Home Үздік Дүние­жүзілік үздік ұстаздардың топ елулігінде қазақстандық мұғалім бар

Дүние­жүзілік үздік ұстаздардың топ елулігінде қазақстандық мұғалім бар

0

Жуықта Varkey қоры «Әлем мұғалімі» жаһандық сый­лығына үміткер үздік ұстаздардың есімін атады. Дүние­жүзілік байқауда үздік елуліктің қатары­на кіргендердің қатарында Се­мей­дегі Назарбаев зияткерлік мекте­бінің мұғалімі де бар.

Қуанарлығы, жаһандық сыйлық финалына шыққан­дардың қатарына Семей қаласындағы физика-математика бағы­тындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пәні мұғалімі Асхат Жұмабеков те енген. Бұл – Қазақстан тарихындағы алғашқы оқиға. Алдағы уақытта ол халық­аралық байқауда ел намысын қорғайтын болады.

Әлемнің 121 мемлекетінен сынға түскен мұғалімдер 8 мыңнан астам номинация бойынша іріктеліп, Global Teacher Prize-2021 сыйлығына біртабан жақындады. Отызда орда бұзар А.Жұмабеков бұл мәртебеге жету үшін 2018 жылдан бері тынымсыз еңбек етті. Сол жылы 20 мектептің ұстаздары арасында бірінші орынды жеңіп алып, республикалық кезеңге өткен. Сөйтіп, еліміздің «Үздік педагогі» атағына ие болған.

– Мен «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығына қатысуды 2020 жылдың күзінде бастағанмын. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Әлемнің әр қиырынан мыңдаған өтініш қабылданды. Осыдан-ақ шараны ұйымдастырушылардың атқарған жұмыс­тарының аз болмағанын көруімізге болады. Varkey қорына мені үздік 50 мұғалімнің қатарына қосқандары мен ұстаздарға дәл осындай мүмкіндік бергендері үшін алғысымды білдіремін. Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қорының негізін қалаушы Әлия Нұрсұлтанқызы Назарбаеваға, қордың барлық қызметкерлеріне «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының бастамашысы болғандары үшін үлкен ризашылығымды білдіремін, – деді Асхат Жұмабеков.

Сондай-ақ жас ұстаз өзі қызмет ететін Назарбаев зият­керлік мектебінің ұжымына да алғыс білдірді. Айта кетерлігі, мектепте шәкірттер ғана білім алып қоймайды, сонымен бірге ұстаздардың да білімі бірге шыңдалары анық.

А.Жұмабеков – «Болашақ» бағдарламасының 2016 жылғы түлегі. 3 кітаптың, 50-ден астам ғылыми жұмыс пен мақаланың авторы. Еңбектері Қазақстан, Ресей, Финляндия, Ұлыбритания, Украина мемлекеттеріндегі журналдарда, жинақтарда, газеттерде жарық көрген. Шәкірттері –  «Туймаада», Оңтүстік Кореяда өткен республикалық, халық­аралық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың жүл­дегерлері. Ол дәріс берген түлектердің арасында Назарбаев Университет, Гонконг политехникалық университеті, Әбу-Дабидегі Нью-Йорк университеті, АҚШ пен Ресей және Еуропаның танымал оқу орындарының грант иегерлері бар.

Айта кетсек, «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығы ұстаз­дар­дың қоғамдағы маңызын арттыра отырып, олардың күш-жігерін бүкіл әлем мойындауға лайықты екенін көрсетуге арналған.

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ

 

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version