Home Керекті кеңес Ұлттық мемлекет – ұлттық педагогикадан ғана пайда болады…  

Ұлттық мемлекет – ұлттық педагогикадан ғана пайда болады…  

0

– Ықылас мырза, армысыз! Бізге сұхбат беруге алтын уақытыңызды бөлгеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Сіз біраз жыл университетте жұмыс істедіңіз ғой. Әңгімеміздің әлхиссасын осыдан бастасақ. Жалпы жоғарғы оқу орындарының білім деңгейі қалай? Көңіліңізден шыға ма?

– Иә, мен университетте он жылдай оқытушылық қызметте болдым. Осы он жылда біраз нәрсені бажайлайсың ғой. Кез келген дүниенің күнгейі мен көлеңкесін көруге жеткілікті уақыт деп есептеймін. Әрине, көңілің толмайтын тұстары бар. Жалпы журналистика деген мамандық техникаға тікелей байланысты ғой. Мұнда оқытылатын пәндер заманауи қозғалыстарға ілесіп жүріп отыруға тиіс. Мен осы жерде сәл шегініс жасасам деймін. Мұны тікелей журналистикаға қатысты болған соң айтайын деп отырмын. Мысалы, ақпарат беру мен сараптама беру бар. Сараптама  тек кәсіби маманның білігіне байланысты ғой. Әлемнің сараптама жасайтын ең үлкен газеттерінің бірі – «Нью-Йорк таймс» газеті.  Студенттер таңғы сабағын ең әуелі  осы газетті ашып оқудан бастайтын болса, жауапты министірлік осы газеттің қазақша тәржімасын жасаса қандай тамаша іс  болар еді ғой. Ал біздегі журналистикаға келсең, сол баяғы  Әзілхан Нұршайықовтың  «замана келбеті», пәленшенің публицистикасындағы әйел бейнесі, т.б. тақырыппен келе жатуымыздың өзі кеңестік инерцияда қалғанымыздың көрінісі. Осы тақырыптардың журналистикаға түкке де керегі жоқ тақырыптар. Уақытпен ілесе алмау, белгілі бір пәндердің жетілмеуі – қазақ журналистикасын көгертпей отырған факторлардың бірі. Мысалы, әлемдік деңгейдегі өнер мен мәдениет, саясат, ғылым мен технологияға сараптама жасаған қазақ тіліндегі бірде-бір тұшымды дүниені көре алмайсың ғой. Бір кездері журналистиканы төрт жыл оқытудың керегі бар ма деген мәселе қозғалды. Уақыт жағынан, уақыттың қозғалысы жағынан келгенде төрт жыл да аз уақыт емес. Бізде жалпы журналистика деген ұғым бар да, ал салалық журналистиканы дамытуға көп көңіл бөлінбеген. Біреуіміз тек заңды, біріміз экологияны, біріміз тек ғылымды жазып сараптама жасай алатын халге көтерілсек, қандай жақсы болар еді. Әдебиетте «жасыл жазулар» деген ұғым бар. Ол дегеніміз – экоәдебиет. Тек қана қоршаған ортаны, аңдар туралы, олардың құқықтары мен бостандықтары туралы жазатын әдебиет. Сол секілді журналистика да сан-салалы болуы керек емес пе?! Осылардың бәрі жекелей дамымаған соң, кез келген сұхбатты көлденең  көк аттыдан ала беретін болдық қой. Сұхбат өз саласының маманынан алынбаған соң «Шикі ет шиқан шығарады, шикі сөз сойқан шығарадының» кері. Осылай шикі адамдардың пікірі кәсіби пікір санатына айналып кетті ғой.

– Сонда осындай уақыт қозғалысына ілесе алмаған бұл мамандықтарды қалай реттеу керек?

– Уақыттың қозғалысына байланысты,  біріншіден, тоқтауға тиісті пәндерді тоқтатып, жаңа заманға байланысты пәндерді енгізу керек. Бізде қалыптасып қалған стереотиптерді ешкім өзгерткісі келмейді. Мысалы, төрт жыл бойы журналистиканың тарихын оқу, төрт жыл бойы теледидардың тарихын оқу дегеніңіз обал емес пе. Осылайша өтірікті сағыздай  созып отырған дүниелер көп. Екіншіден, көңіл толмаудың артында мектеп мәселесі жатыр. Алдыңа келген балалардың дені қан майданнан келгендей сүйретіліп келеді. Ауыр тақырыпқа өтейін десең, еш ілесе алмайды. Мысалы, мектепте дүниежүзі тарихын керемет өтетін болса, бала француздар мен америкалықтардың,  осы күнгі батыс елдерінің бүгінгі даму деңгейіне қалай жетті деген мәселелерді өз басымен дербес ойлай алары анық еді ғой.  Сол секілді құқықтану пәнін алайықшы. Осының бәрі кәсіби деңгейде толыққанды өтетін болса, біздегі балалар азаматтық қоғам құндылықтарын толық түсініп мемлекетімізді кім мандытпай отырғанын, кім қателік жасап, қандай жерде адамның құқығы тапталып отырғанын, біздегі цензура қандай деңгейде секілді құқықтық мәселелердің бәрін де сараптай алатын еді ғой. Жалпы сабақ оқытуда екі түрлі методология болады. Қазақтың «Құл қорыққанын, дегдар сүйгенін сыйлайды» деген қағидасын білесіз ғой. Бізде сабаққа балалардың келмеуі деген үлкен мәселе бар. Біз балалар сабаққа неге келмейді дегеннен гөрі, неге келтіре алмаймыз деген сауалға жауап табуымыз керек секілді. Қазіргі студенттер ақымақ емес. Кімнің кім екендігін беске біліп отыр. Сондықтан да журналистикада практик-мамандар жұмыс істеуі керек. Шынын айтқанда, не теледидарды жарытпаған, не жазып жарытпаған, қысқасы журналистикада жолы болмаған адамдардың дені «журналистикада» жүр. Менің ойымша мысалы, Дархан Әбдіктің «Парасат майданы»  журналистика төрт жыл бере алмаған білімді жалғыз өзі беріп отырған бағдарлама. Онда кез келген оқиғаны әлемдік деңгейде сараптау өресі бар. Осындай адамдарға белгілі бір сағатпен дәріс беруге шақыруға болады ғой. Кеше ғана дүниеден өткен Нұртілеу ағамыз, Қасым Аманжол, Бекен Қайрат, Сәкен Сыбанбай, Жұлдыз Әбділда, Есенгүл Кәпқызы (есіме түспей жатқандарынан кешірім сұраймын) сияқты өз саласының білгір журналистерін жұмысқа алып, балаларды жан-жақты маман жасауға болады. Сонда ғана балалар сабаққа өзі-ақ келер еді деп ойлаймын. Ал біз болсақ сол баяғы  «сені шәкіртақыдан ұшырамын», «екі қоям, үш қоям» деп қорқытып, баланы алып келіп алдымызға отырғызғанымызға мәзбіз. Бұл дегеніңіз енді барып тұрған ұят  дүние ғой. Бажайлап көрсеңіз көбіне қолынан ештеме келмейтін, кәсіби тұрғыда жетілмеген адамдар қорқыту мен  үркіту секілді дүниелерге көбірек барады. Неге олай істейтінін өзіңіз де түсініп отырсыз ғой…

– Сөз арасында мектеп жайлы да ой қозғадыңыз. Жалпы мемлекеттің мектептегі білім беру ісіне жасап жатқан реформалары көңіліңізден шыға ма?

– Мен өзімді мектеп саласын жақсы білетін адаммын деп есептемеймін. Ол үшін оның отымен кіріп, күлімен шыққан адам болуың керек қой. Бірақ бала өсіріп отырған адам ретінде айтсам, өте үлкен кемшіліктер бар. Біздің білім саласында қатты ақсап тұрған бір нәрсе, ол осы саланың басшылығына келген адамның реформасының нәтижесін көрсетпей жатып ауыса беретіні. Тәуелсіздік алғаннан бері қаншама білім министрі ауысты. Қазіргі ауыл мен қала мектебінің арасындағы алшақтық өте үлкен. Бұл бір қарасаңыз ауыл балаларына жасалып жатқан қиянат секілді. Ілгеріде Жақсыбек Құлекеев министр болып тұрған кезде жас мамандарды ауылға тартудың жақсы бір бастамасы ретінде кредит жүйесін енгізіп еді. Яғни, студент мемлекеттің қаржысымен жоғары білім алады, оның өтемі ретінде ауылдық жерге барып, төрт жыл қызмет етуі керек болатын. Сол арқылы ауылдық жерлердегі білім сапасын көтеруді ол кісі жобаласа керек. Кейін шыққан «Дипломмен ауылға да» өзін ақтамады. Бақытжан Жұмағұлов министр болып тұрған кезде бірінші қыркүйек күні баяндама жасап, бес минуттай сөйледі. Бас-аяғы бес минутта Елбасына 79  мәрте мадақ айтты. Мектептегі интернет пен интерактивті тақтадан еш ұзай алмады. Зәулім қабат оқу орындары салынып жатқанын аса мақтанышпен айтты. Айталық, сол алты қабат оқу ордасының ішінде алты жақсы маман бар ма? Мәселе осы төңірегінде болуы керек еді ғой. Осы жерде айтпай қоймайтын тағы бір үлкен мәселе – оқулық мәселесі. Оқулықтарымызда ұлттың исі аңқып тұрса дейсің ғой баяғы.

– Мәселен, қандай пәндерде?

– Қандай пән болса да, образды түрде қазақтың ұлттық түсінігімен суарылуы керек. Мәселен, математикада А мен Б арасы демей, Түркістан мен Сайрамның арасы деген секілді жер-су аттарынан алынған, ұлттың өзінің бай тәжірибесінің негізінде болуы керек. Біз ұлттық мемлекет дегенді шын армандайтын болсақ, онда ол ұлттық педагогикадан ғана бастау алады. Ұлттық педагогикадан барып ұлттық ойлау, ұлттық ойлаудан ғана ұлттық мемлекет пайда болады. Ал бүгінгідей түсінікпен жүрсек, ел болып қалуымыздың өзі неғайбыл дүние. Мен осы күнге дейін кемелденген мектеп программасын еш көргенім жоқ. Е.Сағадиев министр болып тұрған кезде көп нәрселерді «қиратып» кетті. Соңғы министр келгелі бері сәл де болса дүние реттелген секілді. Енді осы азаматтың өз ойын ақырына дейін жүзеге асыруға толыққанды мүмкіндік берілуі керек. Мен мектепте «әдебиет» пәні қаншалық деңгейде өтетін болса, ән-күй де соншалық деңгейде өтуі керек деп зарлап жүрген адамның бірімін. Қазіргі музыка пәнінің өтуіне қарап көріңізші. Қандай қателік. Былай болмайды ғой…

– Ондай оқулықтарды ұлттық музыканың қан-сөлін білетін адам жазу керек дейсіз ғой?

– Әрине. Музыканы Жанғали Жүзбаев секілді кәсіби мамандар жазса қандай тамаша болар еді. Өзіңіз білесіз Таласбек Әсемқұлов ағамыз Тәттімбет пен Шопенді салыстырып қандай тамаша дүние жазды. Екеуі де өз Отанындағы отаршылдыққа қарсы күрескен адамдар ғой. Осындай классикалық еңбектермен мектеп жасынан танысқан баланың бойында міндетті түрде ұлттық иммунитет қалыптасары сөзсіз. Ондай бала қызылды-жасылды өтпелі нәрсеге қызықпай, тек ұлы құндылықтармен ғана суарылатын еді ғой. Ал біздің оқулық құрастыратындар қандай критерийлер негізінде жасайтынын  мен еш түсінбей-ақ қойдым.  Мысалы, «Абайтануда»  Таласбек Әсемқұлов секілді өзгеше пікірдегі кісілердің де еңбектері ескерілсе дейміз. Мектепте осы секілді ұлттық дүниелер жетіспейді деген ойдамын. Тағы бір айта кетер жайт, қазақ мектептерінде «орыс әдебиеті» деген пән болмауы керек деп Дос Көшім мырза көтеріп жүрген ойды мен де құптаймын. Орыс тілі жеке пән ретінде емес, шет тілі ретінде оқытылғаны дұрыс.

– Шет тілі дегеннен шығады, соңғы он жылға жуық уақытта іргелі ғылымдарды ағылшын тілінде өту деген мәселе көтеріліп, сол іске асырылып жатыр. Осыған көзқарасыңыз қандай?

– Негізі, ұрлықпен айналысатын қылмыскер екі түрлі болады дейді ғой. Бірі кәдімгі қалта ұрылары дейді. Бұлардың полиция ізінде жүріп, қолға түсіріп, қамайды екен. Екінші топтағылар сенің уақытыңды, жүйкеңді, өміріңді ұрлайды. Бірақ оларды полиция қорғайды. Сол ұрыларға қарсы болсаң бітті сенің өзің де сотталасың. Сіздің қозғап отырғаныңыз сол сіз бен біздің тілімізді, жүйкемізді тоздырып, өмірімізді ұрлап жатқан ұрыларға барып тірелетін тақырып екен. Мен сол «Үш тұғырлы тіл» біздерге не үшін керек болғанын әлі түсінбеймін.  «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» демекші қазақ тілі қалай екі алпауыт тілмен бәсекеге түсе алады? Мұның арғы жағында сөз жоқ қазақ тілін жою саясаты жатыр. Өзге тілді балабақшадан бастап оқыту дегеніңіз бұл енді ұлтқа жасалып жатқан зор қиянат деп білемін. Шет тілдерін  алтыншы сыныптардан кейін,  бала өз ана тілінің уызына жарып, орныққаннан кейін ғана оқыту керек. Тіл мамандарының айтуынша ана тілінің жүйелік алгоритмін сіңіре алмаған балаға үш тіл қатар берілген кезде ол өлшем бірліктер қай тілдікі екендігін айырудан қалады екен. Осындай идеялар негізінен космополит ғалымдар тарапынан ұсынылған. Ұлттық тіл проблемаларының «жілігін шағып, майын ішкен» ғалымдардың барлығы мұны бірауыздан ұлт руханиятына жасалған үлкен геноцидке пар дүние деп есептеген.

– Әңгімеңіз үшін рақмет. Көкірегіңіздегі келелі ойлардың орындалатын күні тусын.

  • Әумин!

 

Сұхбаттасқан Сәрсенбек Бақыт.
“KАZBILIM.KZ”

 

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version