Оқу жылы аяқталып келеді. Мұғалімдер мен оқушылар демалысқа дайындалып жатыр. Алайда мектептердің білім беруден бөлек тағы бір маңызды мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Бұл – оқушылардың ауладағы әжетхананы қолданатыны.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы оқу жылының соңына дейін аталған түйткілдің түйінін түбегейлі тарқатуды тапсырған еді. Бірақ еліміздегі білім беру ұйымдары әжетханалармен әлі толық қамтамасыз етілген жоқ.
Жылы әжетханалар жайы 2019 жылғы Тараздағы жантүршігерлік жайттан кейін қызу талқыланған еді. Осы оқиғадан соң облыстық білім басқармасының басшысы, мектеп директоры, сабақ кезінде дәретханаға жіберген мұғалім, кезекші мұғалім, вахтер мен оқу ісінің меңгерушісі қызметінен кетті. Сондай-ақ Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев та жұмыстан босатылды. Облыс басшысы ескерту алды. Ал он екі жасар қызды зорлаған 38 жастағы педофил 25 жылға сотталды.
Алайда мұның бәрі салдармен күресу еді. Сондықтан «Бұл деген – масқара жағдай» деген Президент аталған проблеманы жедел шешуді шегелеп тапсырған-тын. Содан бері біраз жұмыс атқарылды. Дегенмен Білім және ғылым саласындағы сапаны бақылау комитетінің басшысы Гүлзат Көбенованың айтуынша, әлі де 100-ден аса мектепте балалар ауладағы әжетханаға барады.
Балаларды жылы әжетханалармен қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналып отыр. Осыған қатысты мониторинг жүргізіліпті. 2020 жылдың басында еліміздегі орта білім беру ұйымдарында 2 700 аула дәретханасы болған көрінеді.
2020 жылдың соңында оның саны 148-ге азайды. Дегенмен 2021 жылдың І тоқсанындағы қорытынды бойынша 135 мектеп ауласында әлі де дәретхана тұр. Оның 89-ы – Түркістан облысында, 20-сы – Шығыс Қазақстан облысында, төртеуі – Қарағанды облысында, біреуі Шымкент қаласында орналасқан. Осы 135 мектептің 98-інде жылы әжетхана салу биылға жоспарланып отыр. Республика бойынша 37 мектепте ғимарат ішіндегі дәретханалармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілмей отыр. Атап айтқанда бұлар – Алматы облысының Панфилов, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарындағы, Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы, Батыс Қазақстан облысының Қазталов, Жанғалы аудандарындағы және Қарағанды облысының Шет ауданындағы мектептер», деді Г.Көбенова.
Мектептерде жылы әжетханаларды салу ғана емес, ауладағы дәретхананы жою мәселесі де өзектілігін жоймай тұр. Себебі кейбір өңірлердегі мектептерде ғимарат ішінде жылы әжетхана музейдегі қолданылмайтын экспонат секілді. Яғни мектеп әкімшілігі коммуналдық шығынды арттырмас үшін балаларды ауладағы дәретханаға жібереді. Г.Көбенова келтірген деректерге сүйенсек, республикадағы барлығы 2 631 мектепте жылы дәретханалармен қатар ауладағы әжетхана да жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 1 381 орта білім беру ұйымында сыртқы дәретханалар жойылды. Ал 396 мектепте жою жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Десек те 854 орта білім беру ұйымында бұл мәселе әлі де шешілмей жатыр.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мектептердегі жылы әжетханалар мәселесі жаңа оқу жылына дейін шешілетінін айтты.
«2020 жылдың басында 756 мектептің әжетханаларын жөндеуден өткізу жоспарланған. Аталған білім беру ұйымдарын жылы дәретханалармен қамтамасыз ету үшін демеушілерден, жергілікті бюджеттен 2 млрд 179 млн 544 мың теңге қарастырылып, мақсатты игерілді. Жылдың қорытындысына қарасақ, 679 мектептің ішкі әжетханасы қалпына келтірілді. 2021 жылдың басында 77 мектепте жылы дәретхананы қалпына келтіру тиіс болған. Қазіргі таңда Келес ауданында орналасқан 18 орта білім беру ұйымының әжетхана мәселесін шешуге 86 млн теңге қарастырылып, нәтижесінде модульді дәретханалар салынды. Ал қалған 59 мектепке жылы әжетханалар салу үшін сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті қаражат бөлу үшін қажетті қаржыны қайта қарауды облыстық мәслихаттың кезекті отырысына енгіземіз. Негізі, жұмыс жүргізілген. 679 мектеп деген – республикадағы ең көп оқу ошағы. Жоғарыда аталған 59 мектептің мәселесін жаңа оқу жылына дейін шешеміз», дейді әкімнің орынбасары.
Жылы дәретхананы салу бар, екінші жоғарыда жазғанымыздай, ауладағы әжетхананы жою мәселесі тағы бар. Қарағанды облысы әкімнің орынбасары Абзал Нүкенов әуелі жою жұмысын жүргізудің қажет немесе қажет емесін анықтау керек екенін айтады.
«Комитет басшысы келтірген деректер бойынша біздің облыста 4 мектеп назарға алынған екен. Бұл орта білім беру ұйымдарында жылы әжетханалар орнатылды. Мұндай жұмысты жүргізуде кей мектептерге жеке-дара қарау керек. Мәселен, біздің облыс бойынша аталған 4 мектептің біреуін алып қарасақ, Шет ауданындағы бастауыш білім беретін оқу ошағында небәрі 3 бала оқиды. Оны жабуға дайындап жатырмыз. Ал екінші Қызылту ауылдық мектебінде 6 оқушы ғана бар. Мониторинг жүргізуде осындай мәселелер ескерілгені абзал. Жабылғалы тұрған мектепке мемлекет қаражатынан әжетхана салу тиімсіз. Бұдан кейін бізге Білім және ғылым министрлігінен ғимарат ішіне жылы дәретхана салынған мектептердің ауладағы әжетханасын бұзу туралы тапсырма келді. Біз ауылдың жағдайын жақсы білеміз ғой. Көптеген елді мекенде су, канализация, электр қуаты мәселелері болады. Сондай жағдайда ауладағы әжетхана қажет болып қалады. Сондықтан оны мүлдем жоймай, жай ғана құлыптап қоялық. Төтенше жағдай бола қалса, ашып қолдануға мүмкіндік болғаны жөн. Және бұл мемлекеттік мүлік қой, оны жай қирата салуға да болмайды», дейді А.Нүкенов.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат та әріптесінің сөзін толықтырды. Шығыстағы өңірде де жылы әжетханалары жоқ орта білім беру ұйымдарында 3-5 баладан ғана оқиды және мұндай мектептерді жабуға дайындап жатыр.
Бұған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрлік тарапынан жауап берді және жоғарыда жазылған проблеманың бар екенін жасырмады.
«Бізде 12-58 деген Үкімет қаулысы бар. Аталған қаулыға сәйкес минималды норматив бекітілген. Осындай нормативке сай келмейтін мектептер, яғни 3-5 бала оқып жатқан және жақында жабылатын оқу ошағы болса, бөлек қарауымыз керек. Мен мұны Білім және ғылым саласындағы сапаны бақылау комитетіне тапсырамын. Тек қана Қарағанды облысы бойынша емес, қалған өңірлерге де осыған қатысты мониторинг жүргізілуі тиіс. Дегенмен мәселе әжетхананы жою-жоймауда емес, бар дүниені лайықты қолдана білуде. Ешкімді де алдаудың қажеті жоқ. Бізде қалай? Жылы әжетхана мектептің ішінде бар, барлық жағдай жасалған. Бірақ оны пайдаланбайды, бұл тексеру келгенде көрсетуге ғана арналған. Мұндай жағдайлар анықталды. Бұған жол беруге болмайды. Міне, сондықтан да ауладағы әжетханаларды жоюды талап етіп отырмыз. Ал А.Нүкенов айтқандай, төтенше жағдайлар орын алмауы тиіс. Жылы дәретханалар әрдайым жұмыс істеп тұруы керек. Бұдан бөлек біз Денсаулық сақтау министрлігінен міндетті санитарлық талаптарға жылы әжетхана жайын енгізуді сұрап отырмыз. Шыны керек, бұл ұсынысты орындау уақыт күттірмейді және оны қабылдауға себеп жеткілікті. Біз өз тарапымыздан жылы әжетханалармен қамтамасыз етілмеген білім беру ұйымдарын лицензиядан айыруға дейін қатаң шаралар қабылдаймыз. Өйткені тапсырманы орындауға арнайы уақыт берілді», деді министр А.Аймағамбетов.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаяттың сөзіне сенсек, санитарлық талаптарға әжетхана жайлы норма енгізіліп қойған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бірқатар санитарлық талапқа түзетулер енгізілді. Соның ішінде білім беру ұйымдарына қатысты өзгертілген санитарлық талаптар бойынша реконструкцияланатын, жаңадан салынатын білім беру объектілерінің санитарлық тораптары ғимараттың ішінде орналасуы тиіс. Сондықтан мұндай норма бар және талаптардың орындалуы бақылауға алынуда», деді А.Ғинаят.
Біз бұл жолы тек мектептердегі мәселені, яғни орта білім беру ұйымдарындағы жылы дәретхана жайын ғана сөз еттік. Шын мәнінде мұндай мәселе балабақшаларда да өзекті болып тұр. Білім және ғылым саласындағы сапаны бақылау комитеті жүргізген мониторингтің соңғы деректеріне көз жүгіртсек, Түркістан облысындағы 199 мектепке дейінгі ұйымда балдырғандар ауладағы әжетханаларға барады. Мұндай жағдай Батыс Қазақстан облысындағы 75, Ақтөбе облысындағы 66, Қарағанды облысындағы 40, Павлодар облысындағы 13, Жамбыл облысындағы 10, Қызылорда облысындағы 6, Алматы облысындағы 5, Шығыс Қазақстан облысындағы 1 балабақшада да бар.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ
“Егемен Қазақстан” газетінен алынды