Home Керекті кеңес Оқушының білімі әлде денсаулығы: Таразы басы тең бе?

Оқушының білімі әлде денсаулығы: Таразы басы тең бе?

0

Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күн қалды. Бұл күн ата-ана үшін де, білім ордасының табалдырығын енді аттайтын балақан мен үш ай демалыста емін-еркін сайран салып, ендігі мектептегі достарын, сыныптастарын сағынған шәкірт үшін де асыға күткен сәт. Алайда, өткен жылдан бері ырық бермей тұрған коронавирус инфекциясы ата-аналардың ғана емес, оқушылардың да көңілін күпті етуде. Иә, вирус ересек адамдарға қарағанда балаларда жеңіл өтеді. Бірақ, қай ата-ана баласының вирус жұқтырып ауырғанын қаламақ? Олардың мектептегі қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілмек? Жалпы, еліміздегі білім ордалары санитарлық-эпидемиологиялық талапқа қаншалықты сай? Кеше Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатына орынбасары мен комитет төрағасын ерте келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға қойға қойылған басты сауалдар осы төңіректе өрбіген-ді.

Елдегі эпидахуал тұрақтанып келеді

Алдымен елдегі һәм әлемдегі ахуалға тоқталар болсақ, пандемия басталғалы бері Жер бетінде КВИ-дің 210 млн-нан астам жағдайы тіркеліп, 4 миллионнан астам адам қайтыс болды. Мұндай жайт «дельта» штамының кең таралуымен байланысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, вирустың бұл түрі әлемнің 142 елінде таралған. ДДҰ алты өңірдің төртеуінде (Америка, Еуропа, Тынық мұхитының батыс бөлігі, Шығыс Жерорта теңізі) шілденің екінші жартысында сырқаттанушылықтың өсуі байқалғаны туралы мәлімдеген.

«Қазақстанда 20 тамыздағы жағдай бойынша COVID-19 оң нәтижесімен 723 064 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 67 141 жағдай тіркелген. КВИ-мен ауыратын науқастардың шамамен 83 пайызы, яғни оның ішінде КВИ-дің оң нәтижесімен 597 850 науқас және КВИ-дің теріс нәтижесімен 57 455 науқас сауығып шықты. Эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес, Қазақстан Республикасы және елдің 16 өңірі «қызыл аймақта» орналасқан. «Жасыл аймақта» тек Түркістан облысы ғана тұр. Соңғы үш апта ішінде Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақтануы байқалады. Бір аптаның ішінде орташа есеппен 53 мыңға жуық жағдай тіркелуде. Осы аптаның өткен 4 күнінде КВИ-дің оң нәтижесімен 28 588 жағдай және КВИ-дің теріс нәтижесімен 1 376 жағдай тіркелді», – деді Алексей Цой.

Министрдің дерегінше, 1 тамыздан бастап Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясының таралу индексі 1,11-ден 0,97-ге, яғни 14 пайызға төмендеді. Инфекциялық төсек-орынмен қамту – 52, реанимациялық төсек-орынмен қамту 48 пайызды құрап отыр. Инфекциялық төсек-орындарының жоғары қамтылуы Ақтөбе облысында 77, Қызылорда облысында 66, Алматы қаласында 63, Алматы облысында 60 пайыз деңгейінде тіркелген. Тиісті контингентті вакцинациялау да жалғасуда.

«Бүгінгі күні вакцинаның 11,1 млн дозасы пайдаланылды. Оның ішінде 1 компонентпен 6 276 224 адам егілді, бұл тиісті халықтың 63 пайызын құрайды. Екінші компонентпен 4 913 196 адам қамтылды. Республикаға ҚХР-да өндірілген Синофарм вакцинасының 1 млн дозасы әкелінді. Оның ішінде егу пункттеріне вакцинаның 659 400 дозасы жеткізілді. Осы аптада вакцинациялау басталды, 38 161 адам егілді. Егу пункттерінде шамамен 1 млн 300 мың бірінші компонент және 940 мың екінші компонент бар», – деді министр.

Айта кетерлігі, Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцинаның бірнеше түрін сатып алу келісімшартына қол қойған. 10 млн 890 мың адамға есептелінген келісімшарт сомасы 95,3 млрд теңгені құрайды. Бұл сомаға отандық, қытайлық, ресейлік және еуропалық вакцина сатып алынды деген сөз. Ал нақты деректерге жүгінер болсақ, еліміз «Спутник V» бойынша 14 млн 280 мың доза, Hayat-Vax 1 млн доза, QazVac 2,97 млн доза, Sinovac 500 мың доза сатып алған және алдағы уақытта 4 млн доза Sinofarm жеткізіледі деп күтеді. Бұған қоса, биыл 12 жасқа толған жасөспірімдер мен жүкті аналарға егуге болатын Pfizer вакцинасынан да үмітіміз зор. Осы ретте Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаның келесі топтамасын біршама төмен бағамен сатып алуға үміттеніп отырғанын да айта кеткен жөн.

КВИ… Оқушы қалай білім алады?

Енді тақырыпқа тұздық болған мәселеге оралсақ… Елімізде 7 мыңнан астам мектеп бар. Олардың барлығы да 25 тамызға дейін Денсаулық сақтау министрлігі тарапына санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келетіні тексеруден өтеді. Қазірдің өзінде тексерілген мектептердің ішінде 354 білім ошағының мұндай талапқа сай келмейтіні анықталып отыр. Кемшілікті түзетуге уақыт та жеткілікті. Бірақ, уақыт бар екен деп ырғалып-жырғалып жүруге болмайды. Өйткені, қалай десек те оқушылардың дәстүрлі форматта білім алатыны анық жайт. Ал мұндай форматқа көшкен білім ордаларында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, балалардың ара қашықтығын сақтауына арналған белгілер мен санитайзерлер болуы тиіс. Сонымен қатар мектепке кіреберістегі бақылау жүйесі де жолға қойылуы қажет. Ал мұның барлығы да құжатпен рәсімделуі қажеттігі айтпаса да түсінікті. Вице-министр мұндай құжаттың дайындалып та жатқанын айтады.

«Қазір Бас санитарлық дәрігердің қаулы жобасы әзірленіп жатыр. Сол жобаға байланысты егер сыныпта бір бала коронавирус инфекциясымен ауырса, онда барлық сынып байланыста болғандықтан карантинге кетеді. Және де осы балалардың жаппай ауырып қалуына жол бермеу үшін аталған қаулыда мектептерге санитарлық талаптар күшейтілетін болады. Бұл қазіргі уақытта қаулы жобасы ғана. Сондықтан алға озбай-ақ қояйын. Қаулы қабылданғаннан кейін халыққа жеткізіледі», – деген Ажар Ғиният бір сыныпта бір бала вирус жұқтырса, барлық оқушы мен мұғалім ПТР тест тапсыруы қажет екендігін баса айтады.

Ал ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова мектептер мен сыныптарды карантинге жіберу қағидасы Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысымен бекітілетінін атап өтті.

«Ол ереже барша ел бойынша бірыңғай болады. Сыныптарға тоқталсақ, әр сынып бір кабинетте отырады. Осы орайда балалар ұзақ уақыт бойы бір кабинетте отырғандықтан, оларға қатысты «жақын контакт» түсінігі беріледі», – деді А. Есмағамбетова.

Осы орайда, еліміздің мектептерінде Ashyq қосымшасы енгізіліп жатқанын да атап өткен жөн. Бірақ, бұл жоба оқушыға емес, мектептің педагогтары мен техникалық қызметтеріне ғана қатысты. Олар күнделікті білім ордасына аталған жоба арқылы ғана кіре алады. Ал баланың ата-анасы мектепке кіруге мәжбүр болса, онда Ashyq қосымшасын пайдалануы тиіс.

Вакцинасыз студенттен ПТР талап етіле ме?

Ашық дегеннен шығады, Ashyq жобасы студенттерге де қатысты. Олар өздері білім алатын оқу орнының ғимаратына кіруі үшін, дәріс алуы үшін бұл қосымшаны пайдалануы қажет. Әрине, вакцина алмаса… Өйткені, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова дәріс алуға ПТР тестінің оң нәтижесі бар студенттер және коронавируспен ауырғандармен байланыста болғандар жіберілмейтінін айтады.

«Вакцина алмаған студент Ashyq арқылы сабаққа қатыса алады. Егер студент ғимаратқа Ashyq арқылы кіретін болса, онда ПТР анықтама талап етудің қажеті жоқ. Олар «көк» немесе «жасыл» мәртебемен кіреді. Яғни, ол «жасыл» түсті болса, вакцина алған немесе таяуда ПТР тест тапсырған деген сөз», – деді комитет төрағасы.

Дегенмен, жоғары оқу орындары немесе колледж студенттерінің арасында коронавируспен ауырған адам анықталатын болса, онда онымен байланыста болған, бірінші кезекте вакцина алмаған студенттер 14 күндік карантинге жіберіледі.

Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният студенттердің жатақханаға кіргізу тәртібі өзгергенін атап өтеді.

«Жатақханаларға арналған талаптар бар. Соның ішінде оларда Ashyq жобасын пайдалануға болады. Вакцина алған студенттерге басымдық беріледі. Сонымен қатар, санитарлық-эпидемиологиялық ережеге байланысты осы жатақханалардың ішінде тиісті іс-шаралар жүргізілуі керек. Яғни дезинфекция жүргізуге ерекше назар аударылған. Студенттердің арасында індет жұқтырғандарды анықтау, оларды оқшаулау тәртібі күшейтілді», – деді А. Ғиният.

 

Автор: Марлан Жиембай
inform.kz

 

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version