07.11.2024

Министрге шабуыл жасалды ма?

– Министрге шабуыл жасалды ма?

– ИӘ!

– Неге?

– Бұл сұрақтың жауабын беру үшін әңгімені арыдан бастауға тура келеді.

Иә, біздің жүйеде күресуге болатын және күресуге болмайтын дүниелер бар. Себебі, жүйедегі біраз дүние біраз адамның жеке меншік бизнесі. Ал, елге қаншалық кесірі тиіп жатса да, білім саласын қаншалық кері тартып тұрса да, оған тиісуге болмайды.

Асхат Аймағамбетов әуелден министр боп келіп қадамдарын бастаған кезде, көп істерін қолдадым. («Аятжанның да министрге көңілі толатын кезі болады екен» деп күлгендер де бар.) Бірақ, министрдің кей істерін Дон Кихоттың тірлігіне баладым. Себебі, біздің жүйеде қазірге мүмкін емес істер бар.

Соның бір парасына көз жүгіртейік.

  1. Университеттер лицензиясы және университеттердің кейбір мамандықты оқытуға алған лицензиясы.

Мысалы, Қазақстанда 85+ университет мұғалім маманын дайындайды. Бірақ, бәрі мұғалім шығарып жатыр ма? Әлде «димпломы бар адам» шығарып жатыр ма? Деген мәселеге келсек, әрине екіншісі. Тіпті кейбір университетке 200 студент қабылданып, 800 студент бітіргенін де көрдік. Ауыр ә?

Асхат Қанатұлы дәл осы мұғалім дайындайтын 85+ университетті 25-ке түсіремін деді. Мен Асхаттың өзінен қорықтым. Қалған 60+ университет қарап отыра ма? Әрине, олар қарап отырмайды. Себебі, студент олар үшін ақша! Бір мамандықтың лицензиясынан айрылу – жүздеген студенттен, миллиондаған ақшадан айрылу.

  1. Аудандық білім бөлімдерін аудан әкімінен тартып алу. Қаржыландыруын тұтастай облыстық бюджетке беру.

Бұл тым ауыр. Ауданда, ауылда әкім боп отырған, ауданда білім бөлімін басқарып отырған, ауданда, ауылда директор боп отырғандар кімдер? Сәл ойланыңыз, олардың біразы жоғарыдағы біраз кісілердің жергілікті жердегі туысқандары.

Мектеп саласы, білім саласы ауданның қармағынан кетуі – қарап отырып наннан айрылу. Кім май шелпекті далаға тастай салады? Қолынан келгенше күресері… ақиқат.

  1. Ғылым саласындағы тендерлер.

Институттар мен зерттеу орталықтарының біразы тек отчет деңгейінде өтірік ғылым жасап жүргенін бәріміз білеміз. Бірақ, нәтижесі…

Иә, Асекең келгелі ғылым саласына бөлінген қаржы артты, бірақ, сұрауы қатайды. Институттар мен зерттеу орталықтарының біразының басшысы алмасты. Біразы нанынан айрылды. Наннан айрылу оңай ма? Қиын, әрине.

  1. Оқулық.

Баяғыда, есте жоқ ескі заманда, оқулыққа тәуелсіз сараптама жасайтын боп, қазір парламентте, сенатта отырған біраз аға-тәтелер бар, жұмыс істедік. Сол кезде:

– Неге біз оқулықтан қате іздейміз, одан да қателіктің кету себебін іздейік, баспадан оқулық жазу құқын алып, баспа тек басып шығару ісімен айналыссын, – дегенде, қазір елдегі ең жоғары лауазымдардың бірінде отырған ағамыз:

– Аятжан, әліміз келетін іспен айналысайық, – деп иығымнан қаққан еді.

Иә, әл келетін іспен айналысқан жақсы, бірақ, былықтың тамырына балта кім шабады?

Дәл сондай қадамға Асекең барғысы келген ниетін бір емес, бірнеше рет байқатты. Иә, бізде оқулық шығаратын баспалардың меншік иелерін жақсылап бір тексеріп көрсеңіз, олармен күресу тым қиын екенін сезесіз.

Дәл осылай тізейін бе? Негізі тым көп.

Ал, мұндай артында “көкесі” бар, неше ондаған жыл қалыптасып кеткен, триллиондар айналымдағы дүниемен күресу тым қиын. Кезінде осындай істерін көріп, Асекеңнің кей жобасына министр түгілі, премьер-министрдің шамасы келетініне күмәнданам деген едім. Иә, біздің жүйеде күмәнді.

Асекең біріншіден, жас, максимализм бар, екіншіден анау аудандық білім бөлімінен бастап, министрге дейінгі лауазымды басып өткен, саланы ішінен білетін адам ретінде жай қарай алмайтыны ақиқат. Бей жай қарамайды екен, дәл қазіргідей шабуылға да министр креслосынан кеткенше дайын болуы керек. Күресте не бел кетеді, не белбеу кетеді.

Шабуылдар болатыны түсінікті шығар, ә? Ары қарай 5,6… өздеріңіз таратып аларсыздар.

Әлқисса диалогымызды ары қарай жалғайық.

– Асхат Қанатұлын жұрт жабыла қорғап жатыр. Қолдап жатыр. Соншалық не тындырды?

– Бұл сұраққа «Асекең «Ашық алаңға» өзі барып қатысты, фейсбукте кез келген сұраққа өзі жауап беріп отырады» деп қарапайым деген аргументтерді алға тартсам, көп популизм секілді боп кетер. Бірақ, мен жоғарыда оның ниеті мен бастамасын айтып кеттім. Сол тірліктерге бел шеше кірісуі-ақ оның қолдауға, қорғауға татитын шенді екенін көрсетсе керек. Сонда да ашып айтайын.

Асекең министрлікке келгелі осы саланы білетін маман ретінде барын салды және қатардағы мұғалімнен, жас ғалым, жасамыс ғалымға дейін, тіл жанашырларынан ел жанашырларына дейін қабылдап, бәрімен кеңесті. Кеңесті де, білім-ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдатты. Менің бар үмітім осы бағдарламада еді. “Әліппе” және “ана тілі” бұл бағдарлама аясындағы кішкентай ғана іс еді. Соның өзі біз үшін үлкен қуаныш сыйлап жатқанда, 5 жылдық жоспарды орындатпай шабуылдау енді, қорқаулық.

Иә, пандемия біздің саланы да біраз сілкіді. Аяқ астынан қашықтан оқу мен онлайн оқу министрлікті әбігерге салды. Бірақ, мұнда туындаған ең үлкен былықтар біздің министрліктің емес, еліміздің 30 жылдық цифрландыру саласының “жемісі” еді. Біреудің таяғын Асекең бөлісе жеді. Амал жоқ, министр болуға келіскен соң, енді төзу керек.

Асекең келгелі бір жыл бір ай болды. 12 жыл осы саланың сарапшысы ретінде Асекең бір жылда істеуге мүмкін істі істеді. Оны тізбелесем, тым ұзаққа кетермін. Бастысы, есі дұрыс заңдар мен бағдарламалар қабылданып, ашық жұмыс жүргізіліп жатыр.

Иә, маған қызыл сөзді суша сапыруға болады. Мен министрліктен тәуелсіз сарапшы ретінде мақтау алуыма да болар. Бірақ, министр менің мақтауыма мұқтаж емес, халық онсыз да бағасын беріп жатыр. Біздікі, Асекеңе кемі 3-4 жыл мүмкіндік берсе деген ой. Министр алмастырудан шығар мүйіз болса, ендігі қарағайдай болар еді. 30 жылға жетпейтін уақытта 16 министр көрген саламыз ғой. 17-ншісін де көре саламыз деуге болар еді, бірақ, одан пайда бар ма?

Құдай-ау, бизнесменге де, банкирге де 2-3 мүмкіндік бердіңіздер ғой, оның қасында саланың қазанынан қайнап шыққан маман ғой, беріңдер.

– Шабуылдаушылар не дейді?

– Олар әдемі қулыққа барды. Кезінде вице-министрді дәл осы айыптаумен “өз еркімен” кетуге мәжбүрлеген министрліктің экс қызметкері Анар Қайырбекова оңтүстікке ректор болып тағайындалған еді. Тағайындаған да қазіргі министр Асхат Аймағамбетов. Бірақ, ректор креслосындағы орны белгісіз себептермен баянды болмады. Шумен барған ректор шумен қоштасты. Бірақ, министрлікпен араз болып қоштасқан еді.

Енді дәл осы көңіл-күйдегі адамды әлдебір топ, мүмкін клан қол шоқпар етті, әлде жеке өзі өш алғысы келді. Түсініксіз. Асхат Қанатұлының алдына айбалтасын көтеріп шығыпты. Кешелі бері әлеуметтік желідегі әңгімені бір күн қарап отырып, Анардың жалғыз өзі дегенге сене алмадым. Үлкен топтық шабуыл екенін, тіпті, аттанға ойбай қосқан, оған ақылы жарнама берілгендігін әлеуметтік желі шабуылынан сезу аса қиын емес.

– Шабуылдаушылар уәжі не?

– Асекеңнің ғылыми атақ алған кездегі жұмысын плагиат дейді, көшірме дейді, заңсыз дейді.

– Бұған не айтасыз?

– Бұл шабуылмен, айғаймен шешілетін дүние емес, еліміз құқықтық мемлекет. Заң бар, бұйрық бар. Заңдық жолмен тексерілу керек. Иә, плагиат болса, ғылым министрі болуға моралдық қақысы жоқ. Болмаса ше? Абройға кір келтіру, жалған жала жабу болса ше?

Оны анықтайтын біз емес, оны анықтайтын құзырлы орган. Сондықтан, ол әлеуметтік желі деңгейінде емес, заңдық шеңберде шешіліп, шегенделуі керек.

Жә, аз сөйлейін деп едім, қанша қысқа сөйлейін десем де, әңгімем ұзарып кетті. Бірақ, Асекеңнің аттап басқан еңбегін қанжығасына меншіктеп байлап беруді дұрыс көрмедім. Себебі, министр боп отырғасын күнделікті жұмысын адалынан атқару, ол туралы ашық есеп беріп отыру – министрдің азаматтық парызы, қызметтік міндеті. Міндетін атқаруы – мемлекет алдындағы жауапкершілігі. Бәрін адалынан жасағай деген тілегімді қыстыра кетейін.

– Асхатқа жұмыс істеу неге сонша қиын?

– Біздің жүйеде жұмыс істеудің қиын екенін айтпағанның өзінде, Сәрінжіпов пен Сағадиевтен қалған “атқораны” тазалау оңай деймісің. Атқора дегеніме ренжімеңіздер. Сағадиевтің өзі мен бірінші орынбасары Бибігүл сотталмады демесеңіз. Вице-министр Суханбердиевадан тартып, министр хатшысы, атшысы, көмекшісі, тағы басқасы бар, біразы істі болғанын бәріңіз білесіздер. Енді кілең қылмыскерлер, жемқорлар жұмыс жасаған жерді басқа қалай атауға болады. Ұлттық тестілеу орталығының екі экс директоры параға Toyota Camry 70 мініп кеткенін естеріңізге сала кетейін.

Ол орынға да белді, жас Дидар Смағұловты үлкен үмітпен әкелген Асхат екенін, оның биылғы ҰБТ-дағы ерлігін көрдіңіздер. Бірақ, оның әсерінен де біреулер үлкен май шелпектен айрылғанын қыстыра кетейін.

Дәл сол экс екі команданың (Сәрінжіпов, Сағадиев) аты шулы “үш тілділік” бағдарламасын қабылдап, қоғамның пікіріне пысқырмағаны, миллиардтарға есеп бермеген күйі, былыққан орданың тізгінін өз ортасына вице боп “сыймай” кеткен Асхатқа ұсынып, Сағадиевтің “шетел асқаны” күні кеше ғой.

Енді ол орынды тазалап, таза команда жасақтап, таза жұмыс істеп, елеулі нәтиже шығаруға не артында тіреп тұрған үлкен кісілері, не болмаса темірдей жүйке, тастай сабыр керек екені ақиқат.

Ал, көкесі бар ма, жоқ па? Асекең қай команда мүшесі? Онда біздің жұмысымыз жоқ. Тек тазалаған “қорасын” ордаға айналдырып, қазақ баласына сапалы білім, саналы тәрбие алатын қоғам қалыптастырса, бала-бақшадан университетке, ғылыми жобадан ғылымға дейін дұрыстаса деген жанашыр тілек қана.

– Енді не болмақ?

– Бұл сұрақ менің құзіретімде емес. Ел президенті Тоқаев пен Елбасы Назарбаев біледі. Мен болжам айта алмаймын. Менікі тек тәуелсіз сарапшының көзқарасы.

– Сіздің ой не?

– Мен ойымды жоғарыдағы сұрақтарға қыстыра кеттім. Менің тілегім, кінәсі болса, тек заң айналыссын. Кінәсіз болса, жұмыс істеуге мүмкіндік берсін. Қабылдаған заңын орнықтырып, қабылдаған бағдарламасын аяқтауға мүмкіндік берсін. Еңбек етем деген адамға кедергі келтірмесін деген ғана тілек. Әрине, мені кім тыңдайды, бірақ, қоғам болып қорғап қалу кешегі Ахаңның көзі болған әліппенің қайта оралуына қуанған халықтың еншісінде.

Білім саласы түзелмей, ел түзелмейді. Түзеймін деп келген адамның бетін қақпа, белін бу. Министріңді қорғап қал, халық. Министрді жауға бермеңіз, Ел президенті қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Республикалық «QAZBILIM» орталығы

Бас директоры Аятжан Ахметжанұлы.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА