07.11.2024

Атырауда ауыл мектебінің оқушылары робот, дрон ​ құрастырып жатыр

Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылқоға ауданындағы Сағыз орта мектебінде STEM зертханасы бар. Қазір онда 5-11 сыныпта оқитын 30 оқушы қосымша дәріс алады.

«Біздің зертханада оқушылар​ құрастырған дрон әдеттегідей әуеде ұшады. Тіпті су бетінде жүзіп, видео түсіреді. Дронның әуеде ұшу жылдамдығы секундына – 1,5 метр. Ал су бетінде секундына 2,5 метрге дейін жүзеді. Әзірге сынама​ түрінде құрастырылған дронның ​ қуаты 6 минутқа жетеді. Кейін қайта қуаттауға болады. Сонымен бірге, оқушылар ағаш станогымен, 3D ноутбукпен жұмыс істеуді үйренуде» -дейді STEM зертхананың лаборанты Ләйла Шыңдыбаева.

Оның айтуынша, зертханада жоғары сыныптың оқушылары арнайы бағдарлама жүктелген 3D​ принтердің көмегімен телефон тіреуішін, құмыралар мен ерекше форматтағы Абай кітабын, брелоктар, медальдар жасап шығарған.

Сондай-ақ, оқушылар STEM зертханада үш түрлі функция атқаратын роботтар жасаған. Мәселен, Мбот роботы кедергілерден өздігінен бұрылу арқылы өте алады. Екінші робот әуенмен қозғалады. Үшінші робот бағдарламамен арнайы сызылған сызбалар көмегімен жүреді.

«Бұл зартхана математика, инженерия бағытындағы осы заманғы технологиялық ізденістерге бағытталған. Жоғары сынып оқушылары роботтарды құрастырады. Ал, төменгі сынып оқушылары дрон, робот құрастырудың тәсілдерін үйреніп жатыр» – дейді Сағыз орта мектебі директорының міндетін атқарушы​ Мейрамгүл Аяғанова.

Бір ерекшелігі, аудандағы өзге мектептерде мұндай STEM зертхана жоқ. Бұл мектептегі зертхана биылғы қаңтарда іске қосылған. Аталған мектептің химия пәнінің мұғалімі Ақынта Бисембиева былтыр республикалық ғылыми жобалар байқауына қатысып, жеңімпаз атанған. Жүлдеге ұтып алған зертхананы өзі еңбек ететін мектепке орналастырған.

Екі жыл бұрын ашылған Сағыз орта мектебінде 424 оқушы оқиды. Мұнда кадет сыныбы, өндірістік шеберханалар, тігін цехы, гимнастика орталығы мен ТИР алаңы бар. Оқушылар шығармашылығын дамыту мақсатында білім ордасында 16 үйірме мен 4 клуб ашылған.. Соның бірі – би үйірмесі.

«Дәріс классика, эстрада және ұлттық би бағытында өтеді. Үйірмеге қатысып жүрген оқушылардың онлайн түрде өтіп жатқан «Жарық жұлдыз» конкурсында шоқтығы биік тұр» – дейді би үйірмесінің жетекшісі Бақыт Қойшығали.

Еске сала кетелік, атыраулық оқушылардың ғылыми жұмысы халықаралық жинаққа енгенін жазған едік.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА