ҰБТ-ны ұйымдастыруға жұмылдырылған жандардың күмәнді әрекеттері байқалған. «Жергілікті мемлекеттік комиссия мүше­лерінің бірі бір оқушыны тексерді. Теміріз­­дегіш есіктен шиқылдап өтсе де партия өкілінің қолынан шиқылдамай өтті. Мен бірдеңе бар екенін, дұрыстап тексеруін қайта-қайта сұрадым. Содан өзімнің тексеруімді талап етті. Ал менің балаға қол тигізуге құқым жоқ. Ақыры сол бала тестілеуге кірді. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұловқа жаздым», дейді А.Сағидулла. ҰБТ-ны бақылаған мұғалімнің айтуынша, әлгі талапкер Д.Смағұлов хабардар болғаннан кейін бақылауға алынып, аудиторияға телефонмен кіргені анықталды. Бұл уақытта педагогтің монитордан қарауға рұқсаты болмаған. «Тестіленуші телефонын аяқ киіміне жасырыпты. Алғаш тексергенде сол жерден белгі болғанын байқап едім. Кіреберістегі жігіт дəл телефон тұрған тұсқа теміріздегішті қайта жақындатпай қойды. Бұл мемлекеттік комиссияның балаларды қандай жағдайда да тестілеуге кіргізуге мүдделі екенін көрсетті», дейді белсенді мұғалім.

ҰБТ-ны ұйымдастыруға жұмылды­рыл­ған комиссия мүшелерін іріктеу туралы пікірталас пен түрлі сыни пікірлер біраздан бері айтылып келеді. Оған нақты фактілер де қоса келтіріліп жүр. Осыған орай ҰБТ-да өз жұмысын дұрыс атқармаған ассистент немесе комиссия мүшесін жұмыстан біржолата босату енгізілді. Қазір ҰБТ-ны ұйымдастыру жұмысынан шеттетілгендер бар әрі олардың қатары көбейіп келеді. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов: «Біз де дәл сіздер сияқты әділдікті қалаймыз. Және 70 балды жинай алмай жүрген оқушының ҰБТ-да кенеттен 130 балдан жоғары ал­ға­ны бізге де өкінішті. Осы сынды жайттар жеке-жеке қарастырылады. Ға­лам­торда жарияланған әрбір кітапша қайталанбас және оның өз иесі бар. Біз әділ тапсырмаған тестіленушінің әрқайсысын анықтап, нәтижелерін осы жылдың 25 тамызына дейін жоямыз. Тіпті осындай ұйымдастыру ісіне араласып жүрген біздің де қызметкерлерді жауапқа тартамыз. 25-тен аса адам мемлекеттік комиссия құрамынан шығарылды, қазір ондаған қызметтік тергеулер жүргізілуде», деп мәлімдеді.

Осы уақытқа дейін тестілеудің әділ өтпеуіне және талапкерлердің талапты бұзуына құлқынның қамын ойлаған кейбір комиссия мүшелері де мүдделі. Мақала басында мүдделілерді анықтап алудың мақсаты – осы бір кедергіні айқындау болатын. Міне, барлық проб­ле­маның негізгі түйіні, түп-тамыры жем­қорлықта жатыр. Жемқорлық жойылмай, ҰБТ секілді кез келген істі 100 пайыз ашық та әділ ұйымдастыру мүмкін емес.

Ал жемқорлықты жою – бір жағынан жаңа буынның қолында. Өйткені олар қаласа, үлкендердің үгіттеуіне де мойын бұрмай, әділдікті таңдай алады. Соңғы сенім соларда ғана.

 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ
«Egemen Qazaqstan» газетінен алынды

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА