Осыдан 2 жыл бұрын бір танысымыз мектепке ақша беріп жұмысқа тұрды. Ол осы әрекетін: «Барлық жерге түйіндемемді жібердім. Бірақ бәрінде бірдеңе дәметеді. Ал мен өз кәсібімді, мұғалімдікті шынымен жақсы көремін. Бала оқытқаннан ләззат аламын. Сүйікті ісіммен айналысу үшін осындай қадамға бардым. Өйткені басқа амалым қалмады. Таза жолмен жұмысқа жетемін деп қанша уақытымды жоғалттым. Бастысы, мен – маманмын ғой. Еден жуып жүріп, бала оқытып кеткен жоқпын», деп түсіндірді.
«Ақша беріп те көрдім»
Қалай ойлайсыз, дәл осы уәж педагогті ақтай ала ма? Екіұшты ойда қаларсыз, бәлкім сөз таластыруға, барлық саланы жайлаған жемқорлық жайын желеу етіп лайықты аргумент те табарсыз. Бірақ мұндай мұғалімдердің көп екенін ақтауға келмес. Жақында Facebook әлеуметтік желісіндегі «Қазақстан ұстаздары» атты 100 мыңға жуық жазылушысы бар ашық топқа Құралай Жолдасова атты желі қолданушы: «Сәлеметсіздер ме? Мен мектепке жұмысқа тұра алмай жүрмін. Барлық мектепке түйіндеме тастадым. Бірақ жауап жоқ. Ақша беріп те көрдім. Ортадағы адамдар жоқ болып кетіп, алданып қалдым. Жұмысқа тұрудың енді қандай амалы бар?», деп жазыпты.
Дымы құрыған кейіпкеріміз айтқандай, білім беру саласындағы бұл бассыздыққа балта шабудың енді қандай амалы бар?
«Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы: Білім индексі 2019» зерттеу қорытындысы бойынша үздік үштікте тұрған Аустралияда мұғалім болып еңбек ету үшін сіз жұмыс істегіңіз келетін штаттағы білім департаментінің талаптарына сай болуыңыз керек және тиісті бақылау органында педагог ретінде тіркелуге тиіссіз. Көрдіңіз бе, бақылау органы ұрпақ тәрбиесімен айналысқысы келетін адамның кім екенін алдымен жіті тексереді.
Ал бізде қалай? Мұғалімді жұмысқа мектеп директоры алады. Педагог болу үшін қандай да бір органның бақылауынан өту қажет емес. Міне, біз дәл осы жерде жемқорлыққа қолдан жол беріп отырған секілдіміз. Себебі елімізде әлі күнге дейін мұғалімдерді жұмысқа қабылдайтын мектеп директорларын тағайындаудың бірыңғай жүйесі жоқ. Олар жергілікті атқарушы органдардың және білім басқармаларының шешімімен қызметке қол жеткізеді. Бір проблемадан соң екінші проблемаға тап боламыз. Өйткені түйткілдің тамыры тереңде. Білім саласындағы біраз мәселенің шешімін табуға, сондай-ақ дәл осы біз көтеріп отырған жемқорлықты жоюға, тым болмаса алдын алуға ықпал ете алар бір қадам бар. Бұл – мектеп директорларын тағайындаудың талаптарын күшейту, бірыңғай тиімді жүйесін енгізу. Неге? Өзіңіз білетіндей, мұғалімді жұмысқа алатын адам – сол мектеп директоры.
Мектеп директорының еңбекақысы кей мұғалімдікінен төмен
Мәселеге тура қарасақ, пара беретін мұғалім бар делік, демек алатын да директор болып тұр ғой. Сол себепті мәселенің салдарын емес, себебін осы жерден іздеу керек секілді.
Елордада орналасқан Райымбек батыр атындағы №50 Қазғарыш мектеп-лицейінің директоры Роза Болатаева кейбір мектеп басшыларының қылмыстық қадамға баруына жалақысының аздығы себеп болуы мүмкін екенін айтады.
«Біз мұғалімдерді жұмысқа қабылдағанда бір орынға үміткер болып тұрған педагогтерді әңгімелесуден өтуге қатар шақырамыз. Әңгіме барысында мұғалім мамандығын және дәл біздің мектепті таңдаудағы мақсатын, қандай жаңалық енгізіп, не өзгерткісі келетінін сұраймыз. Содан соң осы сұрақтарға жауабын жаздыртамыз. Сол арқылы оның ойын, ойындағысын жүйелеп жеткізу қабілетін, сондай-ақ сауатын тексереміз. Өзі қате жазатын мұғалім балалардың сауатын қалай ашады? Кейде өзі қобалжып отырған үміткерді де абыржытпай, өзіміздің де уақытымызды көп алмай салмақты сұрақтарға жауап ретінде бір эссе емес, қарапайым өмірбаянын жазып беруді өтінеміз. Басқа да талаптар болады, әрине. Мәселен, математика пәнінен жоғары сыныптарға сабақ беретін мұғалімге есеп шығартамыз. Міне, осындай сынақтардан өте алған маманды жұмысқа қабылдаймыз. Меніңше, мұғалім өзіне, өзінің білімі мен қабілетіне сенімсіздіктен пара беруі мүмкін. Бұл – шындығында педагогикалық этикаға жатпайтын жат қылық, ауыр қылмыс. Сондықтан оған қандай жағдайда да, тіпті жалақыны да сылтауратып жол беруге болмайды», деді Р.Болатаева.
Иә, мектеп директорларының алатын жалақысы жайында бұған дейін де көп көтерілді. Соның нәтижесінде мектеп директорларын аттестаттау жүйесі енгізіліп, одан өткен және өзінің біліктілігін дәлелдей алған оқу ошақтары басшыларының жалақысына біліктілік деңгейіне қарай 30-дан 100 пайызға дейін үстемеақы қосылады.
Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов (вице-министр кезінде) 2 жылдай бұрын: «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мұғалімдердің үстемеақысы өсіп отыр. Бірақ мектеп директорлары мен директор орынбасарларының еңбекақысына қатысты мәселе бар. Біз бұл мәселені аттестация арқылы шешуді жоспарлап отырмыз. Қазір мектеп директорлары азаматтық қызметкерлер ретінде үш жылда бір рет аттестациядан өтеді. Шағын мектеп болса да, үлкен мектеп болса да, тіпті директордың тиімді жұмысына қарамастан оның жалақысы өспейді, үстемақы жоқ», деген еді. Міне, енді сол мәселе шешімін тауып жатыр. Бірақ бұл мектепке мұғалімнің жемқорлықсыз жұмысқа тұруына кепілдік бола ала ма? Мектеп басшыларының жалақысы өссе, олардың бәрі педагогті парасыз жұмысқа қабылдайды деген сөз бе?
Педагогтерді порталмен іріктейді
Негізінен тек жалақыны өсіргеннен түйткілдің түйіні түбегейлі тарқатылып кетпесі анық, әйтеуір жемқорлықтың алдын алуға сөзсіз сеп болады. Алайда осы қадаммен ғана қол қусырып қарап отыра берсек, мәселені одан әрі ушықтырғаннан өзге ештеңе ұтпайтынымыз бесенеден белгілі. Сонда тағы қандай амал бар? Оны, біздіңше, жақында Шымкент қаласының әкімдігі қолға алған секілді.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан: «Білім саласының ішкі және сыртқы жағы бар. Сыртқы жағы – инфрақұрылым мен құрал-жабдықтар. Ішкі жағы – оқу бағдарламасы мен ұжым. Сыртқы жағдайын тез өзгертуге болады. Мектеп апатты жағдайда болса, 1-2 жылда орнына жаңа мектеп сала аласыз. Ал білім саласының ішкі жағы, яғни мәнін бұлай жылдам өзгерте салу қиын. Білім саласының сапасын арттыратын бірден-бір адам – сауатты мұғалім. Сондықтан мұғалімдердің білім-білігі білім саласының сапасын айқындайды. Лайықты мұғалімдер бәсекелестік жағдайында таңдалады. Тамыз айында hr-process.kz порталы іске қосылды. Осы уақыт ішінде жарияланған 511 орындық байқауға 692 үміткер қатысып, 349 мұғалім таңдап алдынды. Олардың 133-і қызыл дипломмен бітіріп, 17 мұғалім шетелде білім алған. Бұл жүйеге балабақша тәрбиешілері мен колледж мұғалімдерін іріктеуді қостық. Келер жылы педагогтердің біліктілік санаты осы портал арқылы аттестацияланады», деп жазды.
Бірақ үмітінен күдігі басым жүретін қоғамда «Бір ғана порталмен параның проблемасын шешіп тастау мүмкін емес» деген сыңайдағы сенімсіз сөздер айтылды. Сонда Ш.Мұқан: «Шымкенттің мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы бос орындар осы сайтқа жарияланады. Қазіргі таңда 47 бос орын тұр. Мәселен, №23 мектепке тарихшы, №115 мектепке ағылшын тілінің мұғалімі, №129 мектепке дефектолог, №57 мектепке математика пәнінің мұғалімі керек. Осылай кете береді. Алайда педагогикалық диплом болса болды, жұмысқа алады екен деп ойлап қалмаңыз. Талап жоғары», деді.
Талап жоғарыласа, тәртіп оралар. Портал тәжірибесін өзге өңірлерге де енгізуге болатындай көрінді. Бірақ бәрібір мұғалімдерді мектепке қабылдаудың шетелдік тәжірибедегідей жүйеленген арнайы байқауы болуы керек. Байқаудан тек мықтылар ғана іріктелуі тиіс. Байқаудың өзі бақылауда болғаны жөн. Жалпы білім саласындағы бақылау департаменттері әлсіз емес екенін, керісінше ықпалды екенін осы тұста дәлелдей алуы қажет.
Жақында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Білім және ғылым министрлігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенділік танытып жатқанын мәлімдеді. Иә, кейінгі кезде министрлік ҰБТ-ға, «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы мен балабақшаға баланы орналастыруға қатысты жұмыстарды жүйелеуде агенттікпен бірлесіп жұмыс істеді. Ведомство таратқан ақпаратқа сүйенсек, Агенттік пен Ұлттық тестілеу орталығы бірлесіп жүргізген мониторингтің нәтижесінде мемлекет 2,7 млрд теңге үнемдепті. Ал «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығына қатысты бизнес-процестерді оңтайландыру нәтижесінде жыл сайын 1,3 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделмек.
Жақсы ғой, десе де мұғалімдердің жұмысқа тұру мәселесін де агенттікпен бірлесіп реттесе, байқау негізінде қызметке қабылдауды жолға қойса, білім сапасы қаншама есе көп табысқа кенелер еді-ау. Өйткені сауатты, қылмысқа бармайтын, өзінің білімі мен кәсібилігіне сенетін педагог қана білімді, рухани бай, жаңа заманның талаптарына сай ұрпақ тәрбиелей алады. Ал ақша беруді және алуды қалыпты қабылдайтын парақор педагог қоғамға қауіпті лекті тәрбиелеп шығады. Білімдегі орны толмас орасан шығын осы емес пе?
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ
“Егемен Қазақстан” газетінен