ҚР Президенті Жарлығымен Шарын шатқалында оқушыларды құтқару кезінде қаза тапқан мұғалімді «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Алматы қаласы білім басқармасының мәліметінше, 26 жастағы Мерей Ибрагимов көркемөнер пәндерінен сабақ берген. Еңбек өтілі – 5 жыл. Кейінгі 3 жылда ол №199 гимназияда жұмыс істеген.
Естеріңізге сала кетсек, 29 мамыр күні Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам мерт болғаны, тағы біреуінің із-түзсіз жоғалғаны хабарланған болатын.
Кейін Білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын, тағы бір оқушыны іздеу жұмысы жүргізіліп жатқанын мәлім еткен еді.
«Шарын шатқалы» қызметкерлері Шарын өзенінің бойын жағалай жер бетінде іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 30 мамыр таңғы сағат 09:34-те 11 жастағы қыз баланы тапты.
Ол Шарын өзенінің сол жағалауында оқиға орнынан 3-4 шақырым жерден табылған.
Шарын шатқалында селге аққан қыз бала құтқарылған сәт бейнеленген видео жарияланды.
Шарын шатқалында жоғалған 11 жасар қыз оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
Алматы қалалық білім басқармасы Шарын шатқалына экскурсия мектеп әкімшілігімен келісілмегенін жеткізді.