Елдің бәрі Токио олимпиадасына көз тігіп отыр.
Иә, 4 жылда бір келетін спорттық олимпиаданың беделі де, даңқы да басым. Бірақ мемлекеттің болашағы үшін аса маңызды ғылыми олимпиадаға ешкім көз тікпейді.
Спорттық олимпиаданың бас жүлдесі алтын үшін мемлекеттен 250 000 $ доллар, күміс үшін 150 000 $ доллар, қола үшін 75 000 $ доллар сыйақы беріледі. Бапкерлері де сыйақысыз қалмайды.
Нар жомарт ағалар да әуежайдан күтіп алып, тұлпар мінгізіп, облыс әкімдері үй беріп жатады. Тіпті әлемдік бәсеке емес, еліміздің деңгейінде ғана өтетін Қазақстан барысы секілді спорттық доданың жеңімпаздарының алатын суммасынан бөлек облыстары төбесіне көтеріп әкімі үй беріп, меценаттар шапан жауып, ат мінгізіп жатады.
Ал бірақ өкінішке әлемдік пәндік олимпиадаларда топ жарған болашақ ғылым жолындағы жастардың алып жатқаны – бір жапырақ алғыс хат, ары кетсе министрдің құттықтауы. (Оның өзі соңғы жылдары ғана әдетке айналды.) Мысалы, жақында ғана математика халықаралық олимпиадасында біздің оқушылар алты медаль жеңіп алды, оның ішінде бір алтын, 3 күміс және 2 қола бар. Еліміздің атынан әлемдік деңгейдегі олимпиадаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Атырау қаласынан алты оқушы қатысты. Алтын медаль иегері – Мырзатай Айбек, күміс медаль иегерлері – Дүйсенбеков Данат, Сатубалдин Таир, Сам Фетуллах, қола медаль иегерлері – Олжабаев Асылбек және Баймурзин Рахим. Биология халықаралық олимпиадасында ел намысын Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен және Ақтөбе қалаларынан 4 оқушы қорғады. Олар 1 күміс және 2 қола медаль, сондай-ақ 1 Құрмет грамотасын ұлттық құраманың қоржынына салды. Күміс медальді Темірбеков Ерасыл, қоланы Батыржанов Ернар мен Ерназаров Бақдәулет, Құрмет грамотасын Әбдуәлі Гүлдана жеңіп алды.
Алда химия, информатика әлемдік олимпиадалары бар. Олардан да медальсіз қайтпаймыз! Айтпақшы әлемдік химия олимпиадасы IСhO-2021-де Жапонияда өтеді.
Иә, спорттық дода – елдің беделі, спорт – тән саулығы. Ең маңыздысы – оларды дәріптеу керек. Олар – елдің батырлары, оған еш таласым жоқ!
Бірақ ғылым-білім жолындағы жас дарындарымыз, әлемдік пәндік олимпиадада Қазақстан қоржынына жүлде салып жатқан оқушыларымызды неге қолдамасқа? Оларға да пәтер бермесек те, тым құрыса облыстан отандық автокөлік мінгізуге болар еді…
Сонда еліміздің жастарының ғылымға, білімге бет бұруына мотивация болар еді…
Ал оларды дайындаған бапкер ұстаздары мен жағдайын жасап сапалы білім берген мектептеріне де құрмет көрсетсе, мұғалім беделі де, білімнің статусы да артар еді. Әттең… Дәл осы оқушыларды дайындаған ұстаздарды ел түгіл облысы толық танымайды.
Жоғарыдағы 15 медальді қоржынға салған дарындарды ақша үшін жүрген Чишанлоны танығандай бүкіл ел тани ма? ЖОҚ!
Тіпті облысы да танымайды. Олардың еш журналист жарыса жазбайды, еш телеарна артынан еріп жүріп сұхбат алып, дайындық барысынан сюджет жасамайды…
Елдің экономикасын көтеретін, болашағын жасайтын ғылым… Біз ғылымға, білімге қалай, қашан бет бұрамыз? Сол кезде біздің болашағымыз туралы позитивтi ойлар айтуға болады….
Аятжан Ахметжанұлы
Нұр-Сұлтан қаласы 90-гимназия директоры
Нұр-Сұлтан қаласы 90-гимназия директоры