23.11.2024

Жаңа оқу жылында олқылықтарға орын берілмейді

Жаман тұмау жайлаған кезде білім саласының жұмысы туралы ел ішінде әрқилы топшылаулар айтыла бастаған. Қисынға келетіні де, келмейтіні де бар. Мәселенің мәнісі таяуда облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен өткен брифингтен белгілі болды. Бұл туралы Қабілім порталы “Егемен Қазақстан” газетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа оқу жылында 132 мыңнан астам оқушы білім ошағының табалдырығын аттамақ. Шамамен 15 мыңы бірінші сынып оқушылары. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, 555 мектептің ішінде шалғайда орналасқан, әрі оқушы саны аз 248 мектеп жаңа оқу жылын штаттық режимде бастайды. Қалған 307 мектеп қашықтықтан оқытады.

–Бұдан бөлек, қашықтықтан оқытатын мектептерде ата-аналардың өтініші бойынша 15 оқушыға дейін білім алатын кезекші сыныптар жұмыс істейді. Облыс мектептерінде осындай 3 мың кезекші сынып болуы мүмкін деп жоспарлануда. Кезекші сыныптарда 45 мыңға жуық оқушы білім алмақ. Ең басты мәселе, әр оқушыға білім беру үшін қажетті жағдай жасау. Қашықтықтан оқыту кезеңінде компьютерлік техникасы жоқ оқушыларға мектеп компьютерлері уақытша пайдалануға берілетін болады, – деді Ермек Маржықпаев.

Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде мектептерде 16 мыңға таяу компьютерлік техника бар. Оның 1,5 мыңы үстіміздегі жылы сатылып алынды. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін тағы 300 компьютер сатып алу жоспарлануда. Осы ретте, облыс әкімі бірінші кезекте әлеуметтік  аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларын қамту қажеттігін екпін түсіре айтып өтті. Осы орайда, Үкімет резерві қаражатына 23 мың компьютерлік техника сатып алынбақшы. Сондай-ақ, компьютерлік техникасы жоқ ұстаздарға білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы есебінен ноутбуктер сатып алынып, пайдалануға беріледі.

Облыстың жалпы білім беретін барлық мектептері кең жолақты жылдамдықты интернетке қосылған. 300 мектептегі интернеттің жылдамдығы секундына 4-тен 8 Мбит-ті құрайды. 252 мектепте интернеттің жылдамдығы секундына 8 Мбит-тен жоғары. Қазіргі таңда «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп, тағы 35 мектепте интернет жылдамдығын секундына 8 Мбит-ке арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс.

132 мың оқушының 94 процентінің интернетке үй жағдайында қосылуға мүмкіндігі бар. Ал, 7800 оқушының үйінде интернет жоқ. Осы мәселені шешу үшін оқушыларға қашықтықтан оқыту кезінде пайдалануға ұялы байланыс операторларының мобильді интернеті бар Wi-Fi роутерлер, флеш-карталар беріледі. Сонымен қатар, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мобильді оператор өкілдерімен оқушылар мен педагогтар үшін айына 990 теңгенің «Білім» жеңілдетілген тарифын іске қосу бойынша келіссөздер жүргізуде. Аталған тарифтік жоспар оқушылар мен ұстаздарға ұялы телефон арқылы бір-біріне шексіз қоңырау шалуға, Білім және ғылым министрлігімен бекітілген білім интернет ресурстарына тегін кіруге мүмкіндік береді.

–Штаттық режимде оқытылатын бастауыш сыныптар мен шағын жинақты мектептер дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жаңа оқу жылына дайындық ретінде мектептердің жаппай оқу қорының қаржысы есебінен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына оқу құралдарын, киім-кешек, аяқ киім сатып алуға көмек көрсетілуде. Үстіміздегі жылы облыстағы әлеуметтік жағдайы төмен  отбасыларындағы 17 мың баланы қолдау мақсатына  300 миллион теңге бағытталады, – деген облыс әкімі.

Облыста эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, мектептердің құрылысы тоқтаған жоқ. Бүгінде облыста үш ауысыммен оқытатын 12 мектеп бар. 1 қыркүйекке дейін Целиноград ауданында 1500 орынға арналған екі жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін аталған ауданда 420 орындық тағы екі мектеп оқушыларға есігін ашпақшы. Көкшетау қаласында да бірқатар мектептердің жанынан салынып жатқан қосымша оқу ғимараттарының құрылысы биыл аяқталады. Осының барлығы мектептердегі үш ауысыммен оқыту мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, екі мектепті қайта жаңарту жұмыстары аяқталады. Биыл жаңа мектептердің салынуымен қатар, мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстағы 114 мектеп жөндеуден өткізілуде.

Тағы бір мәселе, мектепке дейінгі мекемелерде кезекші топтар жұмыс істеуде. Бүгінде  89 мектепке дейінгі мекемеде 244 кезекші топ ашылған. Қосымша білім беру ұйымдары да әзірше қашықтықтан жұмыс істеуді жалғастырады. Алайда, ата-ананың өтініші бойынша дәстүрлі режимде оқытуға рұқсат етіледі. Тек, топтағы бала саны бесеуден аспауы тиіс. Облыс әкімі қашықтықтан оқыту кезінде балаларға және ата-аналарға арнайы білім беру ұйымдарында онлайн кеңестер берілетінін айтты. Жалпы, облыста жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары одан әрі жалғасуда.

 

Ақмола облысы

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА