Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Асия Теджен мен Ернар Өмірзақ биология пәні мұғалімі Гүлнұр Чандыбаеваның жетекшілігімен арамшөптен биопластик алу жолын ұсынды. Олар алғашқы өнім ретінде биопакет дайындап та көрген.
Зияткерлердің айтуынша, алғашында мектеп айналасындағы арамшөптерді кәдеге жарату қажеттілігі байқалған. Кейін ұстаздарымен ойлана келе биопластик жасап көруге бел байлаған.
– Біз арамшөпті икемді ету үшін бірнеше қолжетімді қоспаларды қостық. Күнделікті тұрмыста қолданып жүрген крахмал, бояғыш, жағымсыз иісті жою үшін хош иіс қоспаларын да қостық, – дейді Ернар Өмірзақ.
Сондай-ақ оқушылар биопакеттің тығыздығын әртүрлі деңгейде жасауға болатынын айтты.
– Қазіргі пакетіміз 500 грамға дейін көтере алады және бірнеше түсте бар. Біздің есептеуіміз бойынша технологияны автоматтандырған жағдайда бір өнімнің құны 30 теңгеге шығады. Алдағы уақытта жобамыздың авторлық құқығын қорғап, нарыққа шығарғымыз келеді, – дейді Асия Теджен.
Зерттеушілер қазіргі таңда процесті автоматтандыру станогының механизмін дайындау үстінде. Сонымен қатар станокты жасауға техникалық көмек көрсетуге дайын команда іздеп жатыр.
Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінде қарашаның 1-і мен 5-і аралығында ғылыми жобалар байқауы өтіп жатыр. Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен 12 жоба қатысуда. Ернар мен Асияның бұл жобасы да республикалық байқауда сынға түседі.
Гүлайым ДӘУІТБАЙ
Маңғыстау облысы