Home Ұрпақ тәрбиесі Өзге елдің тілінде өзге жұрттың несі бар?

Өзге елдің тілінде өзге жұрттың несі бар?

0

Әрбір тәуелсіз елдің өз саясаты бар, яғни ішкі, сыртқы мәселесін өзі шешеді деген сөз. Елдің конс­титуциясы басты құжат ретінде азаматтарға арналған түрлі құқықтық нормаларын, оның ішінде мемлекеттік тіл, білім беру бағыты, ұлттық құндылықтар т.б. мәселелердің шешімін құ­қықтық тұрғыдан белгілеп береді. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасының Мем­ле­кеттік тілі туралы Қазақстан Конституциясының 7-бабының 1-бөлімінде «Қазақстан Республикасын­да­ғы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi» деп көрсетілген. Елдің Ата Заңында бекітілген норма ешқандай тал­қылауға тұрмайтынын ескерсек, елімізде қазақ тілі туралы ешқандай дау болмауы тиіс. Бірақ…

Әр мемлекеттің тағдыры әртүрлі қа­лып­тасады. Геосаяси тұрғыдан ор­на­ласқан жері мен рухани тұрғыдағы бірлігі ел­дің болашағын қалыптастырады десек, кү­ні кеше ғана басты саяси көзқарасы ре­тін­де «интернационализмді» насихаттаған КСРО-ның шекпенінен шыққан қазақ еліне тәуел­сіз мемлекет қалыптастыру жолында іза­шар мемлекеттен «мұраға қалған» көп­теген «құндылықтан» бас тартып, өз ба­ғытын қалыптастыру оңай болған жоқ. Қитұрқы «қызыл саясаттың» кесірінен өз жерін­де айшылыққа айналған халықтың бас­­ты проблемаларының бірі тіл мәселесі еді. Кеңес үкіметі сөз жүзінде ұлттық рес­пуб­ликалардың негізін құраушы ұлттардың ті­лін дамыту туралы айтқанымен іс жүзінде ел­дің барлық аумағында орыс тіліне басым­дық берілді. Бұдан көптеген ұлт тілдері, оның ішінде қазақ тілі өз жерінде үлкен зар­дап шекті. Оның нақты мысалы − Тың игеру науқаны кезінде оны іске асыруға жұ­мысшы күші жетпейді деген сылтаумен Қа­зақстанға өзге республикалардан мил­лиондаған адамдардың қоныс аударып, аз уақыттың ішінде қазақ халқы өз жерінде азшылыққа айналып шыға келді. Сөйтіп көптеген жерде қазақ тілінде білім беру мүмкін болмай, мектептер жабыла бастады. Сол тұста Қазақстан бойынша қазақ тілінде білім беретін 750-ден астам мектеп жабы­лып не орыс тілінде білім беретін мектеп­тер­ге айналуы қазақ тілінің дамуын тоқтату үшін қасақана жасалған әрекет болды. Тіпті, Қа­зақстанның сол кездегі астанасы, мил­лионға жуық тұрғыны бар Алматы қала­сы­ның өзінде қазақ тілінде білім беретін екі-ақ мектептің болуы – Кеңес Одағының бас­қа республикасында болмаған нәрсе. Мі­не, осының зардабы Қазақстан тәуелсіз мем­лекетке айналған 30 жылдың ішінде әлі се­зіледі.
Анық бір құбылыс − 74 жылдан аса уа­қыт КСРО құрамында болып, кейін азат ел­­ге айналған, Ресейден басқа 14 елдің ішін­­де орыс тілінің ықпалы әлі күнге бізде ға­на сезіледі. Бұл бір ғасырға жуық орыс ті­лі­нің айқын басымдығы астында өмір сүр­ген мемлекеттің қазірге дейін тіл мә­селе­сінде «ары тарт та, бері тарт» күй ке­шуі­не себеп болып отыр. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде барлық салада толық түрде қол­да­нылуын талап етушілер мемлекеттік тіл­дің жағдайына алаңдайтындар деп са­науға болады, өйткені олар – «Тіл бірлігі – ел бірлігі» деп түсінушілер. Ал керісінше, өзде­рін қазақ тілін білуге міндетті емес деп са­найтындар қазақ тілінің Қазақстан Конс­ти­туциясында көрсетілген мәртебесін мойын­дағысы келмейтіндер. Өзі туып-өс­кен және ғұмыр кешіп жатқан елдің тілін білмеу – қай тұрғыдан да ақтауға келмейтін әрекет. Бүгінде әлемде капиталистік жүйе үстемдік етіп тұрғанда социализмнің негізін салушы тұлғалардың сөздерін көп­шілік қажет ете бермеуі мүмкін, бірақ «шын­дық­тың аты – шындық» екенін мойын­дайтын болсақ, Карл Маркстің ««Өзі тұрып жатқан мемлекетінің тілін қонақ, есуас немесе сол елде өз тілінің үстемдігін орнат­қан басқыншылар ғана білмеуі мүмкін» де­ген пікірінің нағыз аталы сөз екеніне қол қояр едік. Сондықтан Қазақстан Тәуелсізді­гіне 30 жыл толған кезде елдің мемлекеттік тілін білу, білмеу мәселесін әлі талқылаудан түспей келе жатқаны біздің қоғам үшін өте ұятты жағдай.
Қазақ тілі жайында айтсақ, ең алды­мен ұлты қазақ азаматтары өздері үшін қазақ тілі − Мемлекеттік тіл ғана емес, ана тілі екенін ескеруі тиіс! Бірақ кезінде «орыс тілін білмесең күн көрмейсің» деп ба­ла­ларын мақсатты түрде орысша оқытқан қазақтардың отбасынан шыққандар әлі күнге саналарына сіңіп қалған орысшыл тәрбиеден арылуға асығар емес. Бұл жағдай өзгелердің қазақ тілі туралы пікіріне жақсы аргу­мент болып отырғаны өкінішті. Себебі осындай – төлқұжатында ғана қазақ болып жүргендер өзгелердің «қазақтың өзіне керек емес тілдің өзгелерге не керегі бар?» деуіне мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқ­санда «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жол­дауын­да: «Егер әр­бір қазақ ана тілінде сөй­леуге ұм­тылса, тілі­міз әлдеқашан Ата Заңы­мыздағы мәр­тебесіне лайық орнын иеленер еді. Қазақ тілі туралы айтқан­да, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады.
Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әр­­кім өзгені емес, алдымен өзін қам­шы­­лауы тиіс.
Тағы да қайталап айтайын: қазақ қа­зақ­пен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақ­стан­дықтардың жаппай қолданыс тіліне ай­налады» деуі бүгінгі күннің тұрғысынан айтылған ақи­қат еді. Шынында, ең алдымен өзіміз қазақ тілінде сөйлемесек, өзгеден қазақ тілін қалай талап ете аламыз?
Екінші, өзге ұлт өкілдерінің арасында «Қазақстанда қазақ тілін білмей-ақ өмір сүруге болады» деген пікір бар. Әрине, дәл қазіргі жағдайда осы елде қазақ тілін біл­­мей өмір сүруге болар, бірақ ол адам­гер­шілік тұрғыдан қаншалықты қисынды? Тіп­ті, болашақта қазақтілді халық көбейген­де мемлекеттік тіл барлық салада кеңінен қол­данылып, түрлі құжаттар тек мемле­кет­тік тілде жасалатын жағдайға жеткенде қа­лай өмір сүруге болады? Ол ешкімге жа­салатын қысым емес, біртұтас қоғамдық бір­лікке иек сүйеген мемлекеттің ішкі тәр­тібі саналады. Федерациялық мемлекет – Ресейдің өзіне «неге ел азаматтарының бәрі орыс тілінде сөйлеп, жаза білуге мін­детті?» деп жатқан біреу жоқ қой. Сол сияқ­ты Қытай мемлекетінің құрамында болса да жүздеген ұлт өз атамекенінде жасай тұра, өздеріне қытай тілін білуді міндет­тей­тін мемлекет саясатына қарсы шыға ала ма? Жоқ әрине! Сол үшін Қазақстанның көп- ұлтты емес, көп ұлттың диаспоралары ме­кен­дейтін ел екені жадымыздан шықпауы керек. Өйткені ел мемлекет құраушы қазақ ұлтының атымен аталады және бұнда өз­гелерді кеміту жоқ, тек қана саяси тұрғы­дан мойындалған шындық бар. Демек, діні мен нәсіліне, жынысына қарамастан тең құқық­ты Қазақстан азаматтары үшін мемлекеттік тілді білуі – парыз.
Жасыратын несі бар, еліміздегі тіл сая­сатын өз азаматтарымыздың ара­сында онша ұнатпайтындар табылады, сол сияқты көршіміз Ресейде біздегі тіл сая­сатын өзге ұлттарға қысым жасау құралы деп санайтындар бар. Мұндай әңгімеге жел беріп отыратындардың пиғылы белгілі: Қазақстандағы орыстілді қауымның (оның ішінде орыстілді қазақтар да бар) құқығын қорғағансып, қазақ тілінің үстемдік алуына жол бермеу. Бұл – сыпайылап айтқанда өзің­­мен көрші әрі достық қарым-қатынас жа­сап отырған елдің ішкі ісіне араласу. Өкініштісі, солтүстіктегі көр­­ші елдегі кейбір тұлғалар тарапынан осы бір жөнсіз әрекет жылдар бойы жал­ға­сып келеді. Тіпті, біздің ел жазуын латын гра­­­фи­касына көшіру туралы шешім шығар­ған­да ресейлік кейбір БАҚ «қазақтардың ки­­рил­лицадан шығып, латын әлеміне енуі – дос­тыққа кір келтіретін әрекет» дегенге дейін барды. Бірақ ресейлік «Эхо Москвы» радио­сына берген сұхбатында тарихшы, тележур­налист Николай Сванидзе радио жүр­гізу­шісінің Қазақстандағы латын әліпбиіне көшу туралы сұрағына: «Қазақстанда латын қарпіне көшу туралы мәселенің көтерілге­ніне біраз болды. Тек соны жүзеге асыруға енді кірісіп жатыр. Ал бұған көзқарасыңыз қалай десеңіз, бізге бұдан келіп-кетер пайда да, зиян да жоқ. Басты айтарым, мұның аста­рынан саяси астар көріп тұрғам жоқ. Бұл – саясат емес. Қазақстан мұны әдейі жа­сап отырған жоқ. Тіпті, олар сіз ойлаған­дай, біздің «бақшамызға» тас лақтырып отыр ма? Әрине, жоқ. Егер әдейі жүргізілген саясат болса, сонда ғана «Қазақстан бүйтіп жатыр, сөйтіп жатыр» деп ренжуге болады. Демек, бұл – саяси емес, прагматикалық ше­шім. Себебі қазір әлем латын алфавитінде жазады. Егер қазақ жастары өркениетке ұмтылып, ақпарат саласында табысқа қол жеткіземін десе, оларға кириллица емес, латынша жазып-оқыған тиімді. Латын – әлем­ге ашылған терезе. Латын – әлемді жа­қындата түседі. Бұрын Кеңес Одағы тұсында Қазақстан Ресей империясының бір бөлшегі ретінде кириллицаны таңдаса, қазір Қазақстан өзін әлемнің бір бөлшегі ретінде таниды. Шын мәнінде, олар не үшін мәдени тұрғыда маргиналдануы керек? Олардың ойынша, кириллица – мәдени маргиналдыққа ұшырау. Бүгінде дүниежүзі латынша жазып, латынша оқиды. Сондық­тан Қазақстан үшін бұл дұрыс шешім», − деп жауап беруі әділ сөз еді. Расында, өзге елдің қандай графиканы қолдануына Ресейдің не қатысы бар? Әлде олар көрші елге мәдени экспанция жасағанды ұната ма? Қалай дегенде де, ресейліктердің біздің елдегі тіл мәселесіне шүйліге беруі – жөнсіз, саяси тұрғыдан қателік.
Жасыратын несі бар, билік орын­дарын­дағы көптеген қызметкер­­дің қазақ тілін білмеуі салдарынан туын­дайтын қиындықтар аз емес. Сон­дықтан түрлі құжаттар әлі күнге дейін орыс тлінде жасалады. Тіпті қазақшасы бар деген күннің өзінде ол орыс тілінен калькалық аударма болып шығып, қазақтілділердің пайда­лануына жарамай жатады. Сондай-ақ билік, бизнес өкілдері халықпен орыс ті­лінде тілдескенді құп көреді. Ол – жыл сайын кө­бейіп келе жатқан қазақтілді қауымның құқығын бұзу ғана емес, мәртебесі Конс­ти­туциямен бекітілген мемлекеттік тілді қол­дану құқығын бұзу. Міне, осындай жөнсіз­діктер (көптеген са­лада, оның ішінде сауда, ойын-сауық орта­лықтарында, мемлекеттік кеңселерде т.б. жерлерде) себебінен қазақ­тілді азаматтар өз құқықтарын талап етіп, дау-жанжалдар болып жатады. Егер клиент мемлекеттік тілде сұраса, қызмет көрсетуші оған сол тіл­­де жауап беріп, сұранысын орын­дауы керек, бар болғаны сол ғана. Кей­де осындай келіспеушіліктерді бейна­жаз­баға түсіріп, оны әлеуметтік желілер арқылы таратып жататындар бар. Әрине, оған көп­шілік реакция білдіріп жатады, бірақ ол қоғамда дау тудыратын жағдайға жетпеуі керек. Десек те, сондай жағдайларды іліп алып, елі­міздегі тіл мәселесін көтерушілерді жұртқа қысым жасаушылар ретінде айып­тап шыға келетін ресейлік басылымдарға қарсы өз еліміздегі өзге ұлт өкілдері де үн қатуда.
Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, Семей қаласының тумасы, қазір елордада тұратын Яков Федоров деген азамат осы жылдың бесінші қазанында Facebook әлеу­меттік желісіндегі парақшасында қазақ тіліне қатысты арнайы пост жазып, өзге ұлт өкілдерінің қатысумен мемлекеттік тіл мәселесін талқылаған бейнежазба жария­лады. Онда ол былай дейді: «Соңғы кезде ре­сейлік БАҚ Қазақстандағы «тіл проблема­сы» жайын белсенді түрде көтере бастады. Бір кезде бұл жайында жекелеген саясаткер­лер айтқан кезде, оны біреулердің өз ақы­мақтығы дей салатын еді. Бірақ қазір біз бұ­қаралық ақпарат құралдары арқылы адам­дарды шатастырып, «әлеуметтік желі сарбаздарының» жұртқа Қазақстанда орыс­тілді халықты құтқару қажет деген идеяны тық­палайтынын көреміз. Сондықтан аза­мат­тық позициямды білдіру қажет деп есеп­теймін.
Рақмет, бірақ бізді құтқарудың қажеті жоқ. Қазақстанда туып-өскен әр адам ежелден қазақ мәдениетімен сусындаған. Тіпті, күнделікті өмірде орыс тілінде еркін сөйлей тұра, достармен бірге ұлттық мере­келерді атап өтеміз, біз қазақ тағамдарын жақсы көреміз. Барлығы қазақ тілінде кемінде жүздеген сөз біледі. Ал әлі де қазақ тілінде акцентпен сөйлеуге ұялатын немесе қазақтілді ортада сирек болатын адамдар туралы әңгіме басқа.
Бала кезімізден бірге өскен бауыр­лары­мызбен және достарымызбен қандай тілде сөйлесуіміз керек деген мәсе-ле – біздің еліміздің – Қазақстанның ішкі мәселесі. Біз мұнда өзімізді қонақ сияқты сезінбейміз, ал шын мәнінде тіл үйрену – өз Отаныңды құрметтеуден өзге ештеңе емес.
Бүгін біз тілді танымал ету үшін көп шаруа атқарып жүрген достарымыз­бен бас қостық. Мысалы, Марина Сахарова жаңа­­лықтарды қазақ тілінде жүргізеді, Алек­сей Лодочников − домбыраны шебер ойнайды және қазақ тілін ТикТокта үйре­те­ді, Аскер Пириев − қазақ мәдениеті мен ті­лін кез келген филологтан жақсы біледі, Ма­рина Шаповалова тілді енді үйреніп жа­тыр және ол туралы өз тәжірибесін айта­ды.
Мұндай адамдар елде көп және бірігудің уа­қыты келді. Мен сенімдімін, біз біріксек қа­зақтілді азаматтар да қолдайды!
Сол үшін достарыммен кездесіп, «Менің елім – менің тілім» деген қозғалыс құру тура­лы шешім қабылдадық.
Мақсатымыз – айқын. Қазақстан аза­маттарын мемлекеттік тіл төңі­ре­гінде топтастыру.
Өйткені тағы айтамын, тәуелсіз елі­мізде қандай да мәселені Қазақстан аза­мат­тары ғана шешуі тиіс деп санаймыз.
«Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деген қазақта әдемі сөз бар. Біз – бір елміз, берік елміз, тәуелсіз мем­лекет­піз. Сондықтан өз мәселемізді өзіміз ғана шешеміз!
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бастапқы кезеңде біз танымал әлеуметтік желілерде арналар құруды, танымал ана тілінде сөйлеушілермен онлайн сабақтар құруды, тіл үйрету әдістерін талқылау үшін пікірталас алаңдарын құруды, әртүрлі мо­тивациялық тапсырмаларды жүргізуді және т.б. жоспарлаймыз. Бірақ ең бастысы − біз жаңа идеялар мен жаңа адамдарға ашықпыз. Ең бастысы − біздің мақсатымыз бір, ал ниетіміз ашық және бейбіт». (Пост екі тілде жазылғандықтан біз автордың қазақ тілінде жазған сөйлемдерін курсивпен бердік. − А.Ө.)
Міне, біз бұдан еліміздегі өзге ұлт өкіл­дері жастарының да мемлекет­тік тілге деген құрметін, қазақ тілін үйре­нудің мән-маңызын терең түсініп, оған адам­гершілікпен қарайтынын көреміз.
Қазір БАҚ саласы арқылы халқымызға кең танымал болған Максим Рожин, Оксана Петерс, Оксана Лоскутова, Майя Веронская, Ирина Тен, Игорь Сахар секілді жастардың қазақ тілінде еркін сөйлейтіні және болашағын тек өздері туып-өскен қазақ елімен байланыстыратыны шын мә­нінде Қазақстанда қазақ тілінің кең қол­данысқа түсіп қана қоймай, оның рухани тұрғыдан мемлекетіміздің біртұтастығы үшін қызмет ететін үлкен күшке айналға­нын көрсетеді. Бірақ бұл елімізде қазақ тілінің шын мәнінде халықты біріктіруші тілге айналғанын қаламайтындарға ұна­майтыны анық. «Таң атпайын дегенмен күн қоймайды» демекші, қазақ елінің болашағы қазақ тілінде екені күн өткен сайын бай­қалып, мойындалып келеді. Сондықтан өзге жұрттың біздің тілімізде жұмысы болма­ға­ны дұрыс.
…Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру жолында талай кедергілер болғаны-ды. Сол кезде еліміздегі өзге ниеттегі шови­нис­терді былай қойғанда, өз ішімізден шыққан ни­гилистер «қазақ тілі – өлетін тіл, сондық­тан ол тілдің қолданыс аясын кеңейтемін деу – бос сөз» деп шіренгенде өз қағынан жері­гендер қуанған, ана тілі үшін жанын беру­ге даяр азаматтар күйінген шақ бола­тын. Сондай бір күнде қазақтың көрнекті ақыны Сағи Жиенбаев:
«Ардағым-ай, бағың да ашылмады-ау,
Ашылмады-ау, дауың да басылмады-ау…
«Жырынды құрт!» дегенді естіп едік,
«Тіліңді құрт!» дегені – басынғаны-ау.
Кім ойлаған болар деп бұлай заман,
Тұнығыңды қай кәпір, ылайлаған?
Ел додаға түскенін көріп едік,
Сен додаға түсер деп кім ойлаған?! – деп зар төккен-ді. Бірақ бүгінде тіл тағдыры қалт-құлт еткен ол шақта енді өткеннің еншісінде. Дегенмен қауіп толық сейілді деуге әлі ерте. Сондықтан Мемлекеттік тілді дамыту үшін әлі тындырылуы тиіс қыруар шаруалар бар. Соның бастысы − қазақ тілі­нің мәртебесін қорғау, оны білуді жалпы­ха­лықтық үдеріске айналдыру. Осы жолда тізе қосып, мақсатқа бірге жетуге бәріміз мүд­деліміз.

P.S.
Елімізді негізінен жүзден астам ұлт өкілдері мекен етеді. Солардың көбі бүгінде қазақ тілін жетік меңгерген. Арасында халыққа танымал болып, түрлі салада табысқа жетіп жүргендері де аз емес. Тіпті, оларды өзге ұлт өкілі деуге ыңғайсызданасың. Дегенмен кейбіреулер үшін олардың «ұлты басқа» екені «маңызды» болғандықтан, біз олардың қазақ тілі жайында айтқан жүрекжарды лебіздерін бөлек беріп отырмыз. Қалай десек те, бұл қазақ тілінің мемлекетімізде ұлтаралық тілге айналып бара жатқанының көрінісі.

 

ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЖАЙЫНДА

Максим Рожин, журналист:

− Әрине, жоғарыда отырған ағаларымызды сыйлаймыз. Олардың жұмыстарына, істеген істеріне, сыйластықпен қараймыз. Бірақ олардың қазақ тіліне келгенде неге осынша кейін кететіні түсініксіз. Олар Тәуелсіз Қазақстанның шенеуніктері болған соң қазақ тілінде жауап берсе ғой деп армандайсың. Тілші ретінде ондайларды қазақша сөйлетіп, үлгі еткің келеді. Керісінше, олар орыс тілінде жауап беріп жатқан соң, толық ақпарат алуға құлқың болмайды. Осындайда екеуара әңгіме де дұрыс өрбімейтіні бар. Қазақ шенеуніктерінің теледидардан орысша сөйлеп жатқанын көрсе өзгелер: «Әне, өздері сөйлемей тұрып, бізден талап етеді» демесіне кім кепіл? Біздің әрқайсымыз мен тіл үшін не істей алдым, кешегіден бүгін қалаймын, мемлекеттік тілді тік тұрып қолдау маған парыз деуіміз керек. Бұл арада өте көрегендіктің, ғаламат іс тындырудың қажеті жоқ. Өзің сөйле, намысыңды оят. «Мен осы елдің азаматымын. Ендеше, мен неге тілімді білмеуім керек» десең, жетіп жатыр. Елді сыйла, жерді сыйла. Татқан дәм, ішкен суыңды құрметте.

Марина Вольнова, спортшы:

− Достарымның дені қазақ балалары болды. Солармен тай-құлындай тебісіп, кішкентайымнан бірге өскесін қазақ тілі маған жат емес. Сондықтан оны үйрену де қиын болған жоқ. Қазақстанда тұратындықтан ұлтына қарамастан бәрі де қазақ тілін білуі керек деп санаймын, себебі, қазақ тілі мемлекеттік тіл ғой. Сол себепті қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдеріне таңырқаудың қажеті шамалы.

Ирина Тен, тележүргізуші:

– Мен үшін қазақ тілі тек жұмыс құралы ғана емес. Қазақ тілін білгенімнің арқасында Алаш­тың ақын-жазушыларының шығармаларымен ешқандай аудармасыз таныстым. Ал қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде айтар болсақ, мемлекеттік тілді білу әр азаматтың міндеті. Кейде қазақша сөйлеуге ұялатын, қазақ тілін менсінбейтін бауырларымызды көріп жаным ашиды.

Ольга Спирина, тележүргізуші:

− Өзге мемлекеттерде мемлекеттік тіл мәселесі деген мүлдем жоқ. Ал бізде мемлекеттік тіл әлі де өзекті мәселе болып тұр. Десек те, қазір жағдай біршама өзгерген сыңайлы. Телеарналар мен радиоларда қазақ тіліндегі бағдарламалар көбейіп келеді. Ісқағаздарды да мемлекеттік тілге көшіруде. Өзге ұлт өкілдерінің балаларын қазақ мектептеріне беріп жатқанына да куәмін.

Геннадий Шиповских, парламент мәжілісінің депутаты:

− Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте немесе өңірлерге барғанда кейбір мемлекеттік қызметшілер қазақ тілінде сөйлеген кезде «ақсап» жатады. Тіпті, «қараны – қара, ақты – ақ» деп қазақ тілінде түсіндіріп те бере алмайды. Бұл, халық арасында теріс көзқарас қалыптастырады. Меніңше, осыған да мән беруіміз керек. Мәселен, «Таңшолпан» бағдарламасының тілшілері еліміздегі бір министрлікке хабарласып, қазақ тілінде спикер сұраса мемлекеттік тілде сөйлеп бере алатын спикерлерінің жоқ екендігін айтыпты. Осындай үлкен министрлікте қазақша түсіндіріп бере алатын маманның жоқтығына таңғаламын.

 

Ахмет ӨМІРЗАҚ

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version