Home Керекті кеңес Той кемімей, ой көбеймейді

Той кемімей, ой көбеймейді

0

Мұхтар Әуезов «Байлығыңмен емес, біліміңмен жарыс» дейді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 мектеп-гимназия­сының директоры, химия ғылымдарының PhD докторанты Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ – қазақ қашан ғылымға түбегейлі бет бұрады деп жүрген ұстаздардың бірі. Ол осы уақытқа дейін білім сапасына қатысты көптеген мәселелерді көтеріп, елордада ұлттық білім берудің бағыттарын қалыптастыруға үлес қосты. Аятжан Ахметжанұлымен саланың өзекті мәселелері жайлы сөйлестік.

– «Халық қашан білім мен ғылымға бет бұрады?» деп жүрсіз. Бірақ жұрттың көбі ғылымның ауыр жолынан гөрі қиындығы аз жеңіл жолды таңдайды. Неге?
– Иә, бұл сөзді кезінде Алаш зиялылары да айтты. Себебі қоғамымызда ағарту жұмыстары дұрыс жүргізіліп жатқан жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде телевизия, интернет кеңістігі қай жаққа бұрылса, халық соған бұрылады. Біздің БАҚ той мен шоуды жазудан жалығар емес. Дәл қазіргі уақытта салмақты дүниелер көптеп насихатталу керек. Мемлекеттік деңгейде той жасауға мораторий жариялануы тиіс. Мейлі ол кімнің тойы болса да. Былтыр біз Абайдың 175 жылдығы мен әл-Фарабидің 1150 жылдығын белгілі бір деңгейде атап өттік. Осымен қоятын уақыт келді. Шыны керек, қазір біз мемлекеттік деңгейде тек қана той жасап жатырмыз. Мемлекеттік деңгейде халықаралық конференция­лар ғана өткізіп жүрміз. Атқарып жүрген негізгі жұмысымыз – той мен жиналыс жасау. Той дегеніміз халықты ойландырмауға жақсы. Ал ойланбаған халық ешқашан білімге құмартпайды. Оралхан Бөкей «Адамды бұзатын – ой емес, ойсыздық» дейді. Біз ойсыз халыққа айналып барамыз. Қандай ұлы тұлғаның тойы болса да, тойға кемінде он жылға мораторий жасау керек. Дәл солай жиналыстарға да. Конференция өтсе де ғылымдық, білімдік бағытқа жасалсын. Сол кезде ғана халқымыз білімге бет бұрады. Бұл – бір. Екінші, халыққа кім тұлға? БАҚ кімді үлгі етіп жүр? Осы сұрақ маңызды. Елімізде халықаралық деңгейде небір жетістіктерге жетіп жүрген жүздеген жас ғалым бар. Бірақ БАҚ өкілдері солардың екі-үшеуін ғана айналдырып шақырып сұхбат ала береді. Неге? Басқасын танымайды. Қазір біз әнші, биші, шоумендердің артынан еріп жүрміз. Ақпарат құралдары кімді дәріптеу керек екенін, мемлекетке кімнің пайдалы екенін білмейді.
– Сұраныс жоқ қой?
– Егер телевизия бір ғалым мен бес әншіні беріп жатса сұраныс қайдан болады? Баланс жоқ. Керісінше, бес ғалымды, бір әншіні бер, сол кезде сұраныс артады. Жұрт ойлана бастайды. Сондықтан қоғамымызда шынайы тұлға болуға лайықты адамдар көбірек дәріптелу керек. Мен өнерді жоққа шығарып жатқаным жоқ. Тек Димаштың деңгейіндегі әншілерді ғана насихаттайық. Той-томалақтікін емес. Теледидардың бетінен түспей жүрген көп әншісымақтар өздеріне абырой мен атақ жинап алады да, жоқ болады. Қайсы халыққа пайдалы бір дүние жасапты? Ешқайсысы. Балалар да кішкентайынан жылтыраққа әуес болып, ғылым жолын емес, ән айтып танымал болуды көбірек ойлайды. «Аман бол, халқым» деген екі ауыз сөзден ән құрап айтқандар мен өзбектің әнін ұрлап айтып жүргендерді насихаттау қалың халықты тобырға айналдырады. Тобырға ешнәрсе керек емес. Білім-ғылымыңның да керегі жоқ. БАҚ-тың сұранысқа қарай жұмыс істеуі, өзін-өзі жоғалтуы деп ойлаймын. Ақпарат құралдары жетектеуші болу керек, жетекке еруші емес. Халықты интеллектуалдық бағытқа бұруға тиіспіз. Бір пандемияның өзі бізге ойлануды үйретуге тиіс еді. Бірақ болмады. Пандемиямен жарысып тойымызды қоймадық. Пандемиямен жарысып триллиондарды шашып, онлайн-конференция деп қатыса береміз. Егер «мемлекеттік машина» дәл осы жүрісін өзгертпесе, келесі буын да тобырға айнала береді. Өйткені арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, соңғысы да солай жүреді. Бұл жерде «мемлекеттік машина» бұрылу керек. Өсек пен тойдың айналасындағы ақпаратты таратуға тыйым салу қажет. Қарапайым мемлекеттік тапсырыстармен жұмыс істейтін сайттарға «Қазақ тілінде сауатты жазылмаса, мемтапсырыс қайтарылады» деген бір бап қосса, бүкіл сайт сауатты корректор іздейді. Талап болғанда ғана орындалады. Басқасының бәрі – бос сөз. Біз бүйту керек деп айта береміз. Бірақ шынайы құқықтық мемлекет болмасақ, халық тобырға айнала береді.

Қазақ тілінің жағдайын тарих өзі жасайды

– Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ сыныптарындағы білім деңгейінің әлдеқайда жоғары екені жайлы сараптама жасадыңыз. Сол сараптамаңыздан нәтиже шықты ма?
– «Құл қожайынынан жеген таяғын ешқашан ұмытпайды» дейді ғой. Сол сияқты біздің қоғам кезінде орыс тілін білмегені үшін таяқ жеді. Әлі соны ұмытқан жоқ. «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін» дедік. Бірақ оған жағдай жасайтын заң болмады. Қазір қазақ тілі ұлтаралық тіл болу керек деп ұсыныс жасайтын кез емес. Нақты заңмен бекітілуі керек. Конституциямыздағы «Қазақстан өзін тәуелсіз, зайырлы, құқықтық, демократиялы мемлекет ретінде орнықтырады» деген бап жұмыс істесе жетеді. Біз құқықтық мемлекетпіз бе? Заң үстемдік тауып, барлық адам бір заңға бағынса, қоғамымыздағы көп мәселе өздігінен шешімін табар еді. Заңның жаңағы тармағы жұмыс істегенде ата-ана баласын өзі сүйреп қазақ мектебіне апарады. Қазақ тілін баласына үйретуге өзі ақша бөледі. Еліміздегі ең үздік 100 мектепті алып қарасақ, соның тоқсан пайызы – қазақ мектептері. Иә, орыс сыныптары мықты болған, бірақ ол тарихтың тасасына кетті. Менің орыс мектебіндегі қазақ баласына жаным ашиды. Неге? Себебі солардың болашағын ойлаймын. Елімізде дамып жатқан облыс қайсы? Алматы мен Түркістан облыстары. Ал ол жақтардың қазақы қаймағы бұзылмаған. Азайып бара жатқан өңір қайсы? Солтүстік. Яғни қаласаң да, қаламасаң да болашақта қазақ тілінің жағдайын тарих өзі жасап береді.

Жаратылыстану ғылымдары жаттауға арналмаған

– Ұстаз ретінде оқулықтардың сапасына көңіліңіз тола ма? Оқулық жыры қашан бітеді?
– Егер оқулық жазу жүйесін өзгертпесек, бұл мәселе ешқашан бітпейді. Оқулық жазу, бағдарлама жазу авторлардың негізгі жұмысына айналуы тиіс. Ал авторды баспа емес, құзыретті мекеме таңдап алуы қажет. Яғни Ұлттық ғылым академиясы оқулық жазатын маманды да, бағдарлама жасаушыларды да таңдауы керек. Авторлар жыл – он екі ай оқулықпен ғана бас ауыртып, сол мекемеде жұмыс істеп отыруы тиіс. Ол мектепте, университетте сабақ беріп жүріп оқулық жазбау керек. 3 жылға авторлар ұжымын оқу орындарынан келісімшартпен оқулық жазуға босатсыншы. Сонда ғана сапалы оқулық шығады. Ал екінші жұмысы ретінде қараса, онда одан сапалы оқулық шықпайды. Оқулықтың қатесін іздейтін қауымға күлкім келеді. Оқушының алдында сабақ беріп жүрген онсыз да қағазбасты мұғалім оқулықтың қай бетінде не жазып жүргенін өзі де білмейді. Оқулық шығару механизмі өзгермей, сапаға қол жеткізе алмаймыз. Баспа тек басып шығарумен айналыссын. Ал бізде оқулық жазумен тікелей баспалар айналысады. Осы уақытқа дейін бір оқулықтың айналасында 10-15 сараптама жазып, ұсыныс айтыппын. Еш нәтижеге қол жеткізе алмайтынымызды білгеннен кейін қойдым. Қазір біреу менен сұраса, «оқулық керек емес» деп айтар едім. Шынымен де, мұғалімі сауатты болса, оқулық керек емес. Мен оқулықсыз сабақ беріп жүрмін. Балалардың миын артық ақпаратпен, қате тапсырмалармен ашытқым келмейді. Оқуы керек дүниелерді өзім тауып беремін. Қазір бәрі электронды. Жыл сайын балаларға беріп жүрген материалдарымды жинақтап, «Химия: ҰБТ» деген жинақ дайындадым. Оқушыларым сол кітаппен оқиды. Ал мектептегі химия оқулығы химия емес, тарихқа, географияға ұқсайды. Жаратылыстану ғылымдары жаттауға арналмаған. Ойдың ғылымы. Ал оқулықтар жаттауға арналған. Не жаттығу жоқ, не қорытынды тест пен есеп жоқ. Сылдыраған теория.

Аудан орталықтарын дамыту керек

– Ауылдағы мектеп пен қаладағы мектептің айырмашылығы қандай? Сапалы маман ауылдан неге қашады?
– Ең әуелі сол шалғайдағы мектептер «Cапаны талап ете ала ма?» деген сұрақ туады. Қоғамға шынайы мектептегі оқушының бағасы емес, білімнің жағдайы керек болғанда сапалы маман іздейтін бе еді? Бірақ қоғамға баға мен шу керек. Бір ата-ана баласының білімінің сапасыз болғанына бір мектепті сотқа берсе, бүкіл білім ұясы есін жияр еді. Ата-ана баласына жақсы баға қоймағаны үшін емес, пәнін дұрыс өте алмағаны үшін мұғалімді кінәласа, қоғам өзгерер еді. Бір студент лектордың сабақ өтпей шай ішіп отырғанына бола оны сотқа берсе, қоғам өзгеретін еді. Ондай лекторлар көп. Сапалы білім қаласақ, 200 оқушыдан аз мектепті жаба салу керек. Иә, мүмкін емес. Егер бүгін біз қырық-ақ отбасы тұратын ауылдарды жаппасақ, ертең аудан орталықтарын жабатын боламыз. Егер біз ауылдарды біріктіру жүйесін жасамасақ, ертең аудандарды жабатын күйге душар боламыз. Онсыз да аудандар жабылып жатыр. Ауылдың халқы аудан орталығына емес, неге ірі қалаларға көшеді? Өйткені аудан орталықтарын дамыта алмай отырмыз. Жұмыс жоқ. Сондықтан халық жаппай астанаға көшіп жатыр. Жұрттың бәрі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты ірі мегаполистерге көшсе, болашақта бізге аудандарды жабуға тура келеді. Ал аудандарды жапсақ, біз трагедияға тап боламыз. Бүгін жүз балалық мектептерді жабудан қорықсақ, болашақта мың балалық мектептердің жабылып қалуына куә боламыз. Бұл – менің жеке пікірім. Қазақстанда миллиондық қаладан 15 қала жасайтын механизм құрылмаса, келешекте 4-5 қалаға айналып қаламыз. Сол ірі 4-5 қалаға айналғанда жаңағы ауылыңның бәрі жабылады. Сондықтан аудан орталықтарын дамытуымыз керек. Әйтпесе жұрт қалаға көшкенін қоймайды. Мемлекет халықтың қай қалаға көшетінін бағыттап, таңдау беруі тиіс. Қазір халықта таңдау жоқ. Тек Нұр-Сұлтан мен Алматыға көшеді. Өйткені дамып жатқан, жағдай жасалып жатқан бірнеше қала ғана. Мен Түркістан мен Ақтауды ғана осы сияқты қалаға жатқызамын. Мысалы, Петропавл – қала емес, үлкен ауыл. Жезқазған мен Семей – тозған ауыл. Ал Арқалық – күйреген ауыл. Қала емес. Дәл осы қалалардың білім сапасы туралы мәселелерді көтеру керек. Жезқазғанның түбіндегі Ұлытауда отырған адам астанаға емес, Жезқазғанға көшу керек. Неге 200 балалық мектеп жабыла салу керек деймін? Өйткені бұл мектепте бір пән мұғаліміне әрі кетсе 10 сағат тауып бересің. Он сағатқа есі дұрыс мұғалім жұмысқа бармайды. Ауылдағы мектептердің көбінде бір мұғалім қатар бірнеше пәннен сабақ беріп жүр. Одан қандай сапа күтесің? Сапасыз мектепті ұстап отырғанша жаба сал. Жұрт мені жейтін шығар, бірақ ауыл дегенді қоятын уақыт келді. Иә, біреулер ауыл шаруашылығы дамымай қалады дер. Бірақ біздің ауылдардың халқы ауыл шаруашылығын дамытатын халық емес. Ауыл шаруашылығын қожалықтар ғана алға сүйрер, ал ауыл тұрғындары ауылда отырып магазиннен сүт алып ішеді. Иә, нағыз ауылдар Түркістан, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында ғана бар. Ақмоладан ауыл көрмеймін. Петропавлдан ауыл көрмеймін. 4-5 үйдің біріккен қыстағы. Ондай ауылдарды жаба салу керек. Аудан орталықтарына біріктіріп, сапалы мектебін салып, сапалы білімге көшуіміз керек. Бірер жыл бұрын астанада өртке оранған 5 баланың өлімі – тікелей білім саласының кінәсі. Неге? Ауылдағы жүз балалы мектепке сапалы маман бармайды. Әркім баласының сапалы білім алғанын қалап, баласы үшін қалаға көшеді. Содан кейін қаладағы әлеуметтік проблемалар асқынады. Өйткені жұрт жиылып қалды. Астанада да үш ауысымды мектеп көбейіп, мектеп салып үлгермей жатыр. Мені алаңдататын да осы мәселе. Елордада жасалып жатқан шарт-жағдай басқа қалаларға да жасалу керек.
– Өткен оқу жылынан бастап білім бөлімдері ауданнан облысқа беріліп жатыр. Бұл жемқорлыққа тұсау ма?
– Ақшамен шешілетін ҰБТ соңғы екі жылда жоғалды. Екіншіден, жемқорлық пен надандық – тауық пен жұмыртқа сияқты. Бірінен-бірі туады. Өзі пара беріп жұмысқа кірген адам ақшасын шығару үшін басқалардан да пара алады. Қоғам білімге бет бұрып, өзін-өзі тәрбиелей бастағанда ғана жемқорлық жойылатын шығар. Тек білім саласы ғана емес, тұтас сала жемқор. Сондықтан қоғам тұтас тазару керек. Аудандық білім бөлімдерінің жабылуы біраз жемқорлықты ауыздықтауға әкеледі. Кейбір аудандық жерлер министрдің пікірін елемейді де. Сондықтан белгілі бір дәрежеде шешер, бірақ түбегейлі емес.
– Қазір білім беру ісінде жігіттердің үлес салмағы аз. Өзіңіз де мұғалім ретінде бұл үрдісті байқап жүрген шығарсыз. Жалпы ер-азаматтың тәрбие беру ісіне араласпауы қаншалықты дұрыс?
– Бізде бір жаман психология қалыптасты. «Қыз – жат жұрттық, қыздар оқу керек» деп, ұлдарды екінші орынға ығыстырып қойдық. Осыдан барып үлкен мәселе туындап отыр. Қандай? Қыздың бәрі оқыған, білімді. Ұлдың 70-80 пайызы – күзетші мен таксист. Ал күзетші мен таксисті білімі жоғары, шетел көрген қыз менсіне ме? Менсінбейді. Содан барып қыздарымыз отырып қалады немесе шетелдіктерге шығады. Тура кеңес заманындағы жағдайдың керісі. Неге күллі қазақ зиялылары өзге ұлттан әйел алды? Өйткені жазып, сызуды білетін, жазғандарының бір жағына шығып көмек беретін білімді қазақ әйелдері болмады. Сондықтан орыс, татар ұлттарының оқыған қыздарын алды. Тура сол қоғам қазір керісінше болып жатыр. Жастар қоғамда патриархат деп шулап жүр ғой. Жоқ, біздің қоғам матриархат. Мен қаншама ата-анамен жұмыс істеймін, баласының оқуын шешетін әкені жүзден біреу ғана кездестіремін. Отбасындағы тәрбие әкеде болмаса, ұлдан еркек мінез шықпайды. Өйткені отбасында табысты әйел көп табады. Себебі ол білімді. Бұл – қыздарды оқытпа дегенім емес, ұлды да оқыту керек дегенім. «Ой, ол ұл бала ғой, өлмейді» деген ойды тастау керек. Мысалы, астана мектептері директорларының 70-80 пайызы – әйел. Баланы үйінде әйел тәрбиелейді, мектепке келсе әйел мұғалім, одан қандай ұл шығады?..

Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН
“Астана-Ақшамы” газетінен алынды

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version