«Соңғы уақытта ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалар саны көбейіп жатыр. Осы санаттағы балалардың ерекше қажеттіліктерін анықталғаннан кейін, оларды құрдастарымен қатар оқыту үшін арнайы педагогтердің көмегі қажет. Ең бастысы, мамандар әр баланың қажеттіліктеріне сүйене отырып жеке түзету бағдарламасын дайындап оны жүзеге асыратын болады», – деп жазды ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында.
Оның атап өтуінше, мұндай көмек алған балалар инклюзивті ортаға жақсы бейімделеді. Сонымен қатар, оқу материалын әлдеқайда оңай игереді. Ал кейбіреулері ерекше көмекке мұқтаждықтан толығымен арылады. Олармен дефектологтар, психологтар, логопедтер және басқа да мамандар жұмыс істейді.
«Қазіргі уақытта мұндай балалардың саны өскендіктен, арнайы орталықтар жетіспейді. Уақытылы көмек болмағандықтан, бұл ерекшеліктерді түзету және баланы білім беру ортасына қосу қиынға соғып жатыр. Енді бұл норма мемлекеттік емес ұйымдарға осындай қажет орталықтарды ашуға және көрсетілген қызметтер үшін бюджеттен қаржы алуға мүмкіндік береді. Бұл механизм жеке балабақшалардың қызметімен бірдей. Естеріңізге сала кетейін, дәл осындай тетік арқылы балаларды мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерімен қамтуды бірден арттырған едік», – деді Асхат Аймағамбетов.