Home Жаңалық Білім беру мекемелерін зейнеткерлер күзете ала ма?

Білім беру мекемелерін зейнеткерлер күзете ала ма?

0

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі мәселесін көтеріп, Ішкі істер министрі мен Білім және ғылым министріне сауал жолдады.
«Бізді, сенаторларды білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қатты алаңдатты. Жуырда Пермь мен Қазандағы оқушылардың қайтыс болуына байланысты болған қайғылы оқиға білім беру мекемелерін қорғауға аса жоғары көңіл бөлу керектігін көрсетті. Өкінішке қарай, бұл тұрғыда бізде де кемшіліктер жетерлік. ҚР Күзет қызметі туралы заңның 5-бабына сәйкес, күзет қызметін тек тиісті лицензиясы бар заңды тұлғалар көрсете алады. Білім беру мекемелерін күзету үшін мұндай компаниялар конкурстық негізде таңдалады. Әрине, бұл конкурстарда ең төменгі баға ұсынған жеңіске жетеді. Нәтижесінде төменгі баға қойып жеңген күзет компаниясы барынша пайда алу мақсатында қарамағындағы күзет қызметкерлерінің жалақысы мен олардың шығындарын үнемдейді», – деді Ақылбек Күрішбаев Сенат отырысында.

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының мектептері мен университеттерінде жұмыс істейтін күзетшілердің ай сайынғы жалақысы 70-100 мың теңгеден аспайды. Университет ректорлары, мектеп пен колледждердің директорлары жалақының төмен болуынан қауіпсіздік қызметінде негізінен зейнеткерлер немесе зейнет жасына жақындаған адамдар жұмыс істейді деп шағымдануда.

«Тәртіп сақшыларының мұндай жалақысымен білім беру мекемелерінде оқушылардың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Олар тіпті біліктілік талаптарына сәйкес рациялармен, құқықбұзушыларды ұстау үшін арнайы құралдармен де қамтмасыз етілмеген. Бірқатар ЖОО-да күзет қызметі университеттің штаттық қызметкерлеріне, яғни вахтерларға, бақылаушыларға жүктелген. Бірақ олардың лицензиясы жоқ, сол себепті қолданыстағы заңнамаға сәйкес, күзет қызметін атқара алмайды», – дейді депутат.

А. Күрішбаев еліміздің оқу орындарындағы қауіпсіздік жүйесіндегі проблемаларға көз жұма қарауға болмайтынын баса айтты.

«Себебі таразының басында – біздің балаларымыздың өмірі мен денсаулығы тұр. Уәкілетті мемлекеттік органдарға осы саладағы істердің нақты жағдайына сыни талдау жүргізуді және күзет қызметіне қойылатын талаптарды күшейтуді, жұмысқа кәсіби кадрларды тарту және заманауи цифрлық технологияларды, оның ішінде бейнемониторинг пен бейнеталдауды пайдалану арқылы еліміздің білім беру объектілерінде қауіпсіздік жүйесін түбегейлі қайта қарауды ұсынамын. Өз кзеегінде Сенат депутаттары бұл жұмысқа заңнамалық деңгейде белсене қатысуға дайын», – деді А. Күрішбаев.

 

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version