Қазақстанда бірқатар мектепте маска режим сақталмаған, арақашықтық белгілері қойылмаған, бөлмелерге ылғалды тазалау және залалсыздандыру жүргізу кестесі бұзылған, сыныптардағы парталар арасындағы қашықтық сақталмаған. Сондай-ақ бактерицидтік шамдардың, санитайзерлер мен залалсыздандыру құралдарының жеткіліксіздігі анықталды.
23-29 сәуір аралығында мониторинг топтары еліміздегі 643 мектепке тексеру жүргізді. 139 мектепте карантин талаптарының бұзылғаны анықталды, яғни тексерілген мектептердің 21,6% карантин режимін бұза отырып жұмыс істеген.
Маска режимін бұзу фактілері 27 мектепте анықталды, 19 мектепте таңертеңгі сүзгі жүргізу тәртібі бұзылған, 6 мектепте әлеуметтік арақашықтық белгілері жоқ, 29 мектеп толық көлемде санитайзерлермен қамтамасыз етілмеген, 34 мектепте ылғалды тазалау және дезинфекция жүргізілмеген.
Карантин талаптары көп бұзылған мектептер келесі аймақтарда тіркелді:
- Қарағанды облысында – 25 бұзушылық;
- Қызылорда облысында – 21;
- Түркістан облысында– 17.
Анықталған жағдайлар бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабына сәйкес 312 тұлғаға жалпы көлемі 28 876 184 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Мектептерде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, анықталған бұзушылықтар тексеру барысында жойылды.