Әлеуметтік желіде 1-сыныпқа арналған көмекші құралдағы “Өл” сөзіне байланысты дау шықты.
⠀
Гүлмира Аймағанбет есімді желі қолданушысы жариялаған суретте оқушыға “өл” сөзін жазу ұсынылғанын көруге болады. Бұл дәптер “Менің алтын жазу үлгім” деп аталады. Авторы – С.Трофимова. Ата-аналар бұл жағдай шектен шыққандық екенін айтып, жағымсыз сөзді балаға жаздыртудағы мақсат қандай екенін сұраған.
⠀
“Өлі несі? басқа сөз таппағанба?”, “Жүре берсең көре бересің” деген осы болар”, “Өс, өн десе де болады ғой”, “Масқара, осыны қадағалайтын органдар қайда қарап отыр?” дейді қолданушылар.
⠀
ҚР Білім Білім және ғылым министрлігі өкілдері бұл жазу дәптері бекіткен мектептерге арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер тізбесіне енгізілмегенін хабарлады. Сондай-ақ, дәптер мемлекеттік сараптамадан өтпеген.
⠀
“ҚР “Білім туралы” Заңына және ҚР Білім және ғылым министрінің 24.07.2012 жылғы № 344 бұйрығына сәйкес мемлекеттік бюджет есебінен тек оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер ғана сараптамадан өткізіледі. Оқу-әдістемелік кешен дегеніміз – оқулықты сүйемелдейтін, міндетті талаптарға сәйкес әзірленген әдістемелік нұсқаулық, жұмыс дәптері, хрестоматия, диктанттар жинағы, тапсырмалар мен жаттығулар жинағы, картографиялық атлас. Бұдан басқа оқу басылымдары мемлекеттік бюджет есебінен өткізілетін сараптамаға қабылданбайды”, – делінген министрлік жауабында.
⠀
Бірақ, ведомство мәліметінше, мемлекеттік білім беру ұйымдарына мұндай жазу дәптері сияқты қосымша оқу басылымдарын таңдау құқығы берілген. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрінің 19.01.2016 жылғы № 44 бұйрығының 38-тармағында айтылған екен.
⠀
Сондықтан мұндай оқу басылымдарын сатып алмастан бұрын олардың сапасына, мазмұнына, қажеттілігіне ұйымның педагогтері мен әдістемелік бірлестіктері мұқият қарауы қажет екені айтылады.