Home Керекті кеңес Білімнің бәсі биік болмаса…

Білімнің бәсі биік болмаса…

0

Отыз жыл ішінде еліміздегі орта білім беру жүйесінде біраз реформа болды. Әсіресе соңғы 5 жылда білім саласына айтарлықтай көп өзгеріс енді. Атқарылған жұ­мыстар еленіп те жатты, талай мәрте сынға да ұшырады. Мұғалімнің мәртебесі кө­терілді. Бірақ қазіргі кезде елімізде мектеп директорлары тапшы екені анық сезіле бастады. Оның себебі басшының еңбегінің лайықты бағаланбауы болып тұр. Жалпы мектептің озық болуы я көш соңында қалуы директорға тікелей байланысты екенін ес­кер­сек, олардың елеусіз қалуына не себеп? Ал мұғалімнің мәртебесін көтеруге бағытталған заң қандай нәтиже беріп жатыр?

Отыз жылдағы өзгерістер

Статистикалық деректерге сәйкес қазір елімізде 7 440 жалпы білім беретін мектепте 3,4 миллионнан астам бала білім алады.
Тәуелсіздік алғалы бері отыз жыл ішінде
1 800-ден астам жаңа білім ордасы бой көтерсе, 1401 мектеп, керісінше жұмысын тоқтатқан. Мектептердің жабылуының басты себебі бала санының жеткіліксіздігі болған. Одан бөлек, орта білім беретін мекемелердегі 4 ауысымдық жүйе толығымен жойылды. Ал 3 ауысыммен оқытатын мектептердің саны едәуір сиреді. 1997 жылы кәсіптік-техникалық мектептердің саны 1991 жылмен салыстырғанда 40 пайызға, ал онда білім алатын оқушылар саны 40 пайыз қысқарған. Бұған сол кездегі сыртқы эконо­ми­калық факторлар себеп болды. Осы уақыт ара­лығында Білім және ғылым министрі 13 рет ауысты. 1992 жылғы 18 қаңтарда қабылданған «Бі­лім туралы» заң алдағы уақытта нені бас­шылыққа алу керегін айқындады. Білім беру мекемелері оқу бағдарламасын, ны­сан­дар мен әдістерді таңдауда айтарлықтай көп дербестік алды. Алайда, бір айта ке­тер­лігі, реформалардың стратегиясы жеткілікті дәрежеде нақты көрсетілмеді.
30 жыл ішінде ашылған мектептердің қа­­тарында жаңа үлгіде білім беретін ме­ке­ме­лер де аз болмады. Орта мектептердің қа­тары жекеменшік мектептермен, лицей­лер­мен, гимназиялармен, дарынды бала­лар­ға арналған арнаулы мектептермен то­лық­ты. Білім берудің жаңа мазмұнына көшуге де талай мәрте қадам жасалды. Тереңдетіп оқы­татын және мамандандырылған, «көр­се­тілетін қосымша кызметтерге» ақы төле­не­тін мектептер қатары артты. 1990-1991 оқу жы­лынан 1995-1996 оқу жылына дейінгі ара­лықта кейбір пәндерді тереңдетіп оқы­татын мектептердің саны екі есеге, гим­на­зия­лардың саны 16-дан 131-ге, лицей­лердің саны 10-нан 112-ге дейін артқан. Одан кейін мамандандырылған мектеп­тердің өсу қар­қыны бәсеңдеді, бірақ лицей­лер мен гим­назиялардың саны одан сайын көбейе бер­ді.
1993 жылы Үкімет жеке меншік оқу орын­дарын лицензиялау тәртібі туралы бірін­ші ережені, 1995 жылы Білім беретін мем­лекеттік емес мекемелер туралы ережені бе­кітті. 1996 жылы Гимназия және лицей ту­­­ралы ереже қабылданды.
Жаңартылған мазмұнда білім беретін 20 Назарбаев зияткерлік мектебінің негізі қа­ланды. Алғашында аталған білім ор­да­сын­да қолданылған тәжірибе мен әдіс-тә­сіл­дер қазіргі кезде еліміздің бүкіл білім ор­даларының білім беру жүйесіне енгізіліп жа­тыр.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Дарынды ба­ла­ларға арналған мектептерді мемлекеттік қол­дау және дамыту туралы» үкімі елдегі мек­тептерді сапалық жағынан дамытуға жа­салған қадамдардың бірі болды. Осы үкім­ге сәйкес дарынды балаларға арналған «Да­рын» республикалық мектебі ашылды.
Еліміздегі орта білім беру жүйесіндегі ре­формалар 1998 жылы неғұрлым жүйелі си­пат ала бастады. Шағын мектептер қал­пына келтірілді. Сол кездегі Мемлекет бас­шысы Н.Назарбаевтың үкімі бойынша жер­гілікті үкімет органдары мектепті тас­тап кеткен барлық баланы қайтару ша­ра­ларын қолға алды. Статистикалық дерек­тер­ге сәйкес, соның арқасында тек 1998 жыл­дың өзінде ғана 21 000 бала мектеп пар­таларына қайтадан отырған.
1999 жылғы маусым айында «Білім туралы» заң қабылданды. Заңда білім беру­дің үш сатылы жүйесі бекітілді: бас­тауыш, негізгі, жоғары саты.
2001 жылы оқу-білім саласын қаржы­лан­дыруда көптеген бетбұрыс болып, салаға бө­лінген қаражат мөлшері едәуір артқан.
2002 жылдан бері арнаулы білім берудің жаңа түрлері – оңалту орталықтары мен пси­хологиялық-педагогикалық түзету ка­бинеттері жұмыс істеп келеді. Бүгінде осын­дай 15 орталық пен 198 кабинет бар.
2010 жылғы 7 желтоқсанда Елбасының Жар­лығымен «Қазақстан Республикасында бі­лім беруді дамытудың 2011 – 2020 жыл­дар­ға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бе­кітілді. Бағдарламада 12 жылдық оқу жүйе­сіне көшу, білім, ғылым және өндірісті бі­ріктіру, жоғары білікті ғылыми және ғы­лыми педагог кадрларды даярлау сияқты маңызды мақсаттар жолға қойылды.
Білім беру мекемелерін интернетпен қам­тамасыз ету жұмыстары 0-ден басталды де­сек те болады, ел бойынша ауқымды жұ­мыс жүргізілді. Қазіргі кезде барлық мек­теп­тің 96,8 пайыздан астамы кеңжолақты ин­­тернетпен қамтылған деген ста­тис­ти­ка­лық дерек бар. Еліміздегі мектептердің басым бөлігі интерактивті тақталармен, заманауи технологиялармен жабдықталды. Тек соны пайдалану жағынан кемшін түске­ні­міз жасырын емес. Жалпы осы интернетке байланысты әлі де түйінді түйткіл, шешіл­ме­ген мәселе көп екенін былтыр анық бай­қаған едік.
Тағы бір айта кететін нәрсе – Ұлттық бі­лім сапасын бағалау жүйесінің құрылуы. Осы арқылы оқушылар алған білімін сынап, PISA, TIMSS, PIRLS сынды зерттеулерге қа­тысу­ға жол ашылды.
2017 жылдан бастап информатика, фи­зика, химия және биология сынды жа­ра­тылыстану-математика циклындағы пән­дер оқушылардың қалауы және педагог­тер­дің дайындығына байланысты ағылшын тілінде оқытыла бастады. Бүгінде еліміздегі 525 мектепте жаратылыстану-математика пән­дері толықтай ағылшын тілінде өтеді. Ал 3 814 мектепте мұндай білім берудің эле­менттері бар.
2017 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тес­тілеу жаңа форматқа ауыстырылды. Ал 2018 жылдан бастап мектеп түлектері Ұлт­тық бірыңғай тестілеуді ағылшын тілінде тап­сыруға мүмкіндік алды. 2019 жылдың қыр­күйегінен бастап «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында мектептерге қосым­ша пәндер енгізілді.
Соңғы кезде оқулық мәселесі өте өзекті бо­лып тұр. Орта білім беруге арналған оқу­лық­тардың мұқабасы ғана емес, мазмұны да түбегейлі өзгеріске ұшырады. Қаншама ре­фор­ма, жақсы бастамалар көтерілгенімен, оқу­лықтың олқылықтары әлі көп.
Қорыта айтқанда, еліміздегі білім беру жүйесінің қалыптасуы экономикалық дағдарысқа тұспа-тұс келді. Содан да болар, білім берудегі өзгерістер салыстырмалы түрде баяу жүрді. Қазірге дейін көптеген мектепте, әсіресе ауылдағы мектептерде білім беру жүйесі көп өзгере қоймады. Қаладағы мектептер мен ауыл мектептерінің арасында алшақтық пайда болды. Сәйке­сінше, білім сапасы да әртүрлі қалыптаса­тын­дықтан, жоғары оқу орнына түсетін та­лап­керлерге ауылдық квота жеңілдігі қарас­тырылатын болды.
Дегенмен, мемлекет басшысы жалпы бі­лім саласындағы реформалар әлі алда еке­нін 2019 жылы Шетелдік инвесторлар кеңе­сінің отырысында айтқан болатын.

– Бастауыш, орта немесе жоғары оқу ор­ны болсын, біздің білім беру жүйеміздегі барлық кемшілікті жақсы білеміз. Жеткен жетістіктерімізге тоқмейілсімейміз. Білім саласындағы реформалар әлі алда. Бізге ең ал­дымен білім сапасы мен стандарттарын жақ­сарту қажет. Болашақ уақыттың сын-тегеуріндеріне дайын болуымыз керек. То­лықтай алғанда, біз білім мен ғылымға кете­тін шығындарды жалпы ішкі өнімнің 5 пайы­зына дейін жеткізу туралы шешім қа­был­дадық, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент қазіргі кездегі негізгі міндет білім саласында білікті де мықты маман даярлау екенін баса айтқан еді.

«Педагог мәртебесі туралы» Заң: Не өзгерді?

Қазір мұғалімнің мәртебесін арттыруға ерек­ше көңіл бөлініп, көптеген жұмыс атқа­ры­лып жатыр. Мұғалімдер бұрынғыға қа­ра­ғанда бюрократияның бұғауынан едәуір бо­сатылды, еңбектері лайықты бағаланып, ең­бекақысы өсті. Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, елі­міздегі ұстаздардың 99 пайызының ай­лық жалақысы артқан. Оған қоса министр жар­ты миллион айлық алатын мұғалімдер­дің бар екенін де айтқан болатын.

– Ұстаздардың жалақысы айтарлықтай өсті. Магистр дәрежесі бар әр маман 29 мың тең­ге қосымша ақы алып отыр, жетекшілік үшін де үстемеақы бар, дәптер тексергені үшін төлемдер екі есе көбейді. Категориясы болғаны үшін төлемдер бар. Жоғары кате­гориялы мұғалімдер жалақысының 50 пайы­зы мөлшерінде үстемеақы алады. Бізде 500 мың теңгеден астам жалақы алатын мұ­ғалімдер бар. Бәрі де жүктемеге байла­ныс­ты, мәселен, бір маман аптасына 18 сағат жұмыс істесе, ол – төменгі мөлшер­ле­ме, ал енді бір мұғалім одан анағұрлым кө­­­бірек жұмыс істеп, сәйкесінше көбірек жа­лақы алып отыр.
Жалақы едәуір өсті әрі алдағы уақытта да өсе бермек. Келесі жылы біз мұғалімдердің жалақысын тағы 25 пайызға көбейтетін бо­ламыз. Біз мұғалімдердің табысы орта рес­публикалық табыс көлемінен кем бол­мағанын қалаймыз, – деді Асхат Айма­ғам­бетов.

Жалпы мұғалімдердің мәртебесін кө­теру мәселесі бұрын көтерілмеді десек, қа­те­лескеніміз болар еді.
1999-2000 жылдары мұғалімдердің жағ­дайына көңіл бөліне бастады. 1998 жылғы дағ­дарыстан кейін экономика біршама тұрақ­танды, соның нәтижесінде, бюджеттік ұйым­дардың қызметкерлеріне, оның ішінде ең алдымен мұғалімдерге жалақыны уақы­тында төлеу басты назарға алынды.
Әлеуметтанулық зерттеулерге сәйкес, 2000-2001 жылдары ауыл мұғалімдерді қа­зақстандық ауыл өлшемі бойынша табысы жо­ғары және тұрақты, материалдық жағы­нан қамтамасыз етілген топқа жатқан.
30 жылдың ішінде 2 миллионнан астам мұ­ғалім курстық дайындықтарда, кон­фе­ренцияларда, семинарлар мен вебинарларда біліктілігін арттырған.
Мектепте жұмыс істейтін магистр дәре­жесі бар педагогтердің де саны еселенген. Қа­зіргі кезде жалпы білім беретін мектеп­терде 9 751 педагог-магистр жұмыс істейді.
Жыл сайын орта есеппен 10 мыңнан ас­там жас маман мектепке жұмысқа ор­на­ласады. Мәселен былтыр еліміздің білім беру ұйымдарына 10 900 жас маман жұмыс­қа тұрған, оның 5 411-і ауыл мектептерін таңдаған.
Педагогикалық корпустың сапалық құрамын жақсарту үшін 2018 жылдан бас­тап мұғалімдерді аттестациядан өткізудің жаңа жүйесі енгізіліпті. Ұлттық біліктілік тестін сәтті тапсырған педагог біліктілігіне байланысты жалақысына 30-дан 50 пайызға дейін үстемеақы алады.
«Педагог мәртебесі туралы» және «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу туралы» заңдарға сәйкес педагог маманның мәртебесін арттыру үшін жүк­теме 18-ден 16 сағатқа дейін қысқартылып, мұғалімдердің есеп-қисап беретін құжат­тарының саны 10-нан 2-ге дейін азайтылды.
Былтыр педагогтердің жалақысы қо­сымша ақы мен үстемақылардың артуы есе­бінен 45 пайызға, ал осы жылғы қаң­тар­дан бастап тағы 25 пайызға артқан. Дене тәр­биесі пәнінен беретін педагогтерге де үйір­мелер мен спорттық секцияларды жүр­гізгені үшін қосымша ақы төлене бастады. Ал еңбек демалысы 42 күннен 56 күнге ұзартылды. Педагогтерді қызметінен тыс жұ­мыс­тарға тартуға заңмен тыйым салын­ды.

– Жалақы сынып жетекшілерге, қара­пайым мұғалімдерге және мектеп әкімшілігі қыз­меткерлеріне әртүрлі төленеді. Мұға­лім­дердің жалақысы 25 пайызға өскенін біле­сіздер.
Қағазбастылыққа келер болсақ, сынып же­текшілер қағазбастылықтан айтарлықтай құтыла қойған жоқ. Бір сыныпта орта есеп­пен алғанда, 26-28 оқушы оқиды. Ке­лісім­шарт, құжат жыл сайын жаңартылады, қала берді әр балаға жеке-жеке анализдер жа­сай­ды. Әлеуметтік жағдайына байланысты та­ғы да жұмыстар жүргізеді. Жалпы мұға­лімдер сынып жетекші болғаны үшін 10 000 теңге үстемеақы алады, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Байтұрсынұлы атындағы № 48 мек­тептің мұғалімі Гүлжан Айдын.

Қазіргі кезде мектеп директорлары мен оқу, тәрбие ісі жөніндегі меңгерушілердің жа­лақысы мұғалімдерге қарағанда аз екені ай­тылып жүр. Оны Білім және ғылым ми­нистрінің өзі де растаған болатын.

Директорлардың дүрмектен тыс қалуына не себеп?

Асхат Аймағамбетов елімізде мектеп ди­ректоры болуға ұмтылыс аз екенін, тіпті солтүстік өңірлерде директор жетіспейтінін айтқан еді. Министрдің сөзінше, бұған жүк­телетін зор жауапкершілік пен жалақының аздығы себеп.

– Қазір бізде мектеп басшылары немесе ди­ректордың орынбасарларының бос жұ­мыс орны өте көп. Бұл – үлкен жауап­кер­ші­лік, оған қоса қаржылық бақылау мәсе­ле­лері де бар. Қазір, өкінішке қарай бізде ди­ректорлар мұғалімдерге қарағанда әлде­қай­да аз айлық алады. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі арнайы ша­­­ралар қабылдайтын болады, – деді Асхат Аймағамбетов.

direktor mertebesi

2019 жылғы тамыз айында Асхат Айма­ғамбетов мектеп директорларының жала­қысын қайта қарау қажет екенін мәлімдеді, өйт­кені олардың қызметінен бөлек қосым­ша жүктемесі бар.
Енді ұлттық біліктілік тестілеу қоры­тын­дысы бойынша мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының жала­қы­сын көтеру де көзделіп отыр екен. Олар не­гізгі жалақыларына 30-дан 100 пайызға дейін қосымша ақы алатын болады.
Асхат Аймағамбетов 2019 жылғы Сенат­та сөйлеген сөзінде мектеп директорлары орта есеппен 90 мыңнан 110 мың теңгеге дейін алатынын айтқан болатын. Министр 100 бала білім алатын мектеп дирек­тор­лары мен 1200 бала білім алатын мектеп директорлары әртүрлі жүктеме мен жауап­кершілік дәрежесіне қарамастан бірдей жалақы алатынын, олардың тиімділігі ес­керілмейтінін де алға тартты.

– Мектеп директорларының жақсы жұ­мыс істеп, жетістікке жеткені де, тиімді жұ­мыс істемегені де бірдей еңбекақы алады. Ал мұғалімдерге санаты бойынша қосымша ақы төленеді. Бұл – әділ емес, – деді министр.
– Біз, біріншіден, білім алушылардың са­­нына қарай саралауды, екіншіден, тиім­ді­лігіне қарай директорларға санат беруді ұсы­намыз. Егер директор 1-тиімділік сана­ты­на өтсе, онда жалақысына 100 пайыз үсте­­­меақы алады, егер 2-санатта болса, онда 60 пайыз қосылады, 3-санат – 30 пайыз. Егер аталған категорияларға кірмесе, шарт­ты жалақы ғана алатын болады. Бірақ біз оларды тиімді жұмыс істеуге ынталан­дыруы­мыз керек, – деп түсіндірді Асхат Айма­­­ғамбетов.

Аятжан АХМЕТЖАН,
Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназияның директоры:

Директор болуға
талпыныс азайғаны байқалады

– Мектепте тек директордың ғана емес, жалпы мектеп әкімшілігі қызметкерлерінің, білім басқармаларында, білім саласына қатысты басқа да мекемелердің барлығын­дағы лауазымды қызметтердің еңбекақысы жоғары емес. Бұл мәселе жан-жақты қаралуы керек деп ойлаймын, себебі қазір мұғалім­дердің жалақысынан басшының жалақысы төмен болғандықтан, директор болуға талпыныс азайғаны байқалады.
Мұғалімдердің жалақысы Үкіметтің, министрліктің бастамасымен көтеріліп жатыр. Оған қоса «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды. Санаттарға байланысты жаңа ережелер енгізілді. Ал мектеп директорлары мен мектеп әкімшілігіндегі қызметкерлер, орынбасарлар, одан бөлек кітапханашылар «педагог» категориясына кірмейтіндіктен осындай ала-құлалық туындап отыр.
Директорлардың біліктілігін арттыру, санат тағайындау мәселелері жүйелі түрде шешімін табу керек деп есептеймін. Ынталандыруға қатысты соңғы жыл­дары министрлік тарапынан құжаттар дайындалып жатыр. Бірақ, әрине әлі бір қайнауы ішінде тұрған дүниелер бар.

Иә, білім саласындағы көтеріліп жатқан бастамалар мен қабылданып жатқан реформалар – өгерістің басы ғана. Жалпы қазіргі кезде білім беру саласы заманның ағымына қарай, ұрпақтың сана-сезімі мен таным-түсінігіне қарай бейімделіп, үздіксіз өзгеріп жатыр. Сәйкесінше мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Ал мектеп директорының иығындағы жүк тіпті орасан, олардың еңбегі де ескерусіз қалмайтыны белгілі болды. Алдағы уақытта мұғалімнің мәртебесі одан да асқақтай бермек, осыған сай қойылатын талап та күшейе түседі.

 

Ділда УӘЛИБЕК
“TÚRKISTAN” газетінен алынды

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version